
Қазақстандағы әскери қызметкерлердің құмар ойындарға қатысты тыйымдарды қаншалықты ұстанатынын Әскери полиция бас басқармасының профилактика басқармасының жетекшісі Ертай Ералин баян етті. Сондай-ақ, жуырда депутат Талғат Жүнісов елдегі әскери қызметшілер арасында лудомания жағдайларының көбеюіне қатысты алаңдаушылық білдіріп, Қорғаныс министрлігінен бұл мәселені шешу жолдарын сұраған болатын.
7 әскери қызметкер заңсыз құмар ойындарға қатысқаны үшін қызметтен шеттетілді
Ертай Ералин әскери қызметкерлердің құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуын анықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады. 2024 жылғы 9 қыркүйектен бастап заңнамадағы өзгерістер күшіне еніп, бұл әдеттеріне байланысты қызметкерлердің жұмыстан босатылатынын ескертті. Осыған орай, биыл лудоманиямен байланысты ешқандай суицид фактілері тіркелмегенін және жеті әскери қызметкер заңсыз құмар ойындарға қатысқандығы үшін қызметтен шеттетілгенін айтты.
Осылайша, еліміздегі әскери қызметкерлердің лудоманиямен күрес мәселесі заңнамалық тұрғыда реттеліп, тиісті шаралар қабылдануда.
Осы орайда психолог, коуч Назира Бурханова ойынға тәуелділік сатылары мен зардаптары, оның қанша уақытта емделетіні туралы әңгімеледі.
Оқи отырыңыз: "Бәрін сатып жібердім". Құмар ойынға салынған әйелдің хикаясы
Ойынға тәуелділік сатылары
Ойынқұмарлық инфекциялық ауру секілді бірден көзге түспейді. Бұл ұзаққа созылатын процесс. Оның үш кезеңі бар:
Жеңістер кезеңі. Адамның ойында жиі жеңіске жетуі тәуелділікті арттыра түседі. Себебі лудоман уақыт өткен сайын ірі жеңістерді көз алдына елестетіп, бәсті біртіндеп көбейте бастайды. Ешқандай негізсіз оптимиз пайда болады.
Жеңілістер кезеңі. Егер алғашқы кезеңде құмар ойыншы компания үшін ойнаса, енді ол жалғыз ойнайды. Адамның барлық ойы тек ойынға бағытталады, әсіресе жеңіліс сериясы басталған кезде. Бұл кезеңде ол тоқтай алмаса да, мәселе барын мойындамайды. Шығын және өсіп келе жатқан қарыздарын достарынан, туыстарынан жасырады. Қарыздар өсіп, адам ашуланшақ және тұйық бола бастайды. Өзі күрессе де, нәтиже бермейді.
Жабырқау кезеңі. Адам бар уақытын ойынға жұмсайды. Ол өзінің отбасымен және достарымен дерлік араласпайды, жұмыста да, үйде де беделін жоғалтады. Қарыздардың өсуімен алаңдаушылық күшейіп, кейде шынайы үрей пайда болады. Нақты жағдайға байланысты үмітсіздік сезімі тудырған депрессия басталуы мүмкін. Кейде ойыншыға өзіне қол жұмсау туралы ойлар келеді.

Ойынқұмарлықтың зардаптары қандай?
Ойынқұмарлық – бұл ауру, емделуі міндетті. Ойыншы тек отбасымен және достарымен араласпауды қоймай, қоршаған әлеммен байланысын үзеді. Ойынқұмарлық қауіпті, өйткені адам жақындарын оңай құрбан етеді. Оларға оның қарыздарын төлеуге, коллекторлардан жасырынып жүруге тура келеді. Қатар басқа да тәуелділіктер – ішімдік пен есірткі құмарлық дамуы мүмкін.
Ойынқұмарлық тәуелділікті емдеу әдістері
"Құмар ойынға тәуелділіктен қалай құтылуға болады деген сұрақты құмар ойыншылардың жақындары жиі қояды. Бірақ алдымен ойыншының өзі бұл мәселеден арылуды қалауы керек. Егер әйелі күйеуін апарса, бірақ ол терапияны бастауға дайын болмаса, нәтиже шықпайды. Кешенді терапия жүргізген жағдайда құмар ойынға тәуелділіктен арылуға болады", – деп түсіндірді Назира Бурханова.
Оқи отырыңыз: Алматыда TikTok-та құмар ойын ұйымдастырғандар 4 жылға сотталды
Оған мыналар кіреді:
- Психикалық түзету әдістері. Олар топтық және жекелей терапияны қамтиды. Бұл топқа гипноз арқылы кодтау әдістері де жатады.
- Әлеуметтік бейімделу. Бұл кезде ойыншы адамдармен қарым-қатынасты қайта құруды, жұмыс табуды, ойынға қатысы жоқ өзін-өзі жүзеге асыру әдістерін іздеуді үйренеді.
- Дәрілік терапия. Бұл қосымша рөл атқарады – мазасыздықты жояды, ұйқыны реттейді, ми қан айналымын жақсартады.
- Әсерді қолдау – бұл қайталанудың алдын алу.

Емдеу әдістері
"Құмар ойыншыны емдеуге болады, бірақ онымен кәсіби психолог айналысуы керек. Құмар ойынға тәуелділік ауыр сатысына жеткенде, ойыншының жеке басын өзгертеді және ол бұл жағдайды өз бетінше жеңе алмайды, күш-жігері жеткіліксіз болады. Туыстарының көмегі маңызды, бірақ ол емдеу курсын толықтырушы рөлінде болуы керек, негізгісі емес. Сөйлесу, ескерту, қорқыту ойыншыға әдетте көмектеспейді, психологпен жұмыс жасау қажет", – деді маман.
12 қадам
Бұл бағдарлама Америкада анонимді ішімдік құмарлар қоғамы үшін жасалған. Ол құмар ойыншыларға да сай келеді. Бұл бағдарлама арқылы құмар ойынға тәуелділіктен қалай құтылуға болатынын психолог егжей-тегжейлі түсіндіреді. Бірақ алдымен мәселені мойындаудан бастау керек. Келесі қадамдар – өзін ерекше деп санамау, саналы түрде ойынды тоқтату, өз әрекеттеріне объективті анализ жасау, өзімен және айналасындағылармен татуласу және т.б. Он бірінші қадам – әлеуметтік бейімделу, ал он екінші – басқаларға көмектесу.
Кодтау
Ойынға деген тәуелділікті тек кодтау арқылы толығымен жойып тастау мүмкін емес. Бірақ ол тәуелділікті жеңуге, одан ары терапия үшін негіз жасауға көмектеседі. Кодтау гипноз әдісі арқылы жүргізіледі.
Ойынға тәуелділікті болдырмау және алдын алу
Бұл отбасының міндеті. Көптеген ойынқұмарлар 18-ден 30 жасқа дейінгі жас топтарында кездеседі. Тәуелділіктің алғашқы белгілері, әдетте, ата-аналары аз көңіл бөлетін кешегі жасөспірімдерде байқалады. Қоршаған ортаның әсерімен ойынқұмарлар слоттарды, казиноларды немесе спорттық бәстерді дұрыс көңіл көтеру түрі деп есептейді. Сондықтан жақындары уақытында араласып, ойынқұмарлықтың жаңа деңгейге өтуіне жол бермеуі қажет.
Оқи отырыңыз: Батыс Қазақстанда бюджет қаражатын құмар ойынға жұмсаған есепші сотталды
Ойынға тәуелділіктің алдын алу
"Рецидивті қоздыратын факторларды жою қажет – бұрынғы ойыншының ескі ортаға оралып кетпеуін қадағалау, смартфон мен компьютерге қорғаныс бағдарламасын орнату. Бос уақытты эмоцияны және эндорфинді ойыннан алған әсерлердің орнын толтыратындай етіп өткізу – спортпен айналысу, таза ауада пикник ұйымдастыру, шығармашылықпен бірге айналысу керек", – деп кеңес берді Назира Бурханова.