Тікелей эфир

"Сары аурудан сақтаныңыз!" Маман кеңесі

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы вирустық гепатиттің себептері мен алдын алу жолдарын түсіндіреді.

Вирустық гепатит – әртүрлі вирустардан туындайтын жұқпалы аурулардың үлкен тобы. Ол бауырдың зақымдануымен сипатталады, дегенмен әрқайсының бір-бірінен айтарлықтай ерекшелеліктері бар. Барлық гепатиттердің ішінде А вирустық гепатиті жиі кездеседі.

Гепатиттің бұл түрімен тек адамдар ғана ауырады және вирус тек адамнан адамға ғана жұғуы мүмкін. Әсіресе, бұрын ауырмаған және А вирустық гепатитіне қарсы екпе салдырмаған адамдарға қауіп көбірек.

"Науқас адамнан вирус нәжіспен бірге шығады, вирус бөлшектері қолды жумай, тамақ жеп, су ішкенде адамның асқазан-ішек жолдарына ену арқылы жұғады. Науқастану үшін вирустың шағын бір бөлшегі де жеткілікті. Сондықтан, жеке гигиена мен тамақтың таза болуына көңіл бөлген жөн. Әсіресе, қайнатылмаған теңіз өнімдері мен мұздатылған көкөністер мен жеміс-жидектер жеу кезінде аба болу керек", – дейді Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алу басқармасының басшысы Манар Смағұл.

Оқи отырыңыз: Ішек инфекциясынан қалай сақтануға болады? Маман кеңесі

Сондай-ақ, А гепатитінің кез келген түрімен ауыратын науқас адам айналадағыларға ауру жұқтыруы мүмкін екенін есте ұстауы қажет. Бұл ретте, сырқат адамда аурудың клиникалық белгілері пайда болғанға дейін-ақ бірнеше күн бойы төңірегіндегі андарға қауіпті болуы мүмкін. Вирустық гепатиттің негізгі симптомы терінің сарғаюы болғанымен, аурудың симптомсыз өтетін кезі де болады.

28 шілде – Дүниежүзілік гепатитке қарсы күрес күні. 2020 жылы күрес "Болашағымыз гепатиттен таза болу керек" ұранымен өтуде және аналар мен жаңа туған нәрестелер арасында В гепатитінің алдын алуға арналуда.

А гепатитінің инкубациялық кезеңі шамамен 30-50 күнді құрайды. Көбінесе балалар ауруға шалдығады, алайда олардың ауруы әдетте симптомсыз өтіп, тек 10 пайызында денесі сарғаяды. Егде жастағы адамдарда ауру ауыр түрде өтеді және олардың арасында қайтыс болатындардың үлесі басым.

Симптомдары – дене қызуының көтерілуі, әлсіздену, тәбеттің жоғалуы, диарея, жүрек айнуы, іштің айналасында қолайсыздықты сезіну, зәрдің қараюы және дененің сарғаюы (терінің және көздің ағының сарғаюы).

Оқи отырыңыз: Балалар аллергиясы неге айрықша қауіпті? Дәрігер кеңесі

А вирустық гепатитімен ауыратын науқастардың көпшілігі толық жазылады да, оларды өмір бойына иммунитет қалыптасады. Алайда бұл аурудың адам өлімімен аяқталатын ауыр фульминантты түрлері де кездесетінін естен шығармау керек. А гепатитінен кейін асқыну болмайды, ауру созылмалы түрге өтпейді.

Вирустық гепатиттен сақтанудың ең тиімді шара – профилактикалық екпе жасау арқылы иммундау. Соған орай, 2 жастан бастап балаларға екпе жасалады, иммундау курсы 6 ай сайын салынатын 2 екпеден тұрады.

Сондай-ақ, келесі қарапайым гигиена ережелерін сақтау қажет:

  • дәретханаға барғаннан кейін және тамақтанар алдында қолды жуу;
  • су ішу үшін бөтелкедегі немесе қайнатылған суды пайдалану;
  • көкөністер мен жемістерді мұқият жуу.
Мемлекеттік деңгейде алдын алу шараларының бірі – елді мекендерді абаттандыру және ауыз суын тазартудың тиімді тәсілдерін қолдану болып табылады.
Серіктестер жаңалықтары