Тікелей эфир

Қастеев музейінде елес бар ма немесе әлемнің тылсым мекендеріне шолу

Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейі
Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейі
Түрлі видеолардан тылсым әлемнің көріністерін байқауға болады. Олар шынымен бар ма? Тылсым әлемнің бар екені рас па?

Бұндай құбылыстарды гаджеттің экранынан қараудың өзі қорқынышты, ал басына түскен адам қандай күйде боларын елестете беріңіз. Өйткені, бұндай затты көзімен көрген жандар да жоқ емес. Алыс жерде емес, өз туған қаласында тылсым құбылысқа куә болғандар бар. 

Жер жүзінде айналасында аңыз өріп жүрген тылсым мекендер көп. Бүкіл әлемді араласаң, сондай орындарға тап боласың. 

Ресей, Игумнов үйі

Куәгерлердің айтуынша, Мәскеу қаласындағы Игумнов үйінде бейшара бишінің елесі бар. Аңызға сүйенсек, жас биші қызға үй иесі, көпес Николай Игумнов ғашық болған. Қызғаныш әсерінен ол сүйіктісін өлтіріп, қылмыстың ізін жасыру үшін қыздың денесін қабырғамен қоршап тастаған. 

Ресей, Михайловский сарайы

Санкт-Петербургтегі Михайловский сарайы өзінің сәулет өнерімен ғана емес, тылсым құпиясымен де танымал. Павел І бұйрығымен тұрғызылған сарайда ресейлік императорды гвардиялық офицерлер өлтіріп кетеді. Содан бері Павел императордың елесі күзетшілердің зәресін алып, түні бойы "ұйықтамайды" екен. 


Оқи отырыңыз: Астана маңында аспан астындағы тарихи-мәдени мұражай салынып жатыр


Оңтүстік Мехикодағы "Қуыршақтар аралы"

Аңызға сәйкес, 1950 жылдар шамасында өзен арнасында қыз бала суға батып кеткен, Сантана есімді қыз оның дауысын естіп, құтқарып қалуға асыққан, алайда қызды құтқаруға үлгермей тек қуыршағын ғана су бетінен алып шыққан. Кейін сол қуыршақты ағашқа іліп қойған. Осыдан кейін түн батқанда әртүрлі дыбыстар, аяқ дауысын ести бастаған. Суға батып кеткен қыздың елесі жылап, одан жаңа қуыршақ сұрағандай көрінген. Содан бері 50 жыл бойы Сантана арнадан қуыршақтарды тауып алып, ағаштарға тізіп іле берген, елес болса, сол қуыршақтардың бірін сындырып, екіншісін бүлдіріп тастап отырған. Қуыршақтардың жалпы саны мыңға жеткен, кейін Сантана да өмірден озған. 

Қуыршақтар аралы, Мехико

Ла Реколета зираты – Буэнос-Айрес, Аргентина 

Бұл зиратта аңызға айналған аргентиналық актриса Эва Перонның күлі бар. Зиратты елес кезеді. 

Ла Реколета зираты, Буэнос-Айрес

Елестердің ішіндегі ең танымалы – Дэвид Аллено. Тірі кезінде ол отыз жылдан астам уақыт бойы зираттарды күтіп-баптаған. Бір күні өзіне қол жұмсаған. Зиратқа келген жандар Алленоның кілтінің дыбысын еститіндерін айтады. 


Оқи отырыңыз: Абай облысының оқушысы қазақ тарихын зерттейтін 3D мұражай жасады


Алматыдағы елестер 

Медеудегі үй 

Медеудегі тастанды үйден әртүрлі қорқынышты дыбыстар естіледі. Аңызға сәйкес, бұл үйде бүтін бір отбасы зорлық-зомбылыққа ұшырап, қайтыс болған, енді өлтірілген отбасы мүшелерінің елесі бос ғимараттан әртүрлі дыбыс шығарып, туристерді қорқытады. Жұмысшылар бұл үйде түнегенде елестердің осы үйде жүргенін сезінген, кейбірін елестер буындырған. Одан бөлек, күндіз жұмысшылар құрылыс барысында әртүрлі жарақат алған. Құрылысты тоқтатып қоюға тура келген. 

Сейфуллин мен Шевченко көшелерінің қиылысында қыздың елесі жүреді. Аңызға сәйкес, ол қатыгездікпен өлтірілген, оны көмген жерге банк салынған. Дәл осы қайғылы оқиға тылсым құбылыстарға себеп болған. 

Тау-Самал ауданындағы ескі госпиталь мен ГЭС-2 ауданында да елестер бар. ҚР Орталық мемлекеттік музейі мен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында да тылсым құбылыстар байқалған. 

Қастеев музейі

Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында елестер байқалғаны туралы алып-қашпа әңгіме бар, бұл туралы музей қызметкерлері мойындады. 

Оксана Танская, экскурсовод:

"Бір күні еуропалық өнер залында экскурсия жасадық. Барлық экспонаттар рекреацияға орналастырылды. Ол кезде қолым сынып жүрген. Гипс қойылған қолыма экскурсияны жазып алу үшін диктофон ұстап тұрғанмын. Кейін арада біраз уақыт өткенде жазып алған дыбысты тыңдап, өз құлағыма өзім сенбей, жағамды ұстадым. Диктофоннан біреудің дауысы шықты, ол белгісіз тілде сөйлеп жатқан еді. Дыбысты әріптестеріме тыңдаттым, олар диктофон қалайша түсініксіз құбылысты жазып алғанын түсінбей дал болды, олар қатты қорықты". 

Экскурсовод Анжелика Ақылбекованың сөзінше, аталған музейдегі пирамида залында ерекше энергия байқалады. 

"Орталық пирамиданың арқасында, соның жақсы ықпалының себебінен біз ұзақ жыл бойы жас көрінеміз. Пирамида жасартатын әсерге ие", – дейді ол. 

Анжелика адамдар бұл жаққа қонуға қорқатынын айтады. 

"Кілем сатушылар келген. Олар қымбат кілемдердің сақталуына жауап беретін, сол жақта қонатын болды. Алайда олар бұл залда қонудан үзілді-кесілді бас тартты, өйткені ол жақта елес болатын. Мен де қондым, бірақ, елестен қорықпадым. Музейде елес бар екеніне келісемін, алайда олар мені қорқыта алмайды. Еуропалық өнер залында елестің бар екені сезіледі. 2000 жылдардың басында музейге жұмысқа кірдім, дүйсенбіні күтетінмін, өйткені дүйсенбіде зал жабық тұрады, кілт тек менің қолымда болады. Мен кез келген залға кіріп, ішінен кілттеп алып, оңашада экспозицияға қарағанды ұнататынмын. Еуропалық өнер залында жанымда біреу тұрғандай болатын. Мәселе картиналарда емес деп ойлаймын. Еуропалық өнер залында библиялық сюжеті бар картиналар көп. Дәл сол залға құстар жиі ұшып келеді", – дейді ол.

Алматы қаласы, Казан соборының ключары иерей Георгий Рублинский өз тәжірибесінде тылсым құбылыстардан құтқаруды сұрап, өтініш жасап келген жандардың болғанын жасырмады. 

"Тылсым құбылыстар біз барған соң жоғалып кетсе де, қайта келуі мүмкін. Егер адам Құдайға жақындаса, онда айналасы да тазаратын болады", – дейді ол. 

Мұсылман дінін ұстанатын жандар имам шақыртып, Құран оқытып жатады. Әдетте содан кейін қорқынышты құбылыс жоғалып кетеді. 

Галина Галкина, аударған Мейіргүл Оңғарова

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
1

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары