Тікелей эфир

Талғат Нәрікбаев: Сапасыз маман даярлайтын университеттер бюджет ақшасын қайтаруы керек

Маман грантпен оқыған ЖОО түлектерінің мемлекет алдындағы жауапкершілігін енгізу қажет деп есептейді.

"Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті" АҚ басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев 2013-2019 жылдар аралығында KAZGUU ректоры қызметін атқарған. 2018 жылдың қазан айынан бастап ол Қазақстанның 11 жоғары оқу орны мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кіретін Академиялық адалдық лигасы жалпы жиналысының төрағасы, ал 2019 жылдың шілде айынан бастап – ADAL BILIM жобалық кеңсесінің басшысы.

Осы орайда Informburo.kz тілшісі Талғат Нәрікбаевтан жоғары білім саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес және кадр даярлау мәселесі жайлы сұрап білді.

KAZGUU басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев. Фото weproject.media сайтынан алынды
KAZGUU басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев. Фото weproject.media сайтынан алынды

Университет оқытушылары мен студенттері қашықтан оқуға дайын болды

– 2008 жылдан бері университеттің басқарма төрағасы қызметін атқарасыз. Осы жылдары сіз басқаратын оқу орны жоғары білім беру саласына қандай тың өзгерістер әкелді?

– KAZGUU-да оқу бағдарламасы толығымен еуропалық стандарттарға сай жасалған. Қазақстандық жоғары оқу орындарында оқу процесін ұйымдастырудың және білім сапасының жоғарғы дәрежесін білім беру бағдарламаларының халықаралық аккредиттеу рәсімі растайды. Біздің ең басты ерекшелігіміз – FIBAA, ACCA, ICAEW, CIMA Operational Level, CFA Level 1 және басқа да халықаралық және ұлттық аккредиттеу рейтингтік агенттіктерінің университетімізді мойындауы. Сондай-ақ, басты жетістіктеріміздің бірі – Болон процесіне қатысып, университетте білім берудің несиелік жүйесін толығымен енгіздік. Яғни студенттер оқитын пәндерді өздері таңдайды, оқу кестесін өздері жасайды, оқытушыларды таңдауға да мүмкіндігі бар. Елімізде толығымен кредиттік жүйеге көшкен жоғары оқу орындары аз. Ал бұл көрсеткіш ЖОО-ның халықаралық деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар 2017 жылы оқытуды басқарудың танымал әлемдік бренді CANVAS жүйесін енгіздік. Сондықтан Қазақстанда төтенше жағдай режимі басталғанда оқытушылар да, студенттер де қашықтан оқуға дайын болды. Мұнда барлық оқу процесі, курс мазмұны, оқу аналитикасы, бағалар, сабаққа қатысу, студенттерге арналған тапсырмалар біріктірілген. ZOOM сияқты видео байланыс платформаларын да бұл жүйеге еш қиындықсыз интеграцияладық. Плагиатқа жол бермеу үшін түпнұсқа мен авторлықты анықтау қызметтерін ұсынатын халықаралық Turnitin жүйесін пайдаланамыз. Сондай-ақ, бізде Harvard, Cambridge сынды басқа да танымал университеттерде білім алған, "Болашақ" стипендиясы бойынша оқыған мықты оқытушылар білім береді.

– Студенттер емтихан тапсырғанда бақылаушының рөлін атқаратын онлайн прокторинг жүйесі Қазақстанда енді қолданыла бастады. Бұл жүйе қалай жұмыс істейді? Нәтиже қалай?

– Пандемия еліміздің жоғары оқу орындарының барлығын қашықтан оқу форматына көшуге ғана емес, оқыту сапасын сақтау үшін қажетті шараларды қабылдауға да мәжбүр етті. Прокторинг жүйесі әлемде кең тараған. Емтихан басталғанда жүйе әрекеттің көшірмесін көріп отырады. Дауыс анықтаудан бөлек, жүйе іс-қимылдарды, тіпті бөтен дыбыстарды да анықтайды. Proctorio студентті дәл сол уақытта веб-камера арқылы бақылап, артық қимыл жасамауын қадағалайды. Студент "шпаргалка" пайдаланса немесе досынан көмек сұраса, байқап қояды. Тіпті адамның көзі мен еріндерінің қимылын да байқайды. Егер студент ереженің 70 пайызын бұзса, емтиханнан шығарылады. Емтихандардың онлайн форматта әділ өтуін енді компьютерлер қадағалайды. Қазіргі студент – болашақта сіз бен бізге тікелей байланысы бар маман. Адамдар оқу бітіргенде дұрыс білім алып шығуы керек. Өйткені, кейін олар өзімізді емдейді, сот төрешісі болады, бізге мемлекеттік және күнделікті өмірде пайдаланатын басқа да қызметтерді көрсетеді.


Оқи отырыңыз: Бүгін бала – ертең студент. Оның болашақта сапалы білім алуына қалай қаражат жинауға болады?


Жоғары оқу орындары студентке "ақша толы әмиян" ретінде қарайды

– Университет түлектерінің жұмысқа орналасуы орташа есеппен 92%-ды құрайды. Түлектерді жұмыспен қамту бойынша қандай шаралар қолға алынған?

– Кез келген университеттің міндеті – процесті студент жұмыс іздемейтіндей етіп құру, жұмыс оны өзі табуы керек. Бұл үшін біз жыл сайын JOB FAIR – бос орындар жәрмеңкесін өткіземіз, онда жұмыс берушілер студенттермен танысып, сөйлесіп, үздіктерін жұмысқа шақырады. 4 жылдан кейін еңбек нарығында сұранысқа ие болу үшін адам қандай дағдыларға ие болуы керек? Студенттерге осы сұрақты негізге ала отырып қажет білім береміз. Күнделікті оқып жүрген сабақтарынан бөлек үш тілде академиялық және іскерлік жазу дағдыларын, ақпаратты талдауды үйретеміз, шешендік өнерді дамытамыз, сыни ойлауын қалыптастырамыз. Сондай-ақ, университетімізде "Жұмыс берушілердің консультативтік кеңесінің" отырыстары дәстүрлі түрде өткізіледі. Кеңес мүшелері, яғни жұмыс берушілер, серіктестеріміз оқу бағдарламаларының мазмұнын жетілдіру бойынша ұсыныстарын айтады, оқу орнын бітірушілердің ұйымдарда іс-тәжірибеден өтуіне, жұмысқа орналасуына көмектеседі, білікті мамандарды дайындауды көздейтін бірлескен зерттеулер жүргізуге атсалысады.

– "Жоғары білім алу үшін ақша төлемеу қажет" деген екенсіз. Алайда елімізде студенттердің 70 пайызы ақылы бөлімде білім алады. Оқу ақысы да жылына 15-20%-ға өспесе, төмендеген жоқ. ЖОО білім беруді бизнеске айналдырып алған жоқ па? 

– Өкінішке қарай, қазақстандық жоғары оқу орындары студентке "ақша толы әмиян" ретінде қарайды. Университет – коммерциялық ұйым емес, әлеумет алдында жауапкершілігі бар ұйым. Студенттердің білімі мен тәжірибесін олардың ақшасы есебінен дамыту мүмкін емес. Себебі, сапалы білім беруді ұйымдастыруда аз қаражат жұмсалмайды. Оқу  ақысын бекіту барысында оқытушы-профессорлық құрамның жалақысы мен университеттің ішкі шығындары ескеріледі. Сапалы мұғалім аз ақшаға сабақ бермейді. Сондықтан мықты мамандарды тарту үшін оқу ақысы да сәйкесінше жоғары болады.

– Еуропада оқу бізден арзан, әрі сапалы. Мұның себебі неде?

– Осы уақытқа дейін Еуропада жоғары білім ақысы арзан болғанына таң қалатын едік. Мысалы, испаниялық студенттер жылына 1 000 еуро төлейді. Қазақстанда кейбір университеттерде оқу ақысы одан әлдеқайда қымбат. Испаниялық оқу орнының ректорынан оқытушыларының жалақысын сұрағанымда айына 4-5 мың еуро айлық алатынын айтты. Өйткені, мемлекет оқу орындарын тікелей қаржыландырып, айлықты да өзі төлейді. Сондықтан олар қосымша шығындарын өтеу үшін ғана студенттен жылына мың еуро алады.


Оқи отырыңыз: Білім беру несиесі: қарызын өтемегендерге қандай шаралар қолданылады?


– Қазақстанда білім беру жүйесі сол деңгейге жете ала ма?

– Ол деңгейге жету үшін Испания, Германия немесе Нидерландыдағыдай оқытушылардың жалақысын мемлекет тікелей қаржыландыруы керек. Ал университет қаржыландырудың басқа көздерін қарастыруы қажет. Мысалы, KAZGUU жеке ақылы курстарды, біліктілікті арттыру бағдарламаларын ұсынады, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, Эндаумент қоры бар. Онда университет түлектері мен меценаттар студенттерді оқытуға және оқу орнының материалдық-техникалық базасын жақсартуға көмектеседі.

Грантпен оқыған түлектер мемлекет алдында жауап бермейді

– Қазақстанда 2021 жылдан бастап жоғары оқу орындарының түлектеріне мемлекеттік үлгідегі диплом берілмейді. Бұл туралы сіздің ойыңыз қандай?

– Қазір ата-ана да, түлек те дипломдағы мемлекеттік мөрге қарайды. Ал университеттің рейтингі мен білім сапасы екінші орында болып қалды. Әр университет өзіндік үлгідегі дипломын беретін болса, ата-ана мен түлек оқу орнын сапасы мен беделіне қарап таңдайды. Оқу орындары арасында бәсекелестік артып, лайықтылары ғана қалар еді. Сапалы білімнің кепілі мен клиенттер алдындағы жауапкершілік нормасы болатын өзіндік үлгідегі дипломды әлемнің атақты ЖОО-лары береді. KAZGUU – 2016 жылы халықаралық FIBAA аккредитациясын алған Қазақстандағы алғашқы және жалғыз ЖОО. Біз өзіндік үлгідегі диплом ұсынуды сол жылдан бастаған едік. 2021 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің соңғы өзгерістеріне сай қазақстандық барлық университет түлектеріне өзіндік үлгідегі диплом беріледі.

– БҒМ университеттерді лицензиясынан айыру немесе жабу туралы позициясы білім сапасы мен кадр мәселесін шеше ме?

– Сапалы білім бере алмайтын университеттерге не үшін лицензия беріледі? Сапасыз маман даярлағаны үшін университеттер бюджет ақшасын мемлекетке қайтаруы керек. Жоғары оқу орындарын осыған міндеттеп, жауапкершілік бекіту арқылы мәселені шешуге болады. Бүгінде бұл ұсынысымызды Білім және ғылым министрлігі қарастырып жатыр.


Оқи отырыңыз: Қашықтан оқудың кемшілігі не? Қазақстандықтардың жартысына жуығы бұл форматқа қарсы


– Білім саласындағы гранттық қаржыландыруды қайта қарау қажет пе?

– Бүгінде грантпен оқыған түлектер мемлекет алдында жауап бермейді. Мүлдем мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндер бар. Судың да сұрауы болады. Мемлекеттің ақшасына білім алған соң, сол салада қызмет етіп, еліңе пайдаң тиуі керек. Сол себепті де гранттық қаржыландыру жүйесін өзгерту керек деп есептеймін. Атап айтқанда, педагогикалық және медициналық ЖОО-ларды мемлекет есебінен тәмамдаған түлектерді мамандар тапшылығы бар өңірлерге жіберу қажет. Оның ішінде ауылдар мен кенттерде жұмыс істеуге міндеттеу маңызды. Біз жоғары білім саласына анализ жасау барысында мемлекеттік және ұлттық университеттерде бәсекелестік жоқ екенін байқадық. Студенттер тек "төрт" және "бес" деген баға алады, үштік баға алатындар өте сирек, ал "екі" деген бағаны мүлдем алмайды. Бірінші курсқа 100 адам түссе, төртінші курсты 90-95 адам бітіреді. Соның өзінде қалған 5-10 адам өз еркімен оқудан шыққандар. Білімдісі де, білімсізі де диплом алады. Нәтижесінде нарықта сапасыз кадрлар көбеюде.

Бәсекеге қабілетті маман болу үшін талапкерлерге, студенттерге айтар ақыл-кеңесіңіз?

– Бәсекеге қабілетті студентке тек білімді болу жеткіліксіз. Әлеуметтік жауапкершілігі сияқты адами, жеке қасиеттері де үлкен маңызға ие. Студент бірініші кезекте өз мамандығын жетік меңгерген, білімді маман болуы керек. Яғни тапсырманы уақытылы орындауды, өз саласы бойынша ақпараттарды өз бетімен іздеп, талдауды, заңгерлік дағдыларды, ораторлық қабілетті, сауатты жазуды, бағдарламалау технологиясын меңгеруі қажет. Студент кезден бастап ұжыммен жұмыс істеп, басқарушылық қабілеттерді дамытып, проблемалық жағдайларды дұрыс шеше білуі тиіс. Сондай-ақ, оқу бітіргенде ең алдымен Қазақстан халқына қызмет ететін патриот, адамгершілігі мол адам болуы маңызды.

"Қаржы орталығы" стипендия қорындағы ақшаны ЖОО-лардың қатысуынсыз бөледі

– Adal Bilim жобалық кеңсесінің басшысы болған кезде атқарған жұмыстарыңыз жайлы айтып өтсеңіз. Жоғары білім саласында сыбайлас жемқорлықпен күрес қалай жүреді?

– Adal Bilim жобалық кеңсесінің жұмысы барысында жоғары оқу орындары арасында "стипендиялық қорды" бөлу алгоритмін өзгерту қажет екенін дәлелдедік. Бұрын ЖОО-лар сұратқан қаражаттың негізділігін тексеру мүмкін емес еді. Еліміздегі атышулы университеттің ректоры мен бас бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс жайлы барлығы біледі. Енді "Қаржы орталығы" АҚ стипендия қорындағы ақшаны қатаң түрде мемлекеттік тапсырыс аясындағы ақпаратқа сүйеніп, ағымдағы контингент, үлгерім деңгейі мен әлеуметтік мәртебесінің расталғанына қарап, ЖОО-лардың қатысуынсыз, автоматты түрде бөледі. ЖОО-дағы Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы аудит жүргізудің алгоритмі әзірленді. Бұл құрал еліміздің барлық университетіне жіберілді, биыл ЖОО-лардың өзін-өзі бағалауы әлі де жалғасуда. Кейін әрбір ЖОО-ға барып тексеретін күндізгі мониторинг басталады.


Оқи отырыңыз: ҚазҰУ қалашығының 0,8 гектар жері кімнің меншігіне берілген? Қос министрлік тексеріс бастады


– Сіз төрағалық ететін Академиялық адалдық лигасының қызметі қандай?

– Жоғары оқу орында­­ры­ның дербестігі – білім беру жү­йе­сінде жасалған маңызды қа­дам­дардың бірі. Халық­­аралық тәжірибеге сүйенсек, бұл жаңа­лық өз кезегінде америка­лық Барқыт лигасы мен бри­тандық Рассел Групп­тың құрылуына негіз болған. Аталған ұйымдар білім сапасын жоғарылатудағы ло­комотив іспеттес болса, ұйым құрамына кірген ЖОО-лар әлемдегі үздіктер қата­ры­нан табылды. Осы елдер­дің тәжірибесі негізінде Универ­ситеттер ассоциациясын құру Елбасы жариялаған әлеуметтік бастамалардың қажетті қа­дамы болатынын көрсетіп отыр. Оның мақсаты – білім беру сапасын арттыру үшін елі­міздің жетекші жоғары оқу орындарының күш-жігерін біріктіру. Университеттердің ассоциациясы академиялық адалдық лигасы деп аталады. Бұл KAZGUU өткізетін дәстүрлі халықаралық академиялық Адалдық форумының жалға­сы деуге болады. Лига мүше­леріне қатысты жоғары әкім­шілік орган болмайды және бұлардың экономикалық қыз­метіне кедергі келтіре алмай­ды. Лиганың қызметі – жоға­ры білім беру сапасын қамта­масыз ету мәселелері бойынша еліміздегі нормативтік-құ­қықтық актілерін әзірлеуге және жетілдіруге қатысу, жо­ғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекеме­лерінде академиялық тұтастық принциптерін насихаттау, сондай-ақ Қазақстандағы білім беру сапасын арттыруға бағытталған кез келген жобаларды жүзеге асыру.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары