Тікелей эфир

Аяз не боранды күні жолда қалып қойсаң, не істеу керек? Жолаушыға арналған кеңестер

Фото: informburo.kz
Фото: informburo.kz
Дайындықты жолға шықпас бұрын бастау керек.

"ҚазАвтоЖол" АҚ мәліметінше, елдің 3 облысында қар, боран және жолдың нашар көрінуіне байланысты республикалық маңызы бар автожолдардың 5 учаскесінде жол қозғалысына уақытша шектеу енгізілді

Осыған орай, жолға шығар алдында жүргізушілер мен жолаушылар мұқият дайындалып, келесі кеңестерді ескергені абзал.

№1. Ауа райын ескеру

Жолға шықпас бұрын ауа райы болжамын нақтылап алу керек. Егер ауа райының қолайсыздығына орай көлік қозғалысы шектелсе, қандай жағды болмасын ескертуге құлақ асып, жолға шықпаған жөн.

№2. Жолға дайындық

Жолға шықпас бұрын көлікті техникалық қызмет көрсету станциясына апарып, жан-жақты тексеріп алған жөн.

Сонымен қатар маршрутты толықтай алдын-ала пысықтап алу қажет. Мәселен, жол бойында орналасқан тамақтану пункттері, жанармай құю станциялары және тағы басқа қызмет көрсету нысандарының қай жерде орналасқанын біліп алу маңызды. Бұл ақпаратты Sapar қосымшасын жүктеу арқылы білуге болады.

Дизельді отынмен жүретін автокөліктерге қысқы дизель отынын құю қажет.

№3. Жолға не алу керек?

Автокөлікте медициналық дәрі-дәрмек қобдишасы мен өрт сөндіргіш болуы керек. Сондай-ақ, көлікте қалың киім, қар тазалайтын щетка мен күрек, шам, кабель, дөңгелектерге арналған шынжыр алып жүрген артық етпейді.

№4. Жолда қалып қойсаңыз...

Қатты аяз немесе қар жауып, жолда қалған кезде мейілінше басқа көліктермен топтасуға тырысу керек.  Ал көлігіңіз елді мекеннен алыс жерде немесе сізге бейтаныс жерде тоқтап қалса, көлікте қалып, жол бойымен басқа көлік өткенін күткен жөн немесе "112" ұялы телефон нөмірі бойынша қоңырау шалып, көмек шақыру керек.

Сондай-ақ, көліктің сыртында алыстан қарағанда көрінетіндей ашық түсті шүберек немесе шар іліп қойған жөн. Бұл құтқарушылардың сізді тезірек тауып алуына жәрдемдеседі.

Кейін қауіпсіздік үшін терезелерді, есіктерді, шатыр люктерін және желдеткіш саңылауларын тығыз жауып, қозғалтқышты радиатор жағынан жауып қою керек. Сонымен қатар машинаның қозғалтқышын желдің бағытымен орналастырып, жанармайды үнемдеуге тырысу керек.

Қалың қар жауып тұрса немесе аяз болса, көліктің есіктері ашылмай қалуы мүмкін. Бұл жағдайдың алдын алу үшін есікті мезгіл-мезгіл ашып, қарын түсіріп тұрған жөн.

Қаншалықты суық болса да, қозғалтқышты қоспаған дұрыс. Себебі одан бөлінетін газдар салонға бірте-бірте жиналады және ол өте қауіпті. Соған қарамастан қозғалтқышты арада бір қосып, жылынғыңыз келсе, сыртқа шығып, газ көліктің астына емес, ауаға кетуі үшін газ шығатын трубаның маңайын қардан тазарту қажет. 

Бірақ, сыртқа шықпас бұрын өзіңізді көлікке арқанмен байлап қоюды ұмытпаңыз. Қарлы боранда өз үйінен немесе көлігінен жарты метр ұзаған адам әп-сәтте адасып кетуі мүмкін.

Көмек келгенше, ұйықтамауға тырысыңыз.

№5. Жолаушыға пайдалы сілтемелер

Республикалық маңызы бар автожолдардың жабылуы туралы ақпаратты ҚазАвтоЖолдың бірыңғай тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 Call орталығына қоңырау шалу арқылы білуге болады.

Алыс жолға шығатын жолаушылар үшін Sapar және "Дәрмен" мобильді қосымшасын пайдалануға болады.

Бұдан басқа, республикалық маңызы бар автожолдардың ұлттық операторының ресми сайтында ситуациялық карта қолжетімді.

Сонымен қатар ауа райы бойынша хабарландыруларды әр өңірдің Төтенше жағдайлар департаментінің әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларынан қарап отыруға болады.

Серіктестер жаңалықтары