Қазақстанда парламенттік реформа мәселесінің талқыланып келе жатқанына 20 жылдан аса уақыт өтті. Парламенттік реформаның Конституциялық жолмен іске асырылуы – өкілді биліктің тиімді үлгісін бекітіп, саяси теңгерімдіктің жаңа жүйесін қамтамасыз етіп, парламенттік бақылауды күшейтудің тиімді тетігі.
Мемлекет басшысының бастамасымен бір палаталы Парламентке көшу аясында жоғары Заң шығарушы органның өкілеттіктері мұқият қайта қаралып, Құрылтайға қатысты ережелер толық нақтыланып, түгелдей жаңарды және Конституцияның жобасында төртінші "Құрылтай" деген бөлімде жинақталды.
Құрылтайға қатысты кең ауқымды ұсыныстар негізінде жаңа өкілеттіктер мен тежеу және тепе-теңдік жүйесі қалыптастырылды. Бұл – елімізде Президенттік билік жүйесінің тиімділігі сақталады деген сөз.
2022 жылы жүргізілген конституциялық реформаның арқасында біз Мәжілістің құзыретін елеулі түрде кеңейттік. Нақты айтқанда, бүгінде Мәжіліс заң қабылдайды, ал Сенат мақұлдайды. Бұл алғашқы қадамдар еді. Жаңа Конституцияның жобасына сәйкес, Құрылтай – заң шығару билігiн жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкiлдi органы ретінде айқындалады.
Жалпы, бір палаталы Парламентке көшу халықаралық үрдіске толық сай келеді. Әлем елдерінің үштен екісінде осындай парламенттік жүйе қалыптасқан. Сол себепті бір палаталы Парламентке өту бір есептен жұмыстың жаңа қалыбы мен қарқынына, тез шешім қабылдауға бейімделуді көздейді. Яғни, оның заң шығару процесін жедел, түсінікті және қоғам үшін ашық болуына ықпал етеді.
Құрылтай біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік жүйесі негізінде сайланатын 145 депутаттан тұрады және оның депутаттарының өкілеттік мерзімі – 5 жыл болып белгіленеді.
Құрылтайда президент квотасы болмайды, депутаттар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайланады. Пропорционалды жүйе партиялардың кадрлық саясатты дамытуына ықпал етіп, олардың институционалдық рөлін күшейтеді және саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырады.
Құрылтайда партиялардың көп болуы саяси диалогты кәсіби негізде өрбітуге ынталандырады. Жаңа жағдай партия жұмысына тың талаптар қояды. Кәсібиліктің бәсі жоғарылай түседі. Құрылтайға көшуге байланысты Үкімет пен оның мүшелерінің заң шығарушы органмен өзара іс-қимылын күшейту үшін атқарушы билікке қатысты көптеген ережелер айқындалды. Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылауы, бекітуі Құрылтайдың құзыретінде болады.
Оқи отырыңыз: Конституция мен оның жаңа жобасындағы айырмашылықтар. Салыстырмалы кесте
Құрылтайдың депутаттары Үкімет мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдайды. Және еліміздің заңдары орындалмаған жағдайда есепті тыңдау қорытындысы бойынша Құрылтай депутаттары президентке Үкімет мүшесін лауазымынан босату туралы өтініш қабылдайды. Мұндай жағдайда президент Үкімет мүшесін лауазымынан босатуы қажет.
Заң шығару бастамасы құқығына ие субъектілердің қатары анықталды. Заң шығаруға бастама жасау құқығы Президентке, Құрылтай депутаттарына, Үкіметке, Қазақстан Халық кеңесіне тиесілі және тек қана Құрылтайда іске асырылатыны көзделген. Сонымен қатар, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің қолданыстағы Конституцияның баптарында айқындалған ерекше құзіреттеріне қатысты өкілеттіктерін белгілейтін кейбір баптар біріктіріліп, жетілдіріліп Құрылтай құзыретіне берілді.
Құрылтай азаматтардың мүддесін білдіре отырып, қоғамдағы өзекті мәселелердің кеңінен талқылануын қамтамасыз етеді және заңдар қабылдайды. Аталған жаңашылдықтарды ескере отырып, Құрылтай Парламенттің неғұрлым кәсіби, жедел және тиімді үлгісі болуға бағытталған.
Ал жаңа Конституцияда көзделген Қазақстан Халық кеңесін құру – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды институционалдық тұрғыда бекітуге бағытталған маңызды қадам.
Қазақстан Халық кеңесі – Қазақстан Республикасы халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган болады және Қазақстан азаматтарынан құралады.
Бұл орган ірі қоғамдық бірлестіктерді, мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерді, этномәдени құрылымдарды біріктіре отырып, Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік институт ретінде айқындалды. Оның Конституциялық мәртебеге ие болуы – Кеңестің жай пікірталас алаңы емес, мемлекеттік саясатқа ықпал ете алатын тұрақты жалпыұлттық орган екенін көрсетеді.
Оқи отырыңыз: Вице-президент институты: Қазақстан мен шетел тәжірибесі және сарапшылар пікірі
Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілдік орган ретінде қарастырылады. Құрылтайдың өкілеттігі, қызметінің тәртібі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы мен саны Конституцияда нақты айқындалады. Құрылтай мен Халық кеңесі бір біріне кедергі келтірмейді. Себебі, олардың өкілеттіктері Конституцияда нақты айқындалған және бұл институттар өз өкілеттіктерінің шеңберінде бір бірімен өзара әрекет етеді.
Бұл қоғамдық пікірдің заңнамалық деңгейде ескеруін қамтамасыз етеді, яғни азаматтардың талаптары мен ұсыныстары нақты шешімдерге еніп, мемлекеттік саясатқа ықпал етеді. Мемлекеттік шешім қабылдауды тек ресми әкімшілік түрде емес, қоғаммен үндесетін, әлеуметтік және стратегиялық талаптарды ескеретін жүйеге айналдырады.
Халық кеңесінің құрылуы – елімізде демократиялық басқарудың жаңа деңгейін енгізетін, стратегиялық реформаларды халықпен үндестіріп жүзеге асыруға мүмкіндік беретін нақты институционалдық қадам болып табылады.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
USD:
492.5 / 495.9
EUR:
579.5 / 584.5
RUB:
6.37 / 6.49