Тазы, алабай, лабрадор. Әлем президенттері қандай ит ұстайды

Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Саясаттанушылардың пікірінше, үй жануары бар басшы халық алдында алдында мейірімдірек және сенімдірек көрінеді.

Президенттер мен мемлекет басшыларының иттері – тек үй жануары ғана емес, сонымен қатар олардың ресми имиджі мен қоғамдағы бейнесіне әсер ететін маңызды элемент. Сонымен қатар кейде иттер ресми кездесулерде дипломатиялық рөл атқарса, кейде саяси жанжал себепкері де болып жатады. Осы ретте Informburo.kz әлем көшбасшыларының "достарына" шолу жасап, оларға қатысты ел назарын аударған оқиғаларды баяндайды. 

Қасым‑Жомарт Тоқаев 

Қасым-Жомарт Тоқаев тазыларымен серуенде. Фото: президенттің instagram парақшасынан алынды

Қазақстан президентінің "достары" – асыл тұқымды қазақ тазылары. Мемлекет басшысының үш тазысы бар. Олардың аты: Наурыз, Ронни және Нэнси. Президент иттерді ерекше күтімде ұстайды. Арнайы сертификаты бар кинолог мамандар баптап, саятшылыққа баулиды. Қасым-Жомарт Тоқаев бос уақытында тазыларымен серуендегенді ұнатады. 

Владимир Путин 

Владимир Путин Баффи мен Юмэ атты иттерімен. Фото: Алексей Дружинин

Ресей президенті Владимир Путинде бірнеше ит бар. Конни атты лабрадорды 2000 жылы сол кездегі төтенше жағдайлар министрі Сергей Шойгу сыйлаған. Ол 2014 жылға дейін өмір сүріп, президенттің ең сүйікті иті болған.

Лабрадордан бөлек, Ресей президентінің резиденциясында 2010 жылы Болгария премьер-министрі сыйлаған каракачан овчаркасы да тұрды. Иттің атын бүкіл ел болып таңдаған. Ресейліктер президентке хат жолдап, түрлі нұсқалар ұсынған. Ақыры Владимир Путин Баффи есіміне тоқтаған.

Сондай-ақ Владимир Путинде 2012 жылы жапон халқы сыйлаған Юмэ (арман) атты акита-ину тұқымды ит, 2017 жылы Түрікменстан президенті сыйлаған түркімен алабайы бар. 

Александр Лукашенко

Александр мен Николай Лукашенко Наиля Аскер-задеге берген сұхбат кезінде.
Фото: сұхбаттан скрин

Беларусь президент Александр Лукашенко да – жануарларды ерекше жақсы көретін саясаткерлердің бірі. Оның Умка атты әппақ неміс шпиці бар. Беларусь басшысы итін жиі ертіп жүреді. Бірде сенбілікке алып шықса, енді бірде Шоқыну мерекесінде суға түсуге ертіп барған. 

Сондай-ақ белорусь халқы Умканың қандай ерке ит екенін 2021 жылы Александр Лукашенконың журналист Наиля Аскер-задемен сұхбатында көрді. Президент үйіндегі кешкі ас кезінде ит өзін үй иесіндей еркін ұстап, тіпті үстел үстіне секіріп шыққан.

Эммануэль Макрон

Франция президентінің Немо атты иті – Елисей сарайының танымал тұрғыны. Ол лабрадор-ретривер мен грифон тұқымы аралас ит. Эммануэль Макрон оны 2017 жылы панажайдан 250 еуроға сатып алған. Иттің аты Жюль Верннің "Теңіз астындағы жиырма мың лига" романындағы капитан Немоның құрметіне қойылған. Ол Эммануэль Макронның сүйікті кітабы.

Эммануэль Макрон иті Немомен. Фото: Charles Platiau/Reuters

Сонымен қатар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Франция басшысына тазы күшіктерін сыйлаған. Кейін Макрон оларға Жюль мен Жанна деген ат қойды. Осылайша қазақтың ұлттық ит тұқымы Франция президентінің резиденциясына да жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Франция президенті Эммануэль Макронға сыйлаған тазылары, Елисей сарайы. Фото: Ақорда

Гурбангулы Бердімұхамедов

Гурбангулы Бердымухамедов алабай күшігімен. Фото: Igor Sasin / AFP 2024 

Түрікменстанның ұлттық көшбасшысы Гурбангулы Бердымухамедов түркімен алабайын ерекше жақсы көреді. Ит өсіруге әуестенгені сонша, алабай туралы кітап жазып, тіпті оған арнап өлең де шығарған. Кейін сол өлең жолдарына музыка жазылып, әскери хордың орындауына берілген. Сондай-ақ түрікмен көшбасшысы алабайды ұлттық мақтаныш символы ретінде дәріптеп, биіктігі 15 метрлік алтын ескерткіш те орнатқан. 

Елде алабай мерекесі тойланады, сұлулық байқаулары ұйымдастырылады, "Ең айбарлы түркімен алабайы" сынды атақ беріледі. Алабай ұстайтын адамдарға аптасына 7 келі ұн таратылады. 

ІІІ Карл

ІІІ Карл мен королева-консорт Камилла сүйікті иттері Бет пен Блюбеллмен бірге. Фото: Legion-Media

Ұлыбритания королі III Карлдың үй жануарлары – джек-рассел-терьер тұқымды Бет пен Блюбелл атты иттер. Оларды корольдің жұбайы королева-консорт Камилла панажайдан алған. Кейін олар король резиденциясының толыққанды мүшесіне айналды. 

Сонымен бірге марқұм ІІ Елизаветаның Муик атты коргиі әлі де король мен королева-консорттың жанында өмір сүріп жатыр. 

Владимир Зеленский

Владимир Зеленский иттері Петя және Норамен. Фото: Instagram парақшасынан

Украина президенті Владимир Зеленскийдің екі иті бар. Бірі – қара түсті цвергшнауцер тұқымды Петя, екіншісі – ақ швейцариялық овчарка Нора. Президент соғыс басталғанға дейін әлеуметтік желіде иттерімен түскен суретін жиі бөлісетін. Соңғы рет сондай суреті 2022 жылдың қаңтарында жарияланған.

Жануарлар қалай саяси құралға айналды?

Ричард Никсон Чекерс атты итімен. Фото: Bettmann/ theconversation.com

Саясаттанушылардың пікірінше, үй жануары бар басшы халық алдында алдында мейірімдірек және сенімдірек көрінеді. Мұның ең классикалық мысалы – АҚШ президенті Ричард Никсонның Чекерс мәлімдемесі. Ол 1952 жылы вице-президенттікке үміткер болып тұрған кезде "заңсыз қайырымдылық қорларын пайдаланды" деп айыпталып,  саяси мансабына қауіп төнді. Сол кезде шенеунік балаларына сыйланған Чекерс атты спаниель тұқымды итті ешқашан қайтармайтынын айтты. Оның бұл сөзі халықтың аяушылығын оятты. Солайша бұл сөз Никсонның мансабын сақтап қалды.

Ресей президенті Владимир Путиннің иті Конни Германия канцлері Ангела Меркельмен кездесу залында. Фото: Stringer/AFP/AFP/Getty Images

Кейде үй жануарларды саясатта психологиялық қару ретінде де қолданылады. Осындай ең шулы оқиға 2007 жылы Сочиде болды. Владимир Путин Германия канцлері Ангела Меркельмен кездесу залына лабрадор Конниді кіргізіп жіберген. Алайда Ангела Меркель иттерден қатты қорқады. Оның сол кездегі жай-күйі әлем журналистерінің назарынан тыс қалмады. Батыс БАҚ-тары Владимир Путиннің бұл әрекетін "дипломатиялық қысым" деп бағалады. Кейін Ресей президенті Меркеьдің фобиясы туралы білмегенін айтып, кешірім сұрады.

Ларри премьер-министр Кир Стармер мен Украина прездиенті Владимир Зеленскийдің кездесуінде. Фото: Justin Ng

Ұлыбританияда үй жануарлары тіпті ресми мемлекеттік қызмет атқарады. 2011 жылдан бері премьер-министр резиденциясында Ларри есімді мысық "Бас тышқан аулаушы" лауазымын иеленіп келеді. Ол алты бірдей премьер-министрді (Дэвид Кэмерон, Тереза Мэй, Борис Джонсон, Лиз Трасс, Риши Сунак, Кир Стармер) "көрген". Ларри де бірнеше рет саяси оқиғалардың фокусын бұрған. Солардың бірі 2019 жылы болды. АҚШ президенті Дональд Трамп резиденцияға келгенде, Ларри президенттің "The Beast"  деп аталатын брондалған лимузинінің астына кіріп, ұйықтап қалған. Оны шығарғанша Трамптың кортежі біраз уақыт бөгелуге мәжбүр болды. Бұл сәт әлемдік БАҚ-та "Ларри Трамптың сапарына наразылық білдірді" деген әзіл-шыны аралас тақырыптармен тарап кетті. Айтпақшы, Ларридің "Х" желісінде жеке парақшасы бар.

Джо Байден Мажор және Овал атты иттерімен. Фото: wikipedia.org

АҚШ-тың 46-шы президенті Джо Байденнің Мажор атты неміс овчаркасы да саясаткердің сынға ұшырауына себеп болды. 2021 жылы ол Ақ үйдің қауіпсіздік қызметкерлерін және бірнеше қызметкерді қауып алды. Сол себепті уақытша арнайы жаттығу орталығына жіберілді. Осыдан кейін президент отбасы үй жануарын қолға үйрете алмағаны үшін сынға ұшырады. Оппозициялық Fox News арнасы бұл жағдайды Байден әкімшілігінің "бақылауды жоғалтуы" ретінде көрсетуге тырысты. 

Линдон Джонсонның "даулы" суреті. Фото: wikimedia.org

АҚШ-тың 36-шы президенті Линдон Джонсон да үй жануарына деген қатыгездігі үшін үлкен сынға қалған. Ол 1964 жылы Ақ үйдің алдында журналистерге бигль тұқымды итін  құлағынан ұстап көтеріп көрсетті. Ит ауырсынып қыңсылаған сәт фотоға түсіп қалды. Осы оқиғаға бүкіл елдегі жануарларды қорғау ұйымы мен қарапайым халық наразылық білдіріп, Ақ үйге мыңдаған хат жолдады. Бұл оқиға Джонсонның имиджіне айтарлықтай нұқсан келтірді.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз