Тікелей эфир

Қазақстандық Aitube видеохостингі YouTube-пен бәсекелесе ала ма?

Видеохостинг иелері YouTube отандық контент өндірушілерге аз қаражат төлеп, жергілікті нарықты "тұншықтырып" жатыр деген пікірде.

Aitu Dala digital-компаниясы Aitube видеохостингінің мобильді қосымшасын іске қосты. Пайдаланушылар Aitube платформасында Қазақстанда түсірілген телехикаяларды, мемлекеттік тілдегі ойын-сауық және танымдық сипаттағы контентті, сондай-ақ қазақстандық телеарналардың трансляциясын көре алады.  

Aitube видеохостингіне ай сайын екі миллионнан астам қолданушы кіреді. Қазірдің өзінде миллион қаралым жинаған видеолар бар. YouTube желісі тұрғанда Қазақстанға мұндай платформа қажет пе? Платформа қазақтілді аудиторияның сұранысын қанағаттандыра ала ма? Осы сұрақтарға Aitu Dala digital-компаниясының бас директоры Евгений Волков жауап берді.

YouTube қазақша контентті қаржыландырмайды

Aitu Dala компаниясының бас директоры Евгений Волковтың сөзінше, қазіргі таңда YouTube отандық контент жасаушыларды тұншықтырып, ірі контент өндірушілердің айналасында аудитория қалыптастырады. 

"YouTube ешқашан қазақтілді контентке ақша салмайды. Олар тіпті 200 миллиондай қолданушысы бар орыстілді аудиторияға "тиын" беріп отыр. Сол себепті Google мен YouTube ұзақ мерзімді келешекте ұлттық тілдерді тұншықтырумен айналысады. Бір жасар баланың өзі қазір интернетте ағылшынтілді контентті пайдаланады. Болашақта балада "YouTube-ті жақсы түсініп, қаншама адаммен тіл табыса алсам, ана тілімді не үшін меңгеруім керек?" деген сұрақ туындайды. Жаһандану заманында әлемде екі-үш алпауыт компания ғана контент бойынша шешім шығарады. Бұған жол бермей жергілікті нарықтан өз үлесіңді алу үшін күресу керек", – деді ол.

Aitube бас редакторы Ерлан Игісінов пен Aitu Dala компаниясының бас директоры Евгений Волков. 

Оның сөзінше, Сербияда өзіндік жаңалықтар сайты, іздеу жүйесі, әлеуметтік желілер жоқ. Олар азаматтары тұтынатын контентті мүлдем қадағаламайды. Ал Aitu Dala компаниясы Қазақстанда қазақтілді контент қажет екенін түсініп, жергілікті нарықпен жұмыс істеуді мақсат етеді.  

"Біз мәселені Aitube-ті іске қосу арқылы шештік. Платформа Қазақстан мен Орталық Азия аумағында видеоны ілгерілету мақсатында арнайы әзірленді. Әлем бойынша сол елдің аудиториясына жұмыс істейтін жергілікті сервистер пайда болып жатыр. Біз бірінші кезекте жеркілікті контентті дамыту үшін жұмыс істейміз. Кез келген уақытта видеохостингтен жаңа әрі қазақтілді контент тамашалай аласыз", – деді Евгений Волков.


Оқи отырыңыз: 2022 жылы әлеуметтік әмиян қолданысқа енеді. Оның банк картасынан айырмасы қандай?


Aitube видеохостингі авторларға Youtube-тан да көбірек төлемек

Aitu Dala компаниясының бас директоры Евгений Волковтың сөзінше, Youtube Қазақстан нарығында миллион қаралым жинаған ролик үшін контентмейкерге 150-200 доллар береді. Ал бұл ақшаға өмір сүру қиын. Осылайша YouТube жергілікті өндірушілерді қарапайым экономика алаңында тұншықтырып, олардың орнын жаһандық ойыншылар алмастырады. Ал алпауыттар жергілікті нарықты жұту арқылы аудиториясын арттырып, сәйкесінше табысын көбейтеді. Бұл қалыпты бизнес-тәсіл болғанымен компания иелері мұнымен келісе қоймайды. 

"Aitube видеохостингі мақсаты – Қазақстанда өндірілген және қазақстандықтарға арналған контентті дамыту. Бір айдан соң контент өндірушілерге табыстарды бөлу жүйесін іске қосып, оларға Youtube-тан да көбірек төлейміз. Біз нарықтың аяққа тұру процесіне қатысқымыз келеді. Видеоролик түсіретін, білгені мен қолынан келгенін ақшаға айналдыра алатын адамдарға мүмкіндік береміз", – деді Евгений Волков.

Кез келген адам Aitube ашық платформасына тіркеліп, контент жариялай алады. Компания шамалы уақыттан кейін төлем жүйесін іске қосып, контенттен түскен жарнама табыстарын да видео жасаушылармен бөліседі. Компанияның мәліметінше, Youtube-та мұндай жоқ, тіпті видеоролик бір миллион қаралым жинаса да, контент өндіруші жарнамадан түсетін қандай да бір табысқа ие болу үшін аянбай жұмыс істеуі керек. 

"Aitube жеке кабинетінде роликтен қанша пайда түскенін қадағалауға болады. Жарнама сататын серіктестеріміз бар. Сол себепті жарнама қанша рет көрсетілгенін, қай контентте қандай жарнама ойнатылғанын анықтай аламыз. Видеоролик ақысы контент көретін аудиторияға және контенттің өзіне байланысты болмақ", – деді Евгений Волков. 

Қазақстандық видеохостинг инвесторы – ERG кәсіпорындары. Компания басшылығы инвестиция сомасын атамағанымен жоба ұзақ мерзімді екенін айтты. 

"Цифрлы жобалардың барлығында бір мәселе бар, ол – қаржыландырудың алғашқы сатысынан өту үшін үш айда-ақ жобадан пайда түсетінін көрсету керек. Содан кейін инвесторға тағы үш айдан кейін өз шығынын өзі өтейтін жоаба екенін дәлелдеу қажет. Бірақ біз жобамыздың екі-үш жылда пайда әкеле қоймайтынын білеміз. Тау-кен компаниясының инвестор ретінде бір артықшылығы олар жобадан ұзақ мерзімді пайда көргісі келеді", – деді ол.


Оқи отырыңыз: Clubhouse. Бұл қандай желі және оның кең таралуына негіз бар ма? 


Aitube мобильді қосымшасы арқылы қолданушылар Қазақстанда өндірілген сериалдарды, ақпараттық шоу, көңіл көтеретін, танымдық контенттерді қазақ тілінде көре алады. Сондай-ақ, қазақстандық телеарналардың трансляциясы бар. Платформада жүздеген арна құрылып, балалар мультфильмінен бастап сараптаалық деректі фильмдерге дейін әртүрлі жанрдағы мыңдаған видео жарияланған. Видеохостингке ай сайын 2 миллионнан астам адам кіреді, оның 91%-ы астамы – Қазақстан азаматтары.

"Қазақстанда YouTube-ті ажыратып тастайтын "қызыл батырма" жоқ. Болса да оны қолданбайтын еді. Себебі, сапалы контент жасау үшін YouTube секілді бәсеке ортасы керек. Біз қосымша сегменттерде де дамуды көздейміз. Күзге қарай Aitube-те ірі қазақстандық киноның премьерасын жасағымыз келеді", – деді ол.

Бүгінде Aitu Dala digital компаниясының бірнеше өнімі бар:

  • Aitube видеохостингі;
  • Ainews жаңалықтар агрегаторы, әр екі минут сайын Қазақстанда тіркелген 120 БАҚ-тың жаңалықтарын бір лентаға жинақтайды;
  • Ainews.B2B жаңалықтар ресурстарын ілгерілетуге арналған ұсынымдар виджеті;
  • бренд-зерттеулер мен сауалнамаларға арналған Qalaysin сервисі;
  • сайтқа келушілердің статистикасын жинақтап, талдау жасайтын metrics.ainews.kz сервисі.
Серіктестер жаңалықтары