2018 жылы сәуірде салмағы 980 грамм, ал бойы 33 сантиметр болып дүниеге келген Валерия есімді қыз биыл 8 жасқа толды. Ол көркем гимнастикамен айналысады, би билейді, халықаралық байқауларға қатысады, суретті тамаша салады және мектептің бірінші сыныбын үздік аяқтаған.
Оның өмір жолы көпшілікке беймәлім үлкен сынақтан басталды. Валерияның анасы қызын өмірге әкелген күнді ерекше толқыныспен еске алады. Алматы қалалық перинаталдық орталығының дәрігерлері шала туған нәрестені аман алып қалды.
Валерия қалай аман қалды
Валерияның анасы шұғыл түрде Алматы қалалық перинаталдық орталығына жеткізіледі. Дәрігерлер уақыт жоғалтпай, жедел кесарь тілігін жасау туралы шешім қабылдайды. Осылайша салмағы небәрі 980 грамм, бойы 33 сантиметр болатын қыз бала дүниеге келеді.
"Жүктілігім жеңіл өтті. Ешқандай қауіп белгісі болған жоқ. Бірақ бір сәуір таңында бәрі күрт өзгерді. Сол күн өмірімізді "дейін" және "кейін" деп екіге бөлді. Әлемім төңкеріліп кеткендей болды. Қорқыныш, көз жасы, белгісіздік… Қалай өмір сүреміз? Не болады? Осы сұрақтар маза бермей қойды. Нәресте сондай кішкентай, сондай әлсіз еді", – деп еске алады анасы.
Жаңа туған сәби бірден жансақтау бөліміне жатқызылады. Дәл осы жерде медицина қызметкерлерінің кәсібилігі ғана емес, адамгершілігі де үлкен рөл атқарды.
"Анна Гуксенқызының сөздерін ешқашан ұмытпаймын. Ол маған ең қиын күндері: "Берілмеңіз. Өзіңізді қолға алып, қызыңыз үшін күресіңіз" деді. Сол сөздер маған күш берді", – дейді Валерияның анасы.
Жеті күннен кейін кішкентай қыз өзінің нағыз күрескер екенін дәлелдеді. Оның жағдайы бірқалыпқа келіп, әрі қарайғы ем қабылдау үшін жаңа туған нәрестелер патологиясы бөліміне ауыстырылады.
Одан кейін қарқынды терапия палатасындағы ұзақ емдеу кезеңі басталды. Сәбидің емдеуші дәрігері Мадина Әділқызы болды. Валерияның анасы күн сайын кішкентай жеңістерге қуанғанын, әрбір қосылған грамм салмақ, әрбір өздігінен алған тыныс үлкен жетістік екенін айтты.
Басқа түскен сынақтардан кейін отбасы көптен күткен қуанышты күнге жетті. 1 маусым күні анасы мен қызы үйге шығарылды. Алайда күрес мұнымен аяқталған жоқ. Валерия бір жасқа дейін дәрігердің тұрақты бақылауында болды. Уақыт өте келе қорқыныштың орнын сенім басты.
Қазір Валерия – белсенді, өнерлі әрі талантты қыз. Ол көркем гимнастикамен айналысады, би үйірмесіне қатысады, халықаралық байқауларда өнер көрсетеді, сурет салуды жақсы көреді. Ең бастысы – дені сау және бақытты бала болып өсіп келеді.
"Қызымды көрген сайын сол кезде жанымыздан кәсіби әрі жанашыр дәрігерлер табылмаса, мұның бәрі болмас еді деген ой келеді", – дейді Валерияның анасы.
Шала туған нәрестелерді құтқару
Алматы қалалық перинаталдық орталығы директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары, жоғары санатты акушер-гинеколог Салтанат Ербулатова кейінгі жылдары шала туған нәрестелерді аман алып қалу көрсеткіші айтарлықтай жақсарғанын атап өтті.
"Бұрын салмағы 1 келіге жетпейтін балаларды аман алып қалу өте күрделі міндет саналатын. Бүгінде заманауи технологиялардың, жаңа жабдықтардың және мамандар тәжірибесінің арқасында біз осындай сәбилердің өмірі үшін сәтті күресіп келеміз. Бірақ әрбір жағдай – жеке тарих, әрбір бала – ерекше жауапкершілік. Шала туған нәрестелерді күтіп-бағу – неонатологтар, реаниматологтар, акушер-гинекологтар, мейіргерлер мен ата-аналардың бірлескен еңбегі. Медицинада ғажайып жоқ дейді. Бірақ біз күн сайын соған ұқсас оқиғалардың куәсі боламыз. Бір кезде алақанға сыйған балалардың мектепке барып, спортпен айналысып, жетістікке жетіп жүргенін көру – біздің жұмысымыздың ең үлкен марапаты", – дейді Салтанат Ербулатова.
Валерияның оқиғасы – медицина мүмкіндіктерінің ғана емес, ана махаббатының, дәрігерлердің табандылығы мен командалық жұмыстың нәтижесі. Бір кездері салмағы 980 грамм болған сәби бүгінде үлкен армандары бар, жарқын болашаққа қадам басқан қыз балаға айналды. Ал оның өмір тарихы мыңдаған ата-анаға ең қиын сәттердің өзінде үміт үзбеуге себеп бола алады.
Әрбір үшінші шала туған сәби Алматы қалалық перинаталдық орталығында көмек алады. Бүгінде бұл орталық өңірдегі ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы жетекші медициналық ұйымдардың бірі саналады. Былтыр орталыққа 22 500 пациент жүгінді. 16 700-ден астам ана мен олардың жаңа туған сәбилеріне стационарлық медициналық көмек көрсетілді. Орталықта 9014 сәби дүниеге келді.
Ең маңызды көрсеткіштердің бірі – Алматы қаласындағы мерзімінен бұрын босанған әйелдердің 62%-ы дәл осы орталықта сәбиін дүниеге әкелген. Мекеме шала туған нәрестелер мен жоғары қауіп тобына жататын жүкті әйелдерге мамандандырылған көмек көрсетіп келеді.
Салтанат Ерболатованың айтуынша, мұндай көрсеткіштердің артында тәулік бойы жұмыс істейтін үлкен команданың еңбегі жатыр.
"Шала туған нәрестені күтіп-бағу – тек медициналық технологиялардың ғана емес, үлкен тәжірибе мен командалық жұмыстың нәтижесі. Біз үшін әрбір сәби – жеке тағдыр. Валерия сияқты балалардың бүгінде дені сау, белсенді болып өсіп келе жатқанын көру бізге дем береді және атқарып жатқан жұмысымыздың бекер емес екенін тағы бір мәрте дәлелдейді", – дейді Салтанат Ербулатова.