Тікелей эфир

Ақтық байлаудағы ақымақтық

Ұлттық салтты қалай сақтау керек еді?

Тақырып тұрсын ақырып

Мақаланың тақырыбын қоярда біраз толғандық. Нені жазатынымызды барып көрдік, оған тарихи және ғылыми негіздер таптық. Көкіректің өзінде сайрап тұрған біраз оқиға бар. Бәрібір ойлануға тура келді. Тақырыпты қалай деп қою үшін.

Осыған орайлас қаламгер ағамыз марқұм Қабдеш Жұмәділовтің естелігі бар еді. Кеңес Одағы тарқап, еркіндіктің Ебі желі ескенде Қабекең "Үш әріп – үрей ордасы" атты мақала жазған. Қолжазбадағы тақырып осындай болған. "Үш әріп" – Кеңес Одағының Мемлекеттік хауіпсіздік комитеті, яғни орысшасындағы "Комитет государственной безопасности" дегеннен қысқартылған КГБ ғой, қазақтар өзара осылай дейтін.

Қабдеш Жұмәділовтің "Қалың елім, қазағым..." кітабындағы мақаласы

Жазушыға "үш әріптің" ызасы әбден өткен. ХХ ғасырдың 60-жылдарының басында Қытайдан атажұртқа көшті бастап келген сәтінен аңдудың астында болған. Әр жазған кітабы шұқшиған тексеруден өтетін. Күнделікті тіршілікте кіммен араласады, қайда барады, оны қатаң бақылаған. Жазушылардың шетелге шығып жататын делегациясына қостырмайтын. Қызметін өсірмеген. Атақ атаулыға жолатпаған.

Кеңес Одағының Мемлекеттік хауіпсіздік комитеті Қабдеш Жұмәділов Қытайдан келерден сәл бұрын 1954 жылы құрылған. Негізгі міндеті – сыртқы барлау, қарсы барлау, шұғыл іздестіру, шекарадан күдіктілерді өткізбеу, үкіметтік байланысты қамтамасыз ету және жоғары билікті қорғау мен оларды мемлекет хауіпсіздігіне қатысты ақпараттармен қамтамасыз ету. Ұлтшыл, бөгде ойдағы, кеңестік билікке қарсы үгіт пен насихат таратушы адамдарды анықтау мен ісін сотқа жеткізу – осы құрылымның мойнында болды.

Бұл міндеттің бәрін қапысыз, тіпті асыра орындай білген. Бірер мысал келтірсек, КГБ 1962 жылы "коммунистік идеяларға қарсы көзқарасы үшін" оқытушы Махмет Құлмағанбетовты қаматты. 1977 жылы композитор Хасен Қожа Ахметті "кеңес өкіметіне күдік келтірген қолжазбалар таратқаны" үшін екі жылға соттатты. Қабдешті, тіпті Қазақстанның өзінде туған Мұхтар Мағауинді қас қақпай бақылап жүрді. Ұлтшыл жазушылар мұны жауырынымен сезетін.  

Не керек, отыз жыл үрейлі күн кешкен қаламгер Кеңес Одағынан, оның сұрқия құрылымынан өшін алып жатса, онысы тарихи әділдік еді. Мақаланың тақырыбын "Үш әріп – үрей ордасы" деп қойғаны содан.

Бірақ, мақала әдеби газетке шыққанда аты не болды? Бас редактор соңына сұраулы шылау қосыпты. Сөйтіп оқырманға "Үш әріп – үрей ордасы ма?" деген тақырыппен жетті. Қабекең бұған қатты ренжігенін өз естелігінде жазып кеткен. Есесіне 2000 жылы "Қазақстан" баспасынан "Қалың елім, қазағым..." публицистикалық жинағын шығарғанда мақаланың газетке шыққандағы емес, өзі жазғандағы "Үш әріп – үрей ордасы" деген тақырыбын қалпына келтірген.

Сол сияқты сұраулы шылауды қойсақ па, қоймасақ па деген мәселе осы мақаланы жазғанда алдымыздан шықты. Бастапқыда "Ақтық байлау – ақымақтық" деген тақырыпқа ұйығанбыз. Ақырып тұрған тақырып қой.

Жоқ, онда қазақтың ежелгі дәстүрін тәркі етеміз деп өзіміз ақымақ болады екенбіз. Ойлана келе бұған "па" деген шылау қосқан дұрыс сияқты дедік: "Ақтық байлау – ақымақтық па?" Бәрібір көңіл толмады. Қабдеш ағамызды ренжіткен редакторлық өзгеріс сияқты бұл екі ойлы, солқылдақ болып көрінді.

"Ізденген жетер мұратқа" дегендей, ақыры тапқан сияқтымыз: "Ақтық байлаудағы ақымақтық". Иә, ақтық байлау ешқашан ақымақтық емес. Бірақ, ақтық байлауда ақымақтық бар. Әсіресе кейінгі жылдары. Бұған ең көрнекі мысалды қазір баяндаймыз.


Оқи отырыңыз: Ғайыптан қайтқан қаһарман


Бұйрығы – аттың құйрығы

Семейден Шыңғыстауға шыққан жолаушы ат басын шалдыртып тоқтайтын бірнеше тарихи жер бар. Күшікбай бұлағынан бастап. Мұнда ыстықта шөлдеген жолаушы шөлін қандырып, салқындап алады. Әрі қарай Құнанбай қыстауы Ақшоқы, Еңлік-Кебек кесенесі, талай оқиғаның куәсі іспетті Орда тауы, Абай мен Шәкерім жерленген, Абай өзі қыстаған Жидебай болып жалғаса береді. Қарауылға дейін.

Кезінде бұл жол бес күндік болған. Бұдан сексен жыл бұрын ғана. Есептеп көрсеңіз, 1941 жыл. Сол жылы Семейде үш айлық мұғалімдер курсын бітірген Тұрсынхан Әбдірахманова апамызды Абай ауданына бөлген ғой.

"Сырлы әлем" естеліктер кітабына қарасақ, ақын апамыз еңбек жолын осында бастауыш сынып және дене шынықтыру пәнінің мұғалимасы болып бастаған екен. "Мен көлікті үш күн күттім" дейді естелігінде жас маман ретінде Семейден Абай ауданына аттануы тиіс Тұрсынхан апамыз. Құндызды ауылдық кеңесінен келген әйел төртінші күні таңертең алып қайтуға келіседі. Көлігі жеңіл арба. "Жүгің ауыр болмасын" деп ескертеді. "Көп емес, бір шабадан, бір көрпе мен бір жастық" дейді кейін ақын да, ғалым да атанатын апамыз.

Әрі қарай естеліктің өзін оқиық: "Сонымен ертеңінде таңертең түйе жеккен, көк шөп толтырылған, жайдақ трашпеңкемен Шыңғыстау қайдасың деп жолға шықтым. Арқаның кең даласын әнге жаңғырта жүріп отырып, Балта-тарақ, Күшікбай, Ералы, Орда қонып, бесінші күні қонаға Қарауылға жеттік".

Сексен жыл бұрынғы бес күндік жол қазір бес сағатқа толмайды. Күшікбай мен Ақшоқыға, Орда мен Жидебайға тоқтап жүргеннің өзінде. Ақын апаның естелігінде айтылатын Ералы жазығының арғы, Орданың бергі жағында Еңлік-Кебектің мазары туралы сөз жоқ. Шамасы, өткен ғасырдың қырқыншы жылдары ел ішінде көп елене бермесе керек.

Нақ атауы Шұбартөбе – екі ғашықты Орда тауындағы үңгірден ұстап, ат құйрығына байлап жібергенде асаудың болдырып тоқтаған жері. Екеуін қатар жерлегенде қарапайым сандықша қаланған. Бірде Біржан сал Ералыдағы жайлауға ел аралап келгенде қос ғашықтың хикаясын естіп, мән-жайға қаныққан соң арнайы шебер жібертіпті. Ол сандықшаны шағын мұнара етіп биіктеткен.

Сөз мәңгілік, ал құрылыс материалы мәңгілік емесі хақ. Кірпіш мұнара бір ғасыр өтпей құлапты. Шамасы, Тұрсынхан апамыздың осы арада төрт қонатын уақыты шығар.

Ақыры өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Еңлік-Кебек жерленген молаға жаңадан кесене салынған. Үкімет емес, Алматыдан Мұхтар Әуезов сынды тұлғалардың бастауымен, аудандағы бүкіл халықтың қостауымен. Былайша айтқанда, "халықтық құрылыс" ретінде.

Автор Еңлік-Кебек кесенесі алдында. Хасен Советханұлының фотосы

Беріде кесененің сол жағына ескерткіш қойылды. Бұл соншама құнды материал емес, тағы да жергілікті азаматтардың қолдауымен тұрғызылғаны анық. Бірақ, махаббатқа – құрмет, аяулы сезімдері аянышты өліммен тынған қос ғашыққа – ізет.

Құрмет мұнымен тынса, тоқтаса, кәне. Енді ары өткен, бері өткен жолаушының бәрі мұнда ақтық байлап кетуді өз парыздары санапты.


Оқи отырыңыз: "Менің министрім"


Бұрылыста болған қырылыс

Ақтық байлау. Басқасын қайдам, осы дәстүр ел ішінде реттелмей, бір жөнге түспей келеді. Қайда барсаң жалбыраған шүперек. Ендігісі құрмет емес, көрсең құмартпақ түгіл, тұра қашқың келетін түрге түсті.

Алдымен "ақтық байлау" деген не дәстүр екенін анықтап көрелік. Мұны әркім әртүрлі айтады. Өзінше түсіндіреді. Содан соң өзінше әрекет етеді. Біз қалай пайымдар едік?

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасында Семей облысы Ақсуат ауданы тұрғындарын түршіктірген оқиға болды. Ақсуат пен Қызылкесік ауылдарының арасындағы жол апаты.

Онда тас жол тартылмаған. Қубас деген асудан бұралаңдап қара жол түсетін. Сол қара жолмен күнделікті қатынайтын "Пазик" автобусы Ақсуаттан шығып, Қубас асуына ілігеді.

Павлов қаласында құрастырылған бұл "ПАЗ-672" маркалы автобусты бүкіл қазақ білетін шығар. Әскерден қайтқан солдатты, оқудан каникулға оралған студентті, кейде қаладан әкелетін келінді жеткізетін. Сары түсі сарғайып күтуге арналғандай. Негізі аудан, ауыл арасында жолаушы таситын болғандықтан алыстан көрінсін деп сарыға бояса керек. Арғы тегі ақсуаттық режиссер Серік Апырымовтың "Қияң" фильмі сары автобустан түскен солдаттан басталатын. 

Кеңестік "ПАЗ-672" маркалы автобусы. Фото Render.ru сайтынан 

Сонымен әлгі автобус Қубастың бір шетіне іліккенде асудың екінші шетінде совхоздың қойын Семей ет комбинатына таситын жеті-сегіз "Колхида" жүк машинасы кіреді. "КАЗ-608" – кеңестік автомобиль өндірісінің ең сәтсіз маркасы. Кутаиси автомобиль зауытының сүйкімсіз өнімі мемлекеттік жабдықтау жүйесі бойынша қай кәсіпорынға жіберілсе де, бастықтар оған өздері ең жек көретін шоферларды отырғызатын. Борты ебедейсіз ұзын. Моторын қарау үшін кабинасын алға қарай еңкейту керек. Талай рет жол үстінде кабина өз-өзінен еңкейіп, апат болған.

Кутаиси зауытының ауласындағы КАЗ-608 жүк машиналары. Фото Avto.ru сайтынан

Қубас асуының жолы онда асфальт емес. Бірінің соңында бірі келе жатқан жүк автомобильдерінен сай-салада қалың шаң тұрған. Шаңнан байқамаған "Колхиданың" бірі темір бортымен "Пазиктің" қаңылтырын қақыратып өтеді. Жүргізуші жақ қатардағы жолаушының бәрі қаза тапқан. Басқалары жараланған.

Бұл оқиға жайында кеңестік баспасөз жұмған аузын ашпады. Ал апат болған бұрылыстағы бұлаққа тал өсіп шықты. Сол талға халық тоқтап, ақтық байлайтын болды. Қисынды дәстүр.

Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мен Әлкей Марғұлан атындағы археология институты бірлесіп шығарған бес томдық "Қазақстан тарихының" 2-томында былай жазылған: "Қазақтарда көптеген бұлақтар, шыңдар, ағаштар және тағы басқа табыну объектілері болған. Қабірге ағаштың өсіп шығуы жерленген адамның қасиеттілігінің белгісі саналған. Киелі ағашқа әдетте шүперек қиындылары байланады".

Қазақтың маңдайалды тарихшылары мен археологтары, антропологтары мен өнертанушылары бірлесіп жазған ғылыми еңбек осылай дейді. Ендеше бірнеше адам бірден қаза тапқан жерге ағаш өсуі де, оның киелі саналып ақтық байлануы да қисынды.   


Оқи отырыңыз: Көмір жалмаған өмір


Дүрмек көрсеткен "құрмет"

Енді Семей мен Қарауыл арасындағы Еңлік ару мен Кебек батыр жерленген мазарға келейік. Мұнда да байланған ақтықтан көз тұрады. Бірақ қайда байланған?

Шұбартөбе сай-сала емес, дөңнің үсті. Өздігінен ағаш өсуі екіталай. Көшет егіп, соған әрбір жолаушы Күшікбай бұлағынан су әкеліп құйып тұруды әдетке айналдырса, мүнда алып дарақ жайқалып тұрар ма еді.

Ағаш болмағандықтан, не оның орнына темірден ақтық байлатын діңгек жасалмағандықтан халық қос ғашыққа құрметін кесенені айнала қоршаған шынжырға шүперек байлаумен білдіріпті. Көзге ыстық емес, оғаш көрінеді.

Демек, аудан басшылығы, облыстың мәдениеті мен туризміне жауапты органдары, тіпті қоғамнан суырылып шығатын белсенділер ойланатын іс екен. Еңлік-Кебек ескерткішіне ақтық байлайтын арнайы декоративті зат орнатылуы керек. Бұл – кесененің басындағы көрініске қатысты пікіріміз.

Одан әрірек тұрған қос ғашық ескерткішінде тіпті, сорақы көріністерге тап болдық. Бұрын Кебектің қолында садақ бар еді. Енді құрқол қалыпты. Қай антұрған батырдың қолындағы садақты қиратып әкетті екен? Және оның сынығын қай жеріне тықты екен? Садағы болмаған соң Кебектің батыр екенін, әрі Еңлік екеуі тек аң аулап күн көргенін шетелдік туриске қалай дәлелдерсің?

Садағы жоқ, бірақ білегінде маскасы бар Еңлік-Кебек ескерткіші. Автордың фотосы

Жалпы, дәл мына күйінде Еңлік-Кебек ескерткішін шетелдіктерге көрсетуге болмайды. Неге? Қос ғашық мүсіні қоқыс тастайтын орын сияқты. Қараңыз, ақтыққа шүперек байлаған тұрмақ, әлдебір ұятсыздар ковидтен сақтанған тұмшасын іліп кетіпті. Оның бір емес, екеуін көрдік. Ендігі жетеу болған шығар...

Ақтық – шүрепек еді. Онда да тек ақ шүперек. Құрметтің белгісі. Кейін түрлі-түсті шүперек немесе қол орамал байлаушылар шықты. Оған ешкім "қой" демеді. Ақтықтың не үшін және қайда байланарын түсіндірмеді. Түсіндірмегеннің түбі енді қолданылып, қоқысқа тасталуы тиіс медициналық тұмшаны іліп кетуге жеткізіпті.

Міне, дүрмектің – "құрметі". Біздікі – көзбен көргенімізді айтқан, нәтиже шығару – халықтың санасына қатысты. Әрі жергілікті және салалық басшылардың өресі мен іскерлігіне байланысты.

Әйтеуір халық ақтық байлайды екен, онда арнайы ағаш сайла. Әйтпесе ескерткішке ештеңе байлауға болмасын түсіндір. Тіпті, киелі жерді тазалап отыр.

Оған бюджеттен автокөлік пен жұмыс орнын бөлудің қажеті қанша. Жолдың үсті. Ауданның түрлі мамандары күн сайын Семей арқылы облыс орталығы Өскеменге қатынап жатады. Қарауыл мен Семей арасында ешкім Тұрсынхан Әбдірахманова апамыз сияқты арбамен бес күн жүрмейді ғой. Мамандар кезекпен автокөлікті ескерткішке бұрсын да, бес минут уақытын бөліп орынсыз байланған ақтықты тазалап кетсін.

Жаз шыға ақтық байлайтын жасанды дарақ жасасын. Сонымен бірге көшет әкеліп ексін. Оны ар жағы Күшікбай бұлағынан, бер жағы Орда тауындағы сансыз бұлақтың суынан бес литрден әкеліп суғарып отырсын. Мәселе біреудің осылай өнеге көрсетуінде. Сонда ғана дүрмектің мына көрер көзге ыңғайсыз "құрметі" жөнге келер еді.

Абайдың елі ежелден жаман әдетті тыя білетін.  Мысал көп. Енді ақтық байлауды ретке келтірсе, тағы да қалың қазаққа үлгі болары хақ.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары