ҰБТ – 2026: 4 айда нәтижені қалай 20-30 балға арттыруға болады

Фото интернеттегі ашық дереккөздерден алынды
Фото интернеттегі ашық дереккөздерден алынды
Қаңтардағы ҰБТ-да төмен нәтиже жинаған талапкерлер мамырдағы екінші мүмкіндікке дайындала алады.

10 қаңтар – 10 ақпан аралығында Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы өтіп жатыр. Оған қатысуға 187 мыңға жуық адам өтініш берсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға көп. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, талапкерлердің 75,2 пайызы қазақ тілінде, 24,6 пайызы орыс тілінде, 189 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірен. 

Осы ретте JUZ40 білім беру орталығының мамандары ҰБТ-да нәтижені жақсартудың жолдарын бөлісті. 

"Қаңтардағы ҰБТ – диагностика. Нәтижені дұрыс талдап, әр тапсырманың логикасын түсінген оқушы мамырға дейін айтарлықтай өсім көрсете алады", – дейді орталықтың математикалық сауаттылық пәні бойынша жетекші мұғалімі Дулат Муратов. 

1-қадам: Қатемен жұмыс (5 күн). Ең алғашқы жасалуы тиіс маңызды әрекеттердің бірі – қатемен жүйелі жұмыс жүргізу. Бұл кезеңде тек "дұрыс" немесе "қате" жауаптардың санын анықтаумен шектелу жеткіліксіз. Қатемен жұмыс жасау үдерісі белгілі бір уақыттық тәртіпке сай ұйымдастырылуы тиіс. Орта есеппен бұл жұмысқа 5 күн бөлініп, күніне 2,5-3 сағат уақыт арнау тиімді болып саналады. Алғашқы күні барлық пәндер бойынша орындалған тесттер жинақталып, қате кеткен сұрақтар жеке іріктеледі. Келесі бірнеше күн ішінде әр пән бойынша қате кеткен тақырыптармен қайта жұмыс жасалады.

2-қадам: 4 айлық дайындық жоспары. Төрт айлық дайындық кезеңін бірнеше сатыға бөліп қарастырған жөн:

  • 1-ай: Негізгі теориялық білімді қалыптастыру. Барлық пән бойынша басты тақырыптар рет-ретімен өтіліп, базалық түсінік қалыптасады.
  • 2-ай: Теория мен практика қатар жүргізіледі: тақырыптар қайталанып, сол бөлімдерге қатысты тест тапсырмалары жүйелі түрде орындалады.
  • 3-ай: Қатеме жұмыс. Негізгі назар қателермен жұмыс жасауға, әлсіз тақырыптарды нығайтуға және уақытты басқару дағдысын қалыптастыруға аударылады.
  • 4-ай: Білімді пысықтау. Толықтай қайталау мен сынақ тестілеріне арналып, білімді бекіту кезеңі ретінде ұйымдастырылады. Орта есеппен күніне 4-6 сағат дайындық жасау ең тиімді нәтиже береді. Бұл уақыт бірнеше бөліктерге бөлінуі тиіс: теория оқу, тест орындау және қатемен жұмыс жасау. Ұзақ уақыт үздіксіз оқу тиімділікті төмендететіндіктен, әр 60-90 минут сайын қысқа үзіліс жасау ұсынылады.

3-қадам: Қай тақырыптар қиын? Өткен жылғы тәжірибе көрсеткендей, әр пәннің өз ішінде оқушылар жиі қиналатын нақты тақырыптары бар және бұл туралы көпшілік біле бермейді. Мысалы, оқу сауаттылығы пәнінде негізгі қиындық мәтін көлемінде емес, сұрақтың қойылуында болды. Астарлы мағынасы бар мәтіндер, автордың көзқарасын анықтау және "ең дәл қорытындыны таңдаңыз" деген типтегі тапсырмалардан қателер көп кеткен. Оқушылар көбіне мәтінге емес, өз ойына сүйеніп жауап береді немесе бірінші көрінген логикалық жауапты белгілеп қояды. Бұл пәнде асығыстық ең үлкен қателіктердің біріне айналды.

4-қадам: Сынақ тесттер. Дайындықтың ажырамас бөлігі - өзін-өзі бақылау. Сынақ тестілері оқушының жалпы деңгейін, уақытты басқару қабілетін және психологиялық дайындығын тексеруге көмектеседі. Ал тақырыптық тестілер нақты әлсіз тұстарды қайта анықтауға мүмкіндік береді.

Қашан бастау керек? 

Сынақ тестілерін дайындықтың алғашқы айының соңына қарай бастау ұсынылады. Бұл кезеңге дейін оқушы негізгі тақырыптардың бір бөлігін меңгеріп үлгереді және өз білімін тексеруге дайын болады.

Қаншалықты жиі?

  • Алғашқы екі айда: аптасына 1 рет;
  • Үшінші айда: аптасына 2 рет;
  • Соңғы айда: аптасына 3-4 рет.

Қайда тапсыру керек?

Қазақстанда ҰБТ форматына барынша жақын ресми онлайн жүйелер бар:

Бұл жүйелерде уақыт шектеуі, пәндер комбинациясы және сұрақ құрылымы ресми форматқа сәйкес келеді.

Мамандар қаңтар ҰБТ-ны сәтсіздік емес, дайындықтың маңызды кезеңі деп қарауға шақырады. Дұрыс стратегия мен жүйелі жұмыстың арқасында мамыр ҰБТ-да нәтижені едәуір жақсартуға мүмкіндік бар. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары