Тікелей эфир

"Полиция пара алып, істі жабады". Қазақстан адам саудасы жөнінен әлемде өте төменгі орында

Сурет 112.ua сайтынан алынды
Сурет 112.ua сайтынан алынды
Бүкіл әлемде 25 миллионнан астам адам саудасының құрбаны бар.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің Адам саудасы туралы есебіне сәйкес, бүкіл әлемде 25 миллионнан астам адам саудасының құрбаны бар. Олардың қатарында мәжбүрлі еңбекке жегілгендер, құлдыққа ұшырағандар, жыныстық зорлыққа тап болғандар, сондай-ақ, ағзаларын еріксіз ұрлатқандар да бар. Қылмыстың бұл түрі жаһандық деңгейдегі проблемаға айналып, әлемнің барлық елі адам саудасын тоқтатуға тырысып жатыр. Бірақ, АҚШ елшілігі мен консулдығынының мәліметінше, Қазақстан бұл күреске құлықсыз қарауда. Олар біздің елімізді адам саудасымен күресте ең төмен көрсеткішке ие елдердің тізіміне енгізіп, Қазақстан үкіметі адам саудасын жою жөніндегі шараларды толық көлемде сақтамайтынын жазды.

"Қазақстан үкіметі адам саудасын жою жөніндегі шараларды толық көлемде сақтамайды. Үкіметтің шетелдік құрбандарды анықтау және оларды қорғау жөніндегі әрекеттері төмендеді. Шетелдік құрбандар қылмыстық тергеулер жүргізуге көмектеспеді, қызмет алу құқығынан айырылды және заңды баламасыз елден шығарылды. Құқық қорғау органдары еңбекке жегу үшін адам саудасын жасағандарды тергеу, қудалау және жауапкершілікке тарту бойынша шектеулі шаралар қабылдауды жалғастырды. Адам саудасы үшін үкімдер саны төртінші жыл қатарынан төмендеді", – деп жазды АҚШ мемлекеттік департаменті.

Оқи отырыңыз: "Елден жырақ жерге апарып, үш ай бойы сиыр бақтырды"

Қазақстанда адам саудасына қатысты қылмыстар азайған

Елімізде адам саудасы мен қылмыстық жауапкершілікке тарту оқиғалары Қырғызстан мен Өзбекстан сынды көрші елдерге қарағанда едәуір төмен. Бұл Қазақстанда адам саудасы жоқ дегенді білдірмейді, керісінше осындай қылмыстарды анықтау, тергеу және жазалау бойынша жұмыстардың тиісті дәрежеде атқарылмайтынын көрсетеді екен. АҚШ мемлекеттік департаментінің дерегінше, адам саудасы туралы істер бойынша полиция жүргізген тергеулердің саны 2018 жылғы 106 істен 2019 жылы 45-ке дейін қысқарған.

Кінәлі деп танылған адам саудагерлерінің қатары сиреген:

  • 2018 жылы – 8 адам;
  • 2017 жылы – 29 адам;
  • 2016 жылы – 45 адам.

Осылайша жыл өткен сайын құлдырау байқалады. Былтыр сотталған сегіз адам саудагерінің алтауы 5-10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, біреуі 3 жылға шартты түрде сотталды және тағы біреуі 6-8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын ішінара кейінге қалдырды. Сондай-ақ, адам саудасына қатысты 86 іс бойынша тергеу басталды, оның ішінде сутенерлік пен притон ұстағаны үшін (салыстыру үшін 2018 жылы 182 іс қаралды).

Оқи отырыңыз: Қытайға бару қауіпті ме? Саудамен барып қайтқан кәсіпкердің әңгімесі

Полиция қызметкерлері адам саудасына қатысты қылмысты жабу үшін пара алады

АҚШ консулдығы келтірген дерек бойынша, елімізде екінші жыл қатарынан елді еріксіз еңбекке жегу үшін адам саудасымен айналысқан бірде-бір адам сотталған жоқ. Ал Үкіметтік емес ұйымдар адам саудагерлері жауапкершіліктен жалтару үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне пара береді, тіпті кей полиция қызметкерлері мәжбүрлі еңбек пен жыныстық қанаушылық қылмыстарына көмектесті деп хабарлады. Сондай-ақ, Үкіметтік емес ұйымдар адам саудасы құрбандарының айғақтарына қарамастан, кейбір қылмыстық істер "дәлелсіз" деп жабылғанын айтады.

ҮЕҰ полиция қызметкерлерінің адам саудасына қатысы бар екендігі туралы дабыл қағып, тиісті орындарға хабарлаған. Алайда, мұндай қылмыстарға қатысы бар деп күдіктелген полиция қызметкерлерін немесе басқа лауазымды тұлғаларды тергеу және қылмыстық жауапкершілікке тарту, іс жүзінде мүлдем орындалмайды. Осылайша, Қазақстан екінші жыл қатарынан адам саудасымен күресте екінші деңгейдегі тізімде қалды.

Оқи отырыңыз: Ел аман, жұрт тынышта із-түзсіз жоғалатындар көбейді

Қазақстандық әйелдер жыныстық құлдықққа көп жегіледі

Мәлімет бойынша, соңғы бес жылда Қазақстанда тек шетелдіктер ғана емес, отандастарымыз да адам саудасының құрбанына айналған. Адам саудагерлері Қазақстан тұрғындарын негізінен Ресейде, сондай-ақ, Бахрейнде, Бразилияда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Корея Республикасында және Түркияда мәжбүрлі еңбекке ұшыратады. Әсіресе қазақстандық әйелдер мен қыздарды Таяу Шығыста, Еуропада, Шығыс Азияда және АҚШ-та жезөкше ретінде сатады. Ал, Қазақстанда Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның шектес елдерінен, сондай-ақ Қазақстанның ауылдық аймақтарынан келген әйелдер мен қыздарды коммерциялық жыныстық қанаушылыққа жегеді. Көп жағдайда адам саудагерлері үлкен қалаларда даяшы, модель немесе бала күтуші ретінде жұмыс істеуге жарнама берген қыздар мен әйелдерді құрбан қылады. Кейбір жағдайларда балаларды қайыр сұратады.

Оқи отырыңыз: Жұмыскердің құқығы: нені білу керек?

АҚШ адам саудасымен күрестегі жағдайды жақсарту үшін Қазақстанға келесідей ұсыныстар берді:

  • Адам саудасынан жапа шеккендерді анықтау бойынша шараларды барынша күшейту;
  • Мәжбүрлі еңбекке жегуден жапа шеккен шетелдіктер үшін көрсетілетін көмек көлемін едәуір арттыру, осындай қылмыс құрбандарына олардың тергеу және қылмыстық істерге қатысуына қарамастан көмек көрсетуді қамтамасыз ету;
  • Адам саудасымен байланысты қылмыстарды тергеуді қамтамасыз ету және кінәлілерді, оның ішінде болжамды қатысы бар мемлекеттік қызметшілерді, полиция қызметкерлерін жауапқа тарту.
  • Адам саудасының анықтамасын халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру үшін адам саудасына қарсы күрес туралы Заңға өзгерістер енгізу;
  • Адам саудасының құрбандарын, әсіресе халықтың әлсіз топтары арасында мәжбүрлі еңбекке жүмсалғандарды анықтау бойынша күш-жігерді едәуір арттыру және зардап шеккендерді көмек көрсететін ұйымдарға жіберу;
  • Еңбекті қорғау жөніндегі инспекторларға мәжбүрлі еңбек құрбандарын анықтау және адам саудасына қатысты жағдайлар туралы полицияға хабарлау бойынша жүйелі арнайы оқыту жүргізу;
  • Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі полиция бөлімшелерін қаржыландыруды және ресурстармен қамтамасыз етуді ұлғайту;
  • Баспана берушілерді конкурстық іріктеу процесі адам саудасы құрбандарына қызмет көрсетуге кедергі келтірмейтіндей механизмдерді енгізу;
  • Депортацияның заңды баламаларын енгізу, әсіресе шет елдегі адам саудасының құрбандарына, қатыгездікке ұшырағандарға және адам саудагерлерінің қайта құрбан болу қаупіне тап болған жағдайда;
  • Бітімгерлерді адам саудасына қарсы күрес әдістеріне оқыту немесе оларды осындай қылмыстарға жол бермеу үшін жәрдемдесуге нұсқама жүргізу;
  • Шекаралық және бақылау-өткізу пункттерінде адам саудасына қарсы күрес жөніндегі ақпараттық материалдар орналастырылсын.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары