Тікелей эфир

Балабақша, мектеп, ЖОО. Биылғы оқу жылының ерекшеліктері қандай?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Мектептер мен ЖОО оқу жылын қашықтан білім беру форматында бастайды, ал балабақшалар әзір жұмыс істемейді.

Білім және ғылым министрлігі Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, жаңа оқу жылында білім берудің бұған дейін қарастырылған үш нұсқасынан қашықтан оқыту форматын таңдады.

Осы орайда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылында білім саласында қандай өзгерістер болатынын айтып берді.

Эпидемиялық ахуал түзелсе, балалар мектепте оқиды

1 қыркүйектен бастап 3,2 млн оқушы қашықтан оқиды. Шалғай ауылдардағы 127,5 мың бала шағын жинақты мектептерде білім алады. Алдағы уақытта халықтың ауыру деңгейі тұрақты төмендеуіне қарай мектептер бірте-бірте аралас оқыту және мектеп қабырғасында оқыту жүйесіне көше бастайды. Эпидемиологиялық жағдай жақсарған соң бірінші кезекте бастауыш сынып оқушылары штаттық режимге, яғни мектепте білім алуға ауыстырылады.

  • қауіптің қызыл деңгейінде оқыту қашықтан жүргізіледі;
  • сары деңгейде 1-5 сынып оқушылары штаттық режимге ауыстырылады;
  • сырқаттану деңгейі төмендесе, 6-11 сынып оқушылары дәстүрлі форматта оқиды, бірақ санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталады.

Бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші бойынша қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып, кезекші сыныптардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі. Балаларын кезекші сыныптарға бергісі келген ата-ана жазбаша өтініш жазуы тиіс. Мұндай сыныптарда 10-15 оқушы білім алады.

Оқи отырыңыз: Ел мектептерінде бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталды. Ата-ана нені ескеруі қажет?

36 мың компьютер сатып алынады

Министр 2019-2020 оқу жылының IV тоқсанында қашықтан оқыту кезінде көптеген мәселе туындағанын жасырмады. Оның сөзінше, қазіргі уақытта компьютермен қамтуға қатысты ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.

"Бізде ескірген компьютер көп. Техниканы қажет ететін оқушыларға уақытша бере тұруға болатын компьютер аз. Сондықтан қазіргі уақытта 36 мыңнан астам компьютер сатып алынды. 1 қыркүйекке дейін өңір әкімдіктері қосымша компьютер сатып алады. Бүгін Үкімет отырысында осындай тапсырма берілді", – деді Асхат Аймағамбетов.

Министр Қазақстан мектептерінде 21 балаға 1 компьютерден келетінін, алдағы уақытта 5 балаға бір компьютерден болу керек екенін айтты.

Министр интернет платформа туралы да мәселе барын айтты. Интернет платформаны жетілдіру бойынша қазіргі уақытта ІТ-компаниялармен келіссөз жүргізіліп, олар интернет платформаны жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Министрдің сөзінше, бірінші, екінші тоқсан оқу материалдары интернет платформаға енгізілген. Ерекше қажеттілігі бар оқушылар үшін сурдо-аударма қосу, шрифт көлемін ұлғайту сияқты жұмыстар жасалып, видео-сабақтарды түсіру, цифрлық білім беру ресурстарын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қашықтан оқытатын мұғалімдер арнайы курстан өтеді

Қашықтан оқытатын педагогтер ІТ технологиясымен, интернет платформалары және жүйесімен жұмыс істей білуі керек. Министрлік дайындаған біліктілікті арттыру курстарында мұғалімдерге осымен жұмыс істеуді үйретеді. Сабақ беру әдістемесі, киберпедагогика, жаңа жағдайда балалардың оқу үлгерімін бағалау мен сабақ беруге қатысты да курстар өтеді.

"Оқу әдістемесі мен технологиясы тұрғысынан қарағанда сыныпта сабақ беру мен қашықтан сабақ берудің айырмашылығы өте көп. Сол себепті алдымызда әріптестеріміздің кәсіби біліктілігін арттыру мәселесі тұр. 20 шілдеден бастап мұғалімдер еңбек демалысынан жұмысқа шыға бастайды. Сол кезде осы курстардан өтеді", – деді Асхат Аймағамбетов.

Оқи отырыңыз: Мектеп формасы, қашықтан оқу, электронды оқулықтар. Жаңа оқу жылында оқушылар қалай білім алады?

Мектеп формасы міндеттелмейді

Білім және ғылым министрлігі бұйрығына мектеп формасына қатысты өзгеріс енгізізілді. Мектеп формасы түбегейлі жойылмаса да, төтенше жағдай кезінде немесе басқа да шектеулі шаралар кезінде білім беру ұйымдарына мектеп формасымен келмеуге болады.

Бірінші тоқсаннан кейін дәстүрлі оқу режиміне көшкен жағдайда мектепте ешкім ата-анадан баласына мектеп формасын алу туралы талап қоймайды. Өйткені бұл жыл бойы сақталатын өзгеріс.

"Бизнестің осы түрімен айналысатын ірі компанияларды түсінем. Олардың мұндай қиын кезеңде жаңа оқу жылына дайындалған компанияларды қолдау керек деген үндеуді естіп, оқыдым, бірақ біз 3,5 млн оқушы сабаққа баратынын ескеруіміз керек. Эономикалық және қазіргі жағдайды ескеріп, мектеп формасына да қатысты қажет жағдай жасау керек деген шешім қабылдадық. Мектеп формалары барлар ол форманы киіп жүре алады, ал мектеп формасы жоқтарға осындай жағдай жасадық", – деді Асхат Аймағамбетов.

Мектеп оқушыларын тамақтандыру

Министр бастауыш сыныптар тамақпен қамтамасыз етілмейтінін, тамақ берілген жағдайда балаларға қауіп төнетінін атап өтті. Оқушылар оқу, жазу, есептеу сияқты негізгі сабақты мектепте, ал музыка, сурет сияқты қосымша сабақтарды үйде онлайн режимде оқиды.

Ал оқушылардың каникулына қатысты еш өзгеріс жоқ.

Студенттердің оқу ақысын арзандатуды әр ЖОО өзі шешеді

Жоғары оқу орындары мен колледждерде оқыту қашықтан оқыту режимінде ұйымдастырылады. Дәстүрлі формат жеке кесте бойынша зертханалық жұмыстар, өндірістік оқыту және кәсіби практика үшін болады. Ал шалғайда орналасқан колледждерде сабақтар санитарлық режимде өтеді, сондай-ақ, бір кабинетте білім алатын студенттер саны шектеледі.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ЖОО-ға академиялық және қаржылық дербестік берілгенін айтты. Сол себепті оқу ақысы мәселесін әр институт, университет, академия өзі шешеді.

"Көп адам қашықтан оқытқанда шығын аз болады деп ойлайды. Негізінде олай емес. Мысалы оқу орнында 5 корпус болса, бесеуі де жабылмайды. Оның коммуналдық шығындары, жұмыс істеп жатқан оқытушылардың шығындары бар", – деді министр.

Оның сөзінше, қашықтан оқу режиміне көшкенге дейін ЖОО-ларда қашықтан оқу жүйелері, технологиялары болмағанын, сол себепті өздері арнайы жүйелерді сатып алып, интернет күшін арттырып жатыр. Мұндай жұмыстарға әр ЖОО қосымша қаржы жұмсайды. Оның сөзінше, оқу ақысына қатысты мәселені министрлік емес, әр университет өзі шешеді.

Оқи отырыңыз: Педагог жалақысы, бір ауысымды мектеп, оқулық сапасы. Білім берудегі күрмеулі мәселелер қалай шешіліп жатыр?

Балабақшалар әзір жұмыс істемейді

Карантин мерзімі созылуына байланысты мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істемейді. Министрдің сөзінше, карантин уақыты аяқталғанға дейін мектепке дейін білім беру ұйымдарындағы кезекші топтарға қатысты шешім қабылданады.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары