Тікелей эфир

15 минут ессіздік. "Жол гипнозының" симптомдары қандай және оның қалай алдын алуға болады?

Жол гипнозына түскен жүргізуші соңғы минуттарда не болғанын есіне түсіре алмайды.

Жүргізушілер ұзақ жол бойы көлік жүргізген кезде көзі ашық болғанымен, есін білмей қалу жағдайына тап болады. Мұны медицинада "жол гипнозы" деп атайды. Гипноздың бұл түріне түскен жүргізуші өзі ояу болғанымен, миы сыртқы жағдайларды дер кезінде қорыта алмай қалады. Жол-көлік апаттарының біршама бөлігі осы "жол гипнозынан" болатынының да себебі – осы. Әдетте жүргізуші жол апатынан кейін соңғы сәттерде не болғанын есіне түсіре алмайды. Ол да – "жол гипнозының" әсері.  

Бұл қандай гипноз?

Тарихқа үңілсек, "жол гипнозы" ұғымы алғаш рет 1921 жылғы құжаттарда қолданылған. Бұл дамыған елдерде көліктің жаппай қолданысқа ене бастаған шағы. Жүргізушінің санасы мен түпсанасы әртүрлі нәрселерге назар аударғанда мидың өзін-өзі реттейтін функциясы іске қосылады. Сөйтіп оған айналадағы дыбыс та, көрініс те, ештеңе де әсер ете алмай қалады. Басқаша айтқанда, жүргізуші трансқа түседі.

Жүргізуші ұзақ уақыт бойы терезеден бір ғана көріністі көріп, көлік бірқалыпты қозғалса, ол бірсарындылықтан шаршап, ұйқы келеді. Ұзақ жолда мұндай күйде көлік жүргізу өте қауіпті. Гипноздың басты себебі – сыртқы ортадан адамның миына келіп түсетін импульстердің болмауы не кемуі. Мәселен:

  • ұзақ жол бойында ешқандай елді мекен не көңіл аударатын белгілердің болмауы;
  • бірдей жылдамдықпен өтетін жол бөліктері; 
  • жол үстінде бұдырлы белгілердің болмауы;
  • бір сарынды жеңіл әуен;
  • сапарлас жолаушының болмауы ұйқысы қанық, сергек жолаушының өзінің трансқа түсуіне себеп болады. 

Оқи отырыңыз: Ұйқысыздық, айкезбе. Ұйқының 5 кезеңінің бұзылуы ағзада қандай өзгерістерге әкеледі?


Мельбурндық тәжірибе

Австралиядағы Мельбурн корольдік технология университетінің ғалымдары көлік жүргізушілерінің жол гипнозына түсу себебін анықтаған. Зерттеуге 15 ерікті қатысқан. Тәжірибе екі жолақты трасса бойында автокөлік кабинасында тұратын арнайы симулятор арқылы жүргізілген. Қатысушылардың кейбірі сапасы төмен вибрацияда (4-7 герц) сынаққа түскен. Олар 15 минут ішінде есінеп, ұйқысы келіп, зейінін жоғалта бастаған. Жарты сағаттан соң шаршап, бір сағаттан кейін жүрек ырғағы соғысы ұйықтауға дайын екенін көрсеткен. Ғалымдар вибрациядан еріктілердің психологиялық және физикалық тұрғыдан тапсырмаларды орындау қиынға түскенін айтады. Ал вибрация жоғары болғанда зерттеу қатысушылары көлікте өзін сергек сезінген.

"Жауапкершілік – жүргізушіде"

Алматылық таксист Асылжан Мұңайтпасов Алматы мен Шымкент арасында жолаушы тасымалдайды. Өзі жол гипнозына тап болмаса да, көлік жүргізетін достарынан "ұйқылы-ояу машинаны соғып кете жаздадым", "жолдың шетіне шығып кеттім" деген әңгімелерді талай естіген.

"Алматы мен Шымкент арасында күнәра қатынаймын. Қалаға жеткенде асықпай демалып аламын. Шаршап тұрғанда жолға шықпаймын. Жолдан келген соң "үстіне ақша қосып беремін, апарып тасташы" деп хабарласатын клиенттер бар. Оларға келіспеймін. Екі қаланың арасында бір күнде барып келетіндер шаршап, жолда ұйықтап қалады-ау деп ойлаймын. "Көзім ашық тұрса да, есімді білмей қалдым" дейтіндер көп. Бірақ, менде ондай жағдай болмапты. Кішкене ұйқым келіп тұрғанда басқа жүргізушімен ауысамын. Егер жүргізушілер ұйқысын қандырып, шаршауын басып барып жолға шықса, "жол гипнозынан" болатын жол апаты азаяр еді. Бәрі жүргізушілердің өз және жолаушылар өміріне жауапкершілікпен қарауына байланысты", – дейді Асылжан.


Оқи отырыңыз: Көзілдірік және линза: қайсысын таңдаған дұрыс?


Пайдалы кеңестер

"Жол гипнозы" – медициналық симптом болғанымен, онымен медцицина күреспейді. Емдеу хаттамасы да жоқ. Дәрігерлер тек кеңестер ұсына алады. Мұндай кеңестердің біразын жинақтап ұсынып отырмыз: 

  • жолда сүйікті әннен гөрі таныс емес, жанры мен ырғағы түрлі әндерді тыңдаған дұрыс. Болмаса радио жаңалықтарын қосып қойыңыз;
  • бір нүктеге қарай бермей, жол бойындағы белгілер мен баннерлерге назар аударыңыз; 
  • айнадан артқы көрініске жиі қарау ойыңызды жинақтауға көмектеседі;
  • ұйқы келсе не бас ауырса мәндетті түрде тоқтап, демалып алған соң ғана көлікті жүргізіңіз;
  • күнделікті ұйықтайтын уақытта жолға шықпауға тырысыңыз;
  • құлаққап арқылы телефонмен сөйлесу де құпталады;
  • көлік жүргізгенде суды көбірек ішіңіз (су мидың жақсы жұмыс істеуіне әсер етеді, энергетикалық сусын не кофе, шай ішуге де болады);
  • таза ауамен тыныстау үшін терезені ашық қалдырыңыз;
  • жаңғақ, мұз кәмпиттер ұйқыны қашырады. Көлік жүргізу кезінде сағыз шайнау да гипнозға түспеуге көмектеседі;
  • цитрус жемістері көлік салонында ұстаңыз (цитрус иісі адамды сергітеді).

Шетелде жүргізушілер жолда қалғып кетпеуі үшін арнайы құралдар, мобильді қосымшалар, оятқыштар, тіпті арнайы көзілдіріктер қолданылады. Жол бойында адамның назарын аударатын баннер мен белгілер орнатылады. Кейбір заманауи автокөліктер жүргізушінің жағдайын бақылап отыратын құрылғымен жарақтанған. Жүргізуші мүлгіп бара жатса, құрылғы белгі беріп, адамның бетіне суық ауа бүркиді. 


Оқи отырыңыз: Көлік жүргізушілері білуі жөн ым белгілері қандай?


Ақпараттық күрес

Қазақстанда да республикалық маңызы бар жолдарда алдын алу мақсатында "қауіпсіздік белдігін тағыңыз", "жылдамдық режимін сақтаңыз", "фар шамдарын қосыңыз", "сізді үйіңізде күтіп отыр" деген секілді  жол қозғалысының қауіпсіздігі тақырыбындағы баннерлер орнатылып жатыр.

"Қазіргі таңда республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының құрылысы мен жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Онымен қоса, өстік қоршаумен жолдарды кеңейту, елді мекендерге кіреберіс айналма жолдар салу, жаяу жүргіншілер өткелдері, мал өткелдері секілді инфрақұрылымды жақсартатын және жүргізушілерге қолайлы жағдай туғыздатын іс-шаралар атқарылуда. Жолда ұзақ уақыт көлік айдайтын жүргізушілер көбінесе зорығып, жолда ұйықтап кетіп, соның салдарынан жол-көлік апатына ұшырайды. Жүргізушілердің жолда зорығуына байланысты болатын апаттарды азайту мақсатында апаттық-қауіпті учаскелерде шуыл жолақтарын орнату көзделіп жатыр. Жолақтан өткен кезде автокөлікте пайда болған діріл жүргізушіні оятады", – деді "ҚазАвтоЖол" АҚ өкілі Назгүл Беспаева.

ЕСТЕ ҰСТАҢЫЗ: Жол гипнозына түсіп апатқа ұшыраған көлік жүргізушілері соңғы 15 минутты есіне түсіре алмайды. Тіпті, жарақат алса да, ауырсынуды сезбеуі мүмкін. Мамандар жол гипнозынан сақтану үшін кемінде әр 2,5 сағат сайын жол жиегіне 15 минуттай тоқтап, сыртта таза ауа жұтып не көлікте тынығып алу қажет екенін айтады.

Серіктестер жаңалықтары