Премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжанов педагогтар мен білім және ғылым саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде жаңа оқу жылына қатысты мәселелерді қозғап, нақты тапсырмалар берді.
Оқу процесіне қатысты тұлғалардың бәрі оқушы денсаулығына жауапты
Ералы Тоғжанов оқу процесіне қатысты мәселенің бәрін егжей-тегжейлі ойластыру қажет екенін атап өтті.
"Күн тәртібінде балалардың қауіпсіздігі мәселесі тұр. Оқушыларды мектепте оқытуға қатысты түрлі ұсыныстар айтылып жатыр. Бірақ, балаларға бірдеңе болса, ешкім бізді кешірмейді. Сол себепті мектептер мен балабақшалар ерекше бақылау нысаны болуы тиіс. Оқу процесіне қатысатын барлық адам балалардың денсаулығы үшін жеке жауапты болады. Бұл педагогтар мен тәрбиешілерге де қатысты", – деді вице-премьер.
Оқи отырыңыз: Кезекші сынып оқушысының ата-анасы мектепке кіре алмайды. Олар тағы нені білуі тиіс?
Оның сөзінше, оқушылардың топтасуын болдырмау үшін әртүрлі сынып оқушыларының мектепте кіріп-шығу уақытын белгілеп, балаларды күтіп алып, шығарып салатын кезекшілерді тағайындау қажет. Барлық мектеп дезинфекция құралдарын пайдаланып, үнемі мұқият тазалау жұмыстарын жүргізуі тиіс. Оған қоса әр сыныптың жеке дайындық жоспары болады.
"Ғимарат кіреберісіне сүзгі, дене қызуын өлшейтін құрал, дезинфекция қондырғысы мен аяқ киімге арналған кілемшелер қойып, бір сөзбен айтқанда санитарлық режим бойынша талап етілетін нәрсенің барлығын ұйымдастыру қажет", – деді премьер-министрдің орынбасары.
Оқи отырыңыз: "Үйде білім алу оқу үлгерімін төмендетеді". Жекеменшік мектептер неге online білімге қарсы?
Балалардың мектеп ішіндегі қозғалысын шектеу үшін әр сыныпқа жеке оқу кабинеті бекітіледі. Сынып ішінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолды өңдеуге арналған антисептиктер, ауаны зарарсыздандыруға арналған шамдар қойылуы тиіс. Мектеп жанындағы медицина кабинеттерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажет.
"Оқу жылының басталуына дайындық мәселелеріне қатысты барлық өңірге нақты тапсырмалар берілді. Дегенмен дайындығы нашар өңірлер бар. Іс жүзінде аз ғана күн қалды. Қаншама баланың компьютері жоқ. Мектептерде мұғалімдер жетіспейді. Оқулықтарды жеткізу мәселесі бар", – деді Ералы Тоғжанов.
Вице-премьер әрбір білім басқармасының басшысына оқу жылының басталуына толық дайындықты қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Бұған облыс әкімдерінің орынбасарлары, жергілікті жерлердегі білім басқармалары басшылары жауапты болады.
Оқи отырыңыз: "Оқушыны қолда" қайырымдылық акциясы. Көмекті кімдер ала алады?
Апатты және үш ауысымды мектептерді жою
Ералы тоғжановтың мәліметінше, Қазақстанда әлі күнге дейін 237 апатты және үш ауысымды мектеп бар. 2017 жылғы мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша мұндай мектептер толығымен жойылуы керек болған. Жаңа мемлекеттік бағдарламада жаңадан 800 мектеп салу жоспарланған.
"Балалар апатты жағдайда оқитын кезде мектептің сапасы, стандарты туралы сұрақ туындайды. Батыс Қазақстан облысында – 12, Түркістан облысында – 7, Атырау және Жамбыл облыстарында осындай бес мектептен бар. Барлық әкімдікке жедел түрде апатты, үш ауысымды мектептерді жою жөнінде шаралар қабылдауды және олар туралы баяндауды тапсырамын. Мәселе менің бақылауымда. Кеше ғана барлық өңірге тапсырма бердім. Әліге дейін кейбір өңірлерде мектептерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деді ол.
Премьер-министрдің орынбасары мектептер мен балабақшалар 1 қыркүйекке дейін бейнекамералармен қамтамасыз етуді тапсырып, облыс орталықтарында, қалаларда мектептер мамандандырылған күзетке көшуі тиіс екенін айтты. Дәретханасы сыртта орналасқан 2 200 мектепті жылы санитарлық тораптармен қамтамасыз ету мәселесін шұғыл шешуді тапсырды.
Оқи отырыңыз: Тамызда оқушылар мен ата-аналарға бірыңғай сынып сағаттары өтеді. Олар неге дайын болуы керек?
Республикалық педагогикалық кеңес құру
Қазақстанда республикалық педагогикалық кеңес құрылады. Әрбір өңір кеңеске өз өкілін тағайындайды. Ералы Тоғжановтың сөзінше, білім беру саласында қабылданатын барлық шешім алдымен осы кеңесте талқылануы керек.
"Білім беру саласындағы негізгі проблемалардың бірі – барлық мүдделі тараптың пікірін ескеретін кері байланыстың болмауы. Әрбір өңір өз өкілін тағайындайтын республикалық педагогикалық кеңес құруды тапсырамын. Педагогикалық кеңес барлық педагогикалық қоғамдастықтың дауысына айналуы тиіс", – деді вице-премьер.
Оған қоса премьер-министрдің орынбасары білім беру мәселелері бойынша барлық нормативтік құжатқа заңнама деңгейінде сараптама жүргізуді тапсырды.
Оқи отырыңыз: Коронавирустың білім беруге әсерін Қазақстан экономикасы ондаған жылдар бойы сезінеді
Техникалық және кәсіптік білім беру сын көтермейді
Ералы Тоғжанов техникалық және кәсіптік білім сын көтермейтінін, жұмыс берушінің де, студенттің де сеніміне ие емес екенін айтты.
"Жастарды техникалық және кәсіптік білім берумен қамту 17% ғана. Елбасының тегін техникалық және кәсіптік білім беруді енгізу жөніндегі өте маңызды тапсырмасы тиімсіз іске асырылып жатыр. Дуальді оқыту жеткілікті дамымай отыр. Студенттердің практикасы көбінесе қалай болса солай ұйымдастырылады", – деді ол.
Премьер-министрдің орынбасары жастарды жұмыспен қамтуды және экономиканы әртараптандыруды қамтамасыз ету үшін кәсіптік және техникалық білім берудң дамытуға қатысты түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырды. Ұлттық біліктілік жүйесі аясында бейресми білім берудің барлық нұсқасын белсенді енгізу қажет екенін атап өтті.