Швейцария қазақтарының Birlik қауымдастығы тағайындаған стипендия иегерлері анықталды. Коронавируспен күресте халық денсаулығын қорғап, алдыңғы шептен көрінген медицина қызметкерлеріне, жас дәрігерлер мен еріктілерге, өзге де мамандық иелеріне 100 мың теңгеден табыс етілді.
UNITED FOR HEALTH стипендиялық бағдарламасы академиялық, ғылыми, кәсіби, қоғамдық әрі волонтерлік іс-әрекеттерді ынталандыруға бағытталған. Стипендия иегерлері видеоконференция арқылы бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасты. Еуропадағы Қазақ дәрігерлері медициналық қауымдастығының мүшелерімен онлайн кездесті.
Оқи отырыңыз: Отандық QazCovid-in вакцинасын клиникалық зерттеу басталды
18-35 жас аралығындағы 152 үміткерден өтінім келіп түскен. 45 стипендияның үшеуі топпен жұмыс істеген үміткерлер арасында бөлінді. Мысалы, Астана медицина университетінде оқитын екі студент бір ғылыми жобада жұмыс істеген. Үміткерлердің арасында коронавируспен күрес кезінде ауруханада жұмыс істеген кіші, орта медицина қызметкерлері, дәрігерлер, ақпараттық кеңістікте жұмыс істеген тілшілер мен журналистер, азық-түлік пен маска таратқан еріктілер де болған.
"Үміткерлердің құжаттарының толықтығы, пандемиямен күрестегі еңбегі, ол еңбекті растайтын құжаттар тексерілді. Сонымен қатар, мотивациялық хат бағаланды. Ол кезде үміткерлердің әр санатына түрліше қарадық. Әсіресе дәрігерлер мен резиденттердің, ғылыми қызметкерлердің мотивациялық хатына өте қатаң, тиянақты баға бердік", – дейді дәрігер, комиссия мүшесі Елтай Рахманов.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан көз жұмғандар үлесі жөнінен Италия неге алға шықты? Осы елде жұмыс істейтін қазақстандық дәрігердің әңгімесі
Комиссия құрамында Швейцария қазақтарының Birlik қауымдастығы мен Еуропадағы қазақ дәрігерлері қауымдастығының өкілдері бар. Қазақстан тарапынан Еуропа университеттерін тәмамдаған мамандар, жергілікті дәрігерлер мен университет оқытушылары, үкіметтік емес ұйымдар, әсіресе, еріктілермен жұмыс істейтін ұйым өкілдері стипендия иегерлерін анықтауға қатысқан.
Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің 6-курс студенті, интерн Амангелді Мұхамеджан – стипендия иегерлерінің бірі. Ол стипендиясын ғылыми жұмыс жасауға пайдаланбақ.
"Пандемия кезінде "менің үлесім – білімім" деген тоқтамға келдім. Неге десеңіз, осынау жағдайда вирустан да қауіпті нəрсе – жаңсақ түсініктер, жалған ақпар мен түрлі конспирология. Әлі диплом алмаған кезім. Әлеуметтік желі арқылы ағарту-сауаттандыру жұмыстарын жүргізуді қолға алдым. Осылайша он мың аудиториясы бар Instagram парақшамда арнайы жазба арқылы вирус, түрлі дəрілер мен олардың жанама əсері, вакцинация жəне сақтық шаралары жайлы ақпарат беріп отырдым. Бұл да аздық етеді деп, үйімнің жанындағы емханада бір айдай тегін қызмет қылып, жалпы тəжірибедегі дəрігерлерге қолғабыс қылдым", – дейді Амангелді Мұхамеджан.
Оқи отырыңыз: Коронавирустан әлсіреген иммунитетті қандай дәрумендер мен минералдар жақсартады? Дәрігер кеңесі
Бұл Швейцария қазақтарының пандемия кезіндегі алғашқы бастамасы емес. Қазақ қауымдастығы оттегі концентраторын сатып алып жіберген еді. Гуманитарлық көмек беруді қолға алған. Қауымдастық Швейцариядағы Қазақстан елшілігімен де тығыз жұмыс істейді.
Ал Еуропадағы қазақ дәрігерлерінің қауымдастығы медицина қызметкерлеріне арналған арнайы вебинарлар өткізеді. Пандемия жағдайы жақсарса Еуропа университеттерінде жұмыс істейтін қазақ дәрігерлері Қазақстанға келіп дәріс оқиды. Отбасылық дәрігерлерге арналған жобалары да бар.