Тікелей эфир

Пәтер иелері кооперативтері 2022 жылдың 1 шілдесінен жұмысын тоқтатады

Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Сурет shutterstock.com сайтынан алынды
Хостелдер төменгі қабатқа көшіріліп, өзінің бөлек кіреберісі және инфрақұрылымы бар орынға айналуы тиіс. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде айтылды.

2019 жылдың 26 желтоқсанында президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" туралы заңға қол қойған болатын. Бұл заң 2020 жылдың наурыз айынан бастап күшіне енеді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев жаңа заң бойынша пәтер иелері басқарудың екі формасының бірін таңдай алатынын айтты:

"Тұрғындар заңды тұлға ретінде мүлік иелерінің бірлестігін құрады. Болмаса, барлық тұрғындар бірлесіп басқаратын қарапайым серіктестік құрады. Екеуінде де "бір үй – бір бірлестік – бір шот" қағидасы жұмыс істейді. Яғни, әр үйдің тұрғындары ортақ қаржысын өздері басқарып, пайдалана алады. Бұл шаруаны үйді басқару міндетін басқарушы адамға немесе басқарушы компанияға жүктеуіне де болады".

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі

Вице-министрдің хабарлауынша, пәтер иелерінің кооперативі (ПИК) 2022 жылдың 1-шілдесіне дейін жұмыс істейді. Бұған дейін көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқарып келген ПИК жұмысының тоқтатылуына тұрғындардың шағымдары себеп болған.

Заң бойынша пәтер иелерінің жиыны жоғарғы басқару органы болып саналады. Яғни, ортақ мүлікті басқару және оны күтіп-ұстау мәселелерін кеңесіп шешеді. Үй кеңесінің, ревизиялық комиссияның мүшелерін сайлап, қызметіне риза болмаса олардың өкілеттіліктерін тоқтата алады. Үйді басқару формасын таңдап, шығындар жоспарын бекітеді. Үйге күрделі жөндеу жүргізу, ортақ мүлікті жалға беру сияқты маңызды шешімдерді қабылдайды.

Заңға енгізілген тағы бір өзгеріске сәйкес, бұдан былай көп пәтерлі үй кондоминимум нысаны ретінде тіркелуі тиіс. Сондай-ақ, заңда кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізудің жаңа механизмі айқындалып, ол үшін жеңілдетілген қарыз алу мүмкіндігі қарастырылған.

"Әкімдік бюджеттен бөлінген ақшаға тұрғын үйді жөндейді. Одан бөлек, тұрғындар жинақтаушы қорда күрделі жөндеуге жұмсайтын қаржыны жинайды. 8 жылдан кейін жинақтаушы қорда жиналған ақша әкімдікке қайтарылады (осыған дейін жасалған жөндеу үшін). Бұл қаржы жетпеген жағдайда, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2 пайыздық мөлшерлемемен несие береді. Олар кепілдікке ештеңе сұрамайды. Бұл механизм осы жылдан бастап жүзеге асырылады", – дейді Қайырбек Өскенбаев.

Жергілікті атқарушы билікке тұрғын үйлердің қасбетін, шатырын жөндеу және лифтті ауыстыру құқығы берілгені белгілі болды. Брифингте осы жылдан бастап тұрғындар үйге қатысты шығындар мен кірістерді, арыз-шағымдарды электронды портал арқылы бақылай алатыны да айтылды.

Оқи отырыңыз: "Пәтер сатып алдым". Жөндеу жұмысын неден бастау керек?

Мүліктің меншік иелерінің бірлестігіне (ММИБ) тіркеу үшін қандай құжаттар қажет?

  • Өтініш;
  • Хаттама (тұрғындар жиналыс өткізіп, олардың жартысынан көбі ММИБ тіркеуін қолдаған жағдайда ғана толтырылады. Жиналыс өткізілмесе, тұрғындар арасында жазбаша сауалнама жүргізіліп, оған ММИБ төрағасы мен хатшысы қол қоюы тиіс);
  • Типтік жарғы;
  • ММИБ тіркеуі үшін төленетін төлем (1 АЕК көлемінде).

Сондай-ақ, бұдан былай хостелдер төменгі қабатқа көшіріліп, өзінің бөлек кіреберісі және инфрақұрылымы бар орынға айналуы тиіс.

"Бұрынғы заңда хостел туралы айтылмаған болатын. Заңда тыйым салынбағандықтан, тұрғындар үйдің жоғары қабатынан хостел аша бастады. Осы мәселеге байланысты тұрғындар тарапынан шағым көп болды. Сол себепті, жаңа заңда "хостел" сөзіне анықтама берілді. Егер заң күшіне енгеннен кейін де жоғары қабаттағы хостелдер жұмысын тоқтатпаса, тұрғындар қалалық тұрғын үй инспекциясына шағымдана алады. Бұдан кейін де еш өзгеріс болмаса, құқық қорғау органдарына хабарласады", – деді вице-министр.

Серіктестер жаңалықтары