Тікелей эфир

Жас босанған ана қалай тамақтануы керек? Дәрігер кеңесі

Шоколад, цитрустар мен бал балада аллергия тудыруы мүмкін.

Баланың тойып тамақтануы мен дені сау болып өсуіне анасының жеген тамағы өте маңызды. Себебі, анасы не жесе де, соның бәрі сүтпен балаға беріледі. Осы орайда инфекционист дәрігер Әділбек Нұрымбетов YouTube арнасында жаңа босанған аналардың ас мәзірі қандай болуы керек екенін айтты.

Жаңа босанған ана күніне кемінде 500 ккал болатын құнарлы тағам ішуі керек. Оларға ең алдымен қайнатылған, буға піскен, бұқтырылған сиыр мен тауық еті кіреді.

  • Сүт тағамдары. Сүттің өзін тікелей ішуге болмайды, себебі ол баланың асқазан-ішек жұмысын құртуы мүмкін. Ірімшік, сүзбе, қаймақ, айран, йогурт секілді сүт өнімдері сүттің тез жиналып, көбеюіне әсер етеді.
  • Сорпа. Сиырдың, бұзаудың, тауық етінен жасалған сорпаны күніне кемінде екі рет ішу қажет. Себебі ет құрамындағы пайдалы заттар сорпаға бөлініп шығады да, сүттің құнарлы болуына көмектеседі. Аптасына кемінде бір рет бауыр жеген дұрыс, себебі бауыр құрамында темір көп. 
  • Ботқа. Күріш, қарақұмық, арпа ботқаларын жеу керек. Бала іш қатуға бейім болса күріш ботқасын жемеген дұрыс. Ботқа да сүттің тез жиналуына, көбеюіне әсер етеді. 
  • Көкөністер мен жеміс-жидектер. Сәбіз, жуа, қауын, қарбыз, асқабақ, брокколи капустасы ана сүтінің көбеюіне әсер етіп қана қоймай, балаға қажет витаминдерді береді. Аптасына бір рет орман жаңғақтарын жеген дұрыс.
  • Сұйықтық. Кез келген адам, әсіресе, бала емізетін әйел күнде кемінде екі литрден көп сұйықтық ішіп отыруы керек. Мысалы, сорпа, әртүрлі шөптерден жасалған шай, айран, үйде жасаған компот және тағы басқа.

Оқи отырыңыз: "Бала үшке толғанша анасы қасында болуы керек". Декрет демалысын ерте үзу неге дұрыс емес? 


Әділбек Нұрымбетов, инфекционист дәрігер:

– Бұл тағамдар ана мен балаға еш зияны жоқ, керісінше, пайдасын тигізеді. Мұнымен қатар зиянды, жеуге болмайтын тамақтар бар. Мысалы, ащы тағамдарды ана көп жесе, бала да ашырқанып дұрыс ембей қояды. Қуырылған, қақталған, тұздалған тамақтарды жемеген дұрыс. Қой мен жылқының еті ауыр тиеді. Одан да тез қорытылатын сиыр мен бұзаудың, тауықтың етін жеп, сорпасын ішкен жөн. Шоколад, цитрустар мен балды көп жемеген жөн, өйткені балада аллергия болуы мүмкін. Ұннан жасалған тамақтарды да азайтқан жөн, себебі ол жаңа туған нәрестенің іш қатуына әкеледі. Ал газдалған сусындар баланың асқазан-ішек жолдарын бұзады. Анасы ішіп-жеуге болмайды деген тағамдарды қатты аңсаған кезде ғана аз-аздан тұтынуға болады, бірақ көп ішіп-жеуге болмайды. Баланың денсаулығы жақсы болуы үшін неғұрлым пайдалы тамақтар жеу қажет.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары