Баланың дене қызуы көтерілгенде қандай дәрі береді, оның мөлшерін қалай есейді? Қызу түспесе не істеу керек? Педиатр Нұржамал Ұлхан түсіндірді.
Қандай дәрі беруге болады?
Дәрігердің айтуынша, балаларға дене қызуын түсіру үшін парацетамол мен ибупрофенді қолдануға болады. Парацетамолды бала туғаннан бастап беруге болады. Ал ибупрофенді бала үш айдан асқанда және салмағы бес килограмнан жоғары болған жағдайда береді.
Дәрінің мөлшерін қалай есептейді?
Дәрінің мөлшерін баланың жасына қарай емес, салмағына қарай есептеу қажет.
Ибупрофеннің мөлшері баланың әр килограмына – 5-10 мг, ал парацетамолдың мөлшері әр килограмына – 10-15 мг болады.
Мысалы, баланың салмағы 10 кг, ал үйде "Ибуфен 200мг/5 мл" препараты болса, бір реттік мөлшерді мынадай жолмен есептеуге болады:
- 10 × 10 = 100 мг. Бұл – балаға беруге болатын бір реттік доза.
- Препараттың 5 мл құрамында 200 мг дәрі бар. Демек, 100 мг-ға сәйкес келетін көлемді есептеу қажет:
- 200 мг – 5 мл
- 100 мг – Х
- Х = 100 × 5 / 200
- Х = 2,5 мл.
- Осылайша, баланың салмағы 10 кг болғанда "көк түсті Ибуфеннің" 2,5 мл мөлшері шығады.
Дәрігер дәрінің мөлшерін есептеудің бұдан да оңай тәсілін ұсынды:
- Егер үйде "қызғылт Ибуфен" (100 мг/5 мл) болса, баланың салмағын екіге бөлу керек;
- "Көк Ибуфен" (200 мг/5 мл) болса, салмағын төртке бөлу арқылы бір реттік мөлшерін есептеуге болады.
Мысалы, баланың салмағы 10 кг болса, 10-ды төртке бөлеміз. Нәтижесінде "көк Ибуфеннің" 2,5 мл мөлшері шығады.
Қызу түсіретін дәріні қаншалықты жиі беруге болады?
Дәрігердің айтуынша, қызу түсіретін дәріні әр алты сағат сайын беруге болады. Алайда:
- Парацетамолды тәулігіне төрт реттен артық беруге болмайды;
- Ибупрофенді үш реттен артық беруге болмайды.
Баланың денесі ыстық немесе суық болса не істеу керек?
Егер баланың қолы мен аяғы ыстық болса, оны жеңіл киіндіру немесе шешіндіру қажет. Содан кейін сүлгіні кәдімгі жылы суға малып, баланың денесін абайлап сүртуге болады.
Ал баланың қолы мен аяғы суық болса, алдымен оны жылыту керек. Баланы жылырақ киіндіріп, аяғына шұлық кигізген жөн. Қол-аяғын уқалап, жылыту қажет. Жылынғаннан кейін денедегі жылу сыртқа оңайырақ шығып, қызу түсіретін дәрі әсер ете бастайды. Сол кезде ғана шешіндіріп, денесін дымқыл сүлгімен сүртуге болады.
Неліктен балаға көп су ішкізу керек?
Дене қызуы жоғары болған кезде бала ағзасы суды тез жоғалтады. Сондықтан баланың жеткілікті мөлшерде су ішуін қамтамасыз ету қажет.
Дәрігер баланың әр килограмына 50 мл судан беруді ұсынады. Мысалы, баланың салмағы 10 кг болса, ол ауырған кезінде және қызуы көтерілгенде 500 мл су ішуі керек.
Дене қызуы түспесе не істеу керек?
Дәрігердің айтуынша, препарат шамамен бір сағаттан кейін әсер ете бастайды.
Егер баланың дене қызуы кем дегенде бір градусқа төмендесе, бұл дәрінің әсер етіп жатқанын білдіреді. Температураны 36,6 градусқа дейін түсіру міндетті емес.
Егер бір дәрі көмектеспесе, келесі жолы екіншісін қолданып көруге болады. Мысалы, парацетамолдың орнына ибупрофен беруге болады.
Педиатр екі препаратты кезектестіріп беруге болатынын, бірақ бұлай жасау міндетті емес екенін айтты. Егер бір дәрі балаға жақсы әсер етсе, соны қолдана беруге болады.
Қызуды қалай түсіруге болмайды?
Педиатр балаларға аспирин, анальгин және нимесил беруге болмайтынын ескертті.
"Балаларға ешқашан аспирин, анальгин және нимесил бермеңіз. Олар баланың денсаулығына қауіпті. Денені спиртпен сүрту қан тамырларының түйілуіне және ағзаның улануына әкелуі мүмкін. Ал маймен сүрту тері саңылауларын бітеп, жылудың тері арқылы сыртқа шығуына кедергі келтіретін "Жылыжай эффектін" тудыруы ықтимал. Сондықтан баланың денесін сірке суымен, спиртпен, арақпен немесе маймен сүртуді ұмытыңыз" – дейді Нұржамал Ұлхан.
Педиатр баланың дене қызуы өте жоғары болып, мүлде төмендемесе, бірден жедел жәрдем шақыруға кеңес береді.
"Балаларға ешқашан аспирин, анальгин және нимесил бермеңіз. Олар баланың денсаулығына қауіпті. Денені спиртпен сүрту қан тамырларының түйілуіне және ағзаның улануына әкелуі мүмкін. Ал маймен сүрту тері саңылауларын бітеп, жылудың тері арқылы сыртқа шығуына кедергі келтіретін "Жылыжай эффектін" тудыруы ықтимал. Сондықтан баланың денесін сірке суымен, спиртпен, арақпен немесе маймен сүртуді ұмытыңыз" – дейді Нұржамал Ұлхан.
Тәулік бойы ұйықтамау мидың ақпаратты қабылдау қабілеті 40 пайызға төмендетеді – дәрігермен сұхбат
Ішімдікке әуестіктен арылу үшін адамда қандай психолоиялық иммунитет болуы қажет?