Тікелей эфир

"Депортация жасайды". Қандастар неге солтүстік өңірге көшуден бас тартып отыр?

Қандастар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көмегінен үміт күтіп отыр.

Түркіменстаннан Маңғыстауға келген қандастарды қайтадан елден шығарып жіберуі мүмкін. Әкімдіктің айтуынша, қандастар үкімет белгілеген өңірлерге қоныс аударуы қажет. Олай болмаса, депортация жасалуы мүмкін. Алайда, қандастар Маңғыстаудан басқа аймаққа көшуге қарсылық білдіріп отыр, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Қандастар елге көшіп келсек те еркіміз болмай тұр деп ашынады. Айтуларынша, бастапқыда Түркіменстандағы елшілік Қазақстанға көшкісі келетіндерге бес облыстың бірін таңдауға мүмкіндік берген. Ал қандас мәртебесін алған соң қай өңірде тұратынын өздері таңдайтынын айтқан.

"Келгеннен кейін бізге Павлодарға бармасаңдар, визаның уақыты біткенде қайтадан Түркіменстанға көшіріп жібереміз деп отыр. Депортация жасаймыз деп жатыр. Ал Павлодарға барсақ, бес жыл сонда тұрасың, сосын қайтып көші-қонға тіркелесің деп бізге қылмыскер сияқты қарап отыр", – дейді қандас Мақсат Қойшыбаев.

Қандастар тұрақты мекен-жайға тіркелмегендіктен, балаларын мектепке бере алмай, ауруханаға емделе алмай отырғанын айтады.


Оқи отырыңыз: Қандастарға мемлекеттен қандай көмектер беріледі?


Ал жауапты басқармадағылар Маңғыстауға көшіп келгендерге жұмыс тауып бере алмайтынын айтып отыр. Сондықтан қандастардың үкімет белгілеп берген аймақтарға көшуі керек.

"Паспорттарына қойылған облыстарына бару керек. Егер бармаған жағдайда екі айдың ішінде пропискаға тұрмаса депортация көзделеді. Қазақстан республикасының қолданыстағы заңдарына сәйкес", – дейді Маңғыстау облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсет Шырпанов. 

Басқарма басшысы басқа өңірде тұруға қауқарсыз зейнеткерлер мен жалғызбасты әйелдердің мәселесін алдағы уақытта комиссия талқылайтынын айтады. Ал туған жерде жақын-жұрағаттарымен тұруды аңсап келген қандастар тек президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көмегінен үміт күтіп отыр.


Оқи отырыңыз: EGov.kz арқылы қандас мәртебесін алуға болады


 

Серіктестер жаңалықтары