11 желтоқсанда әлем Дүниежүзілік демікпемен күресу күнін атап өтеді. Бұл күнді атап өтудегі басты мақсат – халықты ауру мен оны бақылау әдістері, ерте белгілері және емдеудің жаңа тәсілдері туралы хабардар ету. Сондай-ақ, аурудың алдын алу маңыздылығын насихаттап, ингаляторды дұрыс қолдануды үйрету.
Бронх демікпесі – тыныс алу жолдарының созылмалы қабыну ауруы, олардың әртүрлі тітіркендіргіштерге жоғары сезімталдығымен сипатталады. Негізгі белгілері: ентігу, жөтел (көбінесе түнде), кеуде қуысының қысылу сезімі мен сырылдар.
Демікпенің себептері әртүрлі, олар:
- генетикалық бейімділік;
- аллергиялық реакциялар;
- ластанған ауа мен токсиндердің әсері;
- вирустық инфекциялар;
- стресс және физикалық белсенділік.
"Демікпе балаларда да, ересектерде де болуы мүмкін. Аталған ауру экологиясы нашар немесе аллергендердің әсеріне ұшыраған адамдарда жиі кездеседі", – дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ республикалық аллергология орталығының басшысы Арай Батырбаева.
Дүниежүзілік денасулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде 262 миллионнан астам адам демікпемен өмір сүреді және жыл сайын ауру 455 мыңға жуық өлімнің себебі болады. Статистика аймаққа, экономикалық даму деңгейіне және қоршаған орта жағдайына байланысты өзгереді.
Дәрігердің айтуынша, демікпені емдеу тыныс алу жолдарының қабынуын азайтуға және өршудің алдын алуға бағытталған.
Негізгі тәсілдер:
- ингаляциялық глюкокортикостероидтарды қолдану;
- симптомдарды тез жеңілдету үшін бронхолитиктерді қолдану;
- аллергендер мен триггерлерден аулақ болу;
- пикфлоуметрлердің көмегімен жағдайды үнемі бақылауда ұстау.
Оқи отырыңыз: Гинекологқа неше жастан қаралу қажет және бұл қандай аурулардың алдын алады
Салауатты өмір салты маңызды рөл атқарады: дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік және темекі шегуден бас тарту.
Дүниежүзілік демікпемен күресу күні бұл ауруды дұрыс қараған жағдайда бақылауда ұстауға болатындығы туралы еске салады. Демікпе толыққанды өмір сүруге кедергі болмауы керек және бұған мемлекеттердің, медициналық ұйымдардың және пациенттердің күш-жігерін біріктіру арқылы қол жеткізуге болады.