Тікелей эфир

Мектеп формасы, қашықтан оқу, электронды оқулықтар. Жаңа оқу жылында оқушылар қалай білім алады?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Білім және ғылым министрлігі жақын күндері биылғы оқу форматына қатысты нақты шешім шығарады.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов журналистермен өткізген онлайн конференцияда жаңа оқу жылын ұйымдастыруға қатысты сұрақтарға жауап берді.

"Пандемия кезінде қабылданған шешімдерге өкінбеймін"

Білім және ғылым министрі төтенше жағдай кезінде қашықтан оқыту оң шешім болғанын айтты.

"Әу баста басым көпшілігі "төртінші тоқсанды шілде-тамыз айларына ауыстырайық" десе, кейбірі "одан да осымен оқу жылын аяқтайық" деген еді. Сан түрлі пікірлерге қарамастан оқуды қашықтан жалғастыру туралы шешім қабылдадық", – деді Асхат Аймағамбетов.

Министр бұл шешімге мүлде өкінбейді. Оның сөзінше, министрлік сол кездегі ұсыныстарға құлақ асқанда қазір жағдай мүлдем басқаша болар еді.

Жаңа оқу жылындағы білім берудің үш нұсқасы

Білім және ғылым министрлігі елдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, жаңа оқу жылында білім берудің үш нұсқасын қарастырып отыр. Олар:

  • қашықтан оқыту;
  • аралас: мектепте және қашықтан оқыту;
  • қатаң санитарлық шектеулерді енгізе отырып, мектепте оқыту.
Қашықтан оқыту. Шалғайда орналасқан, қауіпсіз елді мекендердегі мектептерден өзгесінде оқушылар қашықтан білім алады, яғни үйде оқиды (өткен оқу жылының төртінші тоқсанында балалар осы форматта білім алды).

Аралас. Белгілі бір сыныптар қашыққан оқумен қатар мектепке барып та білім алады. Бұл жағдайда келесі шектеулер болуы тиіс: міндетті түрде баланың температурасы өлшеніп, мектептерде санитайзер қойылады. Сондай-ақ, әлеуметтік қашықтық сақталуы керек. Сабақтар, шағын топтар қысқарып, кабинеттік оқу жүйесі болмайды. Яғни, бір сынып барлық сабақты бір кабинетте оқуы тиіс.

Қатаң санитарлық шектеулерді енгізе отырып, мектепте оқыту. Балалар мектепте оқыса да, үзіліс, сыныптардың толымдылығы, ауысым, кабинеттік жүйені алудан бастап, асханаға баруға дейінгі шектеу шаралары енгізіледі.

"Эпидемиологиялық жағдай ушығып кетпесе, осы нұсқаны ұстанамыз. Десе де кез келген сценарийге дайын болу керек. Шартты түрде қашықтан оқытуды бастасақ та, бұл оқу жылы бойы жалғасады деп ешкім болжай алмайды", – деді Білім және ғылым министрі.

Оқи отырыңыз: Ел мектептерінде бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталды. Ата-ана нені ескеруі қажет?

Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, эпидемиологиялық ахуалдың қалай өрбитініне байланысты білім беру бөлімдері мен басқармалары, мектептер аталған үш нұсқаға және тиісті санитарлық жағдайлар жасауға дайын болуы керек.

Министрлік өкілдері қазіргі таңда осы үш нұсқаны Денсаулық сақтау министрлігі, басқа да мемлекеттік органдармен бірге талқылап жатыр. Жұмыс топтарына ғалымдар мен педагогтар, мектеп директорлары мен сарапшылар тартылған. Қорытынды шешім қабылдауда ата-аналардың пікірі де ескеріледі.

Мектеп формасын кию міндеттелмейді

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылында оқушылар мектеп формасын киюге міндеттелмейтінін мәлімдеді. Министрліктің мектеп формасы туралы бұйрығына арнайы тармақ енгізіелді. Онда "төтенше жағдай, карантин, шектеу шаралары мен басқа да форс-мажор жағдайларда таза классикалық не іскерлік үлгідегі киіммен келуге рұқсат береміз" деп жазылады. Мектеп формасын алуға ата-ананың жағдайы болмаса балаларға қарапайым классикалық киім алып беруге болады.

"Біз мұндай шешімді қабылдадық. Қазіргі жағдайда бұл шешімнің маңызы зор деп есептейміз. Мұны ұсыныс ретінде емес, Білім және ғылым министрлігінің әділет органдарында тіркеген бұйрығы негізінде жүргіземіз. Шешімнің нормативті-құқықтық құжат ретінде сипаты болуы керек", – деді Білім және ғылым министрі.

Оқи отырыңыз: Педагог жалақысы, бір ауысымды мектеп, оқулық сапасы. Білім берудегі күрмеулі мәселелер қалай шешіліп жатыр?

Асхат Аймағамбетов мұндай шешімге келуге үшін ата-аналардың экономикалық жағдайы да себеп болғанын атап өтті. Оның сөзінше, ата-аналардың көпшілігі экономикалық қиындықты бастан өткеріп жатқандықтан мектеп формасын алу қалтасына артық салмақ болып түседі.

"Уәкілетті орган ретінде биылғы оқу жылында мектеп формасын кию міндеттелмейтінін мәлімдеп, министр ретінде осы жауапкершілікті өз мойныма аламын. Биылғы оқу жылы дәстүрлі не қашықтан оқу форматында өтсе де, бұл шешім оқу жылы бойы күшінде болады", – деді Асхат Аймағамбетов.

Балалар оқулықтың қағаз нұсқасымен толық қамтылу тиіс

Оқулықтарға сәуір-мамыр айларында тапсырыс беріліп қойған. Министрлік оқу форматы қандай болса да, тіпті балалар қашықтан оқыса да, оларды оқулықтың қағаз нұсқасымен қамтамасыз ету керек деп есептейді.

2020 жылы белгілі бір сыныптарға жаңа оқулықтар беріледі. Мысалы, 11 сынып оқушылары толығымен жаңартылған бағдарламаға көшеді. Сол себепті қағаз оқулықтар сатып алынып, мектептерге жеткізіледі. Қазіргі уақытта оқулықтарды баспадан өңірлерге жеткізу ісі басталған.

"Электронды оқулықтар да маңызды. Баспалармен оқулықтардың электронды нұсқасы да болуын қамтамасыз ету жөнінде келісімге келдік", – деді Білім және ғылым министрі.

Оқи отырыңыз: Алматыда оқушылар жазғы мектепте IV тоқсан сабақтарын оқи алады

Онлайн оқыту үшін Zoom сияқты жаңа платформа әзірленбейді

Министр мемлекет қаржысына қашықтан оқыту үшін ешқандай онлайн платформа не интернет алаң әзірленбейтініне назар аударды.

"Отандық білім беру жүйесінде жеке мәліметтер сақталған Ұлттық білім беру дерекқоры бар. Бұл – мемлекеттік негізгі база. Біз соны пайдаланып, дамытамыз. Kundelik, Daryn online, Bilimland секілді көптеген жүйені мемлекеттік жүйемен ауыстырудың қажеті жоқ. Нарықта бәсекелестік болуы керек", – деді Асхат Аймағамбетов.

Серіктестер жаңалықтары