Тікелей эфир

"Бәрін сатып жібердім". Құмар ойынға салынған әйелдің хикаясы

Казиноға кездейсоқ тап болған әйел 20 жыл бойы тоқтамастан құмар ойын ойнаған.

Қазақстандағы құмар ойыншылардың саны 350 мыңға жуық. Бұл былтырғы деректер. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны, яғни құмар ойындарға тәуелділікті ресми түрде патологиялық тәуелділік деп таныды. Оған бір кіріп кеткен адам көп жағдайда өзін әрең тоқтатады. 

Осылай 20 жыл бойы құмар ойынның шырмауынан шыға алмаған кейіпкер Informburo.kz тілшісіне хикаясын айтып берді. Есімі – Ирина, 44 жаста. Казинода, ойын клубтарындағы слот автоматында ойнаған.

"Қолда бар дүниемнің бәрін саттым"

– 2000 жылы бірінші рет шын казиноға табаным тиді. Басында ойнаған жоқпын, тек бір танысымның жанында еріп жүрдім. Қызылды-жасылды, қарап тұрған адамды қызықтырады. Біраз уақыттан кейін менің де ойнағым келіп кетті. Бірақ ол жолы ойнамадым. Кейін жалғыз өзім бірінші рет ойын клубына барып, слот-автомат ойнадым. Адам айтса нанғысыз, бірінші сағатында-ақ джек-пот ұтып алдым! Оған сол кездері Алматыдан бір бөлмелі пәтер сатып алуға болатын еді. Бәрі содан басталды. Өзімді супер жолы болғыш адам санадым. Күн сайын бір пәтердің құнындай ақша ұтып алатындай, автомат алдынан шықпайтын болдым. Бұл менің отбасылық өміріме де әсер етті. Ойнауға бару үшін сылтау іздеп, үйдегілермен ұрсысатын болдым. 

Басында жинап жүрген ақшамды салып жүрдім. Оны бітірген соң, жалақымды салдым. Еңбекақым қолыма тиген күні-ақ ойнауға барып, ұтылып қалатынмын. Сосын түрлі сылтау айтып, достарымнан, туыстарымнан қарыз ала бастадым. Солайша біртіндеп үлкен сомаларды тіге бастадым. Артынан кредит алуға көштім. Уақыт өткен сайын кредиттегі қарызым да арта берді. Мұны күйеуім біліп қойды. Ажырасып тындық.

Ата-анамның үйінде қайтып келдім. Бірақ, ойнауды қойған жоқпын. Ата-анам емделуге келіссем, банктегі қарызымды өтеп беретінін айтты. Келістім. Бірнеше рет "болды, қоямын, бұл соңғысы" деп, уәде бердім. Жиырма жылдың ішінде осылай жүзден көп рет уәде берген шығармын. Бәрібір қоя алмадым. Сосын жасырынып ойнай бастадым. Жұмыста үлкен көлемде қолма-қол ақша алу жолын таптым. Яғни, ұрлық та жасадым. Бірақ ол көпке созылған жоқ, үйдегілер бәрін біліп қойды. Оны да әке-шешем жапты.


Оқи отырыңыз: "Арақты қою үшін бармаған жерім жоқ". Анонимді алкоголиктер тобындағы әйелдің хикаясы


Менің қарыздарыммен алысып жүргенде ата-анамның да бойынан қуат кетіп, қалтасының түбі көрінді. Мен тағы да кредит алуды бастадым. Сатуға келетін мүліктің бәрін саттым. Кейін екінші рет күйеуге шығып, ұлды болдым. Бірақ бұл некем де ұзаққа созылмады. Екінші күйеуім де құмар ойыншы екенімді біліп қойды. Тағы да ойынға баспен кіріп кеттім.

Осы тозақта жиырма жыл өмір сүрдім.

Ойын ипотекасы сияқты ақша беретін бір жер болды. Содан ақша алып, сол бойы ойынға салып жіберетінмін. Келесі күні оны қайтару үшін қайта ақша іздеу басталады. Қайтара алмаған кездері сотқа шағымданып жатты. Менің бұл құпиям бір күні жұмыстағыларға белгілі болды. Бірақ олар қабылдады.

Қазір ойын ойнамағаныма 1 жыл 3 ай болды

Қарыздарымды әйтіп-бүйтіп жүріп жаптым. Жапқан бойы "енді мойнымда ешқандай қарыз жоқ, неге тағы бір рет 100 доллармен бағымды сынап көрмеске? 100 доллардан кедейленіп қалмаймын ғой" деп ойладым. Бірақ, әрине, 100 доллармен тоқтай алмадым. Бәрі қайтадан басталды. Түнімен ойнап-ойнап, бүкіл ақшамды ұтылып, таңертең оянғым келмейтін. Таң атпай-ақ қойса екен деп тілейтінмін. Себебі, өзі-өзімді тоқтату мүмкін емес еді. Кешке ойнау үшін тағы ақша іздеуге кірісемін. Соңғы он жылда өз ақшам болмады, бәрін біреудің ақшасына ойнадым. Не кассадан, не клиенттерден ұрлап алатынмын,  көлігімді, пәтерімді қойып, кредит алдым. Осы уақыт ішінде қанша көлік, қанша пәтер кетті. Тоқтай алмадым. Ұтылған ақшаларымның номиналына нөлдер қосыла берді.


Оқи отырыңыз: "Диета сайын семіре бердім". Тамақтан бас тарта алмайтындардың анонимді тобы қалай жұмыс істейді?


Бәрін сатып жібердім. Қала сыртындағы үйім ғана қалған еді, оны да сатып, ақшасын бір ай ішінде ұтылып қалдым. Ол 2020 жылдың 23 қарашасы болатын. Үйден қалған соңғы ақшамды ұтылып қалдым. Шотымда үш жүз долларым ғана қалған. Оны ойынға тігудің мәні жоқ еді. Себебі онымен жолғатқан ақшаны қайтару мүмкін емес болатын. Ары қарай не істерімді білмедім. Бұдан шығудың жалғыз жолын көрдім – өлу. Бірақ, менің жаным тәтті, аурудан қорқамын. Жаның қиналмай қалай өлуге болады деп ойлай бастадым.

Сол кезде бір аптадай ұйқысыз жүрдім. Басым қазандай болып кеткен. Сонда бір ғажайып мені интернет ақтаруға итермеледі. Парақтап отырып, құмар ойыншылардың анонимді тобына сілтеме тауып алдым. Бірінші рет осындай топ бар екенін білдім. Хабарласқанымда, өз хикаяңды бөлісіп, басқалардың да хикаясын тыңдау керек екенін айтты. "Құдай деген сөзден қорықпа. Бұл секта емес" деді. Мен агностикпін, сондықтан басында мұның бәрін қабылдау, түсіну қиын еді. Басты мәселем – қарыздарым еді. Сонда да күн сайын топтың жиынына қатыса бастадым.

Алматыда офлайн кездесетін топ жоқ. Онлайн топта бір кісімен таныстым. Ол да менімен тағдырлас. Екеуіміз қалада офлайн топ ашуды ойластырдық. Бұл 2020 жылдың 1 желтоқсаны еді, онлайн топқа қосылғаныма бір апта болған. Екеуіміз офлайн топтың қалай жұмыс істейтінін білмесек те, сұрастырып жүріп, аштық. Ғимарат та, қаражат та болмады. Алғашқы кездесу аптасына екі рет менің пәтерімде өтті. Солайша жарты жылдай жұмыс істедік. Жеңілдей бастадым. Барлық қарызымды төлеп бітпесем де, уайымым сейілгендей болған. Қарыз бен адамдардың қоқан-лоққысы жүйкеме тимейтін болған. Бірақ, бір күні эмоционалды тоқырау басталды. Топтан шығып кеттім. Кездесу орны менің пәтерім болғандықтан, топ та автоматты түрде тарқады. 


Оқи отырыңыз: Темекі, ішімдік және есірткіге тәуелділіктен қалай арылуға болады?


Бірақ, 2021 жылдың қазан айында топқа қайтып келдім. Сол жылы 1 қарашада ғимарат жалдап, жаңа топ аштық. Жаңа күш пайда болып, жаңа тыныс ашылды. Бұл топтың маған көмектесе алатынын сеземін. Бірақ, оның қалай жұмыс істейтінін түсіндіре алмаймын. Бәлкім, ортақ тағдыр, топтық сана шығар. Қазір ойын ойнамағаныма 1 жыл 3 ай болды. Ойнауға құмартпаймын да. Жағдайым да жақсарып қалды. Өмірім өзгерді. Қазір мүлдем басқа адаммын, әлемді басқаша қабылдай бастадым. Таңертең ұйқыдан оянғанда "ақша іздеу керек" деген ой мазаламайды. Жай ғана аман-есен оянғаныма бақыттымын. 


Құмар ойыншылардың анонимді тобы Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында бар. Топ өкілдері оның ешқандай діни ұйымдарға қатысы жоқ екенін, онда адамдар бір-біріне тәуелділіктен емделуге көмектесетінін айтады. 

Серіктестер жаңалықтары