Тікелей эфир

Төрт тағанымыздың тағы бірі шегеленді

Азаматтық белсенді Рустем Ашетаев Президенттің ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге тыйым салуы соңғы 20 жылдағы ең маңызды шешім деп есептейді.

Мемлекет басшысы таяуда Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың тарихындағы ең құнды шешімдерінің бірін жариялады. "Шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты. Мен мұны Президенттің заң шығару бастамасы арқылы жедел түрде жүзеге асыру қажет деп шештім. Президент Әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керек", – деді Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында. 

Жалпы, қазақ үшін ең басты төрт құндылық бар. Олар:

  • Тәуелсіздіктің жариялануы;
  • Мемлекеттік шекараның бекітілуі;
  • Қазақстан жерін шетелдіктердің иемденуінен сақтап қалу;
  • Тіл мәселесі.

Оқи отырыңыз: Стратегиялық ойлауды ұмытпасақ екен


Қандай мемлекет болса да, осы төрт "тағаны" нық болса, сол елдің болашағына үлкен сеніммен қарауға болады. Енді, мемлекеттігімізді ұстап тұрған осы төрт "тағанымыз" несімен құнды екеніне тоқталайын. 

  • Бірінші. Тәуелсіздігіміз жарияланып, осы жарлыққа қол қойылған күннен бастап біз дербес мемлекет болдық. Бұл игілікке ешқандай құндылық жетпейді. Ол даусыз.
  • Екінші. Шекарамыз белгіленіп, әлем картасынан ойып орын алуы – біздің еліміздің елдігінің ең үлкен символы. Жері жоқтың – елі жоқ! Сондықтан тәуелсіздік пен шекарамыздың белгіленуі бір-бірінен бөліп қарауға келмейтін егіз ұғым.
  • Үшінші. Шет мемлекеттерден жерімізді қорғау – мемлекеттігімізді қорғау. Еліміздің 80 пайызы ауыл шаруашылығы жері екенін ескерсек, Президенттің бұл шешімі жерімізді, елдігімізді шетелдіктердің "аранынан" алып қалу (басқа мақсаттағы жерлерді қорғайтын арнайы заңдар бар) болмақ. Сондықтан мұныі соңғы 20 жылдағы шешімдердің ең маңыздысы деп бағалауға болады. Оның қадірін терең түсінуіміз керек!
  • Төртінші. Тіліміздің мәселесі де жақын болашақта шешілетініне бек сенімдімін. Осы мәселенің де шешілуіне аз ғана уақыт қалғаны күн өткен сайын көрініп те, сезіліп те келеді.

Ал енді "төрт тағанымызды" шегелеп алудың бар мақсаты – елдігімізді сыртқы күштерден қорғау! Бүгінгі күнге дейін "төрт тағанымыздың" алдыңғы екеуі шегеленіп қойылған болса, енді тағы бірін шегеленеді деуге әбден болады.


Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылығында еркіндік қай деңгейде?


Сыртқы күштерден шекарамыздың ішіндегі жерімізді қорғайтын заңды бекітіп алу туралы заңға өзгеріс енгізу шешімін қабылдау қазақ қазақ болғалы өз жеріне тек өзі қожайындық жасауына мүмкіндік береді. Ұлтымыздың болашағы үшін жасалып отырған әрбір игі істің бағасын білу, бағасын әділ беру біздің міндетіміз.

Әрине, шетелдіктерге жерімізді сатқысы келіп отырған "жуан топтардың" арам пиғылдарынан, Президентіміздің жалғыз мәлімдемесімен қорғап қалу мүмкін емес. Өйткені, шетелдіктердің жерімізді именденуіне мүмкіндік беретін басқа да "шұрық-тесік" заңдарымыз бар. Олардың бәрін "көшеде жүріп" бітеп шығу мүмкін емес.

Сондықтан мемлекет басшысының "Жер комиссиясын құру" жөніндегі тапсырмасы заңымыздың "жыртық-жамауын" толық бітеу үшін, осындай қажеттіліктің туындайтынын, әрі ең тиімді жолы екендігін терең түсінгендіктен, халыққа беріп отырған үлкен мүмкіндік деп қарауымыз керек. Жер комиссиясына халықтың ішінен шыққан ең сенімді, ең принципті, ең көреген азаматтар алынып, жұмылып жұмыс жасау керек.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары