Тікелей эфир

Қазақ КСР Ғылым академиясы тарихы немесе Орталық комитетке жазылған бір хаттың оқиғасы

Informburo.kz "Жадыңнан өшпес. Қазақстандағы Сталинизм: Өткені. Естелігі. Еңсеру" ("Живая память") ұжымдық монографиясын жариялауды жалғастырады.

Төменде тарихшы Зәуреш Сақтағанованың 1950 жылдардың басындағы Қазақ КСР Ғылым академиясының тарихынан алынған сюжет немесе БК(б)П ОК-ге жазылған бір "хаттың" оқиғасы (Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих мұрағатының материалдары бойынша) монографиясын ұсынамыз.


Сталиндік репрессиялар тарихы – зерттеушілердің ерекше қызығушылығын тудыратын тақырып. Шығармашылық, ғылым, партия мен шаруашылық саласындағы ұлттық элитаның тұтас бір буыны қуғын-сүргінге ұшырады. Репрессияға ұшыраған ұлттық зиялы қауым өкілдері мыңдап саналады. Осы оқиғалардың ішінде сталиндік тоталитарлық машина қысымға алған, бірақ жоя алмаған адамдар да бар. Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – солардың бірі.

Соңғы онжылдықта тарихшы ғалымдар үшін де, жалпы көпшілік үшін де бұған дейін жабық болған бірқатар архив деректері жарияланды. Бірақ "негативті айқындау" процесі ұзақ, мұқият және риясыз зерттеуді қажет етеді. Марк Блок "Тарихтың апологиясы немесе тарихшының өнері" атты еңбегінде тарих пен тарихшының рөлін талқылай отырып, былай деп жазады: "Қате айтылған тарихтан сақтанбаса, түбінде ол дұрыс тарихқа да сенімсіздік тудыруы мүмкін. Егер оған жетуді жазса, бұл біздің ең тиянақты интеллектуалдық дәстүрімізбен байланысымыздың үзілуіне әкеледі. Қазіргі уақытта біз бұл тұрғыда "ар-ұят емтиханы" сатысында тұрмыз. Біздің қалыптасқан қоғамдар үнемі өсу дағдарысын бастан кешіргенде, өздеріне күмәндана бастағанда, олар өткенге сұрақ қойғаны дұрыс па, жоқ па, және ол сұрақтарды дұрыс қойды ма деп өздерінен сұрайды".

Өткенді қазбалау дұрыс па? Қазбалағанда да егжей-тегжейін түгел ашу керек пе? Кез келген ойшыл тарихшы өзіне осы сұрақтарды қоятын болар. Мәселе тек өткеннің толық көрінісін көз алдыңа әкеліп, оқиғаларды сол күйінше ұсынуда да емес. Мәселе тарихшының осы әрекеті үшін өзінің, сонымен бірге ұрпақ алдындағы жауапкершілігінде де жатыр. Бұл жауапты ерте ме, кеш пе, беру керек.

Бұл мақала дәл осы тарихшының жауапкершілігі деген мәселеге келіп тіреледі. Соғыстан кейінгі алғашқы онжылдық туралы айтпас бұрын елдегі қоғамдық-саяси жағдайдың сипаттамасына қысқаша тоқталған жөн болар.

Соғыстан кейінгі алғашқы жылы-ақ республиканың ғылыми және шығармашылық элитасы репрессияға ұшырады. Оның себебі тарихи әдебиеттерде талай рет айтылды, дегенмен толығырақ айтып кетейік.

Екінші дүниежүзілік соғыстағы КСРО-ның жеңісі бүкіл кеңес қоғамына тоймейілсіген бір күй кешкізді. Өзгерісті күту, өзгерістен үміттену орынды болған да еді. Соғыс жылдарында режим рухани, діни, интеллектуалдық өмірде және қоғамдық, саяси өмірдің басқа да салаларында белгілі бір жеңілдіктерге "жол берді". Зерттеуші Николя Верттің пікірімен келіспеуге болмайды: "экономика саласында соғыс волюнтаристік практиканың шектелуіне әкелсе, идеялықсаяси салада қадағалаудың әлсіреуіне, ұлттық орта мен зиялылардың арасында бақыланбайтын, әсіресе бірнеше жыл ішінде жүйеден тыс болған (оккупацияланған аудандарда не тұтқында) идеологиялық ағымдардың көбеюіне әкелді. Бейбіт өмірге оралғанда билік көбінесе аяусыз әрекет етіп, ақылойды қайтадан бақылауға алуға тырысты". Кеңес қоғамының қоғамдық-саяси өмір либералданады деген үміті ақталмады.


Оқи отырыңыз: Шектеулі береке мемлекеті: Үшінші Рейх және Кеңес Одағындағы утопия мен террор туралы


Көптеген зерттеуші соғыстан кейінгі кезеңде режимнің қатаюының екі себебін айтады. Оның бірі Иосиф Сталиннің көлеңкесінен қорқа бастауы болса, екіншісі – қырғиқабақ соғыстың басталуы. Бұл соғыстың басталуына 1946 жылы көктемде Черчилльдің Фултонда сөйлеген сөзі себеп болды, онда ол коммунизмге қарсы күресу үшін англо-саксондық елдердің одағын құру идеясын ұсынған болатын. КСРО-да режимге төнген жаңа қауіптерге қарсы күрес жарияланды. Негізгі сыртқы қауіп "англо-америкалық империализм" деп жарияланды, ал ішкі қауіп "Батысқа табыну" еді. Бұл – соғыстан кейінгі сталинизмнің идеологиясы мен ішкі саясатындағы бірінші бағыт.

1947 жылы 14 мамырда Сталин жазушылармен кездесуі кезінде былай деп сөйледі (жазып алған Константин Симонов): "Орташа интеллигенция, яғни ғалымдар, профессорлар, дәрігерлерде кеңестік патриотизм сезімі жеткілікті деңгейде емес. Олардың батыстық мәдениетке табынуы қисынсыз. Олар өздерін кәмелетке әлі толмаған, жан-жақты жетілмеген оқушы сияқты сезінеді. Бұл ескіліктің белгісі, кезінде Петрдан басталған дәстүр. Алдымен немістер, содан кейін француздар шетелдіктердің алдында бас ұруды бастады. Бұл мәселені үздіксіз көтеру керек, он жыл болсын, айта беру керек... Зиялылар арасындағы өзін-өзі кемсіту рухымен күресуіміз керек".

Қоғамдық-саяси өмірдің екінші тенденциясы партияның бағытын анықтады: Николя Верт бұл саясатты "ұлттарды тыю" деп атады. Ол кейбір ұлттарға қарсы репрессия және олардың ұлттық ұмтылысын қанағаттандырудан бас тарту саясаты Сталин сөйлеген "Жеңіс сөзінде" жалғасты деп жазды. Ол сөзінде Сталин кеңес халқы үшін емес, орыс халқы үшін тост көтеріп, оны "Кеңес Одағы ұлттарының ең көрнекті халқы" деп атаған еді. Сталиннің 1945 жылдың 24 мамырындағы сөйлеген сөзі ескі тұжырымдамадан ("орыс халқы теңдестердің ішіндегі үздігі") бас тартуды білдірді. Сталин 1922 жылы өзінің автономизация жобасында қорғаған идеяларына, мемлекет құрудың федеративті принципіне қарсы шығып, бастапқы идеясына оралды. Бұл (қосылудың тек прогрессивті сипаты туралы) тұжырымдама 1940 жылдардың екінші жартысында ұлттық шет аймақтардың Ресей империясына қосылу тарихының ревизиясына әкелді. Тарихшыларды табанды түрде "орыс халқының адамзат дамуына қосқан тарихи үлесінің шынайы прогрессивті жағын көрсетуге" шақырды. Ұлттық тарихқа басқа көзқарас ендігәрі мүмкін болмады. Бұл саясаттың салдарынан ұлттық мәдениеттің материалдық және рухани жағын зерттеу шектеулі болды. Осы салада ғылыми немесе шығармашылық мүдделері бар зиялы қауым өкілдері репрессиялық механизмнің қысымына ұшырады. Сондықтан "ұлтшылдыққа" қарсы күрес (1920-1930 жылдары "ұлтшылдыққа бейімдермен" болған күрестей) партияның басым міндеттерінің біріне айналды.

1946 жылы орыс емес халықтарды "тыюмен" қатар соғыс кезінде әлсіреген интеллектуалдық өмірге бақылауды қалпына келтіру науқаны басталды. Зиялы қауымның соғыс жылдарында пайда болған тенденциялар бейбіт уақытта да жалғасады деген үміті тез арада жойылды. 1946 жылдың жазында билік интеллектуалдық шығармашылықтың кез келген көрінісіне қарсы қатты шабуыл бастады. Николя Верт интеллигенцияны "қолға алудың" негізгі себептерін атады: 1946 жылы жазда ашаршылыққа қайта әкеп соққан ауыр экономикалық дағдарыс билікті зиялы қауымның үнін өшіру туралы шешім қабылдауға итермеледі. Ол былай ескертеді: "...ашаршылық білімді топтардың азаматтық санасын әрдайым билікке қарсы келтірді, сондықтан зиялы қауым тарапынан айтылған сын үкіметтің экономикалық саясатына сөзсіз көшуші еді...". Бұл сынның бүкіл жүйеге қатысты таралуы да сөзсіз еді.

Осы "зиян" тенденциялармен күресу үшін 1946 жылдан бастап бірқатар партиялық қаулы қабылданды, атап айтқанда: БК(б)П-ның 1946 жылы 14 тамыздағы "Ленинград" және "Звезда" журналдары туралы"; 1946 жылы 26 тамыздағы "Драма театрларының репертуары және оны жақсарту шаралары туралы"; 1946 жылы 4 қыркүйектегі "Большая жизнь" кинофильмі туралы"; 1948 жылы 10 ақпандағы "Вано Мураделидің "Великая дружба" операсы туралы" қаулылары. 1946 жылы КСРО (атап айтқанда Қазақ ҚСР) зиялы қауымына қарсы репрессияның жаңа кезеңі басталды.

Ресей Мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарих мұрағатында (РГАСПИ) 17-қормен (КОКП ОК) жұмыс істей отырып, 1950 жылы басталған №335 істі зерттеуге мүмкіндік туды. Ол "Баяндама жазбахаттары бойынша ғылым бөлімі мен секторының жазбахаттары мен анықтамалары, ...Қазақ КСР Ғылым академиясы мен ғылыми мекемелеріндегі ұлтшылдық көрініс фактілері туралы" деп аталды. Бұл іс құжаттарының бір бөлігі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің 2009 жылғы бағдарламасы бойынша шығарылған "Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев" деректі жинағында жарияланған (құрастырушылар Б.Т. Жанаев және т. б.). Бірақ құрастырушылар барлық құжатқа назар аудармаған. 1950 жылдардағы репрессиялардың жаңа толқынына байланысты оқиғаларды талдау барысында бірқатар сұрақ туады.

Оларға әлі толық жауап жоқ. 1950 жылдардың басында Қазақ КСР Ғылым академиясының қызметін жаппай тексеру неден туды? Ол кезеңде республикада ғылымның қалыптасу және даму процесі жүріп жатты. Бұған Қазақстан ғалымдарының айтарлықтай жетістіктері дәлел еді. Ал тексеруге бастамашы болған кім? Бұл сұрақтың хрестоматиялық жауабы, жоғарыда айтылғандай, сталиндік соғыстан кейінгі онжылдықтың тарихы бойынша зерттеулердің бәрінде дерлік бар: БК(б)П ОК-нің қаулылары және бірден Қазақстан КП(б) ОК-нің қаулылары мен шешімдері қабылданды ("ҚазКСР ҒА Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы"; "ҚазКСР Ғылым академиясында ғылыми кадрларды таңдау, орналастыру және пайдалану туралы").

1947 жылдан кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті республиканың академиялық ғылыми позицияларын қорғай отырып, бірқатар баяндама жазбахат, есеп, хат жазды. Бұл жазбахаттарда Қаныш Сәтбаев Қазақ КСР Ғы­лым академиясы қызметінің нәтижесі туралы, оның қалыптасуы туралы былай деп жазды: егер 1941 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалындағы 100 ғылыми қызметкердің 14-і ғылым кандидаты, 3-еуі ғылым докторы болса, 1947 жылға таман Қазақ КСР Ғылым академиясының құрамы 1580 адамнан тұрды (филиалдарды қосқанда), олардың ішінде 83 ғылым докторы және 220 ғылым кандидаты жұмыс істеді. Сонымен қатар, Қаныш Сәтбаев ғылыми ұлттық кадрлардың дамуына көп көңіл бөлді, 1950 жылға қарай академия қызметкерлерінің 24,9%-ы жоғары ғылыми дәрежесі бар қазақтар болды. Бірақ жетістіктері мен еңбегі тіпті Қазақ КСР ҒА президентін дәлелсіз айыптаудан қорғап қала алмады.


Оқи отырыңыз: Сталиндік режим. Шаруаларға қарсы репрессия саясаты


Осы БК(б)П ОК қаулыларының барлығы "интеллигенцияға қарсы кең ауқымды науқанның бастауы" болды. Зерттеулерге сәйкес соғыстан кейінгі репрессияның басты белгісі – "саяси айыптаулардың дербестендірілуі". Соғыс алдындағы кезеңде де қудалаудың объектілері ғылым мен мәдениеттің көрнекті қайраткерлері болғанын атап өткен жөн, бірақ 1920–1930 жылдардағы репрессиялар шын мәнінде жаппай сипатқа ие болды. "Саяси айыптаулардың дербестенуі" түсінікті де еді. Назарды белгілі бір тұлғаға аудару ол тұлғаның жерлестері, көршілері, әріптестері, дұшпандары және жай ғана қызғаныш кернеген адамдардың шағымдарымен байланысты болды. Шағымдар саясаттың салдары еді: билік ол шағымдарды күтті, шағымдануға жағдай жасады, сондықтан да түрлі шағым пайда бола бастады. Билік соларға орай "әрекет етті", дәлірек айтсақ назар аударды. Дәл осындай шағымдар партия директиваларының туындауында маңызды рөл атқарды. Көптеген тазарту кезеңінде партияның ішіндегі көпшілік (тек партиялық көпшілік емес) қарапайым әрекет алгоритмін үйренді. Мойындасам, өкінетінімді айтсам, кешіреді деп ойлады. Бұл "өзін-өзі сынау" деп аталды. "Шынайы большевик" ретінде сынды мойындап қана қоймай, жолдастарын сынауға міндетті болды. Бұл "міндеттер мен құқықтар" Жарғыда да, жеке қаулыларда да бекітілді. "Сынау" әртүрлі формаға ие болды: партия жиналыстарында ауызша сөз сөйлеу немесе жоғарғы органдарға хат жазу, яғни шағым жолдау. Мерзімді басылым беттерінде сынау мемлекеттің айрықша құзыреті болды, ал ол міндетті түрде шара қолдануға әкеп соғатын. Сталиннің репрессивтік жүйесінен жауапкершілікті алмай, оны ақтамай, репрессивтік саясаттың күрделі коллизияларындағы бұл маңызды жағдай репрессияларды зерттеу кезінде ұмытылып кететінін атап өткен жөн. Бұл мәселені зерттеушілер ешқашан жарияламайтын сияқты. Қазақстанда осындай шағым хаттардың ағыны болмаса, ондаған, тіпті жүздеген адамның тағдыры мүлдем басқаша болар еді, осыншама қайғылы аяқталмас еді. Сикофанттардың тарих алдындағы, ГУЛАГ-тың зынданында қаза болғандардың естелігі алдындағы жауапкершілігі туралы айту керек деп ойлаймыз. Осы кезеңнің ең ірі репрессивтік істерінің бірі – "Бекмаханов эпопеясында" осы антиқаһармандардың аты-жөні бар екені қуантады (Х. Айдарова, Т. Шойынбаев, А. Якунин және т. б.).

Осы тарихшылардың рөлін және олардың басылымдарының "Бекмаханов ісіндегі" салдарын академик Манаш Қозыбаев нақты анықтады, ол оларды Қазақстанның тарихи ғылымы үшін "қатерлі" деп атады. Манаш Қозыбаев мақаласында: "Қызғаншақтар пен дұшпандар мүмкіндікті пайдаланып, жала жабу науқанын бастады. Қаныш Сәтбаевты айыптайтын шағымдар билік органдарына жіберілді", – деп жазды. Бұл құпия өсек тасудың себептеріне (ол жеке зерттеудің тақырыбы) тоқталмай, осы құжаттарды (хаттар, жазбахаттар және т. б.) талдауға және олардың салдарынан туған репрессияларға назар аударамыз. Бұл арыз-шағымдар партиялық тексеруге жол ашқаны белгілі.

БК(б)П ОК үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушылары П.Апостолов, Б.Митрейкин және А. Петровскийдің 1950 жылы 22 (29) маусымда жазған баяндау хатына тоқталсақ, оларға "Черниченко мен Шойынбаев жолдастардың арыздарындағы фактілерді тексеруді тапсырды. Арыз авторлары Қазақстандағы ғылым мен мәдениет саласындағы ұлтшылдық көріністер, Қазақ КСР Ғылым академиясына кадрларды таңдау және тағайындаудағы большевиктік принципті бұзушылық және сынға қысым көрсету туралы хабарлайды".

Алайда "Академик Қаныш Сәтбаев" деректі жинағында әртүрлі құрылымдардан келген (орталық партия органдарынан бастап, күштік құрылымдарға дейін) Қазақ КСР Ғылым академиясы мен Қаныш Сәтбаевты тексеруге себеп болған арыздар жоқ. Жоғарыда аталған Ресей әлеуметтік-саяси архивіндегі іспен жұмыс істегенде де 1950 жылдың маусымына дейін жазылған "Черниченко мен Шойынбаев жолдастардың" арызын таба алмадық. БК(б)П ОК тексеру ұйымдастырды, оның нәтижесінде тексеруші инспекторлардың (П. Апостолов, Б. Митрейкин және А. Петровский) БК(б)П ОК хатшысы Георгий Маленковтың атына жазған хаты пайда болды. Онда олар "аталған фактілер негізінен дәлелденді" деп жазған. Черниченко мен Шойынбаевтың 1950 жылдың маусымына дейінгі жазған алғашқы "арызында" осы туралы жазылды деп болжам жасауға болады. Бұлардың қандай фактілер екенін түсіну үшін №335 (РГАСПИ) істегі жазбахаттың үзінділерін келтірейік. "Қазақстан БК(б)П ОК қаулыларында кейбір ғылыми қызметкерлердің еңбектерінде зиянды және идеялық жағынан теріс пікір тарататынын, феодалдық-рулық құрылысты дәріптейтінін, хан мен байларды ұлықтайтынын, революцияға дейінгі қазақ ауылындағы таптық күресті бүркемелейтінін, буржуй-ұлтшыл көзқарасты қолдайтынын талай рет атап өтті... Қазақстан БК(б)П ОК Ғылым академиясының басшылығын академияны саяси тұрғыдан сенімсіз және ғылыми жұмысқа жарамайтын адамдардан тазартуға бірнеше рет міндеттеді.

Алайда, Қазақстанның ғылым, мәдениет және өнер саласындағы қызметкерлері бұл қателер мен бұрмалаушылықты бүгінгі күнге дейін қайталап келеді, оларға Қазақстан БК(б)П ОК әлі тиісті саяси баға берген жоқ.

Осылайша, мысалы, "XIX ғасырдың 20–40-жылдарындағы Қазақстан" кітабының авторы Бекмаханов әлі күнге дейін Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілістің сипаты мен мәні жөніндегі жалған көзқарасты қорғап жатыр. Сол кітапта ол алашордалық контрреволюциялық партияның көшбасшысы Әлихан Бөкейханның еңбектерін қазақ халқы тарихының сенімді дереккөзі ретінде насихаттағанын, сол кітаптың алғысөзінде Бекмахановтың жұмысын редакциялаған жер аударылған троцкист Варшавскийге "ерекше алғыс" білдіргенін жасырады...".

"...1950 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы Акишеваның "Қазақстандағы ірі феодал-байлардың мал-мүлкін тәркілеу" атты кітабын шығарды". Кітапта байлардың кеңеске қарсы зұлым сөздері, бай бандитизміндегі кедейлердің қатысы туралы теріс үлгі көп. Кітаптың саяси зияндығына байланысты ол Қазақстанның КП(б) ОК нұсқауы бойынша қолданыстан алынды. 1950 жылы шыққан Погорельскийдің "Көшпенділердің отырықшылануы және Қазақстандағы мал шаруашылығының дамуы" кітабы да қолданыстан алынды, онда автор "көшпенділердің руы – біз Маркс-Энгельс бойынша білетін ру емес, бұл Радловтың сипаттаған руы" деп жазды. Қазақтардың көшпенді тұрмыс дәстүрінен отырықшы дәстүрге көшу мәселесінде автор партия мен кеңес мемлекетінің рөлін ескермей, халық жауы Байтұрсыновтың сөзін келтіреді...".

"...Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшесі Жұбановтың идеялық жағынан теріс кітабында айқын ұлтшылдық тенденциялар бар. Бұл кітапта фольклорлық зерттеу түрінде біржақты орыстарға қарсы позициядан өлеңдердегі қазақ халқының революцияға дейінгі "әнді", "әуенді" тарихы баяндалады...".

"...Аталған фактілер идеологиялық майдандағы жағымсыз жағдайды көрсетеді. Мұның себептерінің бірі – Қазақстанның ғылыми және мәдени-ағарту мекемелеріндегі кадрлардың ластануы. Қазақстан БК(б)П ОК-нің әлденеше рет шығарған қаулысына байланысты, Ғылым академиясының президенті Сәтбаевтың қарсылығына қарамастан, тек соңғы үш жыл ішінде академияда екі жүз елуден астам адам жұмыстан шығарылды. Алайда, тексеру Ғылым академиясының кадрлары арасында әлі күнге дейін саяси жағынан сенімсіз және ғылыми-зерттеу жұмысына қабілетсіз адамдар көп екенін анық­тады...".

Содан кейін ОК нұсқаушыларының жазбахатында "ұлтшылдар", "троцкистер", "халық жаулары" туралы айтылып, "зиянкестердің" есімдері аталды: Марғұлан, Бектұров, Стендер, Сонгина, Тартаковская, Снопова, Ермековтер, Тарабаев, проф. Русаков, Летников, Кенесарин, Қондыбаев, Галицкий және т. б.


Оқи отырыңыз: Сталиндік режим. Шаруаларға қарсы репрессия саясаты. Жалғасы


Ол жазбахатта Қазақ КСР Ғылым академиясының басшылығы да айыпталды: "...Қазақ КСР Ғылым академиясында саяси тұрғыдан жат адамдардың көптігі кездейсоқ емес. Академия Төралқасының жетекші мүшелері: вице-президент Кеңесбаев (байдың ұлы), академик-хатшы Галузо (троцкистің ағасы) саяси сенім білдірмейді... Ғылым академиясының президенті Қ. Сәтбаев көрнекті байдың отбасынан шыққан. Оның екі ағасы кеңес өкіметінің жауы ретінде репрессияға ұшыраған. Сәтбаев 1918 жылы "Алаш Орда" контрреволюциялық буржуазиялық-ұлтшылдық партиясының жұмысына белсенді қатысқанын партиядан жасырады... Тексеру материалдарын алдағы Қазақстан БК(б)П ОК бюросында талқылауға байланысты Қазақ КСР Ғылым академиясының басшылығын жаңарту туралы ұсыныстар енгізу қажет деп санаймыз...".

Қуғын-сүргін механизмі іске қосылды. Осы тексеруден кейін Қазақ КСР академиясының президенті Қ. Сәтбаев Қазақстан БК(б)П ОК хатшысы Жұмабай Шаяхметов пен БК(б)П ОК-нің үгітнасихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары В.С. Кружковтың атына "ҚК(б)П ОК-нің 14/ІІ-1950 жылы шыққан шешімдерінің орындалуы және Қазақстан Ғылым академиясының қызметіндегі кейбір ұйымдастыру жұмысындағы кемшіліктер туралы жазбахат" жазуға мәжбүр болды, ол 67 беттен тұрады және "академияға тағылған бірқатар ауыр айыпты" жоққа шығарды. Бірінші жазбахаттан кейін қысым шаралары республика Компартиясының Орталық комитетіне шақырумен және Сәтбаевтың республика мен орталықтың Орталық комитетіне жазған атқарылған жұмыстар туралы толық есептері бар жауап хаттарымен шектелді.

Бірақ, Қазақ КСР ҒА қызметінің егжей-тегжейлі сипаттамасына қарамастан, академияға да, Сәтбаевқа да қатысты айыптау жалғаса берді. Сол БК(б)П ОК-нің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары В.С. Кружковтың атына әлдебір А. Митин 1950 жылы қыркүйекте баяндау хат жолдады, онда "Сәтбаев жолдас өзінің хатында үгіт-насихат бөлімі мен БК(б)П ОК-ның партия, кәсіподақ және комсомол органдары бөлімдері секторларының жұмысына, П. Апостолов, В. Митрейкин мен Петровский жолдастарға кір келтіргісі келеді. Сәтбаев жолдас БК(б)П ОК-ның бригадасы Қазақ КСР Ғылым академиясының жұмысына көмек көрсеткен жоқ деп санайды. Ол бригаданың міндетіне академияға ғылыми көмек көрсету кірген жоқ және кіре де алмады. Апостолов, Митрейкин және Петровский жолдастар Қазақ партиялық ұйымына БК(б)П ОКнің шешімімен Черниченко мен Шойынбаев жолдастардың арыздарын тексеруге барды (белгілеген автор – З. С.). Бригада өз міндетін орындады, БК(б)П ОК-ге баяндау хат ұсынды, онда біз республиканың ғылыми және мәдени-ағарту мекемелеріндегі кадрлардың дұрыс еместігін, сын және өзін-өзі сынау жоқтығын, Қазақстанның гуманитарлық мекемелеріндегі идеологиялық қателер мен бұрмалаушылықты атап өттік және академия басшыларын өзгертуге ұсыныс бердік. Қазақ КСР Ғылым академиясының жұмысын сауықтыру және нығайту мақсатында БК(б)П ОК-ның қарауына Апостолов, Митрейкин және Петровский жолдастардың баяндама жазбасын ұсынуды жеделдету орынды болар еді".

1950 жылдың күзінде академик Сәтбаевқа қарсы қуғынсүргін жалғасын тапты. "Сәтбаев ісі" бойынша "Правда" газетінің Қазақ КСР бойынша тілшісі А. Черниченкодан басқа да фигурант пайда болды. Т. Шойынбаевтың "арызы" бар екені жоғарыда айтылған БК(б)П ОК-ның үгітнасихат бөлімінің жағдайды анықтауға жіберілген нұсқаушыларының баяндау хатынан түсінікті болды. Бірақ бұл істе Т. Шойынбаевтың 1950 жылы маусымда болған оқиғаларға дейін жазған хаты жоқ. Бірақ 1950 жылдың күзінен бастап Қаныш Сәтбаевқа қатысты репрессияның жаңа толқыны неге басталғанын түсінуге мүмкіндік беретін басқа да құжат бар. Біз 1950 жылы қазанда екінші рет жазылған және БК(б)П ОК-ның хатшысы М.А. Сусловқа, сонымен қатар БК(б)П ОК-ның қарауындағы Партиялық бақылау комиссиясына, М.Ф. Шкитяровқа жолданған хатты таптық. 67 жыл өткен соң кәсіби тарихшы, тарих ғылымдарының кандидатын осындай "хаттар" жазуға не нәрсе итермелегенін айту қиын. Бірақ бұл оқиғалар жөнінде басылымдарда "қызғаншақтар мен дұшпандар" туралы айтылуы кездейсоқ емес, бәлкім мұндай "арыздардың" себебін сонымен түсіндіруге болатын шығар. Мұндай хат-шағымдардың салдары қандай болғанын білу қажет. Онда келтірілген фактілердің айтарлықтай бөлігі өсек болып шықса да, олар Сәтбаевқа қатысты қуғын-сүргіннің жаңа толқынын туғызды. Шағымда әңгіме академиктің іскерлік қасиеттері туралы емес, арыз берушінің Қазақстан ғылымының жай-күйіне алаңдауы туралы да емес. Бұл хат – жала, жеті беттің төрт бетке жуығы Қаныш Сәтбаевтың бұрын "алаштық" болғаны туралы, жарты беті – Ермұхан Бекмахановтың Кенесары қозғалысы бойынша концепциясына көрсеткен қолдауы үшін айып тағу, мәтіннің екі беті – Сәтбаевтың "кеңес билігіне әлеуметтік тұрғыдан жат элементтерге" көрсеткен қолдауы туралы ойдан шығарылған әңгіме. Одан кейін Т. Шойынбаев арнайы тексеру керек деп тапқан мәселелердің тізімі келтірілген. Шойынбаев жазбахатындағы негізгі мәселе ретінде көрсеткен тезистер сталиндік кезең үшін қалыпты жағдай (тіпті, мұндай хаттар үшін үйреншікті болса да), онда шығу тегі мен өткені (партиялық күреске, партиялық оппозицияға, "ұлтшылдыққа" қатысы немесе қатыспауы және т. б.) негізгі рөл атқарды.

Бұл хаттың уақыты 1950 жылдың қазан айы деп көрсетілгеніне қарамастан, онда келтірілген фактілер 1950 жылдың маусым айында БК(б)П ОК үгіт-насихат бөлімі нұсқаушылардың баяндау хатында сөзбе-сөз дерлік келтірілгенін айта кеткен жөн. Бұдан Тілеш Шойынбаевтың алғашқы шағым хатының мазмұны кейінгісіне ұқсас деген қорытынды жасауға болады. Ғылым академиясының партиялық тексеруінің қорытындысына қанағаттанбау Т. Шойынбаевты қайтадан "жазуға" мәжбүр еткен болуы да мүмкін.

Шойынбаев арызынан үзінді келтірейік (1950 ж., қазан); арыз "Алаш" партиясының "буржуазиялық-ұлтшылдық" сипатынан басталады (хаттың орфографиясы сақталған): "1917 жылы шілдеде Орынборда жалпы қырғыз съезі деп аталатын ұлтшыл кадет Бөкейхановтың басшылығымен өткен және байлар, молдалар, буржуазиялық ұлтшыл зиялылар қатысқан шарада контрреволюциялық буржуазиялық-ұлтшылдық, Қазақстанның басқа қалаларында филиалдары бар "Алаш" партиясы саяси түрде қалыптасты.

"Алаш" партиясы орыс империалистік буржуазиясының агентурасы болды, Уақытша үкіметті қолдады және революциялық большевиктік әсердің байырғы халық арасында тарамауы үшін күресті.

"Алаш" партиясы Кеңес өкіметінің жауы болды, демек қазақ халқының да жауы болды. Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату үшін күрескен жылдары жүздеген орыс, украин және қазақ болшевиктері мен партиясыз большевиктер алашордалық баскесерлер қолынан қаза тапты. Большевик, азамат соғысының батыры, Қазақстандағы Кеңес өкіметі үшін қажымас күрескер Амангелді Имановты да солар өлтірді".

Көріп отырғанымыздай, көп жыл бұрын болған оқиғаларды түсіндіруде автордың жаңа және "өз" ойы жоқ: ол осы хаттың мәтінін жазу кезінде 30 жыл бұрын болған оқиғаға қатысты ресми көзқарасты баяндады.

Бұдан әрі хат мәтіні мынадай: "Сол "Алаш" партиясының белсенді мүшелерінің бірі Қазақ КСР Ғылым академиясының қазіргі президенті Қаныш Сәтбаев болды. Мұны жазушы Мұхтар Әуезов растай алады. Бұған "Алаш" партиясының органдары – "Қазақ" және "Сарыарқа" газеттері дәлел. Ол газеттердің бетінде Сәтбаевтардың аты-жөнін басқа алашордашылдар арасынан табуға болады. Осылайша, мысалы, 1917 жылы 9 қарашада шыққан "Сарыарқа" газетінің №19 санындағы "Агитатор" мақаласында "Алаш" партиясының Қаныш Сәтбаев пен Жүсіпбек Аймауытовты Павлодар уезіне қазақ халқы арасында кеңеске қарсы үгіт жүргізу үшін жібергені туралы айтылады. Аймауытов та осы партияның белсенді мүшелерінің бірі болды, кейіннен халық жауы ретінде әшкереленді.

Қаныш Сәтбаев Кеңес өкіметіне қарсы күресінде "Алаш" партиясының тапсырыстарын ынтамен орындады, сондықтан "Қазақ" газетінің 1918 жылғы нөмірлерінің бірінде Сәтбаев жөнінде мақтау мақаласы шықты. Мақалада "Алаш" партиясының жас, "Алаш" партиясы мақсаттарына ерекше берілген мүшесі Қаныш Сәтбаевқа көп үміт артатыны жазылған.

Сәтбаевтың бұл буржуазиялық-ұлтшыл партияға адалдығы кездейсоқ емес. Ол – ірі бай феодал отбасынан шыққан. Ол қазақ халқын байлар билегенін армандады, ал "Алаш" партиясы қазақ байларының мүддесін қорғады. Сәтбаевтың бұл партияға кіруінің себебі осы. Оның ағалары Әбікей, Кәрім және Нөкеш Кеңес өкіметіне қарсы күресте осы партияның белсенді мүшелері болғаны кездейсоқ емес.

Қазақстан территориясында Кеңес өкіметі орнағаннан кейін "Алаш" партиясы астыртын жұмысқа кетті: Алашордашылдар сәтсіздікке ұшырап, жан-жаққа тарады. Олар тактикасын өзгертіп, тып-тыныш, момын, жуас, "кеңестік адамдар" бола қалды".

Бұл тұста хат авторы қулыққа басқаны анық: тарихшы болғандықтан, ол Кеңес өкіметінің "Алаш" қозғалысы өкілдеріне рақымшылық жасағанын және олардың барлығын серіктестікке тартқанын білді.

Әрі қарай хатта былай деп жазылған: "Сәтбаев Қанышқа "кеңес адамы" болудан басқа амал қалған жоқ. Қара басын құтқару үшін ол Томск қаласына оқуға түсті. Ал Әбікей, Кәрім және Нөкеш Сәтбаевтар Қаныш сияқты жасырына алмады. Органдар оларды халықтың қас дұшпаны ретінде әшкерелеп, репрессияға ұшыратты. Қаныш Сәтбаевтың бұл үшін Кеңес өкіметін кешіре қоюы екіталай.

1945 жылы "Алаш" контрреволюциялық партиясының бұрынғы мүшесі, буржуазиялық ұлтшыл, большевиктер партиясының жауы Қаныш Сәтбаев БК(б)П қатарына қабылданды. Ол өзінің буржуазиялық ұлтшыл екенін және ірі феодал отбасынан шыққанын партиядан жасырды, Сәтбаевтардың үлкенкішісі Кеңес өкіметіне қарсы күрескендерін жартылай ғана мойындады.

1946 жылы ол Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып ТАҒАЙЫНДАЛДЫ. Кейін ол ҚазКСР және КСРО Жоғарғы Кеңестерінің депутаты және академик болды. 1949 жылы буржуазиялық ұлтшыл, большевиктер партиясының жауы БК(б)П ОК-нің мүшесі болып сайланды. Барлық жауапты қызметке барар кезінде өзін ауқатты мал өсірушінің баласы атынан көрсетті. Қазақ КСР мен КСРО Жоғарғы Кеңестерінің депутаттығына таңдаған кезде ол өзін патшалық билік қанаған еңбекші көшпендінің баласы атынан көрсетіп, халықты алдады. Сәтбаев шынайы жасын да жасырғанын ескеру керек. Оның жасы 50-де емес, 60-қа таяған. Мұны ол "Алаш" партиясына қатыстылығын жасыру үшін жасады. 1917 жылы партия бар кезде оның 16-17 жаста болуы өте пайдалы болды. Жоғарыда айтылғандай, оны мұрағат пен "Алаш" партиясының органдары саналатын "Қазақ" және "Сарыарқа" газеттері әшкерелейді".

Шойынбаев "бай" және "ауқатты мал өсіруші" дегенді қайта-қайта айтады, академикті жасын жасырды деп айыптайды. Себебі бұл хатты оқитындардың қазақ қоғамының болмысынан алыс екенін жақсы біледі. Бүгінгі күні (жетпіс жылдай уақыттан кейін) Шойынбаев шағымында Сәтбаевтың жасы туралы жазғанына өзі сене ме, жоқ әлде өтірік айтты ма, оны айту қиын, бірақ кәсіби тарихшы болғандықтан ол революцияға дейінгі қазақ қоғамындағы әлеуметтік категорияларды білмеді дегенге сене алмаймыз. Содан кейін Тілеш Шойынбаев тарих ғылымдарының докторы, профессор Ермұхан Бекмахановты айыптауға көшеді.

"Сәтбаев Қаныш буржуазиялық ұлтшыл болуды әлі де тоқтатқан жоқ. Оған оның БЕКМАХАНОВТЫҢ "XIX ғ. 20–40 жж. Қазақстан" кітабында баяндалған буржуазиялық ұлтшыл көзқарастарын бар ынтамен қорғауы дәлел. Ол кітапта Бекмаханов қазақ халқының қас дұшпаны, Орта Азиялық хандардың және ағылшын империализмінің агенті Кенесары Қасымұлын дәріптеді. Бекмахановтың кітабында ұлтшыл кадет Әлихан Бөкейханұлының еңбектері насихатталады. Мұның бәрі, әрине, Сәтбаевқа өте жақын, сондықтан ол Бекмаханов пен оның буржуазиялық ұлтшыл кітабын ерекше ынтамен қорғады".

Бұдан кейінгі бірқатар айыптау Қаныш Сәтбаевтың кадр саясатымен байланысты.

"Сәтбаевтың көмегімен бай-феодал отбасынан шыққандардың бірқатары ғылым докторы, ал кейбіреулері академия мүшесі болды. Мысалы, ірі байдың қызы, буржуазиялық ұлтшыл Тарабаевтың әйелі Сәтбаевтың жасаған жағдайының арқасында доктор болды. Тағы бір буржуазиялық ұлтшыл, алашордашыл Ғаббасовтың ағасы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болды.

Сәтбаевтың күйеубаласы, алашордашыл Әбікей Сәтбаевтың қызының күйеуі Бектұров академияның толық мүшесі болды, ал оның әйелі Райхан, яғни Сәтбаевтың қарындасы, қазақ халқының қас дұшпанының қызы ғылым кандидаты болды. Ғылым академиясында Кенесары Сұлтанның ұрпағы – ғылым кандидаты Кенесарин жұмыс істейді. Сәтбаевтың күйеубаласы Әлкей Марғұлан 1946 жылы Сәтбаевтың көмегімен "Қазақ эпосы" тақырыбында докторлық диссертация қорғады, онда Марғұлан "Алтын орда" әскербасы Едігені дәріптеп мадақтайды, ал ол моңғол қанауы кезіндегі орыс халқының баскесерлерінің бірі болған. Осы буржуазиялық ұлтшыл Марғұлан Сәтбаевтың көмегімен Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болды".

Әрі қарай хатта автор Қазақ КСР ҒА президентіне "басқарудың буржуазиялық-ұлтшыл әдісін" пайдаланды деп дәлелсіз айып тағады. Тілеш Шойынбаев академик Қаныш Сәтбаевты сегіз пункт бойынша тексеруді талап етеді.

"Тексерілуі тиіс деректер:

  1. Сәтбаевтың 1944 жылы партия мүшелігіне өткенде шыққан тегін және бұрын "Алаш" контрреволюциялық партиясының мүшесі болғанын жасырғанын тексеру керек, оған газет пен мұрағат деректері дәлел.
  2. Жоғарғы Кеңеске депутат ретінде сайлағанда халықтан өткен өмірін жасырғаны тексеруді қажет етеді.
  3. 1949 жылы ақпанда өткен Қазақстан Компартиясының IV Съезінде ОК мүшесі ретінде таңдағанда бұрын "Алашордаға" қызмет еткенін айтты ма, 1917 жылы қарашада Кеңес өкіметінің қас дұшпаны Жүсіпбек Аймауытовпен бірге Павлодар уезіне қазақ халқы ішінде кеңеске қарсы үгіт жасау үшін барғанын айтты ма?
  4. Сәтбаев автобиографиясында өзінің феодал-бай тегі туралы айта ма?
  5. Марғұланның (Сәтбаевтың күйеубаласының) буржуазиялық-ұлтшыл позиция тұрғысынан жазған докторлық диссертациясын және сол буржуаздық ұлтшылдың қалай Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі бола қалғанын, Сәтбаевтың бұл іске қатысын да тексеру керек.
  6. Бекмахановтың қалай "антимарксистік" (Кафтанов) жұмысы үшін тарих ғылымдарының докторы дәрежесін алғанын және оған Сәтбаевтың қатысын тексерген жөн.
  7. Сәтбаевтың өзіне жақпаған коммунистерді қудалауы да тексеруді қажет етеді.
  8. Сәтбаевтың бай-феодалдық әдет-ғұрпын (үш әйелі бар екенін, айналасына ауылдастарын жинағанын, сол ауылдан шыққан сотқар Садықовты қорғағанын және т. б.) тексеру керек.

БК(б)П мүшесі Тілеш Шойынбаев".

Тілеш Шойынбаевтың бұл хатының мағынасы түсінікті, бірақ әңгіме хаттың эмоциясында ғана емес. Тілеш Шойынбаевтың хаттары академик Сәтбаевтың өміріне қатер төндірмей қойған жоқ. Қаныш Имантайұлының тегі пролетар емес, байдан шығуы және бұларды жасыру туралы айыптаудың зардабы айтарлықтай ауыр болды. Бұл жаппай қуғын-сүргін мен ату жазасына кескен 58-бап 1937-1938 жылдармен қалған, соғыстан кейінгі кезең болған соң Сәтбаевтың басы аман қалды деп санаймыз, әйтпесе қатаң жазаға (25 жылға лагерьге қамалу не ату жазасына) ұшырауы сөзсіз еді. Бәріміз білетіндей, 1930 жж. адам қандай еңбек сіңірсе де, ол еңбегі сталиндік қуғын-сүргіннен қорғай алмаған. Бірақ репрессияның толқыны ХХ ғасырдың 50-жылдарында да біржола жоғалып кеткен жоқ.

1951 жылы 23 қарашада БК(б)П ОК бюро отырысының шешімімен Қаныш Сәтбаевқа (№91 хаттама, 3-тармақ) мынадай айып тағылады:

"а) партияға кіру кезінде өзінің әлеуметтік шығу тегінің жат екенін жасырды. Сәтбаев жолдастың әкесі бай шаруашылықтың иесі;

б) [...] соңғы уақытқа дейін "Ер Едіге" кітабының алғысөзіндегі ұлтшыл қателіктерін мойындау және айыптау болған жоқ" […];

в) Қазақ КСР Ғылым академиясы кадрларының саяси сенімсіз және ғылымдағы кездейсоқ адамдармен толығуына жол берді [...]".

Нәтижесі – Сәтбаевты Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті қызметінен босату туралы қаулы, ескерту мен тіркеу картасына жазылуды қосатын қатаң сөгіс. Бірақ бұл жеткіліксіз болып көрінді. БК(б)П ОК бюросының 1951 жылы 23 қарашадағы қаулысынан: "Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік министрі жолдас Фитинге Алашорда Семей Комитетінің жолдас Сәтбаевты үгітші ретінде қолдануы туралы материалдарды тексеріп, тексеру нәтижелерін Қазақстан БК(б)П ОК-ге есеп беруді міндеттеу". Сондай-ақ ол кезде Қазақ КСР Ішкі істер халық комиссариатының ұсынысымен БК(б)П ОК-де Қаныш Сәтбаев атына қылмыстық іс бастау туралы мәселе қарастырылды, бірақ Ж. Шаяхметов пен І. Омаров сынды республика басшылары Қаныш Сәтбаевты қорғап қалды, бұл факті кейін олардың да мансабына әсер етті.

Сәтбаевтың өмірін зерттеуші М. Сәрсекеев жазғандай, ғалымның мұрағатында 1952 жылғы қаңтар мен наурыз арасында жазылған үш хаттың көшірмесі сақталған: 20 қаңтарда біріншісі Сталинге жіберілген (55 бет), екіншісі – БК(б) П ОК хатшысы Маленковқа (5 бет), үшіншісі – БК(б)П ОК-нің ғылым мен жоғары оқу орындары бөлім меңгерушісі Ю.А. Ждановқа (8 бет). Сол хаттардың бәрінде Қаныш Сәтбаев бұл қудалаудың нәтижесінде оған тағылған айыптарға қарсы шығады. Қаныш Имантайұлы Сталинге жазған хатында былай дейді: "Табиғатыма сәйкес "тыныш" өмірді және жұмыста "қара басын қорғауды" ұнатпаймын, сондықтан кейбір іргелі мәселелерді шешу кезінде мәселелердің мемлекеттік маңыздылығын ескере отырып, "қауіпті" қадам жасауға батыл болдым...". Бұл академик Сәтбаевтың түбегейлі ұстанымы және ғалым тағдырының соқтықпалы-соқпақты болғанына қарамастан, тарих бәрін өз орнына қойды.


"Жадыңнан өшпес" жинағы "Сорос-Қазақстан" қорының қолдауымен Open Mind жобасы аясында орыс тілінде жарық көріп, кейін қазақ тіліне аударылды. Монография редакторлары: Жұлдызбек Әбілғожин, Михаил Акулов, Александра Цай, қазақ тіліне аударғандар: Әнуар Дүйсенбинов және Жұлдыз Әбділда. Сондай-ақ, жоба аясында қуғын-сүргін тақырыбы бойынша әзірленген виртуалды көрмемен осы сілтеме арқылы өтіп танысуға болады.

Серіктестер жаңалықтары