Тікелей эфир

Стратегиялық ойлауды ұмытпасақ екен

Азаматтық белсенді Рустем Ашетаев инвестициялық жобалар стратегиялық тұрғыда зерттеліп барып қабылдануы қажет деп есептейді.

Таяуда қоғамға белгілі азаматтар Шымкент қаласында ипподром аумағында тұрғын үй кешенін салуға байланысты ойларын ортаға салып, пікір алмасқан дөңгелек үстел форматындағы кездесу өтті. Бұл жиынға мен де қатыстым. Негізгі тақырып – ипподром аумағына қатысты Bi Group компаниясының ұсынысы болды. Құрылыс компаниясы Шымкент қаласы әкімшілігіне қазіргі ипподромды қаланың сыртына көшіріп, орнына заманауи тұрғын үй кешенін салу бойынша ұсыныс тастаған болатын. Инвестициялық жобалары дайын. Қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы ескеріле отырып жасалған.

Алайда бұл ұсыныс жарияланған күннен бастап осы мәселе бойынша халықтың пікірі екіге бөлінгенін білеміз. Әрине, "Қанша адам болса, сонша ой болатыны" белгілі. Кездесуде де түрлі тараптан түрлі ой айтылды. Мен де сөздің реті келгенде бұл жобаны толық қолдайтынымды жеткіздім. Себепсіз емес. Өйткені, азаматтық белсенді ретінде бұл жобаға қатысты өз бетімше біраз мәселелерді жан-жақты зерттеген едім. Зерттей келе, бұл жобаның қалаға экономикалық та, экологиялық та ешқандай зияны жоқ екеніне, қайта қаланың мегаполистік дамуына пайдасы ғана бар жоба екеніне көзім жеткен соң, оны қолдау керек деп шештім. Әзірге бұл жобаға қарсы болушылардың айтқан уәждерінен, менің ойымды өзгертуге ешқандай аргументтік-логикалық тұрғыдан қауқарлы дүние көрмедім. Сондықтан, осы тақырыптағы өз зерттеуімді көпшілік назарына ұсынуды жөн көріп отырмын.

Экологияға әсері

Әрбір қаланың экологиясы – оның ең басты құндылықтарының бірі екені даусыз. Сондықтан әрбір құрылыс нысаны салынарда қаланың экологиясына әсері жайлы арнайы сала мамандарының зерттеуі ескерілуі қажет деп есептеймін.

Менің эколог мамандармен сұхбаттаса отырып жасаған зерттеуім бойынша, келесі мәліметтерді келтіріп отырмын:

  • ипподромның қазіргі аумағы – 33 га;
  • жасыл желегінің аумағы – 1,5 га;
  • бір адамның оттегіні тәуліктік тұтыну мөлшері – орташа есеппен 600 литр.

Яғни, ипподромның жасыл желегі бөлетін оттегі мөлшері бір күнде тек 150 адамның қажеттілігін ғана өтей алады екен.

Ипподромның өзге құндылығы жоқтың қасы. Өйткені, оның жерасты қойнауы зерттелген. Болашақта керек болуы мүмкін ешқандай қазба байлық жоқ. 30 метр тереңдікке дейін ешқандай жерасты суы да жоқ.


Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылығында еркіндік қай деңгейде?


Инвестициялық жоба жайлы

Бұл ретте алдымен "инвестиция дегеніміз не?" деген сұраққа жауап беру керек. Өйткені, кейбір азаматтар инвестиция мен бюджет қаржысын әлі күнге ажырата алмайды. 

Инвестиция – бір тұлғаның, топтың, не компанияың белгілі бір жобаларға өз қаржысын құюы. Бұл жерде халықтың қаржысына (бюджетке) ешқандай қатысы жоқ.

BI Group компаниясы 5 жылға арналған келесі инвестициялық жобаны ұсынып отыр. 

Тұрғынүй кешеніне:

  • 6 мың пәтер мен 150 бизнеске арналған нысандарға – 122 млрд теңге.

Қалалық әкімшіліктің құзырына берілетін нысандарға:

  • жаңа ипподром – 2 млрд теңге;
  • 1500 орындық жаңа мектеп – 5 млрд теңге;
  • 200 адамдық жаңа емхана – 1,7 млрд теңге.

Әлеуметтік инфрақұрылымға:

Үлкен плейхаб (ойын алаңы,ауланы көгалдандыру) – 13 млрд теңге;

Инвестицияның жал құны – 135 млрд теңге. Оның 40 млрд теңге бөлігі жұмысшылардың ақысына, ал 95 млрд теңгесі құрылыс заттарына жұмсалмақ. 


Оқи отырыңыз: Қазақстан экономикасының тоқырауы және одан шығар жол


Пайдасы не зияны қандай?

Ал енді таразылап көрейік. Жобаның қала экологиясына пайдасы басым ба екен, әлде зияны ма?

  • Ипподром аумағындағы көгалдандырылған алаң. Қазіргі аумағы – 1,5-2 гектар, ал құрылыс жұмыстары аяқталғанда ол 20 гектар болмақ. 
  • Ипподром жасыл желегінің оттегімен қамтамасыз етуі. Қазіргі таңда бір күндік мүмкіндігі 150 адамның қажеттілігін өтесе, құрылыс біткенде ол 1 500 адамға жетпек. 

Ал инвестициялық жобаның әлеуметтік маңызы қандай?

  • 70% комфорт және 30% бизнес санатындағы 6000 пәтермен қамтамасыз етеді;
  • 8 мың адам 5 жыл бойы тікелей сол жерде тұрақты жұмыспен қамтылады;
  • 20-25 мың адам осы құрылысқа керекті материалдарды өндіруге, тасымалдауға жұмыс істейді.

Бұған қоса құрылыс заттарының 70 пайызы отандық өндірушілерден алынатынын ұмытпағанымыз жөн. Ал бұл дегеніміз 65-75 млрд теңге көлеміндегі қаражат жергілікті өндірушілердің бюджетіне түседі деген сөз. Отандық өндірісті қолдау осы емес пе?

Ал ең бастысы, қаладағы жұмыспен қамту мәселесін шешуге үлкен септігін тигізетіні тағы бар. Айталық, 

  • тұрақты жұмысшылардың айлық табысы – 120-500 мың теңге аралығында болады;
  • құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін кешен тұрғындарына қызмет көрсету мақсатында 2 500 адам тқрақты жұмыспен қамтылады. Ал кеңселерде тағы мың адам жұмыс істейді. 

Бұдан бөлек, жаңа ипподром, 1 500 орындық жаңа мектеп, 200 адамдық жаңа емхана, үлкен плейхаб ойын алаңы бар. Мұның бәрі жаңадан ашылатын жұмыс орындары санын еселей түспек. Басқасын айтпағанның өзінде қала бюджетіне салық түрінде 15 млрд теңге қаржы түседі. Ал бұл қаражат 10 парк салуға жеткілікті. 

Шаңы шығып жатқан, қала тұрғындарына не экологиялық, не экономикалық ешқандай пайдасы жоқ (қазіргі ахуалында пайдасы жоқ деуге әбден болады), жылына екі мәрте атжарыс пен көкпар, бір рет Наурыз мерекесі тойланатын бұл ипподромнан 30 мың халықты 5 жыл жұмыспен қамтып, қалаға ірі мегаполиске лайық көрік беретін құрылыс пен бизнес нысандарының болғанын артық көремін.

Әдетте, кез-келген қаланың дамушы қала екенінің белгісі болып, қосымша-жанама инвестициялардың ағымын бұрушы құбылыстардың бірі – әсем де көрікті, биік те сымбатты ғимараттар саналады. Мұны Малайзия мен Дубайдың мысалынан анық көреміз. Сондықтан осындай заманауи көрікті ғимараттарға инвестиция салу арқылы қаланың экономикасының дамуына серпін беретін жобалардың көп болғанын қалаймын.

Айтаққа сүрең қоспай, салыстырмалы түрде стратегиялық ойлауды да ұмытпасақ екен!

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары