Тақ үстіндегі 70 жыл: Екінші Елизавета патшайым өмірінен ең маңызды деректер

Фото: Tim Graham / Getty Images
Фото: Tim Graham / Getty Images

Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизавета 96 жасында өмірден өтті.

Ұлыбритания патшайымы Екінші Елизавета 8 қыркүйекте 96 жасында қайтыс болды. Ол Ұлыбританиядағы және әлемдегі ең ұзақ билік еткен монарх болды. Патшайым билік құрған 70 жыл ішінде технологияның қарқынды дамуы, ғарышты жаулап алу, социалистік жүйенің күйреуі мен әлемнің толығымен қайта құрылуы, экономикалық дағдарыстар мен түрлі әскери экспансиялардың куәсі болды.

Екінші Елизавета таққа отырғанда Уинстон Черчилль Ұлыбританияның премьер-министрі, Гарри Трумэн АҚШ президенті, Иосиф Сталин КСРО-ны басқарып отырды. 

ІІ Елизавета британдық монархияның келбетін қалай өзгертті және оның билігі қалай есте қалды? Informburo.kz шолуын ұсынамыз.

25 жаста патшайым

Екінші Елизавета патшайымның сәби кезі. Суретші Джон Сент-Хелиер Ландердің портреті. Сурет: Culure Club/Getty Images

Елизавета Александра Мария Виндзор 1926 жылы 21 сәуірде Ұлыбританияның болашақ королі Алтыншы Георг отбасында дүниеге келген. Ол дүниеге келгенде тақта атасы Бесінші Георг отырған еді. Сондықтан ол тек әкесі мен оның ағасынан кейін ғана таққа мұрагер болатын.

Атасы қайтыс болғаннан кейін оның орнына таққа үлкен ұлы Сегізінші Давид Эдвард патша болды. Бірақ оның әйелі екі рет ажырасқан америкалық Уоллис Симпсон саяси және діни себептермен патшайым рөліне қолайсыз үміткер болды. Соған байланысты 1936 жылдың соңында Сегізінші Эдвард тақтан бас тартты. 

1937 жылыАлтыншы  Георгке тәж кигізу рәсімі. Суретте Елизавета ханшайым 11 жаста. Фото: AP

Бұдан кейін таққа Елизаветаның әкесі Алтыншы Георг келді. Сол аралықта Елизавета Филипп Маунтбаттен ханзадаға тұрмысқа шығады. 1952 жылы әкесі қайтыс болып, Екінші Елизавета патшайым атанған кезде 25 жаста еді.

Патшайымның тәж кигізу рәсімі 1953 жылдың 2 маусымында Вестмин аббаттығында болды. Сол кезде алғаш рет британ монархының тәж кигізу рәсімі телевидениеден тікелей трансляция түрінде көрсетілді. Оны бүкіл әлем бойынша миллиондаған адам қарады.

"Адамдар маған сенуі үшін мені көруі керек", – деген еді патшайым бір сөзінде.

1953 жылы II Елизаветаның тәж кию рәсімі / Reuters фотосы

15 премьер – 1 патшайым

Елизавета таққа отырған кезде елдегі жағдай мәз емес еді. Әкесінің тұсында Британ империясының ыдырауы басталды: Үндістан, Пәкістан, Бирма және Цейлон тәуелсіздік алды, ал Палестинаның орнына Израиль пайда болды. Халықаралық жағдай да күрделі күйінде қалды: әлем Екінші дүниежүзілік соғыстың зардаптарынан енді ғана айығып келе жатқан еді, ал КСРО мен АҚШ арасындағы қырғи-қабақ соғыс қарқын ала бастаған.

Оның бірінші премьер-министрі Уинстон Черчилль болды. Тарихшылардың айтуынша, Черчилль таққа "жас бала" отырғанына қатты ашуланып, қобалжыған. Алайда уақыт өте келе оның патшайымға деген көзқарасы өзгеріп, тіпті олардың арасында достық орнады. Содан бері Елизаветаның кезінде 15 премьер-министр ауысты.

ІІ Елизавета және Ұлыбритания премьер-министрі Уинстон Черчилль, 1953 жыл. Фото: Wikimedia Commons

Екінші Елизавета ешқашан өзінің саяси ұстанымын білдірген емес және өз үкіметінің әрекетін сынаған емес. Бірақ бұл оның елінде және әлемде болып жатқан маңызды оқиғаларға мән бермегенін білдірмейді. Оның сөздері әрқашан бейбітшілікке шақыратын, халықты қиыншылықтар мен тоқшылық сәттерде жігерлендіріп, жарқын болашаққа үміттендіретін.

"Мен ешқашан соғысқа шақырмаймын және заң жазбаймын. Бірақ мен осы ескі аралдарға және Біріккен Корольдіктің халқына адалмын және ол үшін жүрегімді беруге дайынмын", – деген еді патшайым бір сөзінде. 

Қызығушылығы

Патшайым саяхаттағанды жақсы көретін. Ол таққа отырғанға дейін Франция, Мальта, Греция, Италия, Канада, АҚШ және Шығыс Африкада болды. Ал 1953-1954 жылдары күйеуімен бірге Британдық Ұлттар Достастығы елдері арқылы әлемді аралап, алты ай саяхат жасады. Осылайша бір сапарда жер шарын айналып шыққан әлемдегі алғашқы монарх болды.

ІІ Елизавета және оның иттерінің бірі, 2022 жыл. Фото: Стив Парсонс / AP

Екінші Елизавета иттерді өте жақсы көретін. Оның 30-дан астамы болған.

Жас кезінде патшайым тарих пен заң ғылымын оқыған. Жүзумен де белсенді айналысқан. Тіпті оның суда құтқарушы екенін растайтын сертификаты болған.

Киіну стилі

Патшайым көбінесе белдемше киетін. Этикет ережелеріне сәйкес, оған халық алдына бір көйлекпен екі рет шығуға рұқсат етілмеді. Бірақ патшайым бұл ередені бірнеше рет бұзды. Оның сүйікті сәнгері Норман Хартнелл еді. Тәж кию салтанаты мен үйлену тойындағы образын сол дайындаған болатын.

Ханшайым Елизавета мен ханзада Филипп Маунтбаттеннің үйлену тойы / Фото PA

Кей деректерде патшайымның қол сөмкесі қызметшілеріне белгі беріп тұратыны айтылған. Патшайым сөмкесін  үстелдің үстіне қойса, шарадан кеткісі келетінін білдірген. Ал еденге қойса, әңгімені ұнатпайтынын аңғартқан. Егер патшайым сөмкені қолдан қолға ауыстыра берсе, шаршағанын көрсеткені екен.

Ең ұзақ тақта отырған патша

2021 жылдың 9 сәуірінде Екінші Елизаветаның күйеуі ханзада Филипп жүз жылдық мерейтойына екі ай қалғанда 99 жасында қайтыс болды. Олардың ұлы ханзада Эндрюдің айтуынша, бұл патшайымға өте қатты әсер еткен.  

Алайда, күйеуі қайтыс болғаннан кейін төрт күн өткен соң, патшайым өзінің корольдік міндеттеріне оралды. 

Патшайымның мерейтойы. Сол жақта – ханзада Чарльз әйелі Камилламен, оң жақта –ханзада Уильям әйелі Кэтринмен және балалары: Джордж ханзада, Шарлотта ханшайым және Луис ханзада. Букингем сарайы, 2 маусым 2022 жыл. Фото: Alastair Grant / AP

2022 жылдың маусымында Екінші Елизавета патшайымның таққа отырғанына 70 жыл толды. Осыған орай түрлі мерекелік шаралар, әскери парад, патшайым мен патшаға арналған көрмелер өтті. 

Екінші Елизавета Ұлыбританияның басты символы және әлемдегі ең үлкен монарх болды. Оның көзі тірісінде әлемде түрлі оқиғалар болды, бірақ патшайым әрқашан халқына күлімсіреп қарап, қол бұлғаудан шаршаған емес.

Патшайымнан кейін...

2021 жылдың күзінде патшайымның денсаулығының күрт нашарлағаны белгілі болды. Ол бірнеше ресми сапарлардан бас тартып, қазан айының соңында ауруханаға түскен. Қараша айында патшайым Еске алу күніне арналған салтанатты шараларға қатысқан жоқ. 2022 жылдың ақпан айында басылымдарда патшайымның таяқпен де өздігінен қозғала алмайтыны туралы ақпарат пайда болды. Содан кейін патшайымның Covid-19 жұқтырғаны белгілі болды.

Фото: Kirsty O'Connor-WPA Pool/Getty Images

8 қыркүйек күні Букингем сарайы патшайым Елизавета II-нің 96 жасында қайтыс болғанын хабарлады. Соған байланысты елде он күндік аза тұту күні жарияланды.

Британ тағына мұрагер болу тәртібіне сәйкес, Ұлыбританияның келесі королі Уэльс ханзадасы Чарльз болады, бұл туралы премьер-министр Лиз Трасс ресми түрде жариялады. Ол Үшінші Карл деген есімді таңдаған.

Чарльз ханзада – Үшінші Карл (Фото: Dan Kitwood / Getty Images)

 

Серіктестер жаңалықтары