Тікелей эфир

Қазақстандық QazVac вакцинасын егу сәуір айының соңында басталады

Қазақстандық QazCovid-in вакцинасына QazVac деген жаңа атау берілді.

Отандық вакцина сәуір соңында зерттеудің үшінші фазасының 50%-ы аяқталған соң оң нәтиже көрсетсе, адамдарға егуге пайдаланылады. Бұл туралы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья мәлімдеді.

"23 наурызда Алматыдағы науқастан паталогиялық материал – таза вирусты алдық. Одан вирусты бөліп алып, вакцина жасау технологиясын әзірледік. 15 мамырда вакцина дайын болып, ДДСҰ базасына тіркелді. Бірнеше жануарға клиникаға дейінгі зерттеу жүргізіліп, QazCovid-in қауіпсіздігі дәлелденді. Вакцина бірінші, екінші клиникалық зерттеулер фазасынан өтті. Таяуда үшінші фазаның 50% зерттеуі аяқталады. Есепті Денсаулық сақтау министрлігіне жіберіп, олардың рұқсаты болғаннан кейін ғана вакцинаны адамдарға еге аламыз", – деді Күнсұлу Закарья.

Оның сөзінше, вакцинаның алғашқы партиясы дайын және биологиялық бақылауға алынған. Сәуір айының аяғында ДСМ рұқсат берсе "СК-Фармация" қоймаларына 5 000 доза вакцина жеткізіледі. Кезең-кезеңімен доза 500 мыңға дейін артады.


Оқи отырыңыз: Astrazeneca вакцинасының атауы Vaxzevri болып өзгертілді


Вакцинаны клиникалық зерттеудің үшінші фазасы ресми түрде 9 шілдеде аяқталады. Содан кейін 20 күн бойы 3 000 еріктіден алынған мәліметтер өңделеді. Есеп ДСМ-ға жіберіледі.

"Вакцинамыздың иммунитет сақтау көрсеткіші бірінші фазадан кейін – 100%, екінші фазадан кейін 96%-ға сай болды. Екі фазада 244 еріктіге егілді. Вакцина алатын адамдар саны неғұрлым көп болса соғұрлым оның көрсеткіші төмендеуі мүмкін. Сондықтан үшінші фазаның аяғында бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін", – деді Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры.

Күнсұлу Закарья қазақстандық вакцинаның коронавирус штамдарына қаншалықты төтеп бере алатынын айтты.

"Вирустың ішіндегі бүкіл ақуыздар спектері сақталғандықтан қандай мутация кездессе де біздің вакцинадан пайда болатын иммунитет бүкіл мутацияланған штамдарға қарсы төтеп бере алады", – деп мәлімдеді ол.

Қазақстандық вакцина ДДСҰ базасына тіркелген коронавирусқа қарсы 268 кандидат вакцина арасында 14-ші болып клиникалық зерттеудің үшінші деңгейіне шығып отыр. 

Вакцина дайындау үшін Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғылыми бағдарламасына бір жыл бұрын республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. 2020 жылы институтқа қажет қондырғылар сатып алу үшін 718 млн теңгеге берілді. 2021 жылы бюджеттен тағы да қажет құралдар сатып алу үшін 500 млн теңге көзделген. 

Серіктестер жаңалықтары