USD: 468.7 / 471.1
  • EUR: 535.5 / 540.5
  • RUB: 5.65 / 5.77
Тікелей эфир
Алматы +33C
Все города

45-50 градус: Аптап ыстықтан қалай қорғанған абзал?

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Аптап ыстық әсіресе балалар, қарттар, аяғы ауыр әйелдер және қан қысымы жоғары жандар үшін аса қауіпті. 

Қазақстанда бұрын-соңды болмаған аптап ыстық болып жатыр. Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері ыстықтың беті қайтпайды. Шымкентте ыстық +47 градусқа дейін жетсе, Алматыда демалыс күндері +40, +42 градусқа дейін жетуі мүмкін. Астанада да ауа температурасы +36 градустан жоғарылайды. Биылғы шілдеде ыстық рекордтық көрсеткішке жетіп, күн өтіп, жедел жәрдемге жүгінетіндер көбейген. Алматының өзінде екі аптада 33 мың адамның денсаулығына қауіп төніп, жедел жәрдем қызметін шақыртқан. 

Осы орайда Информбюро порталы ыстықтан қорғану жолдарын және күн өтсе не істеу қажет екені жайында пайдалы кеңес әзірледі. 

Күн астында жүру ережелері

Аптап ыстықта далада жүргенде күн өтіп кетпеуі үшін мына ережелерді қатаң сақтау қажет:

  • "Қауіпті сағаттар" ережесі: Сағат 11:00-ден 17:00-ге дейінгі аралықта күн сәулесі қатты түседі және адам өміріне қауіп төндіреді. Бұл уақытта маңызды шаруаларды кейінге шегеріп, сыртқа шықпауға тырысыңыз. Тіпті жаттығуды да таңғы ерте уақытқа не кешкі салқынға қалдырған жөн.
  • Дұрыс киіну: Синтетикалық киімдер терінің тыныс алуына және тердің булануына кедергі жасайды. Сол себепті зығыр, мақта, жібек секілді тек табиғи маталардан тігілген, денеге жабыспай еркін тұратын және ашық түсті киімдерді киіңіз. Ашық түс күн сәулесін кері шағылыстырып, ыстықтан қорғайды.
  • Қорғану шаралары: Көшеге шыққанда бетіңізді көлеңкелеп тұратын бас киім киіп, ультракүлгін сәулелерден қорғайтын сапалы көзілдірік тағыңыз. Үйден шығардан 20 минут бұрын қорғаныс деңгейі жоғары SPF 50 секілді күннен қорғайтын крем жағыңыз.
  • Маршрутты жоспарлау: Аптап ыстықта далаға шығуға мәжбүр болсаңыз көлеңкелі жерлермен жүріңіз. Өзіңізбен бірге міндетті түрде кішкентай қолшатыр мен денеңізге су бүркитін спрей ала жүріңіз. Осылай бетіңіз бен мойныңызды салқындатасыз.
  • Көлікте ұзақ отырмау: Жабық көліктің іші күн астында бірнеше минуттың ішінде +50 градусқа дейін қызып кетеді. Сондықтан балаларды, қарт адамдарды және үй жануарларын көлік ішінде бес минутқа болса да мүлдем қалдыруға болмайды. Мұның арты қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.

Тамақтану және су балансын сақтау

Ыстық күндері ағза термен бірге тек суды ғана емес, калий, натрий, магний секілді маңызды микроэлементтерді де жоғалтады. Су балансын дұрыс қалпына келтірудің мынадай жолы бар:

  • Су ішу тәртібі: Шөлдеген кезде ғана су ішпеңіз. Шөлдеу – ағзаның сусызданғанынан хабар беретін соңғы дабыл. Күніне салмағыңызға қарай әр келі үшін 35-40 мл(орташа есеппен 2-3 литр) су ішіңіз. Суды бірден көп мөлшерде емес, әр 15-20 минут сайын аз-аздан, кішкене ұрттап ішкен дұрыс.
  • Сусындарды дұрыс таңдау: Бірден мұп-мұздай су ішуге болмайды. Тамағыңыз ісіп, оған қоса асқазан-ішек жолдарының жұмысын бұзуы мүмкін. Бөлме температурасындағы қарапайым су, газдалмаған минералды сулар, лимон немесе қияр қосылған су, сондай-ақ ыстық елдер жиі ішетін жылы көк шай ішіңіз. Табиғи айран мен шұбат та ағзаны жақсы салқындатады.
  • Қжет емес сусындар: Алкогольді ішімдіктер, энергетиктер, қою кофе мен тәтті газдалған сусындар ағзадан сұйықтықты екі есе тез шығарып, жүрекке үлкен салмақ түсіреді.
  • Тамақтану рационын өзгерту: Ауыр, майлы, қуырылған және ет секілді ақуызы тым көп тағамдарды қорыту кезінде ағза үлкен мөлшерде жылу бөледі. Сондықтан мәзірді жеңілдетіп, салқын сорпа, піскен көкөністер, қарбыз, қауын, қияр секілді көкөністер, балық тағамдарын таңдаңыз. Тұзды тағамдарды да азайтыңыз.

Үй мен кеңсені салқын ұстау жолдары

Үйіңізде кондиционер болмаса не оны қосқыңыз келмесе бөлме температурасын төмендетудің мынадай тиімді жолдары бар:

  • Уақытылы желдету: Күндіз, сыртта күн жанып тұрғанда, яғни 11.00-ден 18.00 аралығында барлық терезені және есікті мықтап жауып қойыңыз, әйтпесе үйдің ішіне ыстық ауа толып кетеді. Терезелерді тек кешкі салқын түскенде және таңғы сағат бестен сегізге дейін ашып, үйді толықтай желдетіп алған жөн.
  • Терезелерді бүркемелу: Күн сәулесі тікелей түскен кезде үй іші ысып кетеді. Сондықтан терезеге күн сәулесін шағылыстыратын арнайы пленка немесе кәдімгі тағамға арналған фольга қағазын жапсырыңыз. Сондай-ақ қалың, ашық түсті перделерді жауып қойыңыз.
  • Дымқылдандыру: Күніне кемінде екі рет еденді салқын сумен сүртіп, үйді дымқылдандырыңыз. Ауаға, перделерге және жапырағы үлкен бөлме өсімдіктеріне су бүркіңіз.
  • Желдеткішті дұрыс қолдану: Желдеткіш тек ауаны айналдырады, бірақ бөлмені салқындатпайды. Әсерін күшейту үшін алдына мұздатылған суы бар пластик бөтелкелерді не мұз салынған ыдысты қойып қойыңыз. Сонда бөлмеге салқын ауа тарайды.
  • Тұрмыстық техниканы өшіру: Көне қыздыру шамдарын жарықдиодты (LED) шамдарға ауыстырыңыз. Қолданылмайтын компьютер, теледидар және өзге де электр құрылғыларын тоқтан суырыңыз. Себебі олар жұмыс істеп тұрғанда және күту режимінде де айналасына қосымша жылу бөледі.

Алғашқы көмек

Аптап ыстықта өзіңізге ғана емес, айналаңыздағы адамдарға да көңіл бөліңіз. Біреуге көмек қажет болса мына ережелерді есте ұстаңыз. Күн өткенде не ыстық соққанда қалай алғашқы көмек көрсету керек екенін әр адам білгені жөн.

Бірінші қадам. Салқын жерге апару:

  • Ең алдымен адамды күн көзінен не қапырық бөлмеден дереу алып кету керек.
  • Адамды кондиционері бар бөлмеге немесе ағаш көлеңкесіне, салқын жерге ауыстырыңыз.
  • Шалқасынан жатқызыңыз. Жүрегі айнып, құсқысы келсе тұншығып қалмауы үшін міндетті түрде қырынан жатқызу қажет.
  • Құсу белгілері болмаса басқа қан баруын жақсарту үшін аяғының астына киім немесе сөмке қойып, сәл жоғары көтеріп қойыңыз. 

Екінші қадам. Тыныс алуды жеңілдету:

  • Тар киім ағзаның өз-өзін салқындатуына және ауа алмасуына кедергі келтіреді. Сондықтан науқастың жейдесінің жоғарғы түймелерін ағытып, жағасын босатыңыз.
  • Белдігін, қысып тұрған галстугін немесе тар киімдерін шешіңіз немесе босатыңыз.
  • Ауа айналуы үшін терезелерді ашыңыз не желдеткішті қосыңыз.  

Үшінші қадам. Денені жедел салқындату:

  • Басты мақсат – дене температурасын төмендету. Бірақ мұны бірден жасауға болмайды, себебі тамырлардың спазмы туындауы мүмкін.
  • Салқын компрестер. Маңдайға, желкеге, мойынға, қолтық асты мен шап аймағына, яғни ірі қан тамырлары өтетін жерлерге салқын суға малынған орамал немесе мата басыңыз.
  • Бүкіл денесін бөлме температурасындағы салқын сумен (шамамен 20-22 °C) сүртіңіз не үстіне дымқыл жайма жауып қойыңыз. 
  • Суланған денені қағазбен не сүлгімен желпіп, судың булануы арқылы салқындау процесін тездетіңіз.

Төртінші қадам. Су балансын қалпына келтіру:

  • Адам сусызданудан есінен танып қалмаса және жұту қабілеті сақталса, оған су ішкізу керек.
  • Газдалмаған қарапайым салқын су, минералды су немесе "Регидрон" секілді тұзды тепе-теңдікті қалпына келтіретін арнайы регидратациялық ерітінділер ішкізіңіз. 
  • Судың бәрін бірден ішіп қоюға болмайды, себебі адам құсуы мүмкін. Сондықтан аз-аздан ұрттап ішкен жөн. 

Не істеуге болмайды?

Алғашқы көмек көрсеткенде адамның жағдайын ушықтырып алмас үшін мына әрекеттерді ешқашан жасамау керек:

  • Мұздай су мен мұзды тікелей басу: Мұзды жалаң теріге қою немесе адамды бірден мұздай суға түсіру тамырлардың күрт тарылуына әкеледі. Осылайша ішкі мүшелері одан сайын қыза түседі.
  • Ыстықты түсіретін дәрілер беру: Күн өту кезінде дене қызуы көтерілсе бұл инфекциялық безгек деген сөз емес, бұл – термореттелудің бұзылуы. Сондықтан Парацетамол немесе Аспирин бұл жағдайда көмектеспейді, керісінше бауыр мен бүйрекке салмақ түсіреді.
  • Ес-түзсіз жатқан адамның аузына су құю: Егер адам есінен танып қалса, оның аузына су құюға не дәрі тықпыштауға мүлдем болмайды, сұйықтық тыныс жолдарына кетіп қалуы мүмкін.
  • Алкоголь немесе кофеин беру: Сұйықтық ретінде кофе, қою шай немесе энергетиктер беру ағзаны одан сайын сусыздандырып, жүрек соғысын жиілетеді.

Қай кезде жедел жәрдем шақыру қажет?

Көрсетілген көмектен кейін 10-15 минут ішінде адамның жағдайы жақсармаса не мына белгілер анықталса, уақыт созбай жедел жәрдем шақырыңыз:

  • Дене температурасы 39-40 градустан асса;
  • Адам есінен танып қалса не сандырақтай бастаса;
  • Тамырлары тартылып, дірілдей бастаса;
  • Жүрегі қатты соғып, әзер тыныс алса, ентіге бастаса;
  • Тоқтамай құса бастаса онда дереу жедел жәрдемге хабаралсыңыз.

Мұндай сәтте көмек қажет адамның жанынан табылып, дәрігер келгенге дейін жедел әрі сауатты көмек көрсетсе адам өмірін сақтап қалуға болады. 

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау