Тікелей эфир

"Таңғажайып адамдардың" ондығына енген қазақ

Сурет автордікі
Сурет автордікі
Бүгінде суретшілердің әрқайсысы өз туындысымен, сурет салу әдісімен ерекшеленгісі келеді. Мысалы, бразилиялық Винисиус Квесада өз қанымен картина жазады.

Америкалық Натали Айриш далап жағылған ерін табын қағазға түсіре отырып, ал британдық Милли Браун ұртындағы бояуды қағазға бүркіп жағып, сурет салады екен. Ақылға қонымды-қонымсызы бар, әйтеуір шоу жасауға құмарлар көп. Осындай ерекше өнерімен әлем жұртын таң қалдырған қазақ та бар

"Таңғажайып адамдардың" ондығындағы қазақ

Ресейдің "Удивительные люди" жобасында 60-қа жуық қатысушы арасынан қазақстандық суретші – Ринат Елубаев-Қилыбай үздік ондыққа еніп, мәреге жетті. Ол көзін байлап алып, сайыстың бірінші кезеңінде түрлі бөлікке бөлінген суретті бірнеше минутта тұтас картина қылып, құрастырып салып шықты. Екінші кезеңде көзбен көрмеген тек қолымен ғана ұстап сезінген мүсінді балшықтан айнытпай жасап шығып, елді таңғалдырды.


Суретші "көзді байлап сурет салу – жиі жаттығудан бұрын ішкі сезімді, жан дүниені тыңдай білудің нәтижесі", – дейді

"Көзді байлап сурет салу – жиі жаттығудың нәтижесі емес, ішкі сезімді, жан дүниені тыңдай білуден", – дейді суретші / Сурет автордікі


Суретшінің айтуынша, көзді байлап сурет салып жатқанда ойдың бөлінбеуі маңызды. Сол кезде көзбен көргендей, бәрін сезіп-біліп тұратын көрінеді. Және айналадағы адамдардың таңданысы мен эмоциясы да қатты әсер етеді екен.

– Белгілі бір саланы көп оқып, зерттеген адам уақыт өте келе ойлана бастайды. Өзгелердікі сияқты қол-аяғым бола тұра мен неге сол атақтылардай жасай алмаймын дейсің? Неге бір нәрсені ойлап табуға болмайды? Демек, еңбектену жағы жетіспейді деген сөз. Әдетте әлденені зерттей түскенде адамның ойына неше түрлі нәрсе келеді. Қиялдан қиял туады, себебі ол – шексіз. Дәл осы әдіспен сурет салу туралы ой басқалардан ерекшеленемін деген мақсаттан туған жоқ, тек көп ізденістен кейін өзінен-өзі шыққан нәрсе. Артынан ойдан шындыққа айналды.

"Бұл тета хилинг тәсіліне ұқсайды"

Көзді байламастан бұрын адамға бес-он минут оңаша қалған жөн. Көзді жұмып сурет салуға екі жылдай жаттығып жүрген суретші дәл сол күйде көзі ашық тұрған кездегіден көп идея ойға келеді дейді.



Алдыңдағыны көрмей салу үшін көп машықтану керек. Әйтсе де ішкі сезімнің, түйсіктің орны ерекше. Бірақ кейде сезімің де алдап кетеді, суретіңнің дұрыс шықпауы мүмкін.

Бұл – тета хилингке ұқсас әдіс. Атақты испандық суретші Сальвадор Дали көбінесе картиналарын ерекше трансқа еніп салатын болған. Кескіндеме өнерінде өз қолтаңбасын қалдырған ұлы суретші медитацияға сүйеніп, өзінің ішкі әлеміне үңіліп, қиялына қанат бітірген. Ал мен көзімді жұмып немесе кенепке қарамай-ақ қылқаламды әрі-бері сермеп, бояуларды айқұш-ұйқыш жаққанда суреттерім әсерлі әрі әдемі шығады.


Ресейлік "Удивительные люди" жобасының екінші кезеңі

Ресейдің "Удивительные люди" жобасының екінші кезеңі / Фото суретшінің фейсбуктегі жеке парақшасынан алынды


Сайыстың екінші кезеңінде Ринат көзін ашпаған күйі мүсін жасау өнерін көрсетті. Бірақ өзі бұл өнердің белгілі бір техникасы бар екенін білмеген. Сондықтан қазылар алқасы оншалықты қатты таңданбапты.

Бұрын Астанада мұзды қалашық жасауға қатысқанмын. Ал былайынша мүсіндеу өнерімен айналысқан емеспін. Дәл сол жобада алғаш рет балшықтан мүсін жасадым. Бұл жерде сурет салғанымдай әсерлі болмай шықты әрі оған дайындық жетіспеді деп ойлаймын.

"Тақиямен шыққан соң таңғалдыруға тиіспін"

– Қазақтығымды көрсетейін деп жобаға тақия киіп шыққан соң Қазақстанның намысын арқалағандай күй кештім. Сол сәтте ішкі сезімім де алдаған жоқ, өзіме өте сенімді болдым,– дейді ол.

Шетелде жүргенде тақиясын басынан тастамайтын ол елге келгенде этюд жазуға шыққанда киіп алады екен. Жанынан әрлі-берлі өтіп жатқандар, әсіресе басқа да ұлт өкілдері, туристер қазақ баласының да сурет сала алатынын көрсін деген ниетпен мақтана киетінін айтты.

– Тақиямен ұйықтайтынмын, – дейді кейіпкеріміз бала күнін еске алғанда.

Ринат алтыншы сыныпқа дейін Еренғайып атасының тақиясын басынан тастамапты. Ол тақияны нағашы атасына оның әкесі Байғабыл Жылқыбайұлы деген қазақтың белгілі сазгер, композиторы берген екен.

– Кейін үйдегілерден бала күнімде сол тақияны маған неге берді екен деп сұраймын. Қазір оны сақтап қойғанымда ғой деп өкінемін. Кейде шешпей ұйықтап, тақияны әбден тоздырғанмын ғой. Туыстарым әлі күнге дейін соны айтып отырады. Есейгенде көшеге киіп шыққанымда шал деп, басқа деп мазақ қылғандар көп болды, сондықтан тек іс-шараларда, өзге елде жүргенде киетін болдым.

"Мені башқұрт, татар ұлтынан деп ойлапты"

Сайыстан соң туған өлкесі – Арқалыққа барып келген суретшіні өзін қарапайым адамдардың танып жатқаны ерекше қуантқан. Ал ел басқарған жоғары шенділерден ешкім хабарласып құттықтамаған. Алайда ол үшін қарапайым халықтың алғысы бәрінен артық.

– Ресейдегі байқаудан соң суретке түсіп, алғысын жаудырған, қолтаңба сұраған адамдарды көріп қуанып қалдым. Шынымен, мұндайды күтпеген едім. Бұл суретшілерге үйреншікті жағдай емес қой. Сайыстан соң Мәскеуде дүкендер аралап жүргенде де жаныма келіп, рақметін айтқандардың қарасы мол болды. Көпшілігі көзіне жас алып та жатты.

Суретшіні башқұрт яки татар деп ойлағандар көп болыпты.

– Қазақстандық башқұрт, татарлар хабарласып, "бауырымдап" құттықтады, Қазақстан Халқы Ассамблеясынан да телефон соқты. Менің таза қазақ екенімді естігенде жаңылысса да шын қуанып жатқандарын жеткізді, – дейді Ринат бізге.

"Екі жасымнан сурет саламын"

Ата-анамның мазасын ала берген соң, екі жасымда-ақ қолыма қағаз, қалам беріп қоятын болған. Сол кезден бері сурет салады екенмін. Жасым екіден асқанда көптеген сұлбаларды анық бейнелеппін, тіпті анам мен әжемнің шәй ішіп отырғанын салып таңғалдырыппын.


Ринаттың 1999 жылы салған суреті. Бүгінде бұл картинаны жаңа техникамен қайта жетілдіргісі келеді

Ринаттың 1999 жылы салған суреті. Бүгінде бұл картинаны жаңа техникамен қайта жетілдіргісі келеді / Сурет автордікі


Кейін суреттен шаршап, 8 жылын басқа жұмыстарға арнаған. Қазақ тілін жетік білгендіктен мемлекеттік қызметкер де болыпты. "Суретшілер күйзеліске түскен кезін де емес, жадырап жүріп сурет салғанды ұнатады, сол себепті де олар үнемі мақтау мен қолдау күтеді" дегенді алға тартты.

– Режиссер ретінде фильмдер түсіріп көрдім. "Көлеңке" деген фильмім ел арасында өте жақсы тарады. "Полигон" фильмін көпшілік түсіне қоймады, ол – арт-хаус кино болатын. Ал соңғы фильмім ойдағыдай шыққан жоқ. Осы үшеуін бір тиын жұмсамастан түсірдім десем әлі күнге дейін ешкім сенбейді. Сосын әндерге сөз жаздым, философияны зерттедім, – дейді.

Қолындағысының бәрінен айырылып қалған 2011 жылы ол суретке қайта оралыпты. Картинаға тапсырыстар алып, аяққа тұрғаннан кейін тағы бір рет құлдырап барып, қайта тұрыпты. Сондықтан бір саланы ғана соңына дейін меңгерген дұрыс деп түйген.

"Картинамның ең қымбаты 500 мың теңгеге сатылды"

Ринат Елубаев әр жұмысын құнды санайды, тек кейбір картиналары уақыт өте келе өзіне ұнамай қалып жатса ғана арзанға сатады екен.


Ринат Елубаев-Қилыбайдың шағын шеберханасындағы суреттер және бояу жағылып, сурет салуға дайындалған кенептер

Ринат Елубаев-Қилыбайдың шағын шеберханасындағы суреттер және бояу жағылып, сурет салуға дайындалған кенептер / Сурет автордікі


Ақша қажет болғанда туындыларымды 25 мың теңгеге сатып жіберген күндерім болған. Ал қазір ондайға сата алмаймын, соңғы кезде картиналарымды сатып алушылардың көбісі – басқа елдердің азаматтары. Шетелдіктердің тарапынан тиімді ұсыныстар түсіп тұрады. Бүгінде менің туындыларым қымбат тұрады деп айта аламын.

"Қазақ деген халықтың бар екенін біліп жүрсін деп барлық картинамды қалдырып кеттім"

2015 жылы Белоруссияда халықаралық өнер олимпиадасына қатысқан кезде осылай жасапты.

– Cуретке қызығатын ресейлік коллекционерлердің қолдауымен биыл Египеттегі суретсүйер қауымның алдында өз өнерімді көрсетуге мүмкіндік алдым. Сол жерде бір қолмен сурет салып, шара соңынан қара жорға билеп, қазақ екенімді тағы бір мәрте көрсеттім.


1947 жылы Life журналы жүргізген эксперимент кезінде салынған суреттер

1947 жылы Life журналы жүргізген эксперимент кезінде салынған суреттер / Дереккөз: vicer.ru


Жалпы, көпшіліктің мұндай "көзсіз" шеберлікті комикс суретшілеріне тән шығар деп ойлайтыны жасырын емес. Себебі олар бір кейіпкерді құбылта отырып, жүздеген, мыңдаған сурет салады. Алайда 1947 жылы Life журналы ондаған комикс суретшісіне тәжірибе жүргізіп, көздерін байлап сурет салдырған. Сонда комикс суретшілерінің өздері күнде бейнелеп жүрген кейіпкерінің көзі-мұрнын басқа жерге салып қойған. Ал Ринат Елубаев-Қилыбайдың көзді жұмып сурет салуды шебер меңгеруі – расында таңғаларлық жайт.

Серіктестер жаңалықтары