Жастардың шашы неге ерте ағаратын болды? Трихологпен сұқбат

Фото ЖИ көмегімен жасалды
Фото ЖИ көмегімен жасалды
Маман пияз шырыны, бұрыш тұнбасы немесе түрлі майлар сынды халықтық емнің қауін айтып берді.

Шаш – ағзаның ішкі биохимиялық жағдайын көрсететін ең сезімтал индикатор. Мамандардың айтуынша, көптеген адам шаштың ерте ағаруы мен жаппай түсуін жай ғана эстетикалық кемшілік деп санайды, алайда ғылым тұрғысынан бұл – фолликулярлық деңгейдегі күрделі патологиялық процестердің нәтижесі. Мысалы, шаштың ерте ағаруы көбіне жасушалық деңгейдегі оксидативті күйзеліспен және меланоциттердің белсенділігін тежейтін В12, мыс немесе ферритин тапшылығымен тікелей байланысты. Ал шаштың сиреуі – жай ғана түсу емес, фолликуланың миниатюризациялануы, яғни оның өміршеңдігінің қысқаруы. Осы орайда PhD докторанты, медицина ғылымдарының магистрі, дерматолог-дәрігер, трихолог Динара Рысбекова заманауи трихологияның алтын стандарттарына сүйене отырып, шаш саулығына қатысты ең өзекті сұрақтарға жауап берді. 

– Сізге адамдар көбіне қандай мәселемен жүгінеді?

– Трихолог маманына жүгінудің этиологиясын зерттей келе негізгі себептерді клиникалық тұрғыдан үш ірі топқа жіктеуге болады:

  1. Патологиялық шаш түсу (алопециялар). Бұл – ең жиі кездесетін клиникалық көрініс. Пациенттер көбіне шаштың бүкіл бас бойынша біркелкі немесе белгілі бір бөлігінде түсуіне шағымданады. Көбіне "шашым уыстап түседі", "ванна мен тарақта шаш көп қалады" немесе "шаштың бөлінген жері кеңейіп кетті" деп айтады. Клиникалық зерттеулер бойынша, шаш түсуі – ағзадағы терең дисбаланстың сыртқы белгісі. Мысалы, темір тапшылығы анемиясы, гормоналды өзгерістер, постковидтік синдром. Тіпті уақытша реактивті түсудің өзі дер кезінде емделмесе, созылмалы түрге ауысу қаупі бар.
  2. Миниатюризация және шаш сапасының нашарлауы. Мұнда пациент шаштың жаппай түсуін байқамауы мүмкін, бірақ шаш фолликулалары біртіндеп әлсірейді. Бұл процестің салдарынан шаш діңгегі жіңішкеріп, пигментін жоғалтады және "мамық" шашқа айналады. Бұл көбіне андрогенетикалық алопецияның алғашқы белгісі. Генетикалық факторлар мен дигидротестостерон гормонының фолликулаларға әсерінен болатын процесс. Бұл кезеңде емді неғұрлым ерте бастасақ, фолликуланы сақтап қалу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
  3. Скальп, яғни бас терісі патологиялары. Шаш саулығы – бас терісінің гомеостазымен тікелей байланысты. Қайызғақ, қышу, себореялық дерматит және сезімталдықтың артуы жай ғана косметикалық ақау емес. Бас терісінің микробиомы бұзылғанда, яғни Malassezia саңырауқұлақтары шамадан тыс көбейгенде, фолликула маңында микро-қабыну процестерінің басталуы. Бұл шаштың өсу циклін қысқартып, оның түсуін тездетеді. Сондықтан біз емді әрқашан бас терісінің саулығын қалпына келтіруден бастаймыз. 

– Шаш ауруларының "жасаруы" байқала ма?

– Иә, қазіргі трихологияның ең өзекті мәселесі – шаш патологияларының айтарлықтай "жасаруы". Бүгінде 20-25 жастағы жастар, тіпті жасөспірімдердің үлесі клиникалық тәжірибемізде күрт өсті.

Бұл феноменді біз келесі факторлармен байланыстырамыз:

  • психоэмоционалдық жүктеме және нейрогендік факторлар. Жастар арасындағы жоғары бәсекелестік, оқу мен жұмыстағы күйзеліс, мазасыздық және созылмалы ұйқысыздық кортизол гормонының үнемі жоғары болуына әкеледі. Кортизол шаш фолликуласының айналасындағы қан айналымын тарылтып, шаштың өсу фазасын мерзімінен бұрын тоқтатады;
  • нутрицевтикалық дисбаланс және заманауи диеталар. Қатаң шектеуі бар диеталар, вегетариандыққа немесе вегандыққа сауатсыз өту, "төмен ақуызды" рациондар шаш саулығына соққы болып тиеді. Шаш 80-90% кератиннен тұрады. Ағзада ақуыз, темір және D дәрумені жетіспесе, шаш фолликуласы "энергия үнемдеу" режиміне өтіп, шаш шығаруды тоқтатады;
  • постинфекциялық және жүйелі қабыну процестері. Соңғы жылдардағы вирустық инфекциялар, соның ішінде COVID-19 бен созылмалы қабыну аурулары ағзаның иммундық жүйесін қажытып, диффузды телогендік алопецияның жаппай белең алуына себеп болды;
  • экзогендік агрессивті әсерлер. Тренд соңынан қуған жастар шашқа механикалық және химиялық зақым келтіреді. Жиі ағарту, сапасыз бояулар, шаш жалғау және шашты тым қатты буу немесе өру тракционды алопецияға әкеледі.
  • генетикалық детерминация және ерте триггерлер. Ең маңызды фактор – тұқым қуалайтын бейімділік. Егер бұрын генетикалық код 40 жаста іске қосылатын болса, қазіргі экология, стресс және тамақтану сапасы сол "ұйықтап жатқан" гендерді ерте оятып жатыр.

Оң нәтиже ретінде халықтың медициналық сауаттылығының артқанын айтуға болады. Қазіргі жастар ақпаратқа қанық, өзгерістерді ерте байқайды. Бұл трихологтарға ауруды асқындырмай, фолликулалар атрофияға ұшырағанға дейін емдеп жазуға үлкен мүмкіндік береді. 

– Патологиялық шаш түсу мен ерте ағарудың негізгі себептері қандай?

– Трихологиядағы алтын қағида: "Шаш – ағзаның ішкі күйінің айнасы". Шаш маңызды өмірлік мүше болып саналмайды, сондықтан ағза стресске, тапшылыққа немесе ауруға шалдыққанда, ол бар қорды бірінші кезекте ішкі мүшелерге бағыттап, шашты "үнемдей" бастайды. Көп жағдайда шаш түсуі – ішкі дисбаланстың симптомы, ал сыртқы факторлар тек процесті күшейтуші рөл атқарады.

Патологиялық шаш түсудің негізгі клиникалық себептері:

  1. Андрогенетикалық алопеция. Бұл – шаштың біртіндеп жіңішкеріп, жұқаруының ең жиі кездесетін себебі. Мұндағы басты мәселе гормондардың мөлшерінде емес, шаш фолликулаларының дигидротестостеронға деген генетикалық сезімталдығында. Тіпті гормондар анализі қалыпты болса да, рецепторлардың сезімталдығы фолликуланың семуіне әкеледі.
  2. Телогендік шаш түсу. Бұл – шаштың өсу фазасынан демалу фазасына жаппай ауысуы. Бұған қатты күйзеліс, агрессивті вирустық инфекциялар, наркоз, кенеттен салмақ тастау немесе ақуыздың өткір тапшылығы себеп болады. Әдетте түсу процесі триггерлік оқиғадан 2-3 ай өткен соң басталады.
  3. Нутрицевтикалық тапшылықтар. Шаш – ағзадағы ең белсенді бөлінетін жасушалардың бірі. Сондықтан оған құрылыс материалы ауадай қажет. Көбіне келесі заттар жетіспейді:
  • темір (Ферритин): Оттегін тасымалдауға жауапты;
  • D дәрумені: Шаш фолликуласының циклін реттейді;
  • B12 және фолаттар: Жасушаның бөлінуі үшін маңызды;
  • ақуыз: Шаштың негізгі материалы.

4. Эндокриндік бұзылыстар. Қалқанша безі қызметінің бұзуылуы (гипотиреоз/гипертиреоз), әйелдердегі гиперандрогения және инсулинге төзімділік шаш циклін бұзып, бас терісінің майлануын арттырады.

5. Дерматологиялық қабыну процестері. Бас терісінің сау болмауы фолликула маңындағы тіндердің микроциркуляциясын бұзып, шаш сапасын төмендетеді.


Оқи отырыңыз: Бір минутта мидың 2 миллионға жуық нейроны өледі. Инсульттің алдын алу жолдары қандай?


– Трихоскопия және фототрихограмма: бұл әдістердің артықшылықтары неде және олар "жасырын" алопецияны қашан анықтайды?

– Трихологияда "көзбен қарап" диагноз қою кезеңі артта қалды. Қазіргі таңда біз микроскопиялық және компьютерлік талдау әдістеріне сүйенеміз. Бұл пациентке мәселенің шынайы көрінісін цифрлық деректермен көрсетуге мүмкіндік береді. Трихоскопия дегеніміз – микроскопиялық деңгейдегі бақылау. Трихоскопия арнайы бейнекамера арқылы бас терісі мен шашты бірнеше жүз есе үлкейтіп зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл әдіс арқылы біз шаш диаметрлерінің әртүрлілігін, фолликулалардың семуін, фолликулярлық сағалардың күйін, мысалы, "сары нүктелер" немесе "қара нүктелер" және бас терісінің қан тамырларының суретін көреміз. Аталған кезеңде біз себореялық дерматит, псориаз немесе фолликулит сияқты қабыну ауруларын ерте сатысында анықтаймыз. Ал фототрихограмма – бұл шаштың өсу динамикасын сандық тұрғыдан бағалайтын ең объективті әдіс. Ол бір шаршы сантиметрдегі шаш санын, өсу фазасындағы және түсу фазасындағы шаштардың нақты пайыздық ара-қатынасын, сондай-ақ шаштың орташа өсу жылдамдығын есептейді. Дәрігер мен пациенттің "маған солай көрінеді" деген субъективті пікірлерін жоққа шығарып, нақты өлшенетін цифрларды ұсынады. Бұл емнің тиімділігін "дейін және кейін" принципі бойынша бақылауға арналған ең сенімді құрал.

– "Жасырын" алопеция деген не және ол несімен қауіпті?

– Көптеген пациент "шашым әлі жақсы, тығыздығы қалыпты" деп есептейді. Бірақ статистика бойынша, адам шашының 15-20 пайызы түскенше, оны көзбен байқамайды. Дәл осы кезеңді біз "жасырын" алопеция деп атаймыз.

Жасырын патологияның алғашқы белгілері:

  • анизотрихоз: шаш диаметрінің әртүрлі болуы;
  • миниатюризация: терминалды шаштардың үлесі азайып, веллус тәрізді қысқа әрі жұқа шаштардың көбеюі;
  • телоген пайызының артуы: өсу фазасындағы шаштардың азайып, демалу фазасындағы шаштардың нормадан асып кетуі.

Неге ерте анықтау маңызды? Бұл кезеңде фолликулалар әлі функционалды түрде тірі, тек әлсіреген күйде болады. Сондықтан оларды терапия арқылы "оятып", бастапқы қалпына келтіру мүмкіндігі өте жоғары. Егер шаш сиреп, бас терісі жылтырап көріне бастағанда келсеңіз, фолликулалардың бір бөлігі атрофияға ұшырауы мүмкін, ал оны қалпына келтіру қиын немесе мүмкін емес. Егер сізді шаш сапасының өзгерісі алаңдатса, "көзбен қарап" уақыт жоғалтпаңыз. Цифрлық диагностика – бұл сіздің шашыңыздың болашағына жасалған ең сенімді инвестиция. 

– Телогендік шаш түсу мен андрогенетикалық алопецияның айырмашылығы қандай?

– Трихологиялық тәжірибеде телогендік шаш түсуі мен андрогенетикалық алопеция – ең жиі кездесетін, бірақ табиғаты мүлдем бөлек екі процесс. Пациенттер бұл екеуін жиі шатастырады, алайда дұрыс емді таңдау үшін олардың айырмашылығын түсіну аса маңызды. Телогендік шаш түсуі – бұл ағзаның ішкі дисбалансқа немесе күйзеліске, мәселен, ауруға, босануға немесе стресске беретін өткір реакциясы. Ол әдетте триггерден кейін 2-3 айдан соң басталып, бүкіл бас бойынша біркелкі, диффузды түрде жүреді. Мұндай жағдайда пациенттер шаштың жаппай түсіп, тарақта немесе ваннада көп қалатынына шағымданады. Дегенмен, бұл көбіне қайтымды процесс: егер темір тапшылығы немесе гормоналды фон сияқты ішкі себептер жойылса, шаш жарты жыл немесе тоғыз ай ішінде бастапқы қалпына келеді.

Ал андрогенетикалық алопецияның табиғаты мүлдем басқа – бұл генетикалық бейімділікке негізделген созылмалы процесс. Ол біртіндеп байқатпай дамитындықтан, пациент шаштың жаппай түсуін сезбеуі де мүмкін, бірақ уақыт өте келе тығыздықтың сирегенін аңғарады. Алопецияның өзіне тән локализациясы бар: ерлерде маңдай-самай және төбе аймағы, ал әйелдерде ортаңғы айырық тұсы зардап шегеді. Мұндағы басты мәселе шаштың санын жоғалту емес, оның сапасының өзгеруі – жуан әрі ұзын шаш біртіндеп қысқа, жұқа әрі түссіз мамыққа айнала бастайды. Өкінішке орай, бұл процесс өмір бойы бақылау мен демеуші терапияны қажет етеді, себебі тиісті ем болмаса, фолликулалар уақыт өте келе атрофияға ұшырауы мүмкін.


Оқи отырыңыз: Шертпе дегеніміз не және ол қандай ауруларға ем


 – Екеуінің айырмашылығын пациент өзі ажырата ала ма?

– Тәжірибемде байқайтыным, тіпті шаш түсуінің айқын белгілері болса да, пациенттің өзіне-өзі нақты диагноз қоюы мүмкін емес. Бұған бірнеше маңызды себеп бар: біріншіден, біз көбіне патологиялардың комбинациясымен жұмыс істейміз, мәселен, андрогенетикалық алопеция байқалмай басталып, оның үстіне өткір телогендік түсу қосылуы әбден мүмкін. Екіншіден, мұнда визуалды алдау факторы рөл ойнайды. Телогендік түсу кезінде шаш уыстап түскенімен, оның тығыздығы тез қалпына келе береді. Ал алопеция кезінде, керісінше, шаш аса көп түспесе де, бас терісі біртіндеп жылтырап, айырық кеңейе бастайды. Әрине, үй жағдайында "Pull-test" әдісін жасап көруге болады: саусақпен шаш будасын жеңіл тартқанда 5-6-дан астам шаш қолыңызда қалса, бұл – телогендік түсудің белсенді фазасының белгісі. Бірақ шаш түспей тұрып-ақ жұқару байқалса, бұл алопеция болуы ықтимал. Дегенмен, маман ретінде айтарым – нақты диагноз тек трихоскопия мен фототрихограмма арқылы қойылады. Біз тек микроскоп астында шаш диаметрлерінің әртүрлілігін көріп қана, қай аурумен күресіп жатқанымызды дөп басып айта аламыз.

Фото: ЖИ көмегімен жасалды

– Фолликулалардың миниатюризациялану процесі деген не және ол неге қайтымсыз атрофияға әкеледі?

– Трихологиядағы ең қауіпті процесс – бұл шаштың жаппай түсуі емес, оның миниатюризациялануы. Бұл – функционалды тұрғыдан толыққанды шаш фолликуласының біртіндеп семуіне әкелетін созылмалы патологиялық процесс. Біз шаш фолликуласын өте күрделі "биологиялық зауыт" ретінде қарастырамыз. Миниатюризация процесі басталғанда, бұл зауыттың қуаттылығы біртіндеп төмендейді. Ең алдымен, шаштың белсенді өсу кезеңі – анаген фазасы қысқарады. Егер қалыпты жағдайда шаш бірнеше жыл бойы үздіксіз өсуі тиіс болса, бұл патологияда өсу кезеңі бірнеше айға дейін қысқарып, шаш толыққанды ұзындыққа жетіп үлгермей түсіп қалады. Сонымен қатар, әрбір жаңа цикл сайын фолликуланың өзі кішірейіп, шаш диаметрі деградацияға ұшырайды: бұрынғы жуан, пигменттелген шаштың орнына жіңішке, әлсіз әрі түссіз "мамық" шаштар пайда болады. Клиникалық тұрғыда бұл процесс шаш жабынының жалпы тығыздығының төмендеуі және бас терісінің жылтырап көрінуіне әкеп соғады.

Бұл құбылыстың негізгі себебі – көбіне андрогенетикалық алопециямен тікелей байланысты. Мұндағы басты рөлді қандағы гормондардың жалпы мөлшері емес, фолликула рецепторларының дигидротестостеронға деген генетикалық тұрғыдан жоғары сезімталдығы атқарады. Дәл осы гормонның әсерінен фолликулалар "қысылып", олардың қоректенуі бұзылады, бұл өз кезегінде шаштың өміршеңдігін жояды.

– Неліктен процесс қайтымсыз болуы мүмкін?

– Миниатюризация – бұл фолликуланың бірден өліп қалуы емес, оның ұзақ уақытқа созылатын "жансыздану" процесі. Егер бұл жағдай жылдар бойы назардан тыс қалып, ем жүргізілмесе, қайтымсыз өзгерістер орын алуы мүмкін. Алдымен фолликула айналасындағы тіндерде көзге көрінбейтін созылмалы микро-қабыну процестері жүреді. Кейінірек бұл перифолликулярлық фиброзға ұласады, яғни фолликуланы айнала пайда болған дәнекер тін қысып тастайды. Соңғы сатыда фолликула толықтай тыртыққа айналып, атрофияға ұшырайды. Бұл кезеңде сол нүктеден қайта шаш өсіру мүмкін емес, өйткені "биологиялық зауыт" өз жұмысын біржолата тоқтатады. Сондықтан, трихолог ретінде ескертерім: миниатюризацияның алғашқы белгілерін, атап айтқанда шаштың жіңішкеруі мен көлемінің азаюын байқаған бойда дәрігерге жүгіну өте маңызды. Фолликулалар әлі тірі және функционалды сақталған кезеңде дер кезінде басталған терапияның тиімділігі 90 пайыздан асады. Ал тыртықтану басталғанда, жалғыз шешім тек шаш трансплантациясы болуы мүмкін.

– Жүктілік кезіндегі, босанғаннан кейінгі шаш түсу: "заңды" жағдай ма, әлде патология ма?

– Жүктілік пен босанудан кейінгі шаш түсуі – бұл физиологиялық қалыпты жағдай мен патологияның ара-жігін дәл ажырата білуді қажет ететін кезең. Жүктілік кезінде әйелдердің көбі шашының бұрынғыдан да тығыз, жылтыр болып түсуінің іс жүзінде тоқтағанын байқайды. Мұның астарында нақты гормоналды механизм жатыр: эстроген деңгейінің көтерілуі шаштың белсенді өсу фазасын жасанды түрде ұзартады. Соның салдарынан, қалыпты жағдайда күнделікті түсуі тиіс шаштар фолликулада ұзағырақ сақталып, бастағы жалпы шаш массасын көбейтеді. Алайда, босанғаннан кейін гормоналды жүйе бастапқы қалпына келгенде, көрініс күрт өзгереді. Эстроген деңгейі төмендеп, жүктілік кезінде өсу фазасында "кідіртілген" шаштардың барлығы бір мезетте демалу фазасына ауысады. Осы себепті, босанғаннан кейін шамамен 2-4 ай өткен соң, әйелдер шаштың жаппай түсуіне тап болады. Медицинада бұл "босанғаннан кейінгі телогендік алопеция" деп аталады. Шын мәнінде, бұл – соңғы тоғыз айда түсуі тиіс болған шаштардың бір мезетте түсу процесі. Дегенмен, бұл жағдайдың да өз шегі бар екенін есте сақтаған жөн. Егер шаштың түсуі алты айдан асса немесе жаңа шаштардың өсуі мүлдем байқалмаса, бұл трихологқа жүгінуге тікелей негіз болады. Мұндай жағдайда мәселе жай ғана гормоналды ауысуда емес, бала емізу кезіндегі темір тапшылығы, ақуыз жетіспеушілігі немесе қалқанша безінің қызметіндегі ауытқулар сияқты ішкі патологияларда болуы мүмкін. Сондықтан жас аналарға айтарым: шаш түсуінің физиологиялық кезеңін жіті бақылап, ағзаның ішкі ресурстарын уақытылы толықтырып отыру – шаш тығыздығын сақтап қалудың жалғыз кепілі.

– Шаш трансплантациясы түпкілікті шешім бе әлде емдеудің бір кезеңі ме?

– Шаш трансплантациясы – жоғалған тығыздықты қалпына келтірудің ең тиімді хирургиялық әдісі екені даусыз, алайда оны емдеудің "соңғы нүктесі" деп қабылдау үлкен қателік. Операцияның негізгі принципі – желке аймағындағы андрогендерге генетикалық тұрғыдан төзімді фолликулаларды шаш сиреген аймаққа ауыстырып салуға негізделген. Бұл ауыстырылған шаштардың түспей сақталып қалуына кепілдік бергенімен, олардың айналасындағы табиғи шаштарыңыздың тағдырын шешпейді. Мәселенің өзегі мынада: егер пациентте андрогенетикалық алопеция процесі жалғасып жатса, патологиялық процесс реципиенттік аймақта тоқтамайды. Бұл дегеніміз – егілген шаштар өскенімен, олардың айналасындағы бұрыннан бар өз шаштарыңыз миниатюризацияға ұшырап, түсе беруі мүмкін. Нәтижесінде, бірнеше жылдан кейін егілген шаштар "арал" секілді оқшауланып қалып, эстетикалық көріністің бұзылу қаупі туындайды. Сондықтан мен әрқашан пациенттеріме трансплантация – бұл себепті емдеу емес, тек зардапты жою мен қалпына келтіру құралы екенін баса айтамын. Операциядан кейін дәлелді медицина принциптеріне негізделген жүйелі демеуші терапия міндетті түрде қажет. Ең жақсы және ұзақ мерзімді тұрақты нәтижелер тек хирургиялық әдіс пен консервативті емді ұштастыра білген пациенттерде ғана байқалады. Біздің мақсатымыз – тек жаңа шаш егу емес, бар шашты сақтап қалу арқылы табиғи әрі жинақы көріністі өмір бойы сақтау.


Оқи отырыңыз: Жарық терапиясы деген не және ол жалғызсыраған адамға қалай көмектеседі


– Неліктен үйде жасалған ем шаш түсуін тоқтатпайды және ол қандай жасырын қауіптерге әкелуі мүмкін?

– "Халықтық әдістер" – заманауи трихологиядағы ең көп таралған клиникалық тұзақтардың бірі. Көптеген пациент кәсіби көмекке жүгінудің орнына май, спирттік тұнба, бұрыш маскаларымен айлар, тіпті жылдар бойы эксперимент жасап, ең басты ресурс – уақытты жоғалтып алады. Мұндай әдістердің басты тиімсіздігі – олардың ауру даму механизміне мүлдем әсер етпеуінде. Мысалы, андрогенетикалық алопеция кезінде фолликуланың гормоналды миниатюризациясы жүреді, ал телогендік түсуде жүйелі триггерлер басты рөл атқарады. Пияз шырыны, бұрыш тұнбасы немесе түрлі майлар бұл күрделі биохимиялық механизмдерді өзгертуге қауқарсыз. Олар тек шаш діңгегінде жұқа қабық түзіп, уақытша жылтыр мен жұмсақтық беру арқылы жалған косметикалық әсер тудырады. Пациент мұны "емделу" деп қате қабылдағанымен, фолликула деңгейіндегі деградация тоқтамайды. 

"Халықтық терапияның" шынайы қаупі оның жанама әсерлерінде жатыр. Бұрыш, қыша немесе спирт негізіндегі агрессивті ерітінділер бас терісінің қорғаныс тосқауылын бұзып, контактілі дерматитке, химиялық күйіктерге және өткір қабыну реакцияларына әкелуі мүмкін. Бұл процесс бас терісінің микробиомын бұзып, қабынуды күшейтеді, нәтижесінде шаш фолликулаларының өміршеңдігі одан әрі төмендейді. Өкінішке орай, мұндай эксперименттерден кейін пациент медициналық көмекке аурудың асқынған, фолликулалар атрофияға жақындаған кеш сатысында келеді. Мен өз тәжірибемде әрқашан мына қағиданы баса айтамын: үй жағдайындағы күтім тек қауіпсіз болғанда және маман тарапынан жеке таңдалғанда ғана қосымша көмекші құрал ретінде рұқсат етіледі. Ол ешқашан ғылыми негізделген дәлелді терапияның орнын баса алмайды. Шаш саулығы – эксперимент алаңы емес, ол кәсіби диагностика мен жүйелі медициналық тәсілді талап ететін күрделі жүйе. 

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз