Тікелей эфир

Мүгедектігі бар 30 мыңнан астам балаға берілетін жәрдемақы 20% ұлғаяды

7 жастан бастап балаларға мүгедектік топтарын белгілеуді көздейтін норма өз күшіне енді.

Осы жылдың қараша айынан бастап "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңның 7 жастан бастап балаларға мүгедектік топтарын белгілеуді көздейтін нормасы күшіне енді, деп хабарлайды ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

"7 жастан бастап балаларға мүгедектік топтарын белгілеу мәселесі "Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 27 қазандағы № 397 бұйрығымен реттелген. Бұйрық ағымдағы жылдың 31 қазанында қолданысқа енгізілді", – делінген хабарламада. 

Бұл қағидат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңда қарастырылған, ол мүгедектігі бар адамдарды, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларды, еңбек ардагерлерін және өзге де санаттарды қоса алғанда, азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау тұрғысында заңнаманы жетілдіру мақсатында, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды орындау шеңберінде әзірленді және қабылданды.

"Заң қолданысқа енгізілген күні (ағымдағы жылғы 24 қазанда) 7 жастан 16 аралығындағы жасқа толған мүгедектігі бар балаларға мүгедектік тобын белгілеуді медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері МӘС актісінде бар деректер және бұрын "мүгедек бала" санаты бойынша белгіленген мүгедектік кезеңіне тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін бағалау негізінде сырттай шығарылған сараптамалық қорытынды бойынша бір рет автоматтандырылған тәртіппен жүзеге асыратын болады. Осылайша, заң күшіне енген күні балалары 7 жасқа толған және одан асқан ата-аналарға/заңды өкілдерге мүгедектік тобын белгілеу үшін МӘС бөлімдеріне келудің қажеті жоқ", – деді баспасөз қызметіндегілер. 

Бұл шара көрсетілетін оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының ауырлық дәрежесіне қарай жәрдемақылар мөлшері бойынша саралауға мүмкіндік береді.

Осы ретте мүгедек балалардың барлық тобы үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылатын болады. Бұл шара мүгедектігі бар 30 мыңнан астам балаға қатысты болмақ.

Еске салсақ, биыл қазақстандықтардың туыстарына көрсеткен қаржылай көмегінің 25,3% өскені туралы хабарлаған едік. Ал қарыз бен несиені өтеу – 14,5%, 10,2 мың теңгеге дейін артты.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары