Алматыда аптап ыстыққа байланысты жедел медициналық көмекке жүгінушілер саны артқан. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Екі аптада 33 мыңнан астам шақырту түскен
Алматы қалалық Жедел медициналық жәрдем қызметі директорының міндетін атқарушы орынбасары Азамат Құрманбековтің айтуынша, шілде айының алғашқы екі аптасында жедел жәрдем қызметіне 33,6 мыңнан астам шақырту тіркелген.
Оның ішінде:
- 1,5 мыңға жуығы артериялық қысымның жоғарылауына байланысты;
- 300-ден астамы жүрек-қан тамырлары ауруларына, соның ішінде жүректің ишемиялық ауруы мен жедел миокард инфарктіне қатысты болған;
- 50-ге жуық адам ми қан айналымының жедел бұзылуына байланысты шұғыл түрде қалалық ауруханаларға жеткізілген.
Басқарманың мәліметінше, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда күн өту салдарынан жедел жәрдем шақырту жағдайлары екі есе көбейген.
Дәрігерлер жоғары температураның әсіресе қарт адамдар, балалар, жүкті әйелдер және созылмалы ауруы бар науқастар үшін қауіпті екенін ескертеді.
Мамандардың айтуынша, аптап ыстық жүрек-қан тамырлары жүйесіне түсетін жүктемені арттырып, қан қысымының көтерілуіне, жүрек ырғағының бұзылуына, ентігуге, сондай-ақ инфаркт пен инсульт қаупінің жоғарылауына себеп болуы мүмкін.
Дәрігерлер қандай кеңес береді?
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарға:
- сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін күннің астында ұзақ жүрмеуге;
- табиғи матадан тігілген жеңіл киім, бас киім және күннен қорғайтын көзілдірік киюге;
- медициналық қарсы көрсетілімі болмаса, тәулігіне кемінде 2 литр су ішуге;
- алкогольді ішімдіктерді, тәтті газдалған сусындар мен кофені шамадан тыс тұтынбауға кеңес береді.
Қашан дәрігер шақыру керек?
Егер адамда қатты бас ауруы, бас айналу, әлсіздік, жүрек айну, сананың шатасуы, дене қызуының көтерілуі немесе есінен тану белгілері байқалса, оны дереу салқын жерге апарып, денесін салқындату, аз-аздан су беріп, жедел медициналық жәрдем шақыру қажет.
Мамандардың айтуынша, қарапайым сақтық шараларын сақтау және уақытылы дәрігерге қаралу аптап ыстық кезінде денсаулыққа төнетін қауіп-қатерді азайтуға мүмкіндік береді.