
Бесінші республика
Францияның Бесінші республикасы – 1958 жылы генерал Шарль де Голльдің бастамасымен қабылданған жаңа конституциялық жүйе. Бұған дейінгі Төртінші Республиканың әлсіздігі – тұрақсыз үкіметтер мен парламенттік фрагментация – саяси дағдарысқа әкелген.
Ал Бесінші республикада:
- Президенттің өкілеттігі күшейтілді;
- Атқарушы билікке басымдық берілді;
- Францияда жартылай президенттік жүйе (semi-presidentialism) орнықты.
Бесінші республика бұл – прагматикалық саяси реформа, ұлттық мүддені, саяси тұрақтылық пен мемлекеттің тиімді басқарылуын алға шығарған жүйе. Француз халқы үшін бұл мемлекеттілікті қайта жаңғырту, жаңа идеологиялық келісім мен тарихи сабақ алудың көрінісі болды.
Оңтүстік Кореядағы Алтыншы республика – 1987 жылы басталған демократиялық транзит нәтижесінде қалыптасқан жүйе. Бұған дейінгі авторитарлық кезеңдер (мысалы, Пак Чон Хи мен Чон Ду Хван билігі) халық наразылығымен аяқталған. 1987 жылғы Конституцияда:
- Президенттің тікелей сайлануы енгізілді;
- Азаматтық құқықтар мен бостандықтар нығайтылды;
- Билік тармақтарының бөлінісі нақтыланды.
Оқи отырыңыз: Жаһандық қатерлерден сақтанудың жалғыз жолы – ішкі экономикалық қуатты күшейту
Алтыншы республика
Бұл халық пен мемлекеттің жаңа қоғамдық келісімі, яғни азаматтық легитимділікке негізделген басқару форматы. Бұл модель қатаң авторитаризмнен демократиялық-плюралистік жүйеге өту кезеңін көрсетеді.
Қазақстанда 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған саяси реформалар жиынтығы "Жаңа Қазақстан" және "Екінші республика" ұғымдарын күн тәртібіне шығарды.
Бұл ұғым:
- Конституциялық реформалар (2022 жылғы референдум);
- Президент өкілеттігін шектеу (7 жылдық бір мерзімі);
- Партиялық жүйені қайта жаңғырту, мәжіліс пен мәслихатқа баламалы күштердің келуі;
- Жаңа саяси мәдениетке көшу (жауапкершілік, қоғаммен диалог, меритократия).
Оқи отырыңыз: Үкіметтің міндеті – халықтың әл-ауқатын төмендетуге жол бермеу – Тоқаев
Екінші республика
"Екінші республика" – бұл қазақстандық модельдегі бейбіт транзит, авторитарлық-олигархиялық жүйеден жаңарған мемлекетшіл, есеп беретін басқару форматына бетбұрыс. Ол әлі толыққанды жүйе емес, бірақ үрдіс пен ниеттің, бағыттың атауы.
Қазақстан үшін Франция мен Корея тәжірибесінің басымдықтарын алатын болсақ мынадай ұсыныстарды жүзеге асырған жөн:
- Президенттік институт күшті бола тұра, оны тежейтін тәуелсіз парламент пен сот жүйесі болу керек;
- Ұлттық идеология мен мемлекетшілдік мазмұн нақты ұсынылса (де Голль моделі тәрізді);
- Мемлекеттік басқару кадрлары жүйелі жаңаруы тиіс (олигархиялық контингент орнына технократтар мен реформаторлар келу керек);
- "Екінші республика" ұғымы идеологиялық вакуумды жою үшін нақты нарративпен толықтырылуы тиіс (мысалы, "Жауапты мемлекет – Сенімді қоғам" парадигмасы). Ол құқықтық реформа ғана емес, құндылықтық реформа ретінде де қарастырылуы қажет.
(Жазба Қазбек Майгелдиновтің Facebook парақшасынан алынды)
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.