Тікелей эфир

Ішер асқа жарымайтындар Қазақстанда қанша?

Сурет informburo.kz
Сурет informburo.kz
ЮНИСЕФ-тің былтырғы мәліметіне сенсек, Қазақстанда ересектердің 59, ал балалардың 19%-ында артық салмақ. Соның ішінде балалардың 7, ересектердің 24%-ы семіз.

"Kazakhstan_innovations_lab" өкілі Батырхан Омаров осындай дерек келтіреді.

Семіздік қазаққа тән бе?

Сарапшының пікірінше, түрлі жарнамалар балаларға тамақтану туралы шым-шытырық ақпарат беріп жатыр. Ол таңдау жасауға ықпалын тигізіп, сатып алушылардың әрекетін өзгертті.

– Азық-түлік өнімдеріне субсидия бөлудің де кесірі бар. Өйткені, балалар мен ересектер арзан бағаның бұғауына ілігеді, – дейді Б.Омаров.


Семіздік көрсеткіштері

Семіздік көрсеткіштері / Дереккөз: Қоғамдық денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық орталық


Мемлекеттік саясат импортты бақылауға, азық-түлік өнімдерінің маркировкасына, спортпен шұғылдануды жақсартуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және артық салмаққа байланысты тәуекелдерді түсіндіретін білімдік бағдарламаларды қабылдауға бағытталуы керек.

– Балаларды оқыту, ынталандыру қажет. Салауатты өмір салты балалардан басталуы керек. Дұрыс тамақтану және белсенділіктің маңызы туралы ерте білім беріп, энергетикалық теңгерімді басқаруға машықтандыру керек, – дейді ол.

Тамақтану дағдысының қадамдары:

  • Тамақты белгіленген уақытта аз-аздап, бөліп жеу қажет;
  • Жеміс және көкөністі тұрлаулы түрде жеңіл-желпі әлденіп отыру керек;
  • Таңертеңгі тамақты жіберіп алуға болмайды!
  • Порцияның мөлшерін шектеудің де денсаулық үшін шешуші маңызы бар.

"Артық салмақ – ауру" деп ескертеді сарапшы

– Генетикалық тұрғыдан алсақ, семіздік біздің тегімізде жоқ. Семіздіктің өсуі өте қауіпті жағдай. 90 пайызы дұрыс тамақтанбаудан және аз қимылдаудан пайда болады. Оған қазіргі жартылай дайын және фастфуд өнімдердің көбеюі де себеп болып жатыр, – дейді алматылық нутрицолог, диетолог дәрігер Майгүл Қайнарбаева.

Оның айтуынша, "бала құрсақта жатқан кезден-ақ артық салмаққа бейімделетінін бірі білсе, бірі білмейді. Анасы мен әкесінің екеуі де семіз болса, олардан туған балаларының да семіздікке ұшырау мүмкіндігі өте жоғары. Тек әкесінде ғана болса, ер балаға 50% төңірегінде беріледі. Ал қыз балаға анасынан шамамен 90% беріледі, яғни, анасынан қыз балаға берілу қаупі жоғары".

Тамақтану проблемасын шешу үшін азық-түліктік тізбектің барлық кезеңдерінде, атап айтқанда, өндірістен бастап өңдеу, бөлшек сауда және тұтынуға дейінгі кезеңдердің барлығында шаралар қолдануды талап етеді.

Бұл туралы М.Ломоносов атындағы Мәскеу МУ Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Евразиялық орталығының сарапшысы, эндокринолог-диетолог дәрігер Анастасия Фабричнова айтты.

Ол "Евразия аймағында тамақтану проблемаларын ескеретін ауылшаруашылығын құру керек" дейді.

– Тұрлаулы тамақтану рационына көшу үшін сарапшының пікірінше, өсімдік өнімдерін (жемістер, көкөністер, бұршақ тұқымдастарды, жаңғақтарды), сондай-ақ, балықты тұтыну мөлшерін екі есе арттырып, ет пен қантты тұтыну мөлшерін 50 пайыздан астам азайту қажет. Бұл бірақ табыс деңгейі жоғары елдер үшін өзекті. Ал кедей елдер салт-дәстүр мен экономикалық ахуалды ескере отырып, дербес саясат ұстанғаны абзал, – дейді ол.


Зиянды азық-түлік өнімдерінің маркетингін азайту әрекеттеріне сұраныс - 2010 - 2016 жылдардағы 5-19 жас аралығындағы артық салмағы бар балалардың саны

Зиянды азық-түлік өнімдерінің маркетингін азайту әрекеттеріне сұраныс – 2010-2016 жылдардағы 5-19 жас аралығындағы артық салмағы бар балалардың саны / Дереккөз: UNICEF


UNICEF өкілі Bernadette Gutmann салауатты емес азық-түлік өнімдерінің маркетингі және балалар құқығы тақырыбына маңыз береді.

Зиянды азық-түлік өнімдері маркетингінің әсерін төмендетуге бағытталған әрекеттерге тезірек кірісуге үндейді.

– Маркетингтік орта өзгерді. Денсаулықты нашарлатпаса, жақсартпайтын азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігі арта түсті, – дейді ұйым өкілі.


Балалар үшін қолжетімді тауарларды өткізу акцияларын жүзеге асыратын дүкендердің үлес салмағы

Балалар үшін қолжетімді тауарларды өткізу акцияларын жүзеге асыратын дүкендердің үлес салмағы / Дереккөз: UNICEF


– Маркетингтік қитұрқылықтың әсеріне көбінесе балалар ұшырайды. Осындай ықпалды тиімді түрде шектей алатын нормативтік актілерді қабылдау қажеттілігі аса жоғары. Маркетинг тез дамып келеді. Жаңа әдістер мен сату арналары көбейді. Оған төтеп беру үшін қарсы саясат жүргізудің жаңа әрі тиімді тәсілдері болуы керек. Цифрлық ортадағы және бөлшек саудадағы азық-түлік өнімдерінің маркетингін реттеу қажет, – дейді ЮНИСЕФ өкілі.


Дереккөз: UNICEF

Сарапшының пікірінше, осындай жағдайда азық-түлік өнімдерінің маркетингі бойынша бала құқығына негізделген көзқарасты ұстану қажет.


Зиянды азық-түлік тауарларының саудасы балаларға залал келтіруде

Дереккөз: UNICEF


Бұл көзқарас баланың мүддесіне барынша басымдық берудің тиімді саясатына септігін тигізеді деген пікірде.

– Мектеп – тамақтану саласындағы іс-шараларды өткізуге арналған маңызды орын. Мектептерде зиянды тағамдарды жарнамалауға жол бермеу және семіздіктің алдын алу жұмыстарын жақсарту қажет. Әлеуметтік теңсіздікті азайту мәселелеріне назар аудару керек, – дейді Bernadette Gutmann.

Европалық Одақ Балалар арасындағы семіздікпен күрес жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған іс-әрекеттер жоспарын жүзеге асыруда.

Венгрияның Ұлттық фармация және тамақтану институтының маманы Виктория Анна Ковачтың айтуынша, жоспарда сегіз түрлі негізгі іс-әрекеттер бағыты белгіленген:

  • Өмірді дені сау әрі салауатты ахуалда бастауға қолдау көрсету;
  • Мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердегі ортаны сауықтыруға септігін тигізу;
  • Пайдалы тамақты таңдау мүмкіндігін арттыру;
  • Балалар арасында маркетинг пен жарнаманы шектеу;
  • Отбасылардың мүмкіндіктерін кеңейту және ақпараттандыру;
  • Белсенділікті ынталандыру;
  • Мониторинг және бағалау;
  • Зерттеулер көлемін ұлғайту.

Ол тамақтану саласында мектепте ұсынылатын азық-түлік өнімдерін, мектеп асханасындағы тамақтың сапасы мен мәзірдегі өнімдердің қауіпсіздігін, сауда автоматтарында пайдалы өнімдердің бар болуын және өнімдерді таңдау мүмкіндігін, мектеп оқушыларының өздерімен бірге әкелген тамақтарын, тамаққа жарымау немесе артық тамақтану жағдайын тексеріп отыруды, мектептегі денсаулық сақтау проблемаларына назар аударуды ұсынады.

2018 жылы ФАО (БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымы) "Европа мен Орталық Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігі мен тамақтану жағдайына өңірлік шолу" атты баяндама дайындаған. Онда өңір елдеріндегі 2-ші Тұрлаулы даму мақсаттарына қол жеткізуге қатысты ағымдағы ахуал сипатталады.

Тұрлаулы даму мақсаттары дегеніміз – БҰҰ-ына мүше мемлекеттердің өмір сапасын, әлеуметтік-экономикалық дамуын және экологиялық тұрлаулылығын арттыруға бағытталған 2030 жылға дейінгі мақсаттар мен индикаторлардың кешенді әмбебап жинағы.

Ол 2030 жылға дейін қол жеткізу қажет болатын 17 мақсаттан, сондай-ақ, олармен байланысты 169 міндет пен 242 индикатордан құралады.

2-ші мақсат "Аштықты жою, азық-түліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тағам сапасын жақсарту және ауылшаруашылығының тұрақты дамуына септігін тигізу" деп аталады. Қазақстан құжатқа 2015 жылдық қыркүйек айында БҰҰ-ның 70-ші Бас Ассамблеясы шеңберінде қол қойған.

"Дүниежүзіндегі азық-түлік қауіпсіздігі мен тамақтану саласындағы жағдай" атты баяндамадағы 2018 жылғы мәліметке сәйкес, тамаққа жарымайтындардың саны 2015 жылғы 784,4 млн адаммен салыстырғанда, 2017 жылы 820,8 млн адамға дейін өскен. Немесе, 2015 жылы 10,6 пайыз болса, 2017 жылы 10,9 пайызға дейін жеткен. Мұндай мәлімет біршама алаңдаушылықты тудырып отыр.

Тамаққа жарымаудың таралғандығы (PoU) дегеніміз аштық және азық-түлік қауіпсіздігінің жоқтығы болып табылады. Азық-түлік қауіпсіздігі 4 түрлі өлшемді қамтиды: бар болу, қолжетімділік, пайдалану және тұрлаулылық, сондай-ақ, тамақтану.

PoU көрсеткіші белсенді әрі салауатты өмір сүру үшін қажетті калория мөлшерін алуға жеткіліксіз қарапайым тағам тұтынатын халықтың үлес салмағын бағалайды. Энергетика тұтынуды (ккал) энергетикалық сұраныспен салыстыру арқылы өлшенеді.

Қазақстанда PoU көрсеткіші елеулі түрде төмендеген, бірақ әлі де бар.


Дереккөз: БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымы, 2018 жыл


Орталық Азия елдерінде 2005-2017 жылдары тағамға жарымайтын тұрғындардың саны 32 пайызға (6,5 миллионнан 4,4 млн адамға дейін) азайған. Соған қарамастан, 2017 жылы Европа және Орталық Азия елдері бойынша ең жоғары болған (6,2 пайыз).

Алайда тағамға жарымау азаймай, баяулай түскен. Орталық Азия өңірінде PoU 2015 жылғы 5,8 пайызбен салыстырғанда, 2017 жылы 6,2 пайызға дейін өсті деп бағаланады. Тағамға жарымайтындардың саны 2015 жылғы 4 млн адамнан 2017 жылы 4,4 млн адамға дейін көбейді.

Балалар үшін қатерлерге тамаққа жарымау (салмақ жетімсіздігі, тапалдық), микроэлементтердің тапшылығы, артық салмақ және семіздік жатады.


Дереккөзі: UNICEF, WHO & WORLD BANK (2017)


Қазақстанда "Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" жаңа кодекс жобасы жаңадан жасалып жатыр. Мұнда жоғарғы мөлшерде майларды, трансмайларды, қант пен тұзды қамтитын азық-түлік өнімдерінің маркетингінің (жарнамасының) кез-келген түрінің балаларға тигізетін әсер-ықпалын азайтуға бағытталған бірқатар бастамалар енгізілген.

Алайда, бұлар өнім өндірушілер тарапынан қуатты қарсылыққа, лоббиге душар. "Дегенмен, жұмыс одан әрі жалғасын табады" деп хабарлайды Қоғамдық денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық орталығы.

Мекеменің ақпаратына сүйенсек, тамақтану рационында қант тұтынудың тәуліктік нормасын 25 грамнан асырмауға нұсқау беріледі.

Тәтті газдандырылған сусынның бір бөтелкесінде (0,5 литрлік) 55 грамм қант бар, ал бұл 11 кесек қантқа тең. Қантты шектеусіз тұтыну асқазан жарасы, тістің бұзылуы, сүйектің сынғыштығы, қант диабеті, семіздік, белсіздік қаупі (ер азаматтар арасында 30 жасқа дейінгі белсіздікке алып келеді) секілді зардаптары бар. Тәтті газды сусынды күнделікті тұтыну сперматозоид түзілуін 30 пайызға азайтады, жүкті болу мүмкіндігі төмендетеді, түсік тастау тәуекелі артады.

Жаңа Кодексте халықтың денсаулық сақтау бойынша хабардар қылуды арттыру мақсатында Жарнама туралы заңға өзгеріс әзірленіп жатыр. Онда телеарналардың барлығына тәулігіне кемінде әлеуметтік 10 жарнаманы және салауатты өмір салты бойынша контентті жариялап отыру міндеттелмекші.


Дереккөзі: Қоғамдық денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық орталығы


"ДДСҰ нұсқауларына сәйкес нан-тоқаш өнімдерінің құрамындағы тұз мөлшері азайтылады. Оған өнім өндірушілерді жұмылдыру көзделіп отыр. Нан құрамындағы тұз мөлшерін 1 кг ұнға шаққанда 2 грамм мөлшеріне дейін азайту бойынша келісімге келу мүмкіндігі туды" деп хабарлайды мекеме.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары