
Қадір түні – мұсылман қауымы үшін ерекше маңызы бар қасиетті түн. Бұл түнде жасалған құлшылықтар мен игі істердің сауабы мың айдан да қайырлы деп саналады. Informburo.kz осы түнді тиімді өткізудің жолын түсіндіреді.
Қадір түнінің мән-маңызы қандай?
"Қадір" – араб тілінен алынған сөз. Оның тілдік мағынасы "қадірлі", "қасиетті", "өлшеммен бекітілген", "артық-кемі жоқ", "дұрыс" деген ұғымдарды білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы бойынша, бұл түнде бір жыл бойы болатын барлық оқиғалар мен жағдайлар белгіленіп, солардың жазылуына Алла Тағаланың үкімі беріледі.
Ғалымдар Қадір түнінің атауына байланысты бірнеше түсінік келтіреді:
- Құран Кәрім түскен түн.
- Құрметті, ардақты. Бұл түні мұсылмандар барынша көп құлшылық жасап, Жаратушыға мінәжат етеді. Құран Кәрімді оқып, қателері мен күнәлары үшін кешірім сұрайды. Қадір түнін дәл осындай ізгі амалдармен өткізген адам Жаратушы алдында құрметті әрі ардақты болады.
- Таршылық. Қадір түнінде аспаннан жерге түсетін періштелердің көптігі соншалық, оларға жердің өзі таршылық етеді, яғни бұл Қадір түніндегі періштелердің көптігін көрсетеді.
- Ұлық түн.
- Тағдыр бекітілетін түн. Жаратушы осы түні пенделерінің бір жылдық тағдырын бекітеді. Бір жыл ішіндегі табиғат құбылыстарын, жақсылық пен жамандықты, өмірге келетін және өмірден өтетін адамдардың мезгілін бекітеді. Қадір түнінде тағдыр тақтасына құлшылықтағы құлдардың тілектері тоқылып, алдағы бір жылға қатысты үкімдер бекітіледі.
Құран Кәрімнің "Қадір" сүресінде бұл түннің мың айдан қайырлы екені айтылған. Яғни, Қадір түнінде құлшылық жасап, дұға ету 83 жылдық ғибадаттан артық болады.
Қадір түні қай түнге сәйкес келеді?
Ханафи мәзһабының ғалымдары Қадір түнін нақты бір күнмен шектеудің қажеті жоқ деп, бұл түннің Рамазан айының соңғы он күнінің біріне сәйкес келуі мүмкін екенін атап өткен. Алайда, көпшілік ғалымдар Рамазан айының 27-ші түнін Қадір түні деп бекіткен.
Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айының соңғы он күнін мешітте оңашада құлшылық жасап өткізген.
Қадір түнінің белгілері қандай?
Қадір түнінің бірнеше белгілері бар. Ғұламалардың айтуынша, бұл белгілер екі топқа бөлінеді.
- Сол түні байқалатын белгілер: ай жарық болуы; жүрек уайым-қайғыдан арылып, бейбітшілік сезінуі; мұсылманның көкірегі кеңіп, тыныштық сезінуі; адамға жағымды самал жел есуі; ауа райының не суық не ыстық емес, жайлы болуы.
- Түн өткен соң көрінетін белгі: күннің сәулесіз қызарып шығуы.
Қадір түнін қалай өткізу керек?
Қадір түні – мұсылмандар үшін ерекше қасиетті әрі маңызды түн. Бұл түні Алланың рақымына бөленіп, көп сауап жинауға мүмкіндік бар. Ислам ғұламалары Қадір түнін мынадай амалдармен өткізуге кеңес береді:
Ғибадат жасау: Қадір түнінде Алланың разылығын алу үшін намаз оқып, құлшылықты арттыру қажет. Құптан, тарауих, тәһәжжуд, тәубе және қаза намаздарын оқуға тырысу керек.
Құран оқу және тыңдау: Құран Кәрімді оқу, тыңдау және оны түсінуге ынта қою маңызды. Бұл Құранға деген сүйіспеншілікті арттырып, рухани байлыққа жетелейді.
Салауат айту: Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтып, оның шапағатына үміттену керек.
Уағыз-насихат тыңдау: Дін ғалымдарының уағыздарын тыңдап, сұхбаттасып, осы түннің маңызы мен ерекшеліктері туралы мағлұмат алу қажет.
Тәубе мен истиғфар жасау: Алладан кешірім сұрап, қайырлы істер жасауға ұмтылу қажет.
Алланы зікір ету және ойлану: Алланы еске алып, терең ойлану арқылы иманымызды күшейтуіміз қажет. Бұл жүректің тыныштығына және рухани дамуға септігін тигізеді.
Дұға жасау: Қадір түнінде дұға жасау өте маңызды. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл түні "Уа Жаратушы ием! Сөзсіз Сен кешірімдісің әрі кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр!" деген дұғаны айтуға кеңес берген.
Садақа беру: Қаржылық мүмкіндігіңізге қарай садақа беріп, оның қабыл болуын Алладан сұрау керек. Садақа беру – жүректі жұмсартатын және сауап әкелетін амал.
Қадір түнін мешітте өткізу міндетті ме?
Қадір түнін мешітте өткізу міндетті емес. Бұл түні құлшылықты үйде де орындауға болады. Исламда маңыздысы – осы түнде ғибадат жасап, Алланы еске алу және рухани тұрғыдан бай болу. Мешітте болып, жамағатпен намазға қатысқан жақсы, бірақ бұл міндетті емес. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қадір түнінде көп ғибадат жасап, сол арқылы сауап алуға ынталандырған, бірақ оны мешітте өткізу туралы арнайы шарт қоймаған.
Қадір түнінде түнімен ұйықтамау шарт па?
Қадір түні күн батып, ауыз ашқан сəттен бастап, таң ататын уақытқа дейін жалғасады.
Қадір түнінде түнімен ұйықтамау шарт емес. Алайда, бұл түннің қасиетіне сай, мүмкіндігінше ұйықтамай ғибадатпен, дұға жасап, намазбен өткізген абзал. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қадір түнін ерекше құлшылықпен өткізуді насихаттаған, бірақ егер ұйықтап қалған жағдайда бұл күнә болмайды.
Ең бастысы — бұл түні мүмкіндігінше Аллаға жақын болуға, кешірім сұрауға арнап, Құран оқып, дұға жасаған жөн.
Алайда, Қадір түнінде ұйықтамаса болды екен деп, уақытты құмар ойындарын ойнап немесе жағымсыз кинолар көріп, бос өткізу күнә болып саналады.
Қадір түнін құлшылықпен өткізген адам басқа құлшылықтардан босатыла ма?
Қадір түнінде ерекше ғибадат пен дұға жасау – сауапты іс, бірақ бұл басқа құлшылықтарды орындамауға болады деген сөз емес. Исламда құлшылықтар жүйелі түрде және үздіксіз орындалуы керек. Сондықтан Қадір түні құлшылық жасау басқа күндерде де намаз, ораза, зекет, қажылық және басқа да ғибадаттарды орындау міндеттілігінен босатпайды.
Қадір түнінде кімнің дұғасы қабыл болмайды?
Қадір түнінде арақ ішкіш, ата-анасының қарғысын алған, туыстарынан қол үзген, мұсылман бауырымен үш күннен артық араздасып жүрген адамдардың дұға-тілегі қабыл болмайды. Сондықтан жаман әдетті қойып, ата-ананың разылығын алып, туған-туыстарымен араласып, араздасқан адамдармен татуласқан жөн.
(Материал muftyat.kz ақпараты негізінде дайындалды)