Тікелей эфир

Қандас мәртебесін қалай алуға болады? Шеттегі қазақтарға арналған нұсқаулық

Этникалық қазақтардың отбасының әрбір мүшесіне елге көші үшін 70 АЕК мөлшерінде бір реттік көмек беріледі.

2022 жылдың басынан бері 11 165 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Ал 1991 жылдан бергі есеп бойынша Қазақстанға 1 млн 99 мың этникалық қазақ оралған. Биылдан бастап қандас мәртебесін eGov порталында онлайн алуға болады. Оған қоса, президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүейектегі ел халқына жасаған Жолдауында қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгеретінін айтты. 

Қандас мәртебесін алу үшін қандай құжаттар қажет? Оны ұзартуға бола ма? Қандастарға мемлекеттен қандай көмек беріледі? Informburo осы және өзге сұрақтарға жауап береді.

№1. Қандас мәртебесін алу үшін қайда жүгіну керек?

Қандас – бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмаған, тарихи отанына келген және заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған этникалық қазақ. Этникалық қазақ (ұлты қазақ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам) жергілікті атқарушы органға, Қазақстанның шетелдердегі мекемелеріне немесе eGov порталына жүгіну арқылы қандас мәртебесін алуға өтініш бере алады. 

№2. Қандай құжаттар қажет?

  • өтініш;
  • өмірбаян (еркін нысанда);
  • өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері, нотариат куәландырған қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасымен (туу туралы куәлік, шетелдік паспорт, азаматтығы жоқ адамның куәлігі немесе этникалық қазақтардың шыққан елдерінің арнайы органдарының басқа да ресми құжаттары).

Жергілікті атқарушы орган және Мемлекеттік коропорация этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне қандас мәртебесін беру туралы шешімді төрт жұмыс күні ішінде шығарады. Өтініш берушіге қандас куәлігін береді не қандас мәртебесін беруден дәлелді түрде бас тартады. 

Өтініш берушінің ЖСН-і болса үш жұмыс күні ішінде шешім шығады. Бұл ретте eGov порталында өтініш берген кезде құжаттарды қабылдау күні мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.

№3. Қандай жағдайда қандас мәртебесі берілмейді?

Өтініш беруші құжаттардың толық топтамасын ұсынбаса, не болмаса олардың қолданылу мерзімі өтіп кетса құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі.

Қандас мәртебесін беру не одан бас тарту туралы шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды. Өтініш иесі этникалық қазақ болмаса, ұсынылған құжаттардың дәйексіздігі фактісі анықталса қандас мәртебесі берілмейді.


Оқи отырыңыз: EGov.kz арқылы қандас мәртебесін алуға болады


№4. Бас тарту шешімі шықса, қалай шағымдануға болады?

Иә, жергілікті атқарушы орган мен мемлекеттік корпорация басшысының мекенжайына шағымдануға болады. Өтініш берушінің шағымы тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралады. Олардың жауабымен келіспесе мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағымдана алады. Шағым үш күн ішінде оны қарайтын органға жіберіледі. Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган шағымды тіркелген күнінен бастап 15 жұмыс күні ішінде қаралады.

Өтініш беруші олардың шешімімен де келіспесе халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға немесе заңда белгіленген тәртіппен сотқа жүгінеді.

№5. Қандас куәлігін жоғалтып алса, не істеу керек?

Қандас куәлігін жоғалтып алса өтініш беруші жергілікті атқарушы органға не eGov порталына еркін нысандағы өтінішпен жүгінеді. Өтініш қабылдағаннан кейін қандас куәлігінің телнұсқасы (көшірме) беріледі. Мемлекеттік корпорация құжаттарды өздерінің ақпараттық жүйесінде бір жыл ішінде сақталуын қамтамасыз етеді.

№6. Қандас мәртебесін ұзартуға бола ма?

Иә, болады. Қандас мәртебесін алты айға ұзартуға болады. Ол үшін жергілікті атқарушы орғанға немесе eGov порталына қажет құжаттарды тіркеп, қандас мәртебесін ұзарту туралы өтініш береді. Жергілікті атқарушы орган ұзарту не бас тарту туралы шешімді төрт жұмыс күні ішінде және алты айдан аспайтын мерзімге бір рет қабылдайды.


Оқи отырыңыз: "Депортация жасайды". Қандастар неге солтүстік өңірге көшуден бас тартып отыр?


№7. Қандас мәртебесін шетелде қалай алады?

Қазақстанның шет елдегі мекемелеріне жергілікті атқарушы органның қандас мәртебесін беруге келісімін алу туралы өтініш береді. Олар өтініш пен құжаттарды халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жібереді. Бұл орган қандас мәртебесін беру не бас тарту туралы шешімді шет елдегі мекемелерге жібереді. Шетелде бұл процедура бір ай ішінде қаралып, шешім шығады.

№8. Қандай жағдайда қандас мәртебесі тоқтатылады?

Қандас мәртебесi келесі жағдайларда тоқтатылады:

  • қандас Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн;
  • Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаттың күші жойылған жағдайда;
  • қандас мәртебесін алған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін.

№9. Қандас елге келген соң не істеуге міндетті?

  • Уақытша орналастыру орталығында үш күн болу және олардың тәртібін сақтау;
  • Тұрғылықты жері бойынша аумақтық көші-қон қызметтеріне хабарлау және ішкі істер органдарында тіркелу;
  • Дәрігерлердің тексеруінен өту, қажет болған жағдайда емделіп, екпе алу;
  • Көші-қон қызметтеріне өтінішті қарау үшін қажет ақпаратты ұсыну.

Бейімделу және интеграциялық қызметтерін көрсету үшін қандастардың бейімделу және интеграция орталықтары құрылып жатыр. Қандастар және олардың отбасы мүшелері үшін орталықта уақытша тұру тегін. Қызметтік немесе жеке тұрғын үйң болмаса қандастар орталықта бір жылға дейін уақытша тіркеле алады.


Оқи отырыңыз: Қандастарға мемлекеттен қандай көмектер беріледі?


№10. Қандастар мемлекеттен қандай көмек ала алады?

Этникалық қазақтар субсидия түрінде мемлекеттік қолдаудың мынадай шараларын алуға құқылы:

  • отбасының әрбір мүшесіне көшуге 70 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем (2022 жылы – 222,6 мың теңге);
  • тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындарын жабу үшін төлем 1 жыл ішінде ай сайын төленеді (әр адам үшін 15 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін).

Қандас мәртбесі бар азаматтар мен олардың отбасы материалдық көмек, әлеуметтік төлемдер және жәрдемақылар мен жеңілдіктер алуға құқылы:

  • жұмысқа орналастыруда, біліктілігін арттыруда  және жаңа кәсіпті меңгеруде көмек көрсету;
  • мемлекеттік және орыс тілдерін меңгеру үшін жағдай жасау;
  • заңда белгіленген тәртіпте Қарулы күштер қатарындағы қызметтен босату;
  • орта кәсіптік және жоғары кәсіптік білім беру ұйымдарына түсу үшін квоталар бөлу;
  • мұқтаждар үшін мектептерде, мектепке дейінгі мекемелерде, сондай-ақ әлеуметтік қорғау мекемелерінде орындар беру;
  • зейнетақылар мен жәрдемақыларды төлеу;
  • азаматтығы қалпына келтірілгендердің жаппай қуғын-сүргін құрбандары үшін берілетін өтемақыға құқықтарын іске асыру;
  • Қазақстан визасын алу үшін консулдық алымдардан босату;
  • заңнамаға сәйкес кепілдік берілген тегін медициналық көмек көлемін алу;
  • Қазақстан азаматтарына көзделген атаулы мемлекеттік көмек көрсету;
  • шекара арқылы кедендік төлемдер мен салықтарды төлеусіз өту;
  • тұрақты мекенжайына ақысыз жол жүру және жолжүгін (соның шінде малды) алып өту;
  • келген жерінде тұрғын үйді алуға қаражат бөлу және біржолғы жәрдемақыны төлеу.
Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары