Еліміздегі облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың ұзындығы 71,6 мың шақырымды құрайды. Finprom.kz сарапшыларының талдауынша, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, оның 71%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болған. Ал 2025 жылға қарай мұндай жолдардың үлесі 95 пайызға жетуі тиіс.
"Биыл 1 қаңтардағы жағдай бойынша өткен жылдары орындалған жұмыстардыңң арқасында 53 мың шақырым жергілікті маңызы бар автожол қалыпты жағдайға келтірген. Ағымдағы жылы жұмыс нәтижелері бойынша көрсеткіш 55 мың шақырымды немесе 78%-ды құрайды. Жергілікті желіні дамытуға биыл 119 млрд теңге бөлінді. Ол қаржыға 150 шақырым желі салынып, 1150 шақырым желі қайта жөнделеді", – деп хабарлады сарапшылар.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Жол жөндеуге мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалып жатыр
Аймақтар жағдайында облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайы біркелкі емес. Бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстары әкімдіктерінің жұмысы қанағаттанарлықсыз екенін атап өткен болатын.
"Республикадағы көлік саны жағынан ең үлкен аймақ – Алматыда жолдардың сапасы мен жағдайына ерекше назар аударылады. Мәселен, көлік инфрақұрылымы саласында 3 жыл ішінде қалада 42 шақырым жаңа жол салынды, 2 жолайрық пайдалануға берілді, 6,6 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті және жалпы ұзындығы 460 шақырым болатын 530-дан астам көше жөнделді. Сонымен қатар, биыл 250 мың шаршы метр жолды жаңарту жоспарланған", – деп хабарлады сарапшылар.
Сарапшылардың мәліметінше, 2025 жылға дейін жергілікті желінің 15 мың шақырым жолын салу, қайта жаңарту және күрделі жөндеуден өткізу, 12 мың шақырымын орташа жөндеумен қамту жоспарланып отыр.
Жалпы алғанда, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі:
- 2021 жылы – 83%;
- 2022 жылы – 86%;
- 2023 жылы – 89%;
- 2024 жылы – 92%;
- 2025 жылы – 95% құрауы тиіс.
Оқи отырыңыз: Алматыда биыл 250 мың шаршы метр жол жөнделеді
Сарапшылардың мәліметінше, республика бойынша стандарттарды сақтау және тиісінше жолдарды реконструкциялау сапасын арттыру мақсатында жолдарды жөндеу кезінде техникалық қадағалау рейтингін жасау жоспарлануда. Рейтинг техникалық қадағалауды жүзеге асыратын инженерлердің жоба бойынша жұмыстарды сапалы жүргізуге деген қызығушылығын арттырады.
Естеріңізге сала кетейік, жолдардың сапасы бойынша елдердің әлемдік рейтингінде Қазақстан небәрі 93-орынды иеленді. Еліміз рейтингте, мысалы, көрші Ресейден озық екеніне қарамастан, жолдардың жағдайын жақсарту шараларын әлі де күшейту қажет.