Дамушы елдерде бұл көрсеткіш тіпті жоғары: мұнда жаc босанған әйелдердің 19,8 пайызы күйзеліске түседі.
Босанғаннан кейінгі депрессия әйел адамның ағзасындағы гормоналдық өзгерістерден туындайды. Жас ананың жаңа жағдайға және сәбиіне бейімделу процесі, өзіне уақыт арнай алмауы, жақындарынан қолғабыс болмауы, ұйқысыздық секілді факторлар күйзелісті одан әрі тереңдете түседі. Жағдай қатты асқынған кезде оның соңы тіпті ана мен бала өліміне апарып соғуы мүмкін.
Сол себепті, жас босанған әйелдер күйзелістің алғашқы белгілері байқалғаннан-ақ арнайы мамандардың көмегіне жүгінгені жөн.
Босанғаннан кейінгі депрессия шартты түрде үшке бөлінеді:
- Baby blues (босанудан кейінгі қайғыру синдромы) немесе босанғаннан кейінгі транзиторлы депрессия;
- Босанғаннан кейінгі депрессия;
- Босанғаннан кейінгі психоз.
Baby blues жас босанған әйелдердің бәрінде дерлік кездеседі. Baby blues кезінде жас ана босанғаннан кейінгі 3-10 күн аралығында мазасызданып, мұңайып, себепсіз жылай беруі мүмкін. Егер, әйел осы жағдайдан 2-3 апта ішінде шыға алмаса, бұл босанғаннан кейінгі депрессияның алғашқы белгісі деуге болады. Бұл кезеңде әйелдің көңілі нілдей бұзылып, ашушаң келеді, шаршау, ұялу, өзін кінәлау сезімі басым болады. Айналасындағылармен сөйлесуден бас тартып, тіпті өзіне, баласына қастандық жасау туралы ойлана бастауы мүмкін. Мұндай сәтте оған жақындарының көңіл бөліп, көмектескені маңызды. Сондай-ақ, арнайы мамандарға қаралу да артық болмайды.
Өзінің ментал денсаулығына дер кезінде көңіл бөлмеген әйелдің депрессиясы ұзаққа созылып, тіпті соңы психозға ұласып кетуі ықтимал. Ал, босанғаннан кейінгі психоз – аса қауіпті психикалық құбылыс. Оның белгілері әдетте бала бір айға толғанша байқалады. Психоз кезінде әйел есінен адасып, көз алдына түрлі нәрселер елестеуі мүмкін.
Дәрігер, акушер-гинеколог Сержан Әбдешовтің айтуынша, босанғаннан кейінгі депрессия қазіргі уақытта Қазақстанда жиі кездесетін ауру түрі болып отыр.
"Әйелдің босанғаннан кейінгі депрессиясына оның жүктілікке дейінгі күйзелісі, отбасындағы кикілжіңдер, материалдық қиыншылықтар, асқынған акушерлік анамнезінің болуы (аборт, оның ішінде медициналық көрсеткіштерге байланысты жүктілікті үзу, ерте босану, балаларының сал немесе ДЦП ауруына шалдығуы) да әсер етеді. Сондай-ақ, бұл күйзеліс кәмелет жасқа толмай балалы болған аналарда да жиі кездеседі" – дейді дәрігер.
Қазіргі уақытта еліміздегі емханалардың көпшілігінде "Аналар мектебі" жұмыс істейді. Акушер-гинеколог Сержан Әбдешов емханадағы психологтардың көмегіне жүгінетін әйелдер саны көп емес екенін айтады:
"Аналар мектебінде" акушер-гинеколог, акушер, неонатолог, психолог мамандар жұмыс істейді. Олар жүкті әйелдерді босануға дайындайды, жаңа туған нәрестелерге қалай күтім жасау және емізу керектігін түсіндіреді. Сонымен қатар, бұл жерде аяғы ауыр келіншектерге психо-эмоционалдық қолдау көрсетіледі. Алайда, босанғалы жүрген және босанатын әйелдер арасында "Аналар мектебінің" көмегіне жүгінетіндер саны айтарлықтай көп деп айта алмаймыз. "Аналар мектебінен" бөлек, жылына бірнеше рет әр перзентхана қызметкерлерінің "Ашық есік" күндері өтіп тұрады. Перзентханаларда психолог мамандар жұмыс істейді. Олар аналардың психологиялық жай-күйін арнайы "Бек шкаласын" толтыру арқылы анықтайды. Қажет болған жағдайда, босанған әйелдің жанына жолдасын не туыстарын жатқызу жағы да қарастырылған".
Босанғаннан кейінгі депрессия – қазақ қоғамында ұзақ уақыт бойы айтылмай келген тақырып. Тек кейінгі жылдарда отандық медиа кеңістікте бұл тақырып кеңінен талқылана бастады. Сондай-ақ, қазір әлеуметтік желілерде жаңа босанған келіншектер өздерінің психологиялық жай-күйін сипаттап посттар жазып, бір-біріне моральдық қолдау көрсете бастағаны байқалады. Осы орайда назарларыңызға босанғаннан кейінгі депрессияны басынан кешірген бірнеше әйелдің оқиғасын ұсынамыз.
Оқи отырыңыз: "Ана сүтін ештеңе алмастыра алмайды". Бала емізудің пайдасы жөнінде маман кеңестері
"Баламды терезеден лақтырғым келді"
Индира Байболова, 1 баланың анасы:
– Мен сәбиімді біраз жасқа келіп босанған анамын. Қазақтардың өлшемімен алғанда күйеуге де кеш шықтым. Бір жылдан кейін баламды дүниеге әкелдім. Босана сала, түрлі проблемалар пайда болды. Сүтім бірден келмеді, баланың денесі сарғыш болып туылды. Оған қоса балам мазасыз болды, перзентханадағы 3 түн ұйқысыз өтті. Үйге келген соң, өзімнің қатты бір күйзеліске түсе бастағаным сезілді. Үйде енем бар еді. "Бала тоймай жатыр, сенде сүт жоқ" дейді. Тағы бірде "сенің сүтің – құнарсыз, көк сүт" дейді. Оған мен ызаланамын, енеме қарсы ештеңе айта алмадым. Алғашқы балам болған соң, оны дұрыс емізудің жолдарын да білмедім. Осының бәрі қосылып мені терең депрессияға батырды.
Ең қорқыныштысы сол, бір күні маған баламды терезеден лақтырып жіберу туралы ой келді... Өз ойымнан өзім шошып кеттім. Біз ол кезде жоғары қабатта тұратын едік. Жолдасыма үнемі "терезені жапшы, мені терезеге жақындатпа!" деумен болдым.
Ағзамдағы гормондар жоғары-төмен секіріп, соның әсерінен менің көңіл-күйім де мың құбылды. Әйтеуір, сол кезде интернетке кіріп, босанған әйелдердің тарихын оқып, кішкене болса да, өз-өзіме келдім. Онда келіншектер "босанған соң, балаңа үйренісуге шамамен 3 ай уақыт кетеді" деген екен. "Үш айға дейін шыдасам болды, ары қарай бәрі жақсы болады" деп өзімді іштей дайындадым. Бірақ, соның өзінде болмашы нәрсеге жылап қалып жүрдім.
Көп әйел "ең қиын процесс – босану" деп ойлайды. "Осыдан аман-есен туып алайын, арғы жағын бірдеңе қылармыз" дейді. Олай емес. Өзіме босанғаннан гөрі осы депрессия, сәбиге үйренісу процесі, ағзамның қайта қалпына келуі қиындау соқты. Әрине, басқа келіншектер ол проблемалармен бетпе-бет келмесе, тек қуанамын. Не болса да, олар перзентханаға осының бәрін теория жүзінде біліп барса екен деймін. Сонда мен сияқты аспаннан түскендей боп отырмайды.
"Босанған кездегі "жарақатты" психотерапевке барып емдедім"
Әлия Мырзағұл, 1 баланың анасы:
– Босанған соң көп әйелде кездесетін күйзеліс мені де айналып өткен жоқ. Мен жалғызбын, мені ешкім түсінбейді дейтінмін. Бұрынғы өмірімді аңсадым, далаға шыға алмасам да, ыдыс жуып үлгермесем де жылайтын едім. Тек негатив ойлар келетін басыма. Позитив бірдеңе ойлайын десем, көзімнен жас шыға келеді.
Негізі, мамандар босанғаннан кейінгі депрессия әйелдің медициналық көрсеткіштеріне байланысты екенін айтады. Яғни, ағзадағы дәрумендердің жетіспеушілігі, әсіресе магний тапшылығы әйелді жылауық, ашушаң етеді. Себебі, ана өз ағзасындағы барлық дәрумендерді балаға беріп, өзі әлсірейді. Соның әсерінен ағзада күйзеліс пайда болады.
Ал, маған ең ауыр тиген нәрсе – босану процесінің өте қиын өткені еді. Өлім аузынан қалдым десем де болады. Бірнеше күн бойы толғаттым. Бірақ, өзім босана алмадым. Әне-міне бөпеммен қауышам деп отырғанда, дәрігерлер аяқ астынан кесір тілігін жасады. Сол кезде алған травмамды ұзақ уақыт ұмыта алмай жүрдім. Есіме түссе бітті, жылай беретінмін. Сол "босану травмасынан" арылу үшін балам бір жасқа толған жылы психотерапевке бардым.
Көзімді жұмдым. "Сол күнді есіңе түсір, не болды, қалай болды, бәрін рет-ретімен баянда" дейді. Сол күні ауа райы қандай еді, дәрігерлердің киімі, кабинеттегі заттар, қабырғадағы сағат, бәрін еске түсіресің. Босану процесі қалай басталды, неден қиналдым, неліктен ота жасалды, соның бәрін көзімді жұмып отырып баяндадым. Бірінші рет еске түсіргенде, оқиғаны жылап отырып айтып бердім. Себебі, босанған кездегі негатив эмоциялар ешқайда кетпеген, іште тығылып қалған екен, соны шығардым.
"Сосын басынан бастап қайтадан айт" деді психотерапевт. Бұл жолы ол детальдарға мән береді екен. Ота жасайтын кабинеттің қараңғы әрі суық болғанын баяндап отырған сәтте өзімнің тоңа бастағанымды сездім. Сол кезде психотерапевке "үстіме бірдеңе жабыңызшы, тоңып отырмын" дедім көзімді ашпастан. Ол айтқанымды орындады. Бір кезде толғағым басталып кеткендей болды. Денемнің тура өзім баяндап отырған уақытқа ауысып кеткенін сездім. Психотерапевтің кабинетінде отырып "толғаттым". Кәдімгідей терең демалып, 2-3 минуттай қиналдым. Психотерапевке "мен босанғалы жатырмын, толғатып жатырмын" дей бердім сасқанымнан. Ол кісі болса, "ештеңе етпейді, бұл – психосоматика" деді.
Бір уақытта әйтеуір бітті-ау әлгі толғақ. Өз-өзіме келген соң, ана кісі маған су берді, сосын оқиғаны тағы бір рет қайталап айтқызды. Босану тарихымды соңғы рет баяндағанда бағанағыдай жылаған жоқпын, тұла бойым жеңілдеп, сабырлы күйде болдым. Бір жыл бойы денемді зіл батпандай басып тұрған ауырлықтан құтылдым. Үйге кеп, жаңа босанған әйелдей шаршап ұйықтағаным есімде. Одан кейін өзімнің босану тарихымды басқаларға оп-оңай айтатын болдым. Психотерапевтке бармас бұрын мен теледидардан босанып жатқандарды көрсем, өзімнің оқиғам еске түссе, жылай жөнелетінмін. Енді оның бәрі артта қалды.
Оқи отырыңыз: Баламен қарым-қатынас құру құпиясы. Қайтсек жақсы ата-ана атанамыз?
"Жаңа босанған әр әйелге психологтың көмегі керек"
Гүлдана Ғазизова, 2 баланың анасы:
– Алғашқы сәбиімді көтерген шағымда жүктілік кезінде әйел ағзасы қалай өзгереді, бала қалай дамиды, бала туғасын оған қалай қарау керек деген сияқты мағлұматтар іздеп дайындалдым. Бірақ бәрібір де бала табуға дайын болмай шықтым. Тұңғышымды 24 жасымда босансам да, психологиялық тұрғыда әлі қалыптасып үлгермеген ана болғанымды ұқтым.
Босанған соң өзімнің жаңа өмір салтымды, дене бітімімді қабылдай алмай, қатты қиналдым. Балам жылауық, мазасыз болды, күнімен-түнімен көтеріп жүретінмін. Ұйқы дегенді ұмыттым. Қысқасы, депрессия дегеннің не екенін сол кезде түсінгендей болдым. Бұрын еркін жүріп-тұратын адамға бала қарап, 24 сағат төрт қабырғаға қамалып отыру да оңай емес. Өмірден, тіршіліктен алыстап кеткендей боласың. Мен киноға, театрға қатты барғым келетін. Бірақ бізде көп мәдени орындар балалы адамды кіргізбейді. "Театрда дыбыс шығармайтын бөлменің терезесінен сығалап отырсам ғой" деп қиялдайтынмын.
Менің пікірімше жаңа босанған әр әйелге психологтың көмегі керек. Сонда әйел өзінің жаңа өміріне тезірек бейімделеді. Жалпы, бала әйел адамның жалғыз хоббиі болмауы қажет. Әрбір әйел үшін өзінің рухани бостандығы, күйбең тіршілікке жұтылып кетпеуі, қаржылай тәуелсіздігі өте маңызды. Жақсылап демалып, өз-өзіне келуі үшін жас аналар үйдің тірлігін басқаларға тапсыруы керек. Кірді кір жуатын машина, ыдысты ыдыс жуатын машина жусын, одан қала берді үйдің басқа тірлігіне көмектесетін адам болса, ол да бір ғанибет.
Менің босанғаннан кейінгі депрессиям 3 жылға созылды. Депрессиядан шығып, тағы да сәби сүйгім келген уақыт 5 жылға созылды. 5 жылдан кейін толық дайындықпен екінші баламды дүниеге әкелдім. Бұл жолы босану процесі жеңіл өтті. Бөпем тыныш болды, қалаған нәрсемді жедім. Күн жылы кезде босанғаным да маған қуаныш сыйлады. Екінші балам 8 айға толғанда үйдің жанынан өзіме ыңғайлы жұмыс тауып алдым. Қаржылай қиындық болған жоқ. Босана салысымен шаштаразға барып шашымды әдемілеп қиғызып, көңіл-күйімді көтердім. Сол кезде депрессияны жеңудің жалғыз жолы ұсақ қуаныштар екенін түсінген едім.
Ескерту: Материалда кейіпкерлердің аты-жөні өзгертіліп алынды.