Қытай ғалымы, Гуанжоу медицина университетінің докторы Цзихуэй Чжан белсенді түрде жаттығу жасаудың дұрыс ұйықтауға қандай әсері барын зерттеп көрді. Нәтижесінде жаттығу жасаудың өлім қаупін төмендететіні белгілі болды. Аталған зерттеу Еуропа профилактикалық кардиология журналында жарияланды.
Зерттеу барысында 2013 жылдан 2015 жылға дейін бір апта бойы акселерометрі бар білезік таққан 40-73 жас аралығындағы 92 221 адамның нәтижеcі талданды. Тәжірибе жұмысына қатысушылардың 73,2 пайызы тәулігіне 6-8 сағат ұйықтаған. Сондай-ақ19,7 пайызы 8 сағаттан астам ұйықтаса, 7,1 пайызын ұйқысыздық мазалаған.
Қатысушылардың 33,4 пайызы күнделікті өмірде дене жаттығуын жасамаған. Нәтижесінде жаттығу жасамайтындардың тым аз немесе керісінше тым көп ұйықтайтыны, осының себебінен өлім қаупі жоғары екені анықталды. Дәлірек өлім қаупі 16 пайыздан 37 пайызға артқан. Ал дене жаттығуын орташа жасайтындар арасында бұл көрсеткіш 41 пайызға жеткен.
Оқи отырыңыз: Спортшылар мен жаттықтырушыларға қандай жетістігі үшін ай сайын 345 мың теңге төленеді?
Орташа жүктеме мен ұйқы сағаттары артық қатысушылар арасында өлім қаупінің жоғарылауы байқалмапты. Ал дене жаттығуын қарқынды жасайтындарда ұйқының ұзақтығы өлім қаупімен байланысты болмаған. Сонымен қатар, физикалық белсенділігі төмен және ұйқының жетіспеушілігі бар қатысушылар арасында жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім қаупі 69 пайызға өскен, бірақ физикалық белсенділік орташа немесе жоғары деңгейге шықса, бұл қауіп жойылыпты. Ұйқысы көп және физикалық белсенділігі төмен адамдарда қатерлі ісіктен өлім қаупі 21 пайызға өскен, бірақ жаттығу деңгейі жоғарылаған сайын бұл қауіп те жойылған.
"Қытай ғалымдарының зерттеуі дене шынықтыру мен ұйқы ұзақтығы өлім қаупімен тығыз байланысты екенін растап отыр. Сондықтан физикалық белсенділік нашар ұйқының жағымсыз әсерін азайтуға қабілетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аптасына 150 минут орташа физикалық белсенділікті немесе 75 минут қарқынды физикалық белсенділікті ұстануды ұсынады. Адамның өзі ұстанатын және басқаратын салауатты өмір салты мен салауатты әдеттер ғана ұзақ және сапалы өмір сүруге мүмкіндік береді", – деді қазақстандық сарапшы, дәрігер-нарколог, С. Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессоры, "Психикалық денсаулық саласында жұмыс істейтін мамандар қауымдастығы" РҚБ президенті Сағат Алтынбеков.
Сарапшы алкоголь, темекі шегу және дұрыс тамақтанбау сияқты жаман әдеттер де ауыр аурулардың қаупін арттыратынын атап өтті. Жағымсыз әдеттерден бас тартуға әлі дайын емес адамдарға сарапшы "зиянды азайту" тұжырымдамасын қолдануды ұсынады.
Оқи отырыңыз: Ағзадағы қажетсіз заттардан арылуға ыстық су қалай көмектеседі? Диетолог маманнан кеңес
Бұл тұжырымдама зияны аз баламаларға біртіндеп көшуді білдіреді: күшті алкогольден алкогольсіз сусындарға, дәстүрлі темекіден түтінсіз құрылғыларға, майлы тағамнан сау тағамға.