Тікелей эфир

Абысыннан ініге дейін: Туыстық атаулар әліппесі

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Жігіттің үш жұрты бар: ағайын, яғни өз жұрты, нағашы жұрты және қайын жұрты.

Этнограф-жазушы Сейіт Кенжеахметұлы қазақ мəдениеті мен əдет-ғұрпының ұмытылып бара жатқан түрлерін зерттеп, оның мəн-мағынасын ашып, насихаттап жүрген қаламгер. Жазушы "Туыстық атаулар сыры" еңбегінде қазақ халқына тән туыстық байланыс, қарым-қатынас пен салт-дəстүрдің жөн-жосығы, оның əр адам өміріндегі орны мен қызметін баяндаған. Осы орайда Информбюро порталы Серік Кенжеахметұлы анықтама берген туыстық атаулар әліппесін ұсынады. 

А

Абысын (əйел). Ағайынды жігіттердің əйелдері бір-біріне "абысын" болады. Абысындар өзара жақын, сырлас, мұңдас болады, бірігіп ынтымақты жұмыс істейді. Абысындардың үлкені "шешей", кішісі "келін" деп аталады.

Аға (ер) – бір əке-шешеден туған (немесе рулас ағайын-туыс) жасы үлкен жігіт. Ағаның жөні де, жолы да үлкен деп есептеледі.

Ағаеке (аға-əке), (ер). Келін өзін əкелуге (көбінесе бас құда) кұда болып барған адамды "ағаекем" деп қабылдайды жəне солай таниды. Оны басқа қайынағаларынан гөрі жақын тартып, өкпе-назы, өтініші, шаруасы болса соған айтады. Ағаекесі оны жерге қалдырмай тыңдап, қажетті жерінде қолдап, көмектесіп, сөзін сөйлеуге тиіс.

Ағайындылар – бір ата-анадан туған ұл, қыздар, ағалы-інілілер мен апалы-сіңілілер. Ағалы-інілілердің балалары да бір-біріне осылай аталады. Олардың үлкені аға, апа (əкпе), кішілері іні, сіңілі болып саналады. Ағаның балалары оның інісі мен қарындасына іні, ал інінің балалары ағасына баласы (ұлы, қызы) болып есептеледі. Демек олар өз əкесінің ағасын "әке" деп айтуға хақы бар.

Ағайындылардың балалары бір дастарханда бас қосса немесе олжа бөліссе, онда үлкен жол (жасы кіші болса да) ағаның баласына тиеді. Мұны қазақ "жолы үлкен" (əкесі үлкен) дейді. 

Ал апа мен қарындастың балалары "жиен" деп аталады.

Ана (əйел) – өмірге əкеліп, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүт берген аяулы адам. Əр ұл мен қыз ата-анаға мəңгі қарыздар. Ұрпактары бұл адамдарды айрықша сыйлауға, құрметтеуге тиіс. Оларға қарсы келуге, ренжітуге, айтқанын орындамауға болмайды. Мұхамбет пайғамбардың хадисінде "Ата-анасын ренжіткендерді Алла тағала жақсы көрмейді" деген.

Aпa (əйел). Бiргe туған жəне туыстардың жасы үлкен қыздары оның інілері мен сіңілілері, келіндері үшін "апа" болады. Бұлардан апаның жолы үлкен жəне оған "апай" деп құрмет көрсетіледі. Апаның күйеуі жезде, баласы жиен болады.

Ата (ер) – əкенің əкесі. Жеті атадан санағанда үшінші ұрпақ. Ел-жұрт "ақсақал" деп құрмет тұтатын қадірлі ел тұтқасы. Мұндай кісілер төрден орын алады, оларға əрқашан құрмет көрсетіледі. "Ауылында қартың болса, жазып қойған хатпен тең" – дегендей ата ел ұйытқысы, батагөйі, ақылшысы, қамқоры болып есептеледі.

Ә

Əже (əйел) – əкенің шешесі. Ел іші, отбасының бүтіндігін ойлайтын көптің сыйлы анасы. Ол салт-дəстүрді сақтап, кейінгі жастарға отбасының, дастархан берекесінің, ағайын, абысындардың бірлігін сақтайтын тəрбиеші əрі ақылгөйі деп есептеледі. Əжелерді жұрт "кейуана", "қария", "əже" деп құрмет тұтып, сый-сияпат ұсынып, батасын алады.

Ата мен əженің əке-шешелері оның ұрпақтары үшін "баба", "ұлы ата", "ұлы əже" деп аталады.

Əке (ер) – ұрпақ иесі, панасы, айбары, үй басшысы жəне асыраушысы. Жеті атадан санағанда екінші ұрпақ. Ол тек бір отбасы ғана емес, ауыл, ру қамқоршысы, үлкен-кішіге бірдей қамқор азамат, ел ағасы ретінде көрінеді.

Өмiрде əке мен ана қатар аталады. Əке-шешені ренжіту дiнде – күнə, қоғамда – қылмыс, өмірде – ұят. Ата-ана парызы өмірге ұрпақ əкеліп, оны тəрбиелеп өсіру. Бұл екеуін халык қосарлап айтқанда "ерлі-зайыптылар", "ерлі-байлылар" деп атайды. Халық тілінде жанұя басы – ер адамды "отағасы", əйел-ананы "отанасы", "жұбайы", "Зайыбы", "əйелі" делі сыпайылап атайды.

Əмеңгер (ер) – күйеуі қайтыс болған əйелдің иесі жəне оны əйелдікке алуға хақы бар адам. Қазақ дəстүрі мен заңы бойынша əмеңгерлікке қайтыс болған адамның туған немесе жақын қайнағалары мен қайнылары жатады. Бұл жерде олардың жасы мен дəулеті, отбасылық жайы ескеріледі. Кейде жесір əйелге таңдау да беріледі.

Мұның əлеуметтік, қоғамдық, ұлттық салт-сана жағынан да зор тəрбиелік рөлі бар. Мысалы біріншіден, əйел панасыз болмайды (жəне қазақ əйелі өзінің алғаш келін болып түскен жерін қимайтын жақсы əдеті бар). Екіншіден, бала басқа жердегідей шетқақпай көрмей өз ағайын-туыстарының ортасында өседі. Үшіншіден, дала заңы бойынша əйел ерден кетсе де, елден кетпейді. Төртіншіден, алдымен дəстүрді, салтты, бүкіл рулы елді сыйлайтын əдепті қазақ əйелі бүл ғұрыпты аттап өтпейді.

Шариғат жолында қайтыс болған жігіттің əкесі келініне əмеңгер бола алмайды.


Оқи отырыңыз: Бабаларымыздың "Жеті атаға толмай қыз алыспау" қағидасы қайдан шықты?


Б

Бала – ата-анадан тараған ұрпақ. Жеті атадан санағанда бірінші буын. Олар жынысына қарай "ұл", "қыз" деп аталады. Қазақ халқы бірінші туған баланы "тұңғышым", одан кейінгілерін "ортаншы", ең соңғы туғанын "кенже" деп атайды. Олар ер жетіп өскен кезде ата-ана тұңғыштары мен ортаншыларын үйлендіріп жеке отау етіп, енші беріп бөлек шығарады да, кенжесі өз қолында қалады. Оның үйі "қарашаңырақ" (яғни үлкен үй деген мағынада) деп аталады.

Балдыз (ер, əйел). Әйелінің інілері мен сіңілілері "балдыз" деп аталады. Жезде мен балдыз бір-бірімен өте тату болады, бірін-бірі ренжітпеуге тырысады. Олардың жарасымды əзіл, қалжыңдары өле-өлгенше таусылмауға тиіс.

Бажа (ер). Апалы-сіңілілі қыздардың күйеулері бір-біріне бажа болады. Қайын жұрт арқылы жалғасатын ілік. Олар бірін-бірі көргенде əзілдесіп қалады. Олар өздерін бөтенбіз деп есептемейді, қолдан келгенше көмек жасап, бірін-бірі қатты сыйлайды. 

Бөле (ер, əйел). Апалы-сіңілі қыздардың баласы бір-біріне "бөле" болады. Нағашы жұрт арқылы жалғасатын ілік қатарына жатады, бөтенте саналмайды. Олар да нағашы-жиенді адамдар сияқты бір-бірімен əзілдесіп ойнайды. Ең жақын бөлелерді яғни бір жанұядан өрбіген қыздардың балаларын немесе бөленің баласын "қарын бөле" дейді.

Ж

Жезде (ер). Әйелдің інілері мен сіңілілері оның күйеуін "жезде" деп еркелетеді, əзілдеседі. Дəстүр бойынша балдыздары жезденің құлағынан тартып ойнайды. Балдыздың əйелі жездеге келін болады, бірақ ол да "жезде" деп əзілдесуге хақы бар.

Жеңге (əйел) – ағаның əйелі. Жасы үлкендер үшін "келін", кішілер үшін "жеңге" деп аталатын бұл адамның ауыл, үй, тəлім-тəрбие үшін орны айрықша. Ол əсiресе, өзінен кіші қайнылары мен қайынсіңілері үшін əзiл, қалжыңы араласа жүретін сүйкімді де сыйлы адам. Жеңге қайнылары мен қайынсіңілерін өз атымен атамай оларға өзінше "сырғалым", "шашбаулым", "ерке бала", "мырза жігіт", "бойжеткенім", "күлімкөзім" деп ат қояды. Кейде ерсі мінездеріне қарай күлкілі ат қоюы да мүмкін. Мұның бəрі сыйластықтың белгісі ретінде қаралады.

Жесір (əйел) – күйеуі қайтыс болған əйел. Күйеуі қайтыс болса əйел сол рудың "жесірі" деп аталады. Күйеуінің туған-туыстары əйелге жəне оның балаларына əрқашан қамқорлық жасап отырады. Немесе жесір əйел өз қалауы бойынша жақындарының біріне əмеңгерлік жолмен тұрмысқа шығады. Бұрынғы кезде жесір əйелге басқа бір елге кетуге немесе тұрмысқа шығуға рұқсат берілмеген.

Жетім (ер, əйел) – əкесі мен шешесі немесе əке-шешесі бірдей қайтыс болған бала. Кейде бір рудың жетімі деп те аталады. Жақын туған-туыстары жетім балаларды қамқорлыққа алуы немесе асырап алуы керек.

Жиен (ер, əйел) – қыздан туған бала. Нағашы ауылы үшін ерке, əрі аса құқылы бар адам осы жиені. Ол нағашыларынан нені қаласа да үш рет алуға қақылы, ал нағашылары қымбат зат болса да оны сөзсіз беруге тиіс. Оны "жиеніқұрық" деп атайды. Жиендік те жасқа қарамайды. Кейде жиен нағашыдан үлкен болуы мүмкін. Жиен жасына қарай жиен аға, жиен апа, жиен сіңілі т.б. болып аталады. Жиен кейде нағашылардан қыз алады. Оны жиен – күйеу дейді.

Жиеншар (ер, əйел) – жиеннен туған бала. Ол да əкесі сияқты жиендік ғұрыпты жалғастырады. Оның баласы "дегеншар", оның баласы
"көгеншар", оның баласы "жүрежат", оның баласы "туажат" деп аталады. 

К

Келін (əйел). Інінің əйелі "келін" деп аталады. Бала мен немеренің әйелі "келін бала" болады. Бүкіл ауылдағы жолы кіші адам да осы келін. Дəстүр бойынша ол кездескенде өзінің күйеуінен үлкендердің бəріне де орнынан тұрып, иіліп сəлем жасауға тиіс.

Күйеу (ер). Бір рудың қызын алған жігіт сол елге "күйеу" болып есептеледі де, сол ел оның қайын жұрты деп аталады. Əйелінің ағалары күйеуге "қайын аға" болады. Əйелінің ағасы күйеуден жасы кіші болса да "қайнаға "дейді. Күйеу əйелінің апаларын "қайынбикем" деп, сіңілілері мен інілерін "балдызым" деп əзiлдесіп ойнай береді.

Кейде күйеудің əйелі қайтыс болса, онда оның қайың жұртынан тағы бір қыз (əрине жас болса) алуға, сұрауға хақы бар. Егер басқа бір елдің қызына үйленсе, əлгі күйеудің бұрынғы қайын жұрты оның жаңа əйелің «біздің қыздың орнына келген» деп, оны да өздеріне жақын тартып, бұрынғы қатынасты үзбейді.

Қонақасы бергенде күйеуге төс тартылады. Күйеу төрге отырмайды, бас ұстамайды. Жас күйеу табаққа бата бермейді.

Кіндік шеше (əйел) – нəрестенің кіндігін кескен əйел. Кіндік шеше баланың екінші анасы болып саналады. Кіндік шешеге кіндік кескені үшін жылқы, сиыр тағы басқа мал, қымбат бұйым беріледі. 


Оқи отырыңыз: Қазақтың қандай салт-дәстүрлері сақталмай қалған?


Қ

Қайынбике (əйел). Әйелінің апалары күйеуге қайынбике болады. Ол да күйеу баламен ойнап, əзілдеседі. Алайда ол балдыздардай емес, көбінесе əдеп сақтап отырады.

Қайын ата (ер). Әйелге күйеудің əкесі, күйеуге əйелдің əкесі "қайын ата" деп аталады. Бұл кісілерге өз əкесіндей құрмет көрсеткені жөн. Күйеу баласы мен келіні ата дейді.

Қайын ене (əйел). Әйелге күйеуінің шешесі, күйеуге əйелінің шешесі "қайын ене" деп аталады. Бұлар күйеу бала мен келіннің екінші ата-анасы. Ене елдің үлкені-кішісі мен жақын-жуығын, туыс-туғанын келінмен таныстыруға тиіс. Үй тəрбиесі, қазан жабдығы, бала тəрбиелеу, халықтың салт-дəстүрін түсіндіру де ененің міндеті.

Қайын сіңілі (əйел) – жеңгелер үшін күйеуінен (жəне оның туыстарының да) жасы кіші қыз.

Қайын іні (ер) – жеңгелер үшін күйеуінен (жəне оның туыстарының да) жасы кіші ұл.

Қалыңдық (əйел) – күйеуге атастырылған, өз үйінде отырған бойжеткен. Дала заңы бойынша, атастырылған, яғни құда түсіп қойған қызға ешкімнің құда түсуіне хақы жоқ.

Қарындас (əйел). Ағайындылар ішінде жасы кіші қыз ағалары үшін қарындас болады. Қарындастың күйеуі "күйеу бала", балалары "жиен" деп аталады.

Құда (ер) – қыз алып, қыз беріскен ер адам. Құдалық жолмен келген адамдардын үлкенін немесе жолы үлкенін (басшысын) бас құда деп атайды. Қыз бен жігіттің əкелері бір-біріне "бауыздау құда" деп аталады. Бұл ертеде құда болғандар құдалыққа сойған қойдың бауыздау қанына құдалардың қол батырыл, бірін-бірі тануынан (серттесуінен) шыққан екен. Аталған құдалардың рулас туған-туыстары да бір-біріне құдандалы яғни "құда, құдағи" болып саналады.

Құдалар қазақ арасында өте сыйлы, құрметті адам, төрде отырады. Оған арнаулы мал сойылып, бас, жамбас тартылады. Құдалардың өздері өмірден кетсе де, оның Құдалық аты руластар арасында көп жылдар ұмытылмайды. Кейде ежелгі құдалар бұрынғы құдалық сыйластықты жалғастыру үшін тағы да құда түсіп, қыз алып, қыз беріседі. Мұны "сүйек жаңғырту" дейді.

Құдалықтың басқа да түрлері бар. Құдалар əлі тумаған іштегі балаларына да құда түседі. Мұны "бел құда" немесе кей жерлерде "қарын құда", "құрсақ құда" деп те айтады. Кейбіреулер бесікте жатқан ұл, қыздың бірін-біріне атастырады. Мұны "бесік құда" дейді. Кейде қыз берген құда, сол құдасының қызын өз ұлына келін етіп алып береді. Мұндай құдалық "қарсы құда" деп аталады.

Құдағи (əйел). Құдалардың əйелдері, яғни қыз бен жігіттің əке-шешелері немесе құда жағының əйелдері құдағи деп аталады. Құдасына келгенде бұларға сыйлы кісілер ретінде құрмет көрсетілуі тиіс.

Құдабала (ер). Жігіттің немесе келіннің інілері – жас балалар "құда бала" деп аталады. Құдалар жағы онымен əзілдесіп, ойнап отырады. Құда балалар ойынға ашуланбай, оларға ұтымды сөзбен жауап қайтарып отыруға тиіс.

Құдаша (əйел). Егделігіне немесе жастығына қарамастан бір рудың қыздары құда жағына "құдаша" болып саналады. Дəстүр бойынша құда ауылының жастары құдашалармен ойнап-күліп, əзілдесіп отырады, бірақ əдептен аспауы тиіс.

Қыз (əйел) – ата-ананың, ауылдың сүйікті баласы. Қазақта қыз тəрбиесі мен оны құрметтеудің жолдары өте коп. Бір рудың ұзатылған қызы жас, кəрілігіне қарамастан сол елдің "қызы" деп аталады, ауыл адамдары, туыс-туғандары оны "қыз" деп атап дəріптейді.

Қыз кейде еліне ұлттық дəстүр бойынша "төркіндеп" келеді. Мұндайда төркіндері жолынан жығылмай, сый-сияпат жасап, мал, қымбат заттар беріп риза етіп аттандыруы шарт. Қыз ауыл ақсақалдарымен, жас болса ағаларымен қатар, əйелдерден жоғары отырады. Қыздың сыбағасы – төс, орны – төр, жолы үлкен деп есептеледі. Қызға кəрі жілік, өкпе тартылмайды.

М

Мұрагер (ер, əйел) – əкеден қалған малмүліктің иесі. Егер əкесі, шешесі қайтыс болса оның жиған-тергені, барлық қазына мал-мүлкі оның баласына қалады. Ол баланы мұрагер деп атайды. Мұра бірнеше адамга да (мыс: ұлына, қызыға, қызметшісіне) бөлінуі мүмкін. Мұрагер бірнешеу болса мұра қайтыс болған кісінің өсиеті бойынша немесе заң жолымен шешіледі.

Н

Нағашы (ер, əйел). Ананың төркін жұрты балаға (жиенге) нағашы деп аталады. Нағашылар жиенін əрқашан еркелетіп, сұрағанын беріп отырады. Тек туған нағашысы ғана емес, сол рудың барлығы да жиенге нағашы деп аталады. Нағашы жұрттың еркек-əйелдерін жиендері "нағашы апа", "нағашы жеңгe", "нағашы қарындас", "нағашы іні", "нағашы аға", "нағашы ата", "нағашы əже" деп атайды.

Немере – ұлдың баласы. Немере ата, əже үшін ыстық. Көбінесе олар тұңғыш немересін бауырына салып, "өз балам" деп өсіреді.


Оқи отырыңыз: Күшік күйеу деп кімдерді айтқан?


Ө

Өгей əке (ер), өгей шеше (əйел). Тағдырдың жазуымен кейде ер адам екінші рет үйленіп, əйел екінші біреуге тұрмысқа шыққанда оның балаларына екінші əкесі немесе шешесі "өгей əке", "өгей шеше" болады.

Өкіл əке (ер), өкіл шеше (əйел). Жас келін басқа жерге түскеннен кейін өз əке-шешесін сағынады, мұңаяды. Жанында бұрынғыдай жақын-жуық, достары да жоқ. Сондықтан барған жерінде жас келінге өз əке-шешесі орнына жүретін өкіл əке, өкіл шеше белгіленеді. Оған сый-сияпат ұсынылады. Ол жас келінге өз қызындай қарап, қамқоршы болып, ақыл береді. Бұл дəстүр Қазақстанның оңтүстігінде кездеседі.

С

Сіңілі (əйел). Бірге туған апасы (жақын туыстары) қыздардың кішісін сіңілі дейді. Аға, апа (əпке) алдында сіңілі мен інілердің құқы бірдей болғанымен "қыздың жолы жіңішке" деп жол көбінесе қызға тиеді.

Т

Төркін (туыстық атау) – ұзатылған (тұрмысқа шыққан) қыздың туыс-туғандары. Қыз үшін жоғарыда айтылған үш жұрттың бірі осы төркін жұрт. Төркін деген сөз əйел адамға қолданылады. Алайда ол тұрмысқа шықпаған қызға қолданылмайды. 

Ұ

Ұл (ер) – шаңырақ иесі, ел, ру, əке кіндігінің жалғасы деп есептеледі. Ұл туғанда "ат ұстар" деп хабарлайды.

Ш

Шөбере – немеренің баласы. Шөберенің баласы "шөпшек", шөпшектің баласы "немене" деп аталады.

І

Іні (ер) – бірге туған ағайынды адамдардың жасы кішісі. Оның жасы кіші болғандықтан жолы да кіші болады. Іні – аға мен апанын ізбасары, сүйеніші, қолқанаты, сенімі, үміті. Ескере жүретін бір жайт: інінің баласы ағаға бала болады, ал сол балалар інінің апасына іні болып қала береді, яғни інісінің баласы іні болады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары