Тікелей эфир

Қаныш Сәтбаев Жезқазған кенін қаржыландыруға қалай қол жеткізді

Қаныш Сәтбаев / Фото Жезқазған тарихи-археологиялық музейінен алынды
Қаныш Сәтбаев / Фото Жезқазған тарихи-археологиялық музейінен алынды
31 наурызда Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы тойланады.

Оның есімі қалаға, көшелерге, университеттерге, минерал мен мұздыққа берілді. Бірақ ғалым- геолог Қаныш Сәтбаев Қазақстан үшін қандай ауқымды жұмыстар атқарды? Бәрінен бұрын, бірегей кен орындарын ашты: қазақ жерлерін әлемдегі ең бай мыс провинциясына айналдырған мыс және Кеңес Одағының соғыстағы жеңісіне ықпал еткен марганец. Сәтбаевтың жолында кім тұрды және ол Сталиннің өзінен қалай қолдау тапты?

Алпауыт мыс провинциясы

Томск технологиялық институтын тәмамдағаннан кейін 27 жастағы инженер Қаныш Сәтбаев Атбасар түсті металдар трестіне жіберіліп, геология бөлімінің бастығы болып тағайындалады.

Бұл Қарсақбай ауылындағы трестке ең жақын теміржол вокзалы 430 шақырым қашықтықта орналасқан. Көлікке арналған жол жоқ, вокзалға тек түйемен жетуге болатын еді.

Сөйтіп, жер қойнауын игеру бойынша қызу жұмыс басталды. Біраз уақыттан кейін Сәтбаев таңғаларлық мәлімдеме жасады: Жезқазған – әлемдегі ең бай мыс провинцияларының бірі; Американың көптеген провинцияларына қарағанда ауқымдырақ. Оның пікірінше, Қарсақбай зауыты Жезқазғанда өндірілген кен көлемін игере алмас еді. Жас инженер су қоймасын салып, теміржол жүргізіп, аймақтың дамуын КСРО экономикасын дамытудың бес жылдық жоспарына енгізу қажеттілігіне сенімді болды.

Алайда, геолог әріптестер жас маманның есептері тым асыра көрсетілген, ғылыми тұжырымдары қияли деген пікірге келді. Сәтбаев мәселенің жалғыз шешімі – ғылыми қоғамдастық алдында өзінің дұрыстығын дәлелдеу екенін түсінді.

Сөйтіп, 1928 жылы Сәтбаевтың командасы пешті жағып, бір айдан кейін алғашқы Жезқазған мысын алды. Ал 4 жылдан кейін Бүкілодақтық пайдалы қазбалар қоры жөніндегі комиссия Жезқазған жер қойнауын арнайы мемлекеттік актімен қорғалатын қазына деп таныды. Кен орны Кеңес Одағының ең бай, ең перспективті мыс кен қазба ауданы деп аталу құқығына ие болды. 

Қаныш Сәтбаевтың Жезқазған байлықтары туралы мақалалары / Фото Жезқазған тарихи-археологиялық музейінен алынды

Қазақша авантюра

Алайда, 1933 жылы Главцветметтен барлау жұмыстарын қаржыландыру 99%-ға қысқартылғаны туралы жеделхат келді. Бұл өндіріске үлкен соққы болды. Себебі, 27 станок жұмыс істеп тұр, адамдарға жалақы төлеу керек, оның үстіне, далада Ұлы жұт басталған еді...

Кен орнының кейінгі тағдыры Сәтбаевтың қолында болды. Көптеген лауазымды тұлғалардың табалдырығын тоздырғанымен, нәтиже болмады. Ешбір шара таппаған ол ақыры авантюралық жоспар ойлап тапты.

Жоспардың мәні мынадай еді: Сәтбаев бірнеше тресттермен жаңа шикізат кен орындарын барлауға келісімшарттар жасады. Бірақ олар тек Сәтбаевтың сөзінде ғана жаңа болды. Ол Қазақстанның қай жерінде қажетті кен орындары бар екенін жақсы білді. Сөйтіп, Главзолотоға алтын, көмір институтына көмір табуға уәде берді. «Лакокрассырье» трестімен бояуға арналған шикізатты іздеуге шарт жасасты...

Осылайша, кәсіпорындардың әрқайсы мақсатына жетті, өйткені олардың жоспарлары келісімшарттар жасалғанға дейін орындалып қойған еді. Ал тресттерден алынған ақшаны геолог өз зауытының қажеттіліктеріне бағыттады. Бұл келісімдерден түскен ақша Жезқазғанның жұмысын жалғастыруға көмектесті, кен орнының қызметі тағы екі жылға созылды.


Оқи отырыңыз: Қазақ КСР Ғылым академиясы тарихы немесе Орталық комитетке жазылған бір хаттың оқиғасы


Халық комиссарымен әңгіме

Бұл оқиғаның нүктесі 1934 жылғы 31 желтоқсанда Қаныш Сәтбаевтың КСРО Ауыр өнеркәсіп халық комиссары Григорий Орджоникидземен кездесуінде қойылды. Біріншіден, бұл әңгімеге қол жеткізудің өзі оңай емес еді. Екіншіден, халық комиссарын Жезқазғанның жоғары басшылықтың назарына лайық екеніне сендіру қиын міндет болды.

Қаныш Имантайұлы онымен адал, тік, эмоционалды түрде сөйлесті, кенді қосымша қаражатсыз өндіруге болатыны, тау жыныстарының беріктігі ешқандай бекіткіштерді қажет етпейтіні туралы нақты дәлелдер келтірді. Кендердің жайғасуы бір шахтадан, айналмалы түрде барлауға мүмкіндік беретінін, бұл үлкен үнемдеу екенін жеткізді. Кейбір қабаттарды ашық, карьерлік жолмен жасауға болатынын, тағы бір маңызды артықшылығы: жер асты сулары жоқ екенін түсіндірді. Бұл суды соруға ешқандай қаражат қажет еместігін білдіреді. Сонымен қатар, мыстан бөлек, қорғасын, мырыш, күкірт, күміс және басқа да сирек металдарды өндіруге болатынын айтты.

Осылайша, жас геологтың дәлелдері мен шынайылығы Ауыр өнеркәсіп халық комиссарын Сталинге хат жазуға көндірді. Нәтижесінде, бүкіл КСРО аумағында Жезқазған туралы сөз қозғалды, ал оның құрылысы мемлекеттік маңызы бар іске айналды. Кең далада комбинат, теміржол және су қоймасының құрылысы басталды.

Шешуші шайқас

1942 жылы фашистер КСРО-ның марганец кен орындарын басып алды. Одақ болат өндіруге қажетті марганец қорынан айырылуға шақ қалып, танкілердің азаю, соғыста жеңілу қаупі туындады. Бұл мәселені шешуге көмектесетін Жезді кен орнының әлеуетін Қаныш Сәтбаев 1928 жылы байқаған еді.

Асқынған аппендициттің салдарынан Қаныш Сәтбаев Алматыдан кете алмады, ал кен орнын бағалау жөніндегі комиссия Жездіге өздері барды. Сөйтіп, комиссия кен орнындағы жұмысты мақұлдамай, теріс шешім шығарды. Сәтбаевтың пікірінше, мұндай шешімге мамандардың батыл болмауы, жауапкершіліктен қорқуы себеп болған. Өйткені, кен орнының нақты қорлары әлі де анықталуы тиіс еді.

Сәтбаевтың мүсіні / Фото Жезқазған тарихи-археологиялық музейінен алынды

Операциядан кейін төсекке таңылған Сәтбаев басшылықты көндірген ақырғы есептеулерін жасады. Кейін өзінің дұрыстығын сөзбен емес, іс жүзінде дәлелдеді. 1942 жылғы 12 маусымда, құрылыс басталғаннан 38 күн өткен соң, Жезді марганецінің алғашқы партиясы жөнелтілді. Немістер КСРО-ның марганец аштығына және құрышты прокат шығарылымының төмендеуіне ниеттенді. Оның орнына кеңестік зауыттар құрышты болат өндірісін үш есе арттыра алды. 1953 жылға дейін әрбір үшінші оқ, әрбір бесінші танк Жезді марганецінің қосылуымен жасалды.

Серіктестер жаңалықтары