Тікелей эфир

Гинекологқа неше жастан қаралу қажет және бұл қандай аурулардың алдын алады

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Дәрігер әйелдерге аса пайдалы деген дәрумендерді атады.

Алматы қаласындағы №2 емхананың гинеколог-акушері Анар Бұланбаева гинекологқа уақытылы қаралу арқасында қандай аурулардың алдын алуға болатынын айтты. Мұнымен қатар дәрігер аналық без обыры, бедеулік, менструалдық цикл себебі мен оларды емдеу жолы және барлық әйелдерге дерлік қажет дәрумендер туралы әңгімеледі. 

– Қазір жасөспірімдер де, жастар да гинекологқа бірінші рет қаралуы мүмкін. Осы тұста гинекологқа қай жастан бастап қаралған тиімді?

– 20-30 жыл бұрын 35-40 жастағы әйелдерде көп кездесетін ауруларды қазір 14-18 жастағы қыздардан байқаймыз. Эндометриоз секілді көп кездесетін аурулардың жасарып келе жатқанын ескерсек, гинекологқа бірінші рет етеккір келген соң қаралу қажет. Ал бірінші етеккір әдетті 12-15 жас арасында келеді. Осы жас аралығында келмесе де, балалар гинекологына барамыз. Жасөспірімдердің өзіндік ерекшеліктері болатындықтан, дәрігердің міндетті түрде балалар гинекологы деген сертификаты болуы керек. Бұл кезде қыз баланың жыныстық жетілу процесі қалай жүріп жатқанын, екінші деңгейлі жыныстық белгілер бар ма, цикл кезінде еш жері ауырмай ма – осының барлығын тексереміз. Мысалы, туған күн секілді маңызды бір датаны белгілеп қойып, жыл сайын сол күні қаралып тұрған артық болмайды. 

– Жасөспірімдік шақта артық салмағы бар қыз балаларға етеккір кеш келеді. Бұл немен байланысты?

– 5-10 килограмнан асатын артық салмақ, инсулиннің жоғары болуы – бұл поликистозды аналық безінің белгілері. Артық салмағы бар әйел затында жасушалар инсулинді сезінуді қойып, бұл биохимиялық процестерді іске қосады. Нәтижесінде циклдік трансформация мен эндометрия бұзылады, овуляция жүрмейді, ана атану мүмкіндігі төмендейді. Гормонға стимуляция болмай, орнына пролактин өсе береді. Цикл үш айда бір рет келетін деңгейге жеткенде осы процесті жолға қою үшін қарапайым күнделікті жейтін көмірсулар деңгейін азайту жеткілікті. Бірінші кезекте глютен, бәліш, ұннан жасалған және ашытқы қосылған тағамдарды азайтамыз. Екіншіден, психосоматикаға назар аударамыз. Пролактиннің көтерілуі емтихан, сессия, үйдегі ұрыс-керіспен байланысты болуы мүмкін. Осының барлығымен жұмыс істеген соң салмақ азайып, цикл өз қалпына келеді. 

– Қарапайым сөзбен дәрігерлер пролактиннің қатты жоғары болуын "Басыңызда ісік бар" деп түсіндіреді. Пролактин мөлшері қаншадан асқанда дәрігерге баруға кеңес бересіз?

– Пролактиннің қалыпты мөлшері 200-300 арасында. Адам қатты күйзеліске түскенде, жүйкесі ауырып, ұйқысыздық мазалағанда бұл сан мыңға жетуі мүмкін. Осы кезде дабыл қағып, басымда ісік бар деп жамандық шақырудың қажеті жоқ. Бар болғаны препараттардың көмегімен емделеміз. Ал мыңнан асқан жағдайда магниттік-резонанстық томографияға түсу үшін дәрігерге жолығамыз. Осылайша микро-макро оденомалардың алдын аламыз. 


Оқи отырыңыз: Қарбыздан уланбау үшін не істеу қажет? Дәрігер кеңесі


– Бірінші етеккір 15 жасқа дейін келуі керегін айттыңыз. Ал уақытылы келмеуі немен байланысты?

– Бұл көбінесе гипофиздің түзілу процесімен байланысты. Артық салмақ тудыратын себептердің циклға қалай әсер ететінін талдадық. Сондай-ақ балет, гимнастика секілді кәсіби спортпен айналысатын салмағы тым аз қыздарда осындай жағдай болуы мүмкін. Себебі гормондарының барлығы дерлік нөлде. Оларға әдетте гормонды алмастыратын терапия тағайындаймыз, содан кейін цикл реттеледі. 

– Маммологтармен қатар гинекологтар да жиі анықтайтын аналық безі обырын қалай алдын алуға болады?

– Әйел адамның омырауын төртке бөлетін болсақ, соның қолтыққа жақын тұсында обыр анықталады. Бұның басты себебі – антиперспиранттар құрамындағы бутан, пропан, изобутан, сынап және тағы басқа зиянды заттар Кейде обырдың бұл түрінің алдын алу үшін табиғи антиперспиранттар қолдану жеткілікті. 

– Жеке тәжірибеңізде ерте ана атанғысы келетіндер көп пе әлде керісінше ме?

– Көптеген елмен салыстырғанда Қазақстанда бала туу көрсеткіші жоғары. Ал аналардың жасы әртүрлі. Көп байқайтыным әйел адамдар баланы қатты жақсы көреді, өмірін баласыз өткізгісі келмейді. Бірақ ана атану процесін 35-40 жасқа қарай жылжытады. 

– Алдын ала жоспарлағандарға жүкті болу үшін қанша уақыт қажет?

– Бізге келетін әйелдер интернеттегі форумдардан, айналасындағылардан негатив ақпаратты көп сіңіреді. Қазір 5-10 жыл күтіп балалы болып жатқан отбасылар өте көп. Бастысы білікті маманды таңдау. Жалпы 35 жасқа дейін бір жыл ішінде, ал 35 жастан асқан соң жарты жыл ішінде ана атануға болады. Яғни болашақ ата-ана еш алаңдамай өзіне осыншама уақыт беруі керек. Сондай-ақ овуляцияға тест жасата берудің де қажеті жоқ. Ол шарықтау шегіне жеткеннен кейін тағы бірнеше күн ішінде жүкті болуға болады. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда әрбір оныншы адамның бүйрегі ауырады. Бұған энергетик пен газды сусындардың қандай қатысы бар


– Ал ұзақ уақыт жүкті бола алмаудың себебі немен байланысты?

– Алдымызға он науқас келсе, соның кемінде екеуінде көп кездесетін себептер анықталып жатады. Мұндайда да байбаламға салынудың қажеті жоқ, тек теріс салдарлардан арылу қажет. Біріншісі – овуляцияның жоқтығы, екіншісі – түтікшенің бітелуі, үшіншісі – ер адамның бедеулігі, мұны да емдеуге болады, төртіншісі – қордың болмауы. Мысалы, бес жыл бойы балалы бола алмаған, бірақ осы уақыт ішінде қарапайым түтікшені тексертпеген аналар бар. Жүктілікке дайындалу қажет деп есептемейтін ер азаматтар да бар, кейде гормон жетпей жатады. Осылардың барлығы емделеді. 

– Баланы емізіп жүргенде жүкті болу мүмкін бе?

– Бұл өте маңызды мәселе. Барлық дерлік әйел жаңа босанып, нәрестені емізіп жүрген кезде келесі балаға жүкті болмаймын деп ойлайды. Яғни өзін жоспарсыз жүктіліктен сақтандырмайды. Алайда тәжірибеме сүйенсек, бала емізіп жүріп те жүкті болғандар көп. Бір баладан кейін ағзадағы дәрумен қорын толықтырып, денсаулықты жақсартып алған әлдеқайда пайдалы. Бұл баланың болашақ өмірі үшін де пайдалы. 

– Әйел адамдарға қандай дәрумендер ішуге кеңес бересіз?

– Гормонға ұқсас әсері бар D3 дәруменін ішуге кеңес беремін. Ол кез келген жастағы әйелдер үшін маңызды. Екіншісі – біздің база, жүйке жүйеміздің саулығы – В тобында дәрумендер. Үшіншісі – омега, омега 3 – қабынуды болдырмау үшін алдымен ішекті дайындап алған абзал. Төртіншіден, циклға тікелей әсер етіп, адамның тәбетін бір қалыпта ұстап тұратын инозитолға кеңес беремін. Ал ең бастысы, әрине – өмірге құштарлық пен көтеріңкі көңіл-күй. Бұл екеуін ешқандай дәрумен алмастыра алмайды. 

Серіктестер жаңалықтары