Тікелей эфир

Пойызбен жолға шыққанда нені ұмытпау керек? Жолаушыға арналған алты кеңес

Мамандар жолда қажет болуы мүмкін дәрі-дәрмекті алдын ала дайындауға кеңес береді.

Пойызбен ұзақ сапарға шыққанда өзіңмен бірге қандай заттарды алған жөн? Адамдар 2-3 сағаттық жолға шыдауы мүмкін, ал ұзақ сапарға шығарда қалай дайындалу керек? 

"Қазақстан теміржолшысы"  жолға қажетті маңызды деген заттардың тізімін жасады.

№1. Қандай құжаттар қажет?

Үйден шықпас бұрын құжаттар мен ақшаңызды тексеріңіз. Пойыздың билетін, паспорт немесе жеке куәлігіңізді, баланың туу туралы куәлігін, балаға берілген сенімхатты бір тексеріп, қолға аздаған ақша алғаныңыз дұрыс.  

Құжаттар мен бағалы заттарыңызды шағын сөмкеге салып алсаңыз тіптен жақсы, олар үнемі өзіңізбен жүру керек. 

Жолға өзіңізбен бірге ірі көлемде қолма-қол ақша алмаған жөн. Қазір дүкендердің көбінде төлемді электронды түрде жасауға болады. Алайда жол бойындағы кейбір елді мекендерде байланыс нашар болғандықтан, интернет ұстамай қалып жатады. Сол себепті ішіп-жеріңізге жеткілікті мөлшерде алсаңыз жетеді. 

№2. Пойызға қандай киім киген жөн?

Пойызға ауыстырып киетін киім алып алған дұрыс. Ол ыңғайлы болғаны жөн.  

  • жеңіл сандал;
  • футболка немесе майка;
  • шорты немесе спорттық шалбар;
  • құлаққап пен көз маскасын алуға да болады. Ол жақсы ұйықтауға көмектеседі.

Бұл жерде жыл мезгілін де ескеру керек. Жазда вагон іші ыстық болғанда жеңіл киінген жөн. Ал қыста кейбір вагондар салқын болады, ол кезде өзіңмен бірге жылы киім алған дұрыс.


Оқи отырыңыз: Баланы мектепке дайындағанда нені ескерген жөн? Ата-анаға пайдалы кеңес


№3. Қандай гигиеналық заттар алу керек?

Пойызда қолайсыз жағдайға тап болмас үшін өзіңізбен бірге гигиеналық құралдарды да алып жүргеніңіз дұрыс.  

  • тіс пастасы мен щетка;
  • сабын;
  • антибактериальды салфетка;
  • әжетхана қағазы;

Сүлгіні төсек жаймаларымен бірге вагонда береді. Дегенмен, өзіңізбен бет орамал алып алуға да болады.

Кішкентай баласымен жүргендер ұмытпай горшок алып алғаны дұрыс.

№4. Жолда қандай дәрі-дәрмек керек болуы мүмкін?

Жол болған соң небір жағдай болады, кейде су немесе тамақ жақпай қалып жатады. Кейбірінің басы немесе іші ауырады. Соның барлығына дайын болу керек. Сол үшін жолға мына дәрілерді салып алған жөн:

  • ауырсынуды басатын дәрі;
  • аллергияға қарсы дәрі;
  • іш өтуге қарсы дәрі;
  • бастың дәрісі;
  • ыстық түсіретін дәрі;
  • пластырь мен йод алып алған да артық етпейді.  

Оқи отырыңыз: Қорылдан қалай құтылуға болады? Пайдалы кеңестер


№5. Жолға қандай тамақ алған жөн?

Көпшілік пойыздағы мейрамхана тамағына жолай бермейді, жол-жөнекей тоқтаған станциядан азық алғанды ұнатады. Дегенмен, жол бойынан тамақ алғанда абай болу керек, әсіресе жазда. Күннің ыстығында тез бұзылатын еттен және балықтан жасалған тағамдардан бас тартқан жөн. Сондықтан ыстық күнде астан уланып қалмас үшін, жеңіл-желпі тамақ пен жеміс-жидек алуға болады.  

Сонымен қатар:

  • қайнатылған картоп;
  • қайнатылған жүгері;
  • жылдам әзірленетін ботқа;
  • тәтті бәліштер;
  • қияр, қызанақ, алма, мандарин, банан;
  • су, бірреттік қолдануға арналған шай, тұз, қант және тағы басқа тамақ алуға болады.

№6. Пойызда уақытты қалай тиімді өткізуге болады?

Ұзақ жолға шығып бара жатсаңыз қызықты кітап ала шығуды ұмытпаңыз. Қазір көпшілік телефонға телміреді, бірақ станциялардың арасында байланыс болмай қалатын ескерсек, уақытты тиімді өткізуде кітаптан артығы жоқ.  

Сондай-ақ жолға кішкентай баламен шықсаңыз, ойыншығын ала шығыңыз. Өйткені ұзақ жолға балалар шыдай бермейді, іші пысып, мазаңызды алады.  

Жолға дайындалғанда телефон қуаттағышын ұмытпаңыз. Қазір көптеген вагонда тоқ көзі бар. 


Оқи отырыңыз: Өмірді сақтандыру не үшін қажет? Пайдалы кеңес


 

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары