Жүргізілген зерттеулер нәтижесіне сәйкес, ересектердің 15-20 пайызының істі әрдайым кейінге қалдыратыны және әйелдерге қарағанда ер азаматтардың көбіне прокрастинация жасайтыны белгілі болды.
Сондай-ақ, халықаралық сауалнамаға сәйкес, бәрінен көп Жапония студенттерінің прокрастинация жасайтыны, одан кейінгі орында Гонконг, Тайвань, АҚШ, Аустралия және Жаңа Зеландия елдерінің студенттері тұрғаны анықталды. Дәлірек, прокрастинация ЖОО студенттерінің 80-95 пайызына әсер етеді, олардың 50 пайызы мұны психологиялық кедергі деп біледі. Мұнымен қатар, аз жалақы алатын қызметкерлердің де прокрастинацияға бейім. Осы орайда қазақстандық психолог, психоаналитик мамандар прокрастинацияның қайдан шығатыны және одан арылу үшін не істеу керегін түсіндірді.
"Прокрастинация" сөзі латын тілінен аударғанда "ертеңге ауыстыру, тасымалдау" дегенді білдіреді. Ал сөздің қолданылу мағынасына келетін болсақ – адамның бір істі кейінге қалдыруының салдары болатынын білетініне қарамастан оны кейінге шегеруі. Позитив психологияның негізін салушы, америкалық психолог Мартин Селигман мұны "бой үйренген шарасыздық" деп сипаттап, астарында перфекционизм мен максимализм жатқанын айтады. Басқа әріптестері де прокрастинацияның жаттанды әдет екенін айтады.
1977 жылы Пол Рингенбах "прокрастинация" терминін ғылыми айналымға енгізіп, "Адам өміріндегі прокрастинация" еңбегін жариялады. Артынша осы жылы Бил Кнаус пен Альберт Эллистің клиникалық зерттеулерге негізделген "Прокрастинацияны өткеру" атты еңбегі жарық көрді. Бұлардан кейін білім ордасындағы азаматтардың тапсырмаларды орындамай, неге кейінге шегере беретінін зерттейтін дара бағыт пайда болды. Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, оқушылар мен студенттердің 53 пайызы және аспиранттардың 61 пайызы прокрастинацияға шалдыққан. Студенттер курстық жұмысты (46%), күн сайын оқуды (30%) және бақылау жұмысына дайындықты (28%) кейінге қалдырады. Осы тұста балалар психоаналитигі Гүлжан Амангелдинова жалқаулық пен прокрастинация жасаудың ара-жігі бар екенін айтады.
"Бір қарағанда прокрастинация мен жалқаулық бір ұғым болып көрінгенмен, екеуінің үлкен айырмашылығы бар. Жалқаулығы ұстаған кезде субъект еш әрекет жасамайды және бұл үшін іштей ұялмайды, өзін кінәлі сезінбейді. Бәлкім бұл өзін кінәлі сезінетіндей маңызды әрекет емес шығар. Ал прокрастинация кезінде жылдам орындалуы тиіс немесе нақты бір белгіленген мерзімі болады. Алайда адам осы бір істі жасаудың орнына өзін ақтап алудың амалын іздейді. Кейін істі дер кезінде қолға алмағаны үшін өзін жегідей жеп, барлық энергиясы сарқылады. Осы тұста "Субъект әбден демалды" деп қателесуіміз мүмкін. Керісінше олар сол бір істі жасамауы үшін басқа бірнәрсемен айналысады, жоқ жерден өзіне қиындық ойлап табады", – деді Гүлжан Амангелдинова.
Оқи отырыңыз: "Кәсіби күю" синдромының себебі не және одан арылуға көмектесетін 3 тәсіл
Маман Сабина Байсалбай да прокрастинаторлардың өте белсенді болатынын айтады. Бұл олардың жалқау адамнан басты айырмашылығы. Прокрастинаторларға бұл белсенділік өзін ақтап алу үшін қажет.
"Ғылыми мақала жазамын деп жоспарлап отырған адам кенеттен тұрып үй жинап кетуі мүмкін. Әсіресе, студенттер емтиханға 3 күн қалғанда дайындалады, дипломды төртінші курстың соңғы семестрінде бір-ақ қолға алады. Прокрастинация кезінде адам өзін ақтап алу үшін дискомфорттан үлкен дискомфортқа қарай ығысады немесе дискомфорттан керісінше комфортқа жылжиды. Әдетте прокрастинаторлар үшін істелуге тиіс жұмыс өте ауыр болып көрінеді", – деді психолог Сабина Байсалбай.
Прокрастинацияның қандай түрлері бар?
Ағылшын психологы Ноах Милграм прокрастинацияны 5 түрге бөледі:
- Күнделікті жасалуы тиіс үй жұмысын кейінге қалдыру.
- Маңызды болсын-болмасын қандай да бір шешім қабылдаудан қашу.
- Невротикалық прокрастинация. Шаңырақ көтеру, мамандық таңдау секілді өмір үшін аса маңызды шешімдерді қабылдаудан жалтару.
- Компульсив прокрастинация. Оның өзі екіге бөлінеді: іс-әрекет және шешім қабылдаумен байланысты.
- Академиялық. Білім алуға қатысты: емтиханға дайындық, диплом, диссертация және тағы басқа жазуды кейінге қалдыру.
Оқи отырыңыз: Балаға ақша жинау мен жұмсауды қалай үйреткен дұрыс? Психолог кеңесі
Психолог Сабина Байсалбай прокрастинацияның үш диаграммасы болатынын айтады: "осыны жүзеге асырсам, жақсы болатын еді немесе бір жағынан міндеттімін"; "прокрастинация кезінде маңыздыдан жалтару үшін басқа іспен бүркелемін" және "менің шын мәнінде жасағым келетіні". Осы диаграммаға қарап әр адам прокрастинацияны қалай өткеріп жатқанын біле алады.
Мұнымен қатар прокрастинацияның үш негізгі құрылымы бар: іс-әрекет, когнитив және эмоция.
"Іс-әрекеттен құралған прокрастинация түрін талдап көрелік. Бір жерге жұмысқа орналасамын деп шешім қабылдадыңыз делік. Бұл үшін бірінші түйіндеме құрастырып жазу қажет, кейін бос жұмыс орындарын тауып, компанияның пошталарына таратамыз. Осы кезде адам комфорттан дискомфортқа өту туралы ойдың өзінен қорқып, жауапкершіліктен жалтара бастайды. Екіншісі – когнитив қиындықтар. Адамның интеллект деңгейі жоғары болса да, ол күші мен қалған уақытты дұрыс есептей алмауы мүмкін. Мысалы, келер айдың 25-іне дейін несиені өтеуге және коммуналдық төлем жасауға белгілі бір сомада қаражат қажет делік. Адам осыны біле тұра компанияларға түйіндемелерін таратпай жүре береді. Үшіншісі – осы әрекеттің астарында жатқан сезіммен байланысты себеп. Ол табыс пен сәтсіздік алдындағы қорқыныш және кінә сезімі. Жақындарының материалдық жағдайы төмен болса, бейсаналы табысты болуды адам кінә деп ойлауы мүмкін. Осыдан тағы бір құрылым – бейсаналы қиындықтар шығады", – деді Гүлжан Амангелдинова.
Прокрастинацияға психодинамикалық көзқарас
Психоаналитик Зигмунд Фрейд өз еңбектерінде "Эгосына" қауіп төнген кезде адамның бойын үрей билейтінін жазады. Жеке индивид үшін белгілі бір істі қолға алып, оны соңына дейін жеткізу қауіпті болуы мүмкін. Ал "Эго" сыртқы қауіпті сезген кезде белгілі бір істі қолға алудан қашады, яғни адамда қорғаныш механизмдері іске қосылады.
1967 жылы ғалым Блатт пен Куйнлан прокрастинаторлардың болашаққа жоспар құруда қиындықтары барын алға тартты. Ал бұл өз кезегінде адамның бала күніндегі психологиялық жарақаттарымен, ата-анасымен қарым-қатынастағы қиындықтармен байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ адам белгілі бір іс-әрекетті орындаудан қашса, онда бұл – "созылмалы прокрастинация синдромына" шалдыққанның белгісі.
Оқи отырыңыз: "Ең жақын адам". Бауыр басу бала өміріне қалай әсер етеді?
"Бұл синдромға көбіне әке-шешесі немесе оларды алмастырған жақын адамы шектен тыс талап қойған балалар шалдығады. Сондай-ақ бұл балаларға ата-ана махаббаты, олармен жылы қарым-қатынас жетіспеген. Либерал немесе авторитарлы жолмен тәрбиелеген кезде де осылай болады", – дейді Гүлжан Амангелдинова.
Прокрастинацияның себебі не?
Психолог Сабина Байсалбайдың айтуынша, өзіне берер бағасы төмен адамдар прокрастинация жасайды. Мұнымен қатар маман мұны адамның өзіне шектен тыс талап қоюымен байланыстырады.
"Прокрастинация перфекционизммен де тығыз байланысты. Прокрастинаторлар "Асығыс қалай болса, солай жасағаннан, асықпай идеал деңгейге жеткіземін" деген оймен өмір сүреді. Ал табиғатта мінсіз ешнәрсе жоқ. Бұл да – жауапкершілікпен, қорқынышпен бетпе-бет кездесуден қашудың бір жолы", – дейді психолог Сабина Байсалбай.
Бұдан өзге психоаналитик Жанар Оспан прокрастинаторларда "Егер осы жолы тапсырманы жақсылап орындайтын болсам, онда келесі жолы маған артатын жүк ауыр болады" деген ойдың болуы мүмкін екенін айтады.
"Қазақта "Көштің алды болма – көз тиеді, арты болма – сөз тиеді" деген мақал бар. Бала-шағасын осындай ұстаныммен тәрбиелейтін адамдар болады. Әлбетте мұндай отбасынан шыққан азаматтар межені жоғарылатудан қашады. "Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келеді. Бұл адамдар үшін жетістік "қауіп" ұғымымен қатар тұрады. Қандай да бір жолмен ерекшеленуден қорқады", – дейді психоаналитик.
Оқи отырыңыз: Педагогтер мен психологтар үшін арнайы магистратура бөлімі ашылады
Сондай-ақ Жанар Оспан прокрастинаторлардың баланың еркіндігін шектейтін отбасылардан шығатынын айтады. Мұндай балалар бұйрық райда айтылған тапсырмалардан қашып, өзінің жеке қалауы мен мүддесі барын прокрастинация арқылы көрсетеді.
Алдағы уақытта отандық психоаналитик және психолог мамандардың прокрастинация жасамауға көмектесетін кеңестерін жариялайтын боламыз.