Заң аясында күніне қанша уақыт жұмыс істеуге болады? Басшылық үстеме жұмыс берсе, не істеген жөн? Түнде және мереке, демалыс күндері істеген жұмыстың ақысы қалай есептеледі? Informburo.kz тілшісі ҚР Еңбек кодексіне сүйене отырып, жұмыс уақытына қатысты өзекті сауалдарды тарқатты.
№1. Жұмыс уақытының түрлері қандай?
Жұмыс уaқыты – жұмысшы мен жұмыс беру арасындағы актілер мен еңбек келісім-шартына сәйкес қызметтік міндеттерін атқаратын уақыты. Оның үш түрі бар.
- Қалыпты жұмыс уақыты аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс.
- Қысқартылған жұмыс уақытымен кәмелетке толмағандар қызмет ете алады. 14-16 жастағы жасөспірімдер – аптасына 24 сағат, 16-18 жастағылар аптасына ең көбі 34 сағат жұмыс істей алады. Қысқартылған жұмыс уақытындағы қызметкерлерге жалақы толық төленеді. Ауыр жұмыста, еңбек жағдайы зиян немесе қауіпті жұмыста істейтін жұмысшы қызметі аптасына 36 сағаттан аспағаны дұрыс. І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар аптасына 36 сағаттан, күніне 7 сағаттан аспайтын уақыт жұмыс істегені жөн.
- Толық емес жұмыс уақыты – жұмыскер мен жұмыс беруші арасында жазбаша келісім бойынша белгіленетін қызмет кезеңі. Басшы жүкті әйелдің, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-ананың біреуінің, сонымен қатар медицина қорытындысына сәйкес, отбасының науқас мүшесінің күтімімен айналысатын жұмысшының жазбаша өтінішімен оларға толық емес жұмыс уақыты режимін белгілеуге міндетті. Толық емес жұмыс уақытындағы қызметкер жұмыс істеген уақыты немесе өніміне сай жалақы алады.
№2. Жұмыс уақытының ұзақтығы қандай?
ҚР Еңбек кодексі және өзге де заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, күнделікті жұмыстың ұзақтығы 8 сағаттан аспайды.
Күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы, басталу және аяқталу уақыты, жұмыстағы үзілістер уақыты еңбек тәртіптемесі қағидаларында, еңбек және ұжымдық шарттарда белгіленген талаптар сақтала отырып айқындалады.
Өнер және мәдени ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмыскерлері, спортшылар, жаттықтырушылардың күнделікті жұмыс уақыты өзгеше белгіленуі мүмкін. Ол Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына, жұмыс берушінің актілеріне, ұжымдық немесе еңбек шарттарына сәйкес анықталады.
ҚР Еңбек кодексінің 23-бабына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерлерінің жұмыс уақыты, оның ішінде үстеме жұмыстардың, зиян, қауіпті еңбек жағдайларындағы жұмыстардың, ауыр жұмыстардың есебін жүргізуге міндетті.
Оқи отырыңыз: Жұмыскердің құқығы: нені білу керек?
№3. Үстеме жұмыс деген не?
Үстеме жұмыс – жұмыс уақытынан тыс кезде жұмыс істеу. Оған демалыс және мереке күндері, күнделікті белгіленген сағаттардан тыс уақыттарда жұмыс істеу жатады.
77-баптың 2-тармағына сәйкес, басшылық қызметкердің келісімінсіз мынадай жағдайларда:
- елдің қорғанысы үшін, сондай-ақ төтенше жағдайларды, дүлей зілзаланы немесе өндірістік аварияны болдырмау не олардың зардабын дереу жою жұмыстарын жүргізу үшін;
- су, газ, жылу, энергиямен жабдықтары және тіршілікті қамтамасыз етудің басқа да жүйелеріндегі ақауды жою кезінде;
- үзіліс жасауға болмайтын жұмыстарда қызметкерді ауыстыратын адам келмей қалғанда, басқа жұмыскермен ауыстыру шараларын дереу қолдана отырып, жұмысты жалғастыру үшін;
- денсаулықтан айырылу немесе өлім қаупі төнген азаматтарға шұғыл және кезек күттірмейтін жәрдем көрсету үшін үстеме жұмыстарға тарта алады.
Бұдан басқа жағдайларда үстеме жұмыс тапсыру үшін жұмыскердің жазбаша келісімі болуы керек (осы баптың 1-тармағы).
№4. Кімдер үстеме жұмыстан босатылған және оның шегі бар ма?
Кодекстегі 77-баптың 3-тармағына сәйкес, жұмыс берушіге жүктілігі туралы анықтаманы ұсынған жүкті әйелдер, он сегіз жасқа толмағандар мен мүгедектер үстеме жұмыстан босатылған.
Үстеме жұмыс уақыты Еңбек кодексінің 78-бабында көрсетілген. Оған сәйкес, әр қызметкер бір тәулікте екі сағаттан аспайтын уақыт үстеме жұмыс істей алады. Ал ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстарда бір сағаттан аспауы керек.
Үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы айына – 12 сағаттан, жылына 120 сағаттан аспауға тиіс.
Бұл бап кодекстің 77-бабы 2-тармағында көзделген жағдайларда қолданылмайды.
Оқи отырыңыз: Фрилансер еңбек демалысына шыға ала ма? Өзекті 10 сұраққа жауап
№5. Үстеме жұмыс ақысы қалай есептеледі?
Түнде немесе негізгі жұмыс мезгілінен тыс қосымша істеген кезде және демалыс, мейрамдарда төленетін үстемақы күндік немесе сағаттық табыстан бір жарым есе артық болуы керек.
Ал, уақытша болмаған әріптесінің міндетін қоса атқарғаны немесе алмастырғаны үшін берілетін қосымша ақының мөлшерін басшылықпен келісу арқылы анықтау керек.
№6. Демалыс және мереке күндері жұмыс істеу заңды ма?
Вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер мереке және атаулы күндерге байланысты демалыс күндерінде жұмыс істей береді.
Басқа қызметкерлер жазбаша келісім беруі керек. Бұл күндері жұмыс істегені үшін оған қалауы бойынша басқа демалыс күні беріледі немесе осы Кодекстің 109-бабында көрсетілген мөлшерде ақы төленеді.
Жүкті әйелдерді демалыс және мереке күндерінде жұмысқа тартуға тыйым салынады.
№7. Еңбек құқығы бұзылған жағдайда, қайда жүгінуге болады?
Еңбек кодексінде бекітілген талаптар бұзылған жағдайда, мемлекеттік еңбек инспекторларына жүгінуге болады. Әр облыста еңбек инспекторлары бар.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 89-бабына сәйкес, бірінші рет жұмыс уақытын заңсыз асырған жұмыс берушіге ескерту жасалады.
Ескерту берілген соң бiр жыл iшiнде қайталанса, лауазымды адамдарға – 40 АЕК, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 60 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 80 АЕК, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 120 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.
Оқи отырыңыз: Есепке қою, сақтандыру және медициналық қызмет. Жүкті әйелдер білуі тиіс 7 мәлімет
Мемлекеттік еңбек инспекторлары қызметінің қорытындысы бойынша, елде:
- еңбек шартын заңсыз бұзу;
- жұмыс уақыты нормаларының асып кетуі;
- еңбек демалыстарын беру мерзімдерін бұзу;
- жалақы төлеу мерзімдерін бұзу сынды Еңбек кодексінде белгіленген талаптар бұзу жиі кездеседі.
ҚР Президентінің жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның баяндамасына сәйкес, 2020 жылдың тоғыз айында жұмыс берушілерге 1088 ұйғарым беріліп, 86,7 млн теңге сомасына 500 айыппұл салынған. Осылайша, ҚР еңбек заңнамасын қолданудағы басты проблема жұмыскерлердің еңбекке ақы төлеу құқықтарын бұзу екені анықталған.