Тікелей эфир

ҚазҰУ қалашығының 0,8 гектар жері кімнің меншігіне берілген? Қос министрлік тексеріс бастады

Іnformburo.kz  суреті
Іnformburo.kz суреті
ҚазҰУ-не тиесілі жер теліміне қатысты шудан кейін Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым министрлігі тексеріс жүргізіп жатыр.

Биылғы қаңтар айының басында белгілі заңгер Бақытжан Базарбек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне тиесілі жердің жеке меншікке өтіп кеткені жайлы хабарлады. Ол университет аумағы шамамен 800 шаршы метр жерге кішірейгенін және ол телімнің нысаналық мақсаты өзгертіліп, кәсіпкерлерге берілгенін жазған. Ал, университет тарапы "Жерді өзгенің иелігіне беруге қатысты ешқандай құжатқа қол қоймадық. Керісінше, заңсыз құрылыс жүргізіп жатқан компания мен бізге жала жауып жатқан азаматтарды анықтау үшін полицияға шағым түсірдік" деп мәлімдеді.

Сонда оқу орнына бұрын берілген жер учаскесінің жалпы алаңының шамамен 0,8 гектары қайда кетті және кімнің меншігіне берілді? Жер телімін жекеге беру туралы шешімді кімдер қабылдады? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін Іnformburo.kz Білім және ғылым министрлігіне, Алматы жер қатынастары басқармасына сауалхат жолдаған болатын.


Оқи отырыңыз: Болашақта жер телімдері электронды жолмен жалға беріледі. Пилоттық жоба Оралда жүріп жатыр


ҚазҰУ қалашығы жер учаскесінің шекарасын түзету мақсатында оқу орнының басшылығы әкімдікке өздері хат жазған

Алтыншы қаңтарда ҚазҰУ басшылығы жер мәселесіне қатысты түсініктеме берген болатын. Олар "университет пен ҚазҰУ-нің лауазымды тұлғалары жер учаскесінің бір бөлігін үшінші тұлғалардың пайдасына иеліктен шығару жөнінде келісім берген жоқ және де жер учаскесін басқа тәсілмен бөлуге қатысқан жоқ" деп мәлімдеді. Сондай-ақ, Жер кодексінің 43, 44-1 және 48-баптарына сүйеніп, университет басшылығы өз қалауы бойынша мемлекеттік мүлік пен жерді беруді жеке-дара жүзеге асыра алмайтынын айтқан еді.

"Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы 2017 жылы жер учаскелерін иеліктен шығару жөніндегі жерге орналастыру жобасын әзірлемеген, бекітпеген және оған ешбір түрде қатыспағаны туралы хабарлаймыз", делінген университеттің ресми сайтында.

Дегенмен, қалалық Жер қатынастары басқармасы Іnformburo.kz сауалхатына берген жауабында 2017 жылғы 1 тамызда университет тарапынан Алматы әкімінің атына әл-Фараби даңғылы, 71 мекен-жайы бойынша орналасқан ҚазҰУ қалашығы жер учаскесінің шекарасын түзету мәселесі бойынша №9-9-2362 хаты жолданғанын мәлімдеді.

"Аталған өтініш ҚР Жер кодексінің 43-бабына сәйкес пысықталды және Жер комиссиясына шығарылды. Онда жер учаскесінің шекарасын түзете отырып алаңын кішірейтумен ортақ үлестік тұрақты жер пайдалануға құқығын беру мүмкіндігі туралы қорытынды қабылданды. Содан кейін Алматы әкімдігінің 02.10.2017 жылы № 4/392-2236 "ҚР Білім және ғылым министрлігінің "Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жер учаскесіне ортақ үлестік тұрақты жер пайдалану құқығын беру туралы" қаулысы қабылданды", делінген жауапта.

Десе де, "әкімдік пен Жер қатынастары басқармасы Жер кодексінің, "Мемлекеттік мүлік туралы" заңның және Мемлекеттік қызмет стандартының талаптарына қайшы және сәйкес келмейтінін біле тұра, не себепті ҚазҰУ басшылығының университет жер телімінің аумағын түзету бойынша берген өтінішін қабылдаудан бас тартпады?" деген сауал туындайды. Алайда, басқарма бұл сұраққа жауап бермеді.


Оқи отырыңыз: Алматы орталығындағы үш үй ҰҚКД ғимаратын кеңейту үшін бұзылмақ. Тұрғындар неге наразы?


Әкімдік ҚазҰУ басшылығының келісімімен университет жерін кәсіпкерлерге жалға берген

2012 жылғы 30 қаңтардағы №1-1/294 қаулыға сай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жер учаскесінің алаңы – 73,2662 гектар жерді құраған. Бірақ, 2017 жылғы 2 қазанда шығарылған №4/392-2236 жаңа қаулы бойынша, жер телімінің жалпы алаңы – 72,4872 гектарды және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үлесі – 71,4220 гектарды құрайды. "Оқу орнына бұрын берілген жер учаскесінің жалпы алаңының шамамен 0,8 гектары қайда кетті және кімнің меншігіне берілді? Ол жер телімінің нысаналық мақсаты қалай өзгертілді? Қазір онда қандай ғимараттар салынып жатыр?" деген Іnformburo.kz сауалхатына Жер қатынастары басқармасы былай деп жауап берді:

"Ауданы 0,7495 га жер учаскесінің қалған бөлігіне қатысты Алматы әкімдігінің 05.08.2017 жылғы №3/240-1871, №4/485-2649 қаулыларымен "Omirex" ЖШС (бұдан әрі – серіктестік) уақытша жер пайдалануға берілгенін хабарлаймыз (мүлік "Аркада Impex" ЖШС жарғылық капиталына берілді, кейіннен "Atlas Development" ЖШС болып атауы өзгерген)", делінген жауапта.

Сонымен қатар, қалалық Жер қатынастары басқармасы серіктестіктің өтінішін қарау барысында "әл-Фараби атындағы ҚазҰУ" РМК 28.07.2017 жылғы №1-9-2315 хатымен жер учаскесінің бір бөлігін "Omirex" ЖШС-ның пайдасына беруге келісімін бергенін хабарлады. Ал телімнің өзге аумақтары төмендегі мақсатта жалға берілген:

  • алаңы 0,6321 га. жер учаскесі аумақты көріктендіру және көгалдандыру үшін берілген, әкімдіктің 28.08.2019 жылғы қаулысымен аталған учаскенің нысаналық мақсаты паркинг құрылысына өзгертілді (жалға алу мерзімі 08.06.2025 жылы аяқталады, кадастрлық №20-313-009-120);
  • алаңы 0,1174 жер учаскесі аумақты көріктендіру және көгалдандыру үшін берілген (жалға беру мерзімі 05.02.2025 жылы аяқталады, кадастрлық №20-313-009-119)

Оқи отырыңыз: Қалаға үдере көшкен қазақ Алматыға сыймай жатыр не Алматы маңынан жер сатып алам десеңіз


Қос министрлік тарапынан тексеріс басталды

Жергілікті атқарушы органдардың жер заңнамасы саласындағы қабылданған шешімдерінің заңдылығын тексеру Жер кодексінің 147-бабына сәйкес орталық уәкілетті органның құзыретіне жатады. Бүгінгі таңда бұл мәселені Ауыл шаруашылығы Жер ресурстарын басқару комитеті заңдылық тұрғысынан қарастыруда. Сонымен қатар, Білім және ғылым мминистрлігі де аталған мәселеге қатысты тексеріс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

"Бүгінгі күні министрлікте университетке тиесілі жер учаскесіне қатысты мәселені қарастыру жөніндегі жұмыс тобы құрылып, 2021 жылғы 8 қаңтардан бастап хатта көтеріліп отырған мәселені зерделеуде (Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 8 қаңтардағы № 9 бұйрығы). Зерделеудің нәтижесі қосымша хабарланатын болады", делінген минстрліктің жауабында.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары