Тікелей эфир

"Омикрон" әлемдік локдаунға әкеле ме? Коронавирустың жаңа штамы жайында не белгілі?

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
"Омикрон" штамы "Дельтаға" қарағанда әлдеқайда жұқпалы.

Әлем коронавирус инфекциясының жаңа "Омикрон" штамы жайлы дабыл қағып жатыр. Оның адам ағзасына әсері, таралу күші, оған қарсы вакцинаның тиімділігі жайлы әзірге ақпарат аз. Зерттеліп жатыр. Informburo.kz осы күнге дейін мәлім деректерге сүйене отырып, негізгі сұрақтарға жауап әзірледі. 

№1. Бұл қандай штамм?

Оңтүстік Африка республикасының Инновациялар және эпидемиямен күрес орталығының ғалымдары жеке зертханалармен бірлесе 9 қарашада алынған сынамадан SARS-CoV-2 жаңа нұсқасын анықтады. 24 қарашада ОАР үкіметі бұл туралы ресми түрде хабарлады. Жаңа штамның техникалық атауы – B.1.1.529. Алғашқы анықталған үлгілерді GISAID базасына жүктегенде ұқсас изолят Оңтүстік Африкадан келген Гонконгтегі науқастан табылған. Вирус геномында алпыстан астам мутация бар, оның 32-сі – S ақуызда. Басқа нұсқаларға қарағанда мутация көп болғандықтан адамдар "Омикронның" тез таралуынан қауіптеніп отыр. Осының әсерінен оның жұқпалылығы мен антиденелерге қарсыласу қабілеті жоғары болуы мүмкін. Көбінесе 20-30 жас аралығындағы азаматтарға жұғады. Бұдан өзге осы штаммен ауырып шыққан азаматтарға қайта жұғу қаупі бар.

№2. ДДСҰ мәлімдемесі

26 қарашада ДДСҰ шұғыл жиын өткізіп, жаңа штамды омикрон (ο) әрпімен белгіледі. Ұйым мутация санының көптігінен бұл нұсқаны "алаңдатарлық штамм" деп бағалады. Алдын ала деректер басқалармен салыстырғанда "Омикрон" штамының таралу қаупі жоғары екенін көрсетеді. Оңтүстік Африканың барлық провинциясында "Дельта" штамына қарағанда "Омикронды" жұқтыру деректері артып отыр. 

ДДСҰ өкілі Мария Ван Керкховенің сөзінше, "Омикрон" штамы аурудан толық жазылмаған адамнан таралуы мүмкін. Сарапшылар вирус ұзақ уақыт бойы иммунитеті әлсіз науқастың ағзасында көбейіп, мутацияға ұшыраған деген пікірде. 

№3. Жаңа штамды ПТР-тест анықтай ма?

Зертханаға жіберілетін ПТР-тестілер инфекция тудыратын вирустың "Омикрон", "Дельта" және басқа да нұсқаларға ұқсастығын көрсетуі мүмкін. Алайда зертханалардың бәрінде мұндай мүмкіндік жоқ. Мысалы, Ұлыбританияның өзінде зертханалардың кейбірінде "Омикронды" анықтайтын қажет технология жоқ, сол себепті басқа елдер диагностикалауда қатты қиналуы мүмкін. "Омикрон" екенін растау үшін бірнеше аптаға созылатын толық генетикалық анализ қажет. 


Оқи отырыңыз: "Омикрон" штамы 20-30 жас аралығындағы азаматтар арасында көбірек таралады


№4. "Омикронның" белгілері қандай?

Оңтүстікафрикалық дәрігер Анжелика Кутзи науқастардың арасында қатты қажыған жастар және де тамыр соғысы өте жиі алты жасар бала болғанын айтады. Бірақ ешбірінде иіс пен дәм сезбеу болмаған. Тағы бір дәрігер Рудо Матива ауруханаға ауырлығы орта және ауыр дәрежедегі 20–30 жастағы жастар түсіп жатқанын, олардың кейбіріне интенсивті терапия қажет екенін мәлімдеді.

Вакциналау және иммунизациялау комитетінің мүшесі және профессор Адам Финн оңтүстікафрикалық науқастардың белгілерін талдай отырып дәм мен иіс сезу жоғалмайтынын, бірақ шаршау, жүрек қағысының жиілеуі байқалатынын атап өтті.

"Дельтаға" қарағанда "Омикрон" басқа да белгілер тудыруы мүмкін деген болжам бар. Қазіргі таңда ДДСҰ омикрон симптомдары басқа нұсқалардан ерекшеленеді дегенге ешқандай дәлел жоқ екенін айтады. Сондықтан жөтел, дене қызуы, дәм мен иіс сезбеу назар аударатын әдеттегі белгілер болып қала береді. 

№5. Жаңа штамм қанша елден анықталды?

1 желтоқсан күні ДДСҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус "Омикрон" штамының кемінде 23 елден табылғанын мәлімдеген болатын. ОАР, Ботсвана, Египет, Гонконг, Израиль, Бельгия, Чехия, Германия, Ұлыбритания, Италия, Австралия, Португалия, Шотландия, Швеция, Нидерланды, Дания, Испания, Жапония, Реюньон аралы (Франция), Канада, БАӘ. Бүгін бұл тізімге АҚШ қосылды

№6. Қазақстанда қандай алдын алу шаралары қабылданып жатыр?

Бұл штамм Қазақстанда әзір анықталған жоқ. Коронавирустық инфекцияның "Омикрон" штамының пайда болуына байланысты оны республика аумағына әкелуге жол бермеу мақсатында ведомствоаралық комиссияда 3 желтоқсаннан бастап келесі шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылданды:

  • Ботсвана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Малави, Онтүстік Африка, Танзания және Гонконгтан шетел азаматтарының Қазақстанға келуін шектеу;
  • "Омикрон" штамы анықталған Израиль, Чехия, Нидерланды, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Австралия, Канада және Египеттен келетін адамдар үшін екпесі бар-жоғына қарамастан міндетті ПТР тестілеудің бар болуын енгізу;
  • "Омикрон" штамы анықталған елдерден келген адамдар ПТР нәтижесіне қарамастан 7 күнге үй карантинге оқшаулануға тиіс.

Санитарлық-эпидемиологиялық комитет департаменттері шетелден келген азаматтар туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдарға уақтылы беруі керек. Египетпен әуе қатынасы уақытша тоқтайды. Қазақстанда айналымда жүрген короновирустық инфекция штамдарын секвенерлеу зерттеу жұмыстары жүргізіледі.


Оқи отырыңыз: Қазақстанға 11 елден келуге шектеу қойылып, Египетпен әуе байланысы тоқтайды


№7. "Омикронға" вакциналар төтеп бере ала ма?

Бұл жаңа штамм болғандықтан қолда бар вакциналардың қалай әсер ететіні жайлы зерттеу жоқ. Еурокомиссия мәліметінше, коронавирустың жаңа нұсқасын зерттеу үшін ғалымдарға шамамен үш апта уақыт қажет. Алайда Moderna компаниясы жаңа штаммға қарсы қуатты вакцина әзірлеуді бастап кетті. Компания сарапшыларының пікірінше, "Омикрон" мутацияларының комбинациясы вакцинадан кейін қалыптасқан иммунитетті айтарлықтай тез әлсіретеді. Pfizer және BioNTech жаңа штамм "қауіпті" деп танылса коронавирус инфекциясына қарсы Comirnaty вацинасын 100 күн ішінде "Омикронға" бейімдейді. Ал Sinovac компаниясы өз мамандарының "Омикрон" үлгілерін зерттеп жатқанын, қажет болса вакцина әзірлеуге дайын екенін мәлімдеді. Гамалеи атындағы орталық "Спутника V" және "Спутник Лайт" вакциналарын "Омикрон" штамына бейімдеп жатыр.

Оңтүстік Африкада ауруханалар белгілері қауіпті жастарды көптеп қабылдап жатыр, бірақ олардың басым бөлігі вакцина алмаған не бір дозасын ғана алғандар. Яғни, ревакциналау мен екі дозасын алу Covid-19 нұсқаларынан туатын аурулардан қорғанудың жақсы әдісі болып қала береді.

№8. Әлем елдері шекарасын жауып бастады

  • "Омикрон" штамының таралуын болдырмау үшін бірқатар мемлекет Оңтүстік Африкамен әуе қатынасын үзді. 
  • Израиль 28 қарашадан бастап барлық шетелдік үшін шекарасының жабық болатынын мәлімдеді. Аталған ел азаматтары екпе алған болса, үш күн карантинде болады және ПТР-тест нәтижесін ұсынады. Ал вакцина алмаған болса, жеті күн карантинге жабылады.
  • Марокко билігі 29 қарашадан бастап шекарасын толықтай жапты.
  • Ресей 28 қарашадан бастап Африканың бірқатар елдерінің азаматтарына елге кіруге шектеу қойды. Ал ПТР-тест жарамдылық мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа қысқартты.
  • Қырғызстан 1 желтоқсаннан бастап ел аумағына міндетті түрді ПТР-тестпен кіру талабын енгізді. Швейцарияның Люцерн қаласында биыл желтоқсанда өтуге тиіс қысқы Универсиада "Омикрон" штамының анықталуына байланысты өтпейтін болды.
Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары