Тікелей эфир

Қазақ қызы – Эверест шыңында. Әлемнің ұшар басына шыққан отандық және шетелдік альпинистер кімдер

Анар Бурашева мен Мақсұт Жұмаев Эверест биігінде
Анар Бурашева мен Мақсұт Жұмаев Эверест биігінде
Эверестке жеткен тұңғыш қазақстандық әйел Людмила Савина болса, тұңғыш қазақ қызы – Анар Бурашева.

12 мамырда Анар Бурашева Эверестке шығып, әлемнің ең биік шыңына табаны тиген тұңғыш қазақ қызы атанды. Осы күнге дейін Эверестке 12 мыңға жуық адам шықты. Оның ішінде қазақстандықтар саусақпен санарлық. Жүз жылда Эверестке барар жолда 300-ден астам альпинист көз жұмды. 

Жер шарының ең биік нүктесі 8 848 метрге алғаш кім жетті? Эвересті бағындырған қазақстандықтар кім? Информбюро порталы осы сұрақтарға жауап іздеді.

Эверест шыңын кім ашты?

Гималай тауларында орналасқан Эверест шыңының биіктігі – 8848 метр. Шың Непал мен Қытайдың (Тибет автономиялы ауданы) шекарасында орналасқан. 

Джомолунгма шыңы тибет тілінде "Ұлы жердің анасы" деген атауды білдіреді. Эверест атауы британ әскери географы Джордж Эверестің атымен аталған. Ол 1830-1843 жылдары Үндістанның бас геодезисі болып осы аймақты зерттеген. Гималай тауының сілеміндегі бұл тауды қазақтар "Бұланай шыңы" деп атаған. 

Джомолунгманы XIX ғасырда еуропалық зерттеушілер ашып, "XV шың" деген ат қойды. 1852 жылы геодезиялық зерттеуге қатысқан үнді математигі Радханат Сикдар алғаш шыңның теңіз деңгейінен санағандағы биіктігін есептеп, сол аймақтағы, тіпті әлемдегі ең биік шың болуы мүмкін екенін айтты. Содан бері альпинистер шыңға тұңғыш рет табан тіреген адам болу үшін жанын салды.

1921 жылы Джомолунгмаға алғаш рет британ экспедициясы ұйымдастырылды. Экспедицияның басты міндеті таудың теріскей бөлігінен шыңға шығатын жол табу еді.

Эверест шыңы / Фото: depositphotos.com

1922 жылы британ экспедициясы екінші рет Гималайға аттанды. Бұл жолы олар солтүстік жотасына өрмелеп, 8170 метрді бағындырып, теңіз деңгейінен 8 мың метр биікке шыққан алғашқы альпинистер атанды. Келесі күні Джордж Финч пен Джеффри Брюс альпинизм тарихында алғаш рет оттегі құрылғысын қолданып, солтүстік жота мен қабырғасын бойлай 8320 метрге дейін көтерілді. Алайда Эверестке жете алмады. Бұл экспедиция көп жетістікке жеткенімен, алғаш рет адам өлді. Джордж Мэллори үшінші рет Эверестке шықпақ болғанда топ қар көшкініне тап болды. Мэллоридің өзі тірі қалғанымен, сегіз шерп көз жұмды.

1953 жылға дейін ұйымдастырылған британдықтардың сегіз экспедициясы сәтсіз аяқталды. Арасында Канада, Дания, Швейцария және АҚШ, КСРО азаматтары да Эвересті бағындыруға ұмтылды. Бірақ ешкімнің қолынан келмеді. 

Эверестке алғаш кім шықты?

Эверест шыңына алғаш болып британдықтар бағындырғысы келді. 1951 жылы Эрик Шелтонның жетекшілігімен Эверестің оңтүстік іргесіне барлау жасады. 1953 жылы Непал үкіметі Эверест шыңына шығуға рұқсат берді. Олар жылына бір ғана экспедиция ұйымдастыруға рұқсат беретін. 1954 жылды франуцздар, 1955 жылды швейцариялықтар алған. Сондықтан британдықтар тәуекелге бел буып, 9-шы Британ экспедициясын ұйымдастырды. Экспедицияға Джон Хант жетекшілік етті. Ол шыңды қатар бағындыратын альпинистердің екі тобын ұйымдастырды. Бірінші топта Том Бурдиллон мен Чарльз Эванс болса, екінші топта жаңазеландиялық Эдмунд Хиллари мен непалдық шерп Джамлинг Тенцинг Норгей болды.

Олар шыңда 15 минут қана болды. Фотоаппаратын алып шыққан Хиллари Тенцингті фотоға түсірді. Шерп қарға Құдайға тарту ретінде кәспит көмсе, Хиллари болса ту тікті.

Тенцинг Норгей мен Эдмунд Хиллари / Фото: Getty Images

1953 жылы 26 мамырда бірінші топ Эверестке бар-жоғы 100 метр қалғанда артқа қайтты. Екінші топтағы Эдмунд Хиллари мен Тенцинг Норгей 27 мамырда ең биік нүктеге табан тіреп, Эверестке шыққан тұңғыш адам ретінде тарихта қалды. Екі альпинист те еліне оралған соң көптеген марапатқа ие болды. Тіпті Эдмунд Хиллариге Непалдың құрметтi азаматы атағы берілді.

"Олар шыңнан қайтпауы да мүмкін еді, бірақ әлемге танылып, қаһарман болып оралды. Атақ оларды өзгертпеді, қарапайым адам болып қалды. Екеуі де Гималай халқының жағдайын жақсарту үшін көп нәрсе істеді (...) Қазір шыңға шығу әкем шыққан кездегідей қиын емес. Технология көмектеседі. Шыңға шыққан соң кейбіреулер екінші лагерьге жетіп, тікұшақпен Катмандуға ұшады. Жолдың бәрі төселген, оттегі мен басқа да заттарды шерптер көтереді. Эверестке шығу рухы жоғалып барады. Көп адам мұнда жүрек қалауымен келмейді", – деді Тенцинг Норгейдің ұлы.

Эдмунд Хиллари түсірген Эверест шыңындағы Тенцингтің суреті / Фото: Ullstein Bild via Getty Images

Хиллари өмірінің көп бөлігін Гималайдағы шерп халқының тұрмысын жақсартуға арнады. Соның қолдауымен таудың шеткері аймақтарында мектептер мен ауруханалар бой көтерді.

Эверестке шыққан алғашқы қазақстандықтар

1982 жылы КСРО атынан "Эверест 82" экспедициясы Гималайға жол тартты. Экпедицияға қатысуға 200 альпинист өтінім берген. Олардан 7 мыңнан жоғары үш түрлі шыңға шығу талап етіліп, арасынан ең мықты 20 альпинист іріктелді. Олардың денсаулығы тексеріліп, ғарышкерлер дайындалатын Мәскеудегі ғылыми орталықта арнайы дайындықтан өтті.

Экспедиция құрамында қазақстандық бес альпинист болды. Қазбек Валиев, Валерий Хрищатый мен Юрий Голодов Эверест шыңына ең қиын жолмен шықты. Шыңға шығатын 19 жол бар, соның екеуі ең күрделі деп есептеледі. Қазақстандық альпинистер алғаш шыққан жолды бүгінге дейін 11 адам ғана жүріп өткен. 

"Үш литрлік оттегі баллонын арқалап шықтық. Ол кезде бұл қалыпты дүние еді. Ал қазір көп адам оттегісіз шығады. Өмірімізді сақтандыруға тура келді, өйткені КСРО экспедициясы сәтсіздікке ұшырамай шыңға жетуге тиіс болды. Күрделі жолды таңдауымыз қазақстандық альпинистерді әлемге танытты. Әдеттегі бәрі жүретін жолмен жүрсек, онда мың альпинистің жасағанын қайталағандай болар едік. Ал қиын жолмен Эверестке шығу біз секілді санаулы адамның ғана қолынан келді", – деп еске алды Қазбек Валиев.

Алғашқы кеңестік экспедиция қатысушылары / Фото Е. Хрищатый архивінен

2000 жылы Қазбек Валиев адамзат тарихында тұңғыш рет Эверест шыңын бағындырған екі адамның бірі жаңазеландиялық Эдмунд Хилларимен кездесті. Танымал альпинист Райнхольд Месснер 1990-жылдары Қазбек Валиевтің шақыруымен Қазақстанға келіп, Эверестке ерекше жолмен жеткен қазақстандық альпинистерге құрмет білдірген. 

Бұл экспедиция қазақстандық альпинистер үшін "Гималай қақпасына" айналды. Содан бері 40 жылда олар 68 гималай экспедициясы ұйымдастырылып, 8 мың метрден биік шыңдарға 66 рет шықты. 12 рет шыңға бұрынғы жолдарға ұқсамайтын ерекше бағытпен жүріп жетті.

2022 жылғы мәлімет бойынша, Гималай экспедицияларына 251 қазақстандық қатысты. Оның ішінде 172 адам шыңға шықты.

Қазақ қызы – Анар Бурашева 

Жапон альпинисі Дзюнко Табэи 1975 жылы әлемнің ең биік нүктесіне жетіп, Эверестке шыққан алғашқы әйел атанды. Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген Екатерина Иванова 1990 жылы кеңес-қытай-америка экспедициясының құрамында Эверестке шығып, алғашқы кеңестік әйел ретінде тарихта қалды. Ал Қазақстан атынан Людмила Савина 1997 жылы тұңғыш рет ең биік шыңды бағындырған болатын. 

Биыл 6 сәуірде қазақ қызы Анар Бурашева "Kazakh Everest Team" командасының құрамында Непалға аттанды. Анар Бурашева – скайраннер. Ол бірнеше марафон мен ультрамарафонда жеңіс тұғырынан көрінген. Мақсұт Жұмаевпен бірге алты айдай Эверестке шығуға дайындалған.

"Экспедицияның мақсаты – ер мен әйелдің тең екенін көрсету және көк туымызды ең биік шыңға тігу және тұңғыш қазақ қызы атану. Қазақ қыздары өте мықты екенін дәлелдегім келеді. Өте қауіпті экспедиция болған соң өлімнен қорқу сезімі бар. "Үрейсіз альпинист – өлі альпинист" дейді. Бастысы үрейге бой бермей, көп уақыт бойы дайындалған дүниені жасау. Ауыл-аймақтағы арманына жетуге мүмкіндігі жоқ кішкентай қыздарға талаптанып, мақсатына жетуге болатынын көрсеткім келеді. Бәріне жетуге болатынына, қолдан келмейтін дүние жоқ екеніне дәлел болсам деймін", – деген болатын Анар Бурашева экспедицияға аттанбас бұрын.

Анар Бурашева Гималай тауларында / Фото: Kazakh Everest Team

8 мыңнан биіктегі дауыл мен боранды ауа райына байланысты шыңды бағындыруға ниеттенген экспедициялардың көпшілігі артқа қайтты. Тек бес елдің альпинистері Эверестке сәтті көтерілді. Олардың арасында қазақстандықтар – әлемнің ең биік шыңына шыққан тұңғыш қазақ қызы Анар Бурашева, еңбегі сіңген қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев және Альмир Қымбатбайұлы бар. Мақсұт Жұмаев Эверестке осымен үшінші рет шығып тұр.

Альпинистер 7 мамырда 5 350 метрдегі базалық лагерьден шығып, бірнеше лагерьден өтіп, 8 мың метрдегі төртінші лагерьге жеткен соң одан әрі Эверест (8848 метр) шыңына қарай тоқтаусыз жүріп отырды. 12 мамырда Анар Бурашева мен Мақсұт Жұмаев 8 848 метрге табан тіреді. Шыңға жеткен соң Қазақстан туын тікті.

Серіктестер жаңалықтары