Тікелей эфир

"Алтын адам" табылған Есік қаласы: Туристер не тамашалай алады?

Фото: КЖА
Фото: КЖА
Алматы облысының маңызды мекендері туралы материалдар желісін жалғастырамыз. Бүгінгі репортаж Есік қаласы туралы.

Есік – Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы қала, Еңбекшіқазақ ауданының орталығы. 1854 жылы негізі қаланған, басында Надеждинская станицасы, кейін Иссык ауылы деп аталған. 1968 жылы қала мәртебесіне ие болып, 1993 жылы қазіргі атауын алды. Тұрғындарының саны 40 мыңнан асады. 


Бұған дейін Талғар қаласы туралы жазғанбыз: Мың жылдық тарихы бар қала: Талғарда нені тамашалауға болады?


Орталық мешіт

Сурет: КЖА

Мешіт Есік өзенінің жағасында орналасқан. Өзенге Іле Алатауының мұздықтары құяды, жоғарғы жағында төрт шағын ГЭС бар. Ұзындығы – 96 км. 

Орталық мешіт тек құлшылық жасайтын орын ғана емес, білім алатын да мекен. Мешіттің жанында медресе бар. 

"Алма" базары

Сурет: КЖА

Қала орталығына кіре берістегі үлкен базар – жергілікті тұрғындар мен табиғатты тамашалауға баратын туристердің сүйікті сауда орны. Есік көліне барар жолда осы жерден қажеттінің бәрін сатып алуға болады.

Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіші

Сурет: КЖА

Қазақ хандығының негізін қалаушы хандарға қойылған ескерткіш Алматы көшесінде орналасқан. 

Әулие Богородицаның құрметіне қойылған шіркеу

Сурет: КЖА

Шіркеу 1867 жылы православиелік нанымдағы тұрғындардың қаржылай қолдауымен ашылған. Қазіргі келбетіне 1896 жылы ие болды. Ғимарат ағаштан тұрғызылған. 2008 жылы жаңа 8 қоңырау әкелініп, жастар клубы құрылды және аналарға арналған топ пайда болды. 

Сурет: КЖА

90-жылдардың ортасынан бастап шіркеу жанында Жексенбілік мектеп жұмыс істейді. 

Атақты кәуап орталығы 

Сурет: КЖА

Есіктен шыға берісте өзен тұсына қарай дәмі тіл үйірер кәуап жасалатын орын бар. Осы жердегі кәуаптың ерекше дәмділігін Алматы аспаздары да мойындайды. Түскі асқа тоқтап тамақтануға таптырмас орын. 

Есік көлі

Сурет: КЖА

Көл Іле Алатауы ұлттық паркінде орналасқан. Кіре берісте экотөлем жасау керек, оның бағасы әр турист үшін – 565 теңге. 

Есік көлі 10 мың жыл бұрын пайда болған. Теңіз деңгейінен 1760 метр биіктікте орналасқан. 

Сурет: КЖА

Есік шатқалынан нағыз күздің бояуын көресіз. Алтын түстес ағаштардың сұлулығына көз тоймайды. 

Темір мұнара. Сурет: КЖА

Көлік бұрынғы автобус аялдамасына дейін келеді. Темір мұнарадан ары қарай көлік жүре алмайды. Ескі мұнара қауіпті болса да, қызық іздеген туристер тоқтамай алға жүре береді. 

Сурет: КЖА

Көлік тұрағынан көлге дейін 15 минуттық жол жатыр. 

Сурет: КЖА

Көл тек туристерге ғана қызық емес, бұл жаққа контент жасау үшін келетін адамның қарасы көп. Олардың ішінде жас жұбайлар да жетерлік. 

Сурет: КЖА

Кіршіксіз таза, мөлдір су өзінің түсін күннің түсуіне байланысты өзгертіп отырады. Ағаштың өзі судың бетінде мөлдіреп, ерекше сұлу көрінеді. 

Сурет: КЖА

Туристер осы жерге жиі келеді. Олар ағаштың көлеңкесінде демалып отырғанды ұнатады. 

Сурет: КЖА

Кәсіпке бейім жергілікті тұрғындар көл жағасына жылжымалы фотостудия құрып, 500 теңгеге Қазақстан туын уақытша қолдануға береді. 

Сурет: КЖА

КСРО кезінде Есіктің жағасына демалуға елдің ең маңызды тұлғалары келетін болған. Соның ішінде Дінмұхаммед Қонаев та бар. Табиғат ғажайыбы келген адамның жанына да, тәніне де жайлылық сыйлайды. 

Сурет: КЖА

1963 жылдың 7 маусымында көлде қайғылы жағдай болды. Сел ағыны Есік қаласына шабуыл жасады. Салдарынан ресми дерек бойынша 100 адам, бейресми дерек бойынша 2000-ға жуық адам қаза тапқан. 

Сурет: КЖА

Есік қорғаны

Сурет: КЖА

Есік қорғаны – сақ дәуірінен сақталған археологиялық ескерткіш. XX ғасырдағы ең ірі археологиялық қазба болды. Қорған б.з.д. IV ғасырға жатады. 

Сурет: КЖА

1969 жылы Кемел Ақышев жетекшілік еткен қазақстандық археологтар Есік қорымының қазба жұмысына кірісті. Қазба жұмыстары барысында алтынмен апталған, қылышы бар ер адамның сүйегі табылған. Кемел Ақышев Қазақстанның символына айналған Алтын адамды осылай тапты, бұл – Қазақстан тарихындағы ең танымал археологиялық қазба.

Сурет: КЖА

Археологиялық ескерткіш аумағында осы бір атақты қазбаның құрметіне қойылған археологиялық кешен орналасқан. Жол бойынша "Алтын адамды" еске салатын ескерткіш тұр. 

Сурет: КЖА

Материалды орыс тілінде жазған Александра Гузева, қазақшаға аударған Мейіргүл Оңғарова

Серіктестер жаңалықтары